САДАҚА БЕРУ – САУАПТЫ ІС

04 қаңтар 2024 2142 0
Оқу режимі

«Садақа» сөзі адалдық, шынайылық, шыншылдық, құдайшылдық деген мағыналарға саяды. Садақа беру арқылы адам өзінің Құдай алдындағы адалдығын, сенімінің шынайылығын дәлелдейді. Садақа берудің пайдасы мен сауабы мол. Өйткені садақа беру арқылы адам мейірімді болуды, нәпсіні тәрбиелеуді үйренеді әрі мал-дүниесі мен жүрегін тазалайды.

Қасиетті Құранның 200 жерінде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытып, сендерге арсыздықты әмір етеді. Ал Алла Тағала жарылқауын және мол нығметін уәде етеді. Алла – аса Кеңшілік иесі әрі Толық білуші», – дейді («Бақара» сүресі, 268-аят). Демек шайтан берген сайын кедейлене түсесің деп қорқытса, Алла Тағала берген сайын мол нығметіме бөлеймін деп уәде етеді. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ырзығының мол болуын қалаған садақа берсін» (Дәйләми), «Садақа беру арқылы ырзықтарыңды арттырыңдар» (Бәйхаки), «Садақа дүние-мүлікті көбейтеді» (Ибн Ади), «Садақа бергеннің ырзығы артып, дұғасы қабыл болады» (Ибн Мәжа) деп бізге Алланың уәдесін қайта-қайта еске салған болатын.

Сонымен қатар садақа берген адам періштенің дұғасына қарық болады. Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Күнде таңертең көктен екі періште түседі. Оның бірі: «Уа, Раббым! Жолыңда жұмсағанның мал-мүлкін арттыр!» – деп дұға етсе, екіншісі: «Уа, Раббым! Сараңды шығынға батыр!» – деп дұға етеді». Міне, садақаның ырзықты арттыратын, нығмет көбейтетін осындай қасиеті бар.

Садақа – ең маңызды құлшылықтың бірі. Садақа беру Алланың әмірі саналады. Алла Тағала қасиетті Құранда Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы олардың жанын тазартып, күнәсынан арылуына және сауабы мен ықыласының арта түсуіне дәнекер бол», – деп бұйырған («Тәубе» сүресі, 103-аят).

Біз садақаны тек қана қаражат деп түсінбеуіміз керек. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір жақсы іс – садақа», – деген хадисі бар. Алла елшісі тағы бір хадисінде: «Бауырыңа күлімсіреп қарау да – садақа»«Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю да – садақа», – деген. Тіпті жол сұраған адамға жол көрсету де садақаға жатады.

Қазақ халқы әрдайым садақа беруге аса мән берген. Халқымызда «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген аталы сөз бар. Демек малды жан үшін, жанды арым үшін құрбан етудің астарында зор мағына жатыр. Ата-бабаларымыздың садақаға деген көзқарасының соншалықты берік болғанын осыдан-ақ байқаймыз. Қазақ халқы қашан да жетім мен жесірге, мұқтаждарға садақа беріп, сол арқылы Ұлы Жаратушыға шүкір еткен болатын.

Садақа берудің де белгілі бір әдебі бар. Садақа шынайы ықыласпен және адал жолмен табылған дүниеден берілу керек. Яғни адамдар «жомарт», «қайырымды», «қолы ашық адам» деген сөздерді есту емес, шынайы түрде, Алла Тағаланың разылығын алу үшін беруі керек. Өйткені Алла Тағала шынайы ықыласпен жасаған амалдарды ғана қабыл етеді. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сендер қандай қайыр-садақа берсеңдер де, өздерің үшін, Алланың разылығы үшін ғана бересіңдер», – деген болатын («Бақара» сүресі, 272-аят).

Садақа берудің арнайы уақыты мен сәті жоқ. Көңілден шыққан, беруге ниет еткен затты Алла разылығы үшін күндіз де, түнде де, жасырын да, ашық та беруге болады. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Мал-мүлкінен күндіз немесе түні, жасырын немесе ашық садақа беретіндердің сауабы Алланың құзырында дайын. Оларға қауіп-қатер, қайғы болмайды» («Бақара сүресі», 274-аят) делінген. Садақа берудің осы дүниеде де, ақыретте де мол пайдасы бар. Осы дүниедегі пайдасы: мал-дүниені тазартады, күнәны өшіреді («Су отты сөндіргендей садақа да күнәларды өшіреді» (Термизи), ауру мен апаттан сақтайды («Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады» (Бәйхақи), мұқтаж жанды қуантады, ризықты арттырып, табысқа береке береді («Садақа бергеннің ризығы артып, дұғасы қабыл болады» (Ибн Мәжа). Ал ақыреттегі пайдасы мынадай: Қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады («Садақа қабір азабынан сақтайды. Қияметте иесін өз қамқорына алады» (Бәйхақи), тозақтан құтқарады, таразыда сауабы басым болады, сырат көпірінен өтуге көмектеседі, дүниесінің есебін беру жеңілдейді.

Садақа алушы – ақшаға мұқтаж, садақа беруші – сауапқа мұқтаж. Алла Тағала бізді көркем түрде садақа берушілер қатарынан қылғай! Әмин!

 

Елдос ЖҰМАДІЛДА,

Ұлытау облысының бас имамы

«Иман» журналы, №12, 2023 жыл

 

 

Дереккөз: Мүфтият.кз сайтынан

Пікірлер Кіру