САРАҢДЫҚТЫҢ ЗИЯНЫ

05 шілде 2024 1302 0
Оқу режимі

Бұрыңғы өткен заманда Шықбермес бай болыпты. Төрт түлігі сай болыпты. Қөңілі жай болыпты. Сол Шықбермес үйіне ешкімді қондырмайды екен. Қондырса да дәм-су бермейді екен. Тіпті тастан да қатты сараң, өзі тойса да, көзі тоймайтын адам екен. Үйіне кісі келсе оның жауабы: – Шық, әй! – дейді екен.

Осыдан жұрт оны «Шықбермес Шығайбай» деп атап кеткен екен деседі. Шықбермес Шығайбайдың аты естілмеген ел болмайды екен. Оның «Шық, әйін» естімеген жан болмайды екен. Қайтсем де, қалай болса да Шығайбайдан дәм татам деген талайлардың тауы шағылған болады екен деп, басталатың Алдаркөседегі өте сараң Шығайбайдың әңгімесі көпке аян екен.

Иә, сараңдық адам баласын дүниеқоңыздылыққа, ашкөзділікке, қаңағатсыздыққа, өз қарабасын ғана ойлайтың өзімшілдікке, біреуге көмектесуді білмейтін, малынан зекет-садақа бермейтін өте жаман қасиет екен. Сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегі Құран аяттары ашық дәлел:

 «Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерін (басқаларға бермей) сараңдық істегендер бұл істерін өздеріне қайырлы деп ойламасын. Жоқ, тіпті (бұл істері) өздері үшін ең үлкен жамандық. Ақырет күні сараңдық жасаған дүниелері мойындарына оралады». «Әли-Имран» сүресі, 180-аят.

 

 ***

«…Негізінен, Алла тәкәппар, мақтаншақты жақсы көрмейді. Олар сараңдық жасап, адамдарға да сараңдықты бұйырады. Сондай-ақ олар өздеріне Алланың кеңшілігімен берген нәрселерін жасырады. (Алланың нығметін жоққа шығарушы) Кәпірлер үшін қорлаушы азап әзірледік».   «Ниса» сүресі, 36,37-аяттар.

 

 ***

 «Алтын, күмісті жинап, оны Алланың жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен “сүйіншіле”. Жиналған алтын мен күміс тозақ отында қыздырылып, онымен маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланатын қиямет күні оларға: «Міне, мынау – өздерің үшін жиған дүниелерің. Ал енді қанеки, жинағандарыңның дәмін татыңдар!» «Тәубе» сүресі, 34,35-аяттар.

 

 ***

«Мал жинап оны санаушы, адамдарды айыптаушыға және барлық өсекшіге нендей өкініш! Негізінен малы оны мәңгі жасатады деп ойлады. Жоқ, олай емес! Әлбетте ол «хутамаға» тасталды. «Хутаманың» не екенін қайдан білесің? Ол жүректерді шарпитын жағулы Алланың оты. Расында тозақтықтар ұзын діңгектерге байланған күйде сол отқа қамалады». «Һумаза» сүресі. Ардақты сахаба Әнәс (р.а.) аятқа былай деп түсіндірме берген екен: Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деп айтқан болатын: «Адам баласы қиямет күні бір қозы секілді әлсіз, бейшара халде әкелініп Алла Тағаланың құзырына тұрғызылады. Алла Тағала оған:

 – «Мен саған дәулет бердім, қызметші бердім, саған  жақсылығымды жаудырдым. Ал сен осы нығметтер үшін не істедің?» – дейді. Ол  адам: – «Уа, Раббым! Мен байлық жидым. Көбейттім. Әлдеқайда көбейткен күйі оны тастап кеттім. Мені дүниеге қайтарсаң, олардың барлығын саған алып келер едім», – дейді екен. Сонда құдіретті Алла Тағала:

 – «Ақырет үшін азық ретінде алдын-ала жіберген нәрселеріңді Маған көрсет» – деп тағы да сұрайды екен. Пенде әуелгі сөзін сол күйі қайталап: – «Уа, Раббым! Мен мал жидым. Көбейттім. Көбейткен күйі оны дүниеге тастап келдім. Мені дүниеге қайтарсаң, олардың барлығын саған алып келер едім (яғни көптеп садақа берер едім де, олардың бәрі осы жерде менімен бірге болар еді)» – дейді. Ол пенденің алдын-ала жіберген ешбір жақсылығы болмаған соң, тозаққа тасталады”. (Тирмизи)

Құран аяттарынан анық байқайтынымыз, Алла жолында мал жұмсау мәртебесіне жету үшін дүниеқұмарлық пен сараңдықтан құтылу керек-ақ. Себебі бұл жаман қасиеттер қайырымдылық жолында пенденің қолын байлары сөзсіз. Сараңдық дүниеде һәм ақыретте өкініште қалдырары сөзсіз. Сондықтан баймын деп мақтанбай, астамшылыққа салынып, ысырапшылдыққа жол бермей, жүрегіміздегі сараңдық секілді жаман қасиеттердің тамырын түбірімен жұлып, оның орнына иман нұрымен нұрланған жомарттық дәнін сепкеніміз абзал.

 

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

 

 

Пікірлер Кіру