РАЙАН ҚАҚПАСЫНА АДЫМДА!

12 сәуір 2022 6078 0
Оқу режимі

Рамазан – мүмкіндіктер мен олжалар айы. Адамның тәубесіне келіп, күнәлары үшін кешірім тілейтін және Жаратқанның пендесіне жіберетін сауабын, берекетін, рақыметі мен сыйлықтарын олжалау айы. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Рамазан кіріп, сосын шығып кеткенде күнәсі кешірілмеген адамның соры құрысын»,[1] – деген. Рамазанда адамға Алла Тағала тарапынан басқа айларда берілмейтін жақсылықтар әзірленеді. Сол жақсылықтан құр қалған адам өзіне-өзі дұшпандық еткені. Ол – расымен-ақ, шығынға ұшыраушы. Әбу Һурайра (р.а.): «Намаз бен намаздың, жұма мен келесі жұманың, рамазан мен келесі рамазанның арасындағы (кіші күнәлар) кешіріледі. Егер үлкен күнәлардан сақтанса»,[2] – деген хадис риуаят еткен.

Рамазанның алғашқы кеші

Құтты айдың кеші кірісімен-ақ, мұсылмандарға жақсылықтары төгіле бастайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Рамазан айының әуелгі кеші кіргенде шайтандар мен жынның кәпірлері шынжырланады. Тозақ қақпалары жабылып, ешбір қақпа ашылмайды. Ал, жәннат қақпалары ашылып, ешбірі жабылмайды. Бір періште жар салып: «Ей, жақсылық іздеуші, мұнда кел. Ей, жамандық қалаушы, доғар. Алла тозақтан босататын құлдары болады, осылайша әр кеші (жалғасады)[3]», – деп сүйіншілеген. Басқа бір риуаятта: «Бұл айда Алланың мың айдан қайырлы түні бар. Кімде-кім ол түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан мақұрым қалады»,[4] – делінген.

Міне, бұл айдың басы осылай басталады. Рамазанның жақсылығы мен берекеті осылайша мұсылмандарға жауа бермек.

Оразаның мәні неде?

Рамазан оразасы – Жаратқанның пенделерге парызы. Ешбір талқылаусыз орындалатын иләһи әмір. Дегенмен, оның сыры мен мәні Құранда баяндалған. Құран Кәрімде: « Ей, иман еткендер! Тақуалық етулерің (Алланың қаһарынан қорқып, сақтанушылар) үшін сендерден бұрын өткендерге парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді»,[5] – деп әмір етілген.

Демек, оразаның мәні – жүректі тақуалыққа дайындау. Оразаның парыз болуының ең маңызды себебі – пенденің Аллаға деген тақуалығын қалыптастыру және күшейту. Ораза – адам бойындағы ерік пен қалауды реттеп, мінез-құлқын түзетудегі ең үлкен тәрбиеші.

Тақуалыққа қол жеткізу үшін адам ой-санасына шабуыл жасалатын барлық саңылауларды бітеуі қажет. Хадисте: «Кімде-кім жаман сөзден және істен өзін тыймаса, тамақ пен сусыннан тыйылғаны Аллаға керек емес»,[6] – деп айтылғандай, жаман ой, сөз және іс-әрекеттің жолын бөгемей, тақуалық табу мүмкін емес.

Аспаннан жауған сыйлықтар

1. Күнәлардың кешірілуі: «Кімде-кім Аллаға иман етіп, сауабын Одан үміт етіп рамазанда ораза тұтса, әуелгі күнәлары кешіріледі».[7]

2. Тозақтан құтылу. «Алланың тозақтан азат етілетін пенделері болады. Бұл әр түнде жалғасады».[8]

3. Қайтарылмайтын дұға. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш адамның дұға кері қайтарылмайды: әділ басшы, оразасын ашқанға дейін аузы берік адамның және зұлымдық көргеннің».[9]

4. Ораза тұтушыға періштелер дұға етумен болады

5. Ең қайырлы түні бар ай. Құран Кәрімде: «Қадір түні – мың айдан қайырлы»,[10] – деп баяндалған.

6. Ораза тұтушыға сауабын Жаратушының өзі береді. Хадисте: «Сауап оннан бастап жеті жүзге дейін еселеніп беріледі. Ал, ораза одан бөлек. Ораза Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін...»,[11] – делінген.

Рамазанда пендеге аспаннан нөсерше жауатын жақсылықтар тек бұнымен шектелмейді. Бұл тек сол есепсіз жақсылықтың бір легі ғана.

Қай қақпадан кіресің?

Жәннаттың сегіз қақпасы бар. Ал, жақсылыққа алып барушы қақпалар көп-ақ. Сен қай қақпаны қақпақсың? Алла Елшісі (с.ғ.с.) әрбір амалдың өзіне тән жәннатта қақпасы бар екендігін сүйіншілеп: «Кімде-кім көп амал жасаса, ол жәннат қақпалары жағынан: «Ей, Алланың құлы! Мынау қақпа қайырлы», – деген шақыру естиді. Кімде-кім намаз оқушылардан болса – Намаз қақпасына, жиһад етушілерден болса – Жиһад қақпасына, ораза тұтушылардан болса – Райан қақпасына, садақ берушілерден болса – Садақа қақпасына шақырылады...»,[12] – деген.

Ендеше, мұсылман баласына берілген ерекше нығмет – отыз күн Оразаны Алла Тағала әмір еткендей, ас пен судан, нәпсі қалауларынан тыйылып, құлшылықпен өткізуге тырысайық!

Ербол Абдуахитұлы


[1] Тирмизи.
[2] Муслим.
[3] Тирмизи.
[4] Ахмед.
[5] «Бақара» сүресі, 183-аят
[6] Әбу Дәуід.
[7] Бұхари, Муслим.
[8] Бұхари.
[9] Тирмизи.
[10] «Қадір» сүресі, 3-аят.
[11] Тарғиб уә тарһиб.
[12] Бұхари, Муслим.

 

 

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру