РАМАЗАНДАҒЫ ОРАЗАНЫҢ САУАБЫ

29 наурыз 2023 4604 0
Оқу режимі

Алла не себепті «оразаның сауабын мен беремін» деді?

Әбу Һурайрадан жеткен құдси хадисте:  «Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал ораза –  Мен үшін. Оның сауабын Өзім беремін» деген.

Осы хадисте Алла тағала «Ал, ораза –  Мен үшін. Оның сауабын Өзім беремін» деді, осы сөзге анықтама берген ғалымдар екі түрлі түсініктеме айтады:

1) Ораза - нәпсінің үлесін тастауға үйретеді. Себебі, адам ораза арқылы өзін адал және арам болған нәрселерден тыйып жатыр. Арамнан тыйылу – ғибадат саналады. Ал, адал нәрседен тыйылу – ең үлкен құлшылық болмақ. Адам намаз оқып жатқанда 5-10 мин өзін нәпсісін адал мен арамнан тыяды. Намазын аяқтаған соң ішіп-жеуін жалғастырады. Ал, оразаның сауабын өзіңіз есепетей беріңіз...

Аузы берік адам сумен тамаққа қолы жете тұра Алла үшін бас тартады. Бұл шынайы иманның көрінісі. Сол себепті ғалымдар:«Көз көрмеген ғайыптағы нәрсе үшін, нәпсі қалауын тастаған адам қандай бақытты!» деген.

2) Ораза – жасырын құлшылық болып саналады. Оны тек Алла біледі. Себебі сол болса керек, құдси хадисте «Ал, намаз, зекет, қажылық –  Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін» деп айтпады. Бұл амалдар адамның сыртқы тәнімен, материалдық дүниесімен орындалатын болған соң, кейде көз бояушылық орын алуы мүмкін. Ал, ораза олай емес.

Термизиден жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз: «Ораза – сабырдың жартысы», деп айтады. Осы тұста сабырдың үш түрі барын айта кетейік:

1) Құлшылықта сабырлық;

2) Алланың арам еткен нәрсесіне сабырлық;

3) Алланың сынағына сабырлық.

Ораза – осы үш сабырлықты жинаушы амал. Расында аузы берік адамның таңнан кешке дейін аш жүруі өз алдына бөлек құлшылық. Ораза ұстап көзің арамға қараудан, құлағымен арам нәрсе естуден, тілімен арам сөз айтудан тыйып сабыр етеді. Су мен тамақ ішуден тыйылып, кішкентай  сынақты бастан өткізеді.

Кейде амалдар мекен мен заман жағынан сауаптары еселеніп отырады. Мекеннен мақсат қасиетті жерлерде намаз оқу. Мәселен, Пайғамбарымыз: «Менің бұл мешітімде оқылған бір намаз –  Харам мешітінен басқа мешіттерде оқылған мың намаздан артық», - дейді.

Заманнан мақсат қасиетті айларда ораза ұстау, жақсылық қылу. Рамазан айының оразасы парыз болған соң, сауаптар еселенетін ай болып саналады. Пайғамбарымыздан қандай садақ жақсырақ деп сұралғанда: «Рамазанда берілген садақа»,-деп жауап берді.

Алла баршаңыздың оразаларыңызды қабыл етіп, сауаптан жазсын!

Шалқар Жолды,

"Әзірет Сұлтан" мешітінің ұстазы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру