ШАРАПАТЫ МОЛ ШАҒБАН АЙЫ

05 наурыз 2022 6730 0
Оқу режимі

Шағбан – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетінен ерекше нұсқаулықтар табуға болатын қасиетті айлардың бірі. Сахих хадистерде Алла Елшісі (с.ғ.с.) Шағбан айында көп ораза тұтқандығы айтылады. Алайда бұл айда ораза тұту Оған (с.ғ.с.) парыз болмаған.

Шағбан – бұл қасиетті Рамазанмен жалғастырушы, яғни Рамазанның алдыңғы айы болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айына дайындық ретінде бірнеше кеңестер өсиет еткен:

1. Саңлақ сахаба Әнас (р.а.) былай дейді, бірде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?» – деп сұраған кезде: «Рамазан айының құрметіне Шағбан айында тұтылған ораза», – деп жауап берген екен.

2. Усама ибн Зейд (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) былай дейді: «Я, Алланың Елшісі, мен сенің өзге айларға қарағанда Шағбан айында үнемі ораза тұтып жүргеніңді көрдім». Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Бұл – Ережеп пен Рамазан айларының ортасындағы ай. Алайда мұны көптеген адамдар елеусіз қалдырып жатады. Осы айда жасаған амалдарымыз Алла Тағаланың құзырына көтеріледі, сондықтан да мен де амалдарымның ораза тұтқан кезімде ұсынылғанын қалаймын».

3. Мүміндердің анасы Айша (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Шағбан айында көп ораза тұтатын қасиеті бар еді». Мен былай деп сұрайтынмын: «Я, Алланың Елшісі,Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?». Ол (с.ғ.с.) болса: «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын», – деп жауап берді».

4. Басқа хадисте Айша анамыз (р.а.): «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті, оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде ауыз ашатын. Тіпті, біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ, Шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім».

5. Өзге хадисте Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Мен Алла Елшісін (с.ғ.с.) Шағбан айында үздіксіз ораза тұтқанындай өзге айларда оразада ұстағанын көрмедім. Ол бұл айдың әр күні ораза тұтатын еді».

6. Мүміндердің анасы Үмм Сәләмә (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Рамазан мен Шағбан айынан өзге айларды үздіксіз оразамен өткергенін көрмедім».

Бұл хадистер Шағбан айындағы ұсталған ораза міндетті болмаса да соншалықты бағалы және маңызды екендігін әрі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл оразаны елеусіз қалдырғысы келмегенін көрсетеді.

Алайда Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана тұтқаны абзал. Егер Шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Өйткені Шағбан айындағы ерікті оразадан Рамазан айындағы парыз ораза маңызды.  Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланы игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды Рамазан айына екі-үш күн қалғанда ораза ұстаудан тыйған. Әбу Хурайра (р.а.): «Шағбан айының бірінші жартысы өткен соң ораза тұтпаңдар»,- деген Пайғамбарымыздың сөзін жеткізеді.

Басқа хадистерде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан айының алдыңғы бір-екі күнінде ораза тұтпаңдар», – деген.

Жоғарыдағы келтірілген хадистердің мағынасы – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Шағбан айында үздіксіз ораза тұтатын қасиетке ие еді. Сол себепті де Рамазан айында әлсіреуден я болмаса шаршаудан қорықпайтын. Ал өзгелерге Рамазан айында әлсіреп қалып, Рамазанды сергек қалыпта қарсы ала алмай қалмасын деген сақтықпен Шағбан айының 15-і нен соң ораза тұтпауды бұйырған.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру