РАМАЗАН – КЕШІРІМ АЙЫ

13 сәуір 2023 4091 0
Оқу режимі

Кешірімділік – адамның кеңшілігі мен адамгершілігін көрсететін, Алланың мейіріміне апаратын қасиет, пайғамбарымыздың өмірлік ұстанымдарының бірі. Пайғамбарымыз ﷺ: «Өзгелерді кешіргеннің Алла даңқын арттырады. Ал кімде-кім Алланың разылығы үшін кішіпейілдік танытса, Алла оны міндетті түрде жоғарылатады», - деп айтқан (Муслим). Ал халық нақылында білместікпен істегенді кешірмеу – өзінің де білімсіздігін көрсетеді дейді. Демек, қалай болғанда да кісінің айыбын кешіру – Жаратушының алдында да, жаратылғандардың алдын да адамның абыройын арттыратын ізгі қасиет.

Пайғамбарымыздың ﷺ өмір жолынан оның өзіне қатысты мәселелерде барлығына, тіпті дін дұшпандарына да кешіріммен қарап, көркем қарым-қатынас жасағанынын байқауға болады. Ол дұшпандарының қатыгездігін кешіріп қана қоймай, олардың тура жолға келуі үшін Аллаға дұға ететін. Оған Таиф жеріндегі бір ғана оқиғаның өзі дәлел бола алады:

Бірде Айша анамыз ؓ  Алла Елшісінен : «Сен үшін Ухуд күнінен ауыр күн болды ма?» – деп сұраған. Алла Елшісі ﷺ Ухуд шайқасында  тістері сынып, басы жарылып, қанға малынып қайтқан болатын. Пайғамбар : «Сенің қауымыңнан (құрайыштардан) мен көресімді көрдім. Олардан көргенімнің ең ауыры – Ақаба (Таифтың іргесіндегі мекен) күні. (Сол күні) Ибн Абдуялил ибн Абдукуләлға өзіме ілесуді ұсынғанымда, ол менің өтінішіме жауап қатпады. Сонда мен жүзім салыңқы қайтып, Қарн әс-Сағалибқа (Мекке мен Таифтың арасындағы, Меккеден бір күншілік жердегі тауға) жеткенше өз-өзіме келе алмадым.

Басымды көтерсем, мені бір бұлт көлеңкелеп тұр екен, оның ішінде Жәбірейіл тұрды. Ол маған: «Расында, Алла қауымыңның саған айтқанын және қайтарған жауабын естіді де, оларға қатысты қалағаныңды бұйыруың үшін саған тау періштесін жіберді», – деп үн қатты. Сонда тау періштесі тіл қатып, менімен сәлемдесті де, сосын: «Ей, Мұхаммед! Қалағаныңды (бұйыр), егер қаласаң, олардың үстіне Ахшабайнды (сол кезде Меккенің қос қапталында орналасқан екі тауды) төңкеремін!» – деді», – деп айтқан. Бірақ, Пайғамбар : «Керісінше, олардың ұрпағынан Алла Тағаланың жалғыз Өзіне, ештеңені серік қоспай ғибадат ететіндерді шығаруын Алладан үміт етемін», – деген (Бұхари, Муслим).

Пайғамбарымыздың өзін әжуалап, қастандық жасаған дұшпандарына деген көркем қарым-қатынасын жиі көретін сахабалар оның кешірімділігінен үлгі алған. Алла Тағала Құранда: «Ендеше, сен (ел-жұрттың қатесін, қиянатын) әрдайым кешіріп, жақсылық жасау жолын ұстан», - деп бұйырады. Расында, кез келген адам «кешірдім», «ренжімедім» деп тілмен айта алады. Ал шынайы көңілмен кешіре алу  Алла жолын ұстанған кәміл мұсылманның ғана қолынан келеді. Алайда, бұл ізгі қасиетке кемшілікті көре тұра, оны мұсылман бауырдың бетіне баспай, көрмегендей болуға тырысу арқылы жетеді.

Қасиетті Құран Кәрімде кешірім туралы өте көп айтылған. Алла Тағала тақуа құлдарын сипаттағанда кешірімділік сипатына аса қатты маңыз береді. Мәселен, «Шура» сүресінің 43-аятында: «Кімде-кім сабыр етіп, өзіне орынсыз озбырлық көрсеткенді кешірсе, шүбәсіз, бұл табандылық пен күш-жігерді талап ететін, сауабы зор іс болмақ», - дейді.

Біреудің қателігі мен кемшілігіне кешіріммен қарау арқылы адам жеңіл өмір сүреді. Мәселен, біреуге кек сақатап жүру, сол кек сақтаған адамнан гөрі ренжіген адамның өзіне зиян. Мұндай жағымсыз сезімдерді көтеріп жүру адамның іштей өзін жеп, айналадағы адамдар туралы жаман ойлауға, сөйтіп жүректің қараюына алып келеді. Сондай-ақ, өзіне еш зияны тимесе де, (Алламен екеуінің арасында) күнә жасап қойған бауырына ренжіп, араласпай қоятындар да кездеседі. Алайда, Пайғамбар сүннетінде бұл құпталмаған іс-әрекет. Мұсылман күнә жасаушының амалын жек көрсе де, өзін жек көре алмайды. Атақты ғалым Имам Ғазали: «Бауырың күнә жасап қойса, оны тастап қойма. Оның нағыз мұқтаж шағы осы кез», - дейді. Яғни, біздің бойымыздағы кешірімділік қасиеті айналамыздағы адамдардың мейірімін оятуға, иманының күшейіп, Алланы тануға деген құштарлығын ашуға себепші болуы мүмкін.

Алла Тағала Құранда тәубе еткен құлдарының ең ауыр күнәсін де кешіретінін айтып уәде береді («Зумәр», 53-аят). Демек, Алланың Өзі кешіремін деген пенденің қателігін біздің кешіре алмауымыз тәкаппарлық болар...

Әдебиет пен философиядағы барлық зиялы қауым да өздерінің шығармаларында гуманистік құндылықтарға, әсіресе, осы кешірімділік қасиетіне аса қатты мән беретінін байқаймыз. Ал Пайғамбарымыз ﷺ Аллаға бойұсынған ізгі қоғам қалыптастыруда адамгершілік қасиеттерді сөзімен ғана насихаттап қоймай, іс-амалымен көрсетіп үлгі болған.

Міне бүгін қасиетті Рамазан айында тұрмыз. Алла Тағала Рамазандағы оразаның мақсатын «Бақара» сүресінде баяндайды: «Әй, мүміндер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді» . Демек, тәрбиеленіп, тақуалыққа жету үшін берілетін мүмкіндікті құр жібермеуіміз керек. Тәрбие айында Пайғамбарымыз өсиет еткен «кешірімділік» сипатын бойымызға сіңіріп шығуды Алла нәсіп еткей!  

Жанар Ғарифоллақызы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру