Рахметова Салтанат Медетқызы

14 желтоқсан 2018 6143 0
Оқу режимі

1985 жылы 1-мамырда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Жыланды ауылында дүниеге келген. 

Пайғамбарлар сұлтаны

Сәлем саған, Рахман нұры Мұхаммед!
Сәлем саған, Фурқан сыры Мұхаммед!
Пайғамбарлар сұлтанысың, сардарсың,
Шапағат ет, үмметіңе бол медет.
Әлемдерге рақым қылған Аллаһым
Солли аля сәйидинә Мұхаммед.

Сымбатыңмен келісті еді ажарың,
Жаулап алар дүйім жұрттың назарын.
Өзіңе арнап, Пайғамбарлар сұлтаны,
Сәлем жолдап, жыр жолдарын жазамын.
Әлемдерге рақым болып жаралдың,
«Әл-Әмин» боп ең сенімді саналдың.
Дара жолың – басты бағдар, сүннет – салт,
Жауһар тұнған хадистерден нәр алдым.

Жаның нәзік, жұмсақ еді жүрегің,
Біздер үшін дұға қылдың білемін.
Дәрманы боп мейіріммен баурадың
Көңілімді таппай жүрген бір емін.

Жетіммін деп мұңайғанда жасымда,
Кемшілікке балап едім басында.
Ал қазір ше?! Тағдырыма разымын,
Пайғамбар да жетім болған расында.

Қиналсам жетіммін деп жыламадым,
Алладан басқа тағдыр сұрамадым.
Разымын тағдырыма, ақыретте
Өзіңмен бір болсам деп сұранамын.

Жұбаныш болмаса да жасыма дым,
Ешқашан жалғызбын деп жасымадым.
Ей, Сардар, сағыныштан саған деген
Жыладым, несіне мен жасырамын?!

Үмметім деп ерік бердің көз жасыңа,
Алаңдап жамандықтан тозбасына.
Ей, Сұлтаным, өзіңді дәріптеймін,
Алла деп жазғаннан соң сөзбасына. 

Ғажап-ты мінезіңнің жарасымы,
Данышпан ең алынған сан асуы.
Сенің нұрлы жүзіңнен сүйкімді емес
Дүниенің жиналса да бар асылы.

Пайғамбарлар ілегінде бастасың,
Алдыңғы өткен елшілерден басқасың,
Хақ бұйрығы аманатпен жүктелді,
Пайғамбарлар мөрі деген басқа сын.

Аллаға шүкір етем кешірімді,
Хадиске ашқан кеуде есігімді.
Ұрпаққа үлгі етемін есіміңді
Тербетіп отырып та бесігімді.

Сүннетіңді үлгі ете бергенде,
Ғұмырыңнан ғибрат ала келгенде,
Тура жолда болар пенде әрдайым,
Өкінбейді, өтпейді өмір шерменде.

Аятпенен баяндалған сыр мен сын,
Үмметіңнің хәлін болжап білгенсің.
Жан аямай жәһилдікпен күресіп,
Үмметіңді уайымдаумен жүргенсің.

Шабытпенен қолда барда қаламым
Сағыныштан жаһанға жар саламын-
Ей, бауырым, танымасаң Расулды
Бұл жалғанда несіне өмір сүргенсің?!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру