РИЯ – ЖҮРЕК ДЕРТТЕРІНІҢ БІРІ

30 қаңтар 2023 5669 0
Оқу режимі

Жүрек  дерттерінің  бірі - рия. Әрбір мұсылман адам аталған дерттен аса сақ болып жүруі тиіс. Рия (көз бояушылық) адамдар арасында рухани дәреже, шен-шекпен мен материалдық пайда үшін жасалатын жағымсыз әрекет болып саналады. Дүниелік пайда үшін дінді қолданып, адамдар арасында көз бояушылық жасау – ең жаман қасиеттердің бірі. Рияның ең жаманы – Аллаға құлшылық ету барысында жасалған жалған (пасық іс) амал.  

Рия  дегеніміз «көзбен көру», «назар салу», «адамдар көрсін», «білсін», «мақтасын» деген мағыналарды білдіреді.  

Ибн Хажар Асқалани рияны төмендегіше түсіндіреді: «Рия – адамдар көріп, иесін мақтауы үшін ғибадаттарды ашық көрсетіп орындауы», – деген.

Тағы бір ғалымдардың бірі Тахауи рияны былай түсіндіреді: «Рия –жақсылықты басқалар көрсін деген мақсатта орындау. Онда шынайы ниет және ықылас болмайды».

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 264-аятында:

«Ей, мүміндер! Аллаға, ақырет күніне сенбей, адамдарға көрсету үшін мал сарып қылған кісідей, садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар. Міне соның мысалы: Үстінде топырағы бар тас сияқты, оған қатты нөсер жауса, (топырағын шайып) тас күйінде қалдырады. Олардың еңбектері еш болады. Алла қарсы болған елді тура жолға салмайды»,  -  деген.

Сондай-ақ, «Ниса» сүресінің  38-аятында:

«Олар сондай Аллаға, ақырет күніне сенбей, малдарын адамдарға көрсету үшін жұмсайды. Ал біреудің сыбайласы шайтан болса, ол жаман сыбайластық», деген.

Бұл аяттарда Алла Тағаланың жақсы көрмейтін тәкаппар және мақтаншақ  адамдардың  кейбір сипаттары жөнінде баян етілген. Олар, негізінде, сараңдық жасап, мал-дүниені жақсылыққа жұмсаудан қашады. Ал малын жұмсаған күнде де, аятта келгендей, жұртқа көрсету үшін, риякерлік мақсатында жұмсайды. «Малдарын адамдарға көрсету үшін жұмсайды»

Демек, сараң болған кісілерді де Алла Тағала жақтырмайды. Рияқоршының жұмсаған малын да Алла Тағала жақтырмайды. Өйткені, рияқорлардың мал-дүниесін жұмсаудағы көздеген мақсаттары Алла үшін, Алла Тағаланың  разылығы үшін емес, адамдар көрсін, естісін, әңгіме-сөз етіп мақтасын деген мақсатта жұмсайды.

Алла Тағала «Ниса» сүресінің  142-аятында:

«Мұнафықтар Алланы алдамақшы болады. Негізінен, Алла оларды алдауға ұшыратады. Қашан олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. Адамдарға көрсету үшін оқып, олар Алланы өте аз еске алады», - деген.

Ал, «Мағұн» сүресінің 4-6 аяттарында:

«Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш! Олар намаздарын немқұрайды оқиды. Олар көрсету үшін оқиды», - жазғырады.

Намаз оқушы намаздың ақиқатын ұмытса, жамандығын, балағат сөзін, өтірік айтуын, бұзықшылығын және басқа жаман қасиеттерінен қайтпаса, ондай кісі рияқор, мұнафық болады. Адамдардың көзін бояу, олардың алдында абырой табу, өзін діндар тақуа етіп көрсету үшін намаз оқыған болып есептеледі.

Алла Тағала «Кәһф» сүресінің 110-аятында:

«Сондай-ақ, кім Раббына үміт етсе, сонда түзу іс істеп, Раббына істеген құлшылығында Оған ешкімді ортақ етпесін», - деген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Әлбетте, сіздер үшін ең қатты қорқатын нәрсем кіші шірік, яғни рия» (көз бояушылық), деп, көз бояушылықты шірікке балаған екен. (Термизи, Худуд 24)

Рия жасау арқылы көптеген кісілер алдамшы дүниенің қызығынан өз несібесін алуға тырысып бағуда. Бастығын жақсы көрмесе де өтірік қана оны мақтап, жер-көкке сыйдырмай, бетіне қарап өтірік күліп жүрген қандастарымыз көптеп кездеседі. Өзі жайында «білгіш, тақуа екен» деп айтсын деген ниетпен амал етуші бауырларымыз да аз емес.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мұндай кісілер жайында  былай  деген: «Кімде-кім естілсін деп бір іс істесе, Алла оның қадірін түсіреді. Кімде-кім көз бояушылықпен амал етсе, Алла Тағала оның көз бояушылық жасағандығын және қадірсіздігін әшкере етеді», - деген. (Муслим, Зухд 38)

Рияның зияны:

  1. Рия амалдың сауабын жоғалтады.
  2. Рия Алла Тағаланың жақсы көрмеуіне себеп болады.
  3. Рияқор Алла Тағаланың лағынетіне душар етеді.
  4. Рия – бәле апатқа алып барушы күнәнің үлкені.
  5. Рия рияқордың надандығына дәлел болады.
  6. Рия кедейлікті шақырады.
  7. Рия өз иесін бүліктерге кіріптар етеді.
  8. Рия иесін қиямет күні халайықтың алдында масқара етеді.

Рияның түрлері:

  1. Денемен рия ету.
  2. Киімімен рия ету.
  3. Әңгіме сөзімен рия ету. (Адамдар топталған жерде ернін жыбырлатып, зікір етіп тұру, олардың алдында өзін білімді етіп көрсету үшін негізсіз уағыз насихат айтумен болады.)
  4. Амалмен болатын рия. (Бұл рия намаздың рукуь және сәждеде ұзағынан тұру арқылы жүзеге асады.)
  5. Достары мен қонағы арқылы рия ету. («пәленшенің үйіне атақты ғалым келіпті» деп айтуы үшін шақырады. Немесе мен пәленшенің үйіне қонаққа барамын деп мақтануы, менің досым үлкен қызметте жұмыс істейді деп мақтанып жүруімен іске асады)

Рияның дәрежелері:

  1. Бірінші дәрежесі ең жаманы, рияқор сауапты мүлде ниет етпейді. Мысалы: адамдар көрсін деп намаз оқиды, намаз оқиды екен деп айтып жүрсін деген ниетте ғана құлшылық істейтін адам. Егер өзі жалғыз қалса намаз оқымайды, кейде рия оны дәретсіз намаз оқуға дейін алып барады.
  2. Сауап алу үміті «адамдар амалымды көрсін» деген үміттен аз болуы. Бұл дәрежедегі рияның күнәсі алдыңғысынан аз болады.
  3. Сауап пен рия мақсаты тең болады. Егер олардан біреуі болса, амалын орындамай қояды, ал екеуі де болса амалын орындауға кіріседі. Бұл да күнә болып есептеледі.
  4.  Адамдардың білуі амалдарды жақсы көркем түрде орындалуына себеп болады. Егер адамдар білмесе де амалды істей береді. Бұл дәрежедегі рияда сауаптың негізі күшті болмайды. Сауапқа нұқсан келеді.

Жасырын рия:

Рияның әшкересі, жасырыны болады. Әшкере рия амалмен адамдарға көрінуі үшін жүзеге асады.  Одан кейінгі орында тұратын рия өзі амалға себеп болмаса да, Алла үшін орындайтын амалын жеңілдетеді.  Мысалы: Бір адам әр түнде тахажуд намазын оқитын. Түнде тәтті ұйқыдан тұрып суық суға дәрет алып тахажуд намазын оқуы ол кісіге ауыр болатын еді. Үйіне қонақ келген күні бұл тахажуд намазы оған өте жеңіл болып қалды. Мұның белгісі адамдар оның ерекше құлшылығын білетін болса – қуанышқа бөленуі.

Көптеген адамдар шын ықыласпен амал етеді. Рияны жаман көреді. Амал сол ниетке қарай болады. Сонымен бірге, ол кісінің салихалы ізгі амалынан, тақуалықпен орындап жүрген құлшылығынан адамдардың  хабары  болса, қуанып жаны жай тауып жүреді. Осы нәрсе жүрегінен орын алған  ғибадат құлшылықтардың орындалуын жеңілдетеді. Міне, осы қуаныш сол кісідегі жасырын рияның дәлелі болып табылады.  

Алпысбаев Рашид Абдуалиұлы
«Ырыскелді қажы» мешіті наиб имамы 

 

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру