Сахабаларды жақсы көру

22 мамыр 2021 5275 0
Оқу режимі

Мұсылмандарды Алла үшін жақсы көру – иманның талабы. Кәміл иман бір мұсылманның артынан өсек айтпай, керісінше жақсы сөз айтып, ол үшін Алладан дұға жасауға жетелейді. Әсіресе, сахабаларды жақсы көріп, олардың барлығына Алла риза болған деп сену қажет. Өйткені, олар – осы үмметтің ең қайырлы жаратылыстары. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сұхбатында болулары үшін және дінді биікке көтеру үшін Алла Тағала оларды таңдап алды. Олардың қайсысын алып қарасаң да, дүние-ақыретке қажетті үлгі бар. Сондықтан, олар үшін Алла Тағаладан дұға сұрау және оларды жақсы көру лайықты. Құран Кәрімде былай делінген:

و الذين جآءو من بعدهم يقولون ربنا اغفر لنا و لإخواننا الذين سبقونا بالإيمان و لا تجعل في قلوبنا غلّا للّذين آمنوا ربنا إنك رؤوف رحيم (سورة الحشر آية ١٠ )

Аудармасы: Ал, олардан кейін (ансарлар мен мұхажирлерден кейін) келген адамдар: Раббымыз! Бізді және иманда бізден озған бауырларымызды кешіре гөр! Біздің жүрегімізге иман келтірген адамдар үшін кек сақтау салма! Раббымыз! Расында сен мейірімдісің.

Түсіндірмесі: «Кейін келген адамдар» дегеннің екі мағынасы бар. Біріншісі: Ислам күшіне енген кезде хижра жасаған сахабалар. Екіншісі: Ансарлар мен мұхажирлерден кейіңгі дүниеге келген қияметке дейіңгі адамдар. «Иманда бізден озған» деп айтумен олардың артықшылықтары мен шарапатын мойындаған болады. Аяттың соңында «Расында сен мейірімдісің» деп айтылды. Яғни, біздің дұғамызды өз мейіріміңмен қабыл қылғайсың.

Бұл аятта сахабалар үшін дұға қылуды қызықтыру мағынасы мен оларды жеккөруден жүректі тазалауға бұйрық бар. Ибн Мардауайһ риуаят қылады: Бірде ибн Омар (Одан Алла риза болсын) бір кісінің мұхажирлердің біреуіне тіл тигізіп жатқанын естіді. Ол адамды шақырып, «Хашр» сүресінің сегізінші аятын оқып, былай деп сұрады: «Бұлар мұхажирлер. Сен осылардың бірісің бе?». Ол: «Жоқ», – деп жауап берді. Кейін «Хашр» сүресінің тоғызыншы аятын оқып: «Бұлар ансарлар. Сен осылардың бірісің бе?» – деп сұрады. Ол: «Жоқ», – деп жауап берді. Кейін осы оныншы аятты оқып: «Сен осы адамдардың бірісің бе?» – деп сұрады. Ол: «Солай деп үміт етемін», – деп жауап берді. Сонда әзіреті ибн Омар: «Жоқ. Ансарлар мен мұхажирлерге тіл тигізетіндер бұлардан емес», – деп жауап берді.[1] Тирмизи мен Нәсәидің риуаятында келген хадисте: Үш күн бойы Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қазір сендердің алдарыңа жәннәт елінің адамы шығады», – дегенде, үшеуінде де ансарлық бір адам сахабалардың алдарынан өтті. Соңында Абдулла ибн Амр ибн Ас (Одан Алла риза болсын) сол кісінің артынан ілесіп барып, үйінде үш күн қонды. Қандай артықшылығы бар екенін білгісі келді. Алайда, көп құлшылық жасағанын байқамады. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан сөдерін оған жеткізіп, себебі не екенін одан сұраған кезде, ол: «Сен көрген құлшылықтарымнан артық ғибадатым жоқ. Тек ғана мен жүрегімде ешбір мұсылманға кек сақтамаймын және біреуге берілген жақсылықты қызғанбаймын», - деді. Сонда, Абдулла: «Дәл осы сені осындай мәртебеге жеткізген», - деп айтты.[2]  

Бір риуаятта Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Менің сахабаларыма қатысты Алладан қорқыңдар! Алладан қорқыңдар! Мен дүниеден өткеннен кейін оларды нысан (тіл тигізетін орын) қылып алмаңдар! Енді кімде-кім оларды жақсы көрсе, онда ол адам мені жақсы көргені үшін оларды жақсы көрген болып саналады. Ал, кімде-кім оларды жеккөрсе, онда ол адам мені жек көргені үшін оларды жеккөрген болып саналады».[3] Оларды жақсы көру тікелей иманмен байланысты екені осы хадистен ашық білінді. Сол үшін де оларды жеккөруді ғұламалар екіжүзділік деп атаған. Исламда «сахабалардың барлығы сенімді, шыншыл адамдар» деген қағида бар. Құранда Алла Тағала олардан риза болғандығын жариялаған болса, қалайша олар шыншыл болмасын?! Олардың өмірлері отбасылық, туыстарымен қарым-қатынас, көршімен қарым-қатынас, сауда-саттық, қарыз беру-алу және басқа тұрмыстық істерге байланысты көптеген өнегелер бар. Онымен қоса сахабалардың Құранда айтылған жақсы сипаттары Таурат пен Інжілде де айтылған:

ذلك مثلهم في التوراة و مثلهم في الإنجيل

Аудармасы: Сол Таурат пен Інжілде айтылған олардың мысалдары.[4]

Бұл үмметтің ішінде осындай хайырлы жандар бар екендігін алдыңғы қауымдар да өздерінің кітаптарынан оқып, таныған. Демек, сахабаларды Алла Тағала барлық адамдарға мақтаған екен. Бұдан артық пайғамбарлық мәртебеден басқа ешбір мәртебе жоқ. Алла Тағала баршамызды қиямет күні сахабалармен бірге тірілуімізді нәсіп етсін!

 


[1] Рухул Мағани 28-ші том
[2] Нәсәи Сунан Кубро 6/215
[3] Тирмизи
[4] Фатх сүресі 29-шы аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру