ҚҰРБАН НИСАБ МӨЛШЕРІ ЖӘНЕ УӘЖІП БОЛУЫНЫҢ ШАРТТАРЫ

31 мамыр 2024 1601 0
Оқу режимі

Құрбан нисаб мөлшері: негізгі, басты қажеттіліктерінен тыс пітірге уәжіп болатындай мал-мүлкі бар, еркін және өз үйіндегі (жолаушы емес) еркек, әйел бар мұсылманға құрбан шалу уәжіп.

Бұл мал-мүліктің зекет нисабындағы секілді көбейетін дүние болуы және арада бір жыл уақыт өтуі шарт емес.

Негізгі, басты қажеттіліктер мыналар: үй, үйдегі жеткілікті керек-жарақ, бұйым, көлік, үш қабат киімі яғни, жұмыс киім, күнделікті киетін киім, мереке, т.б. киетін киім,  өзінің және қолына қараған жандардың бір айлық нәпақасы. Одан артық 80,18 гр. aлтын немесе құны соған бара-бар нәрсесі бар адамның пітір садақа беріп, құрбан айтында құрбандық шалуы уәжіп.

Құрбан шалуға арналған күндердің (айттың 1-ші, 2-ші және 3-ші күнінде, Шафиғи мәзһабында 4-ші күні де) ақшам мезгіліне дейін ауқатты, яғни нисабқа ие адамға құрбан шалуы уәжіп болады.

* Еркін, өз үйіндегі (жолаушы емес) және нисабқа ие мұсылман баласының кішкентай бала үшін құрбан шалуы мүстәһап. Заһирур-риуайәда солай, пәтуа соған сай.

Имам Хасан ибн Зиядтың Имам Ағзамнан риуаят етуі бойынша, нисапқа ие адамның кішкентай баласы үшін және қайтыс болған ұлының балалары үшін құрбан шалуы уәжіп. Имам Қудури Имам Хасанның осы риуаятын дұрыс көрген. 

* Имам Ағзам мен Имам Әбу Юсуф патуасы бойынша, құрбан шалуға міндетті болу үшін ақылды, балиғатқа толған болуы шарт емес. Есі дұрыс емес адам мен кәмелетке жетпеген баланың мал-мүлкінен әкесі не болмаса қамқоршысы құрбан шалып, тарата алады. Таратқанынан артылғанын өздері (киім-кешек тәрізді) қажетіне жарататын бір затпен ауыстырса болады. Алайда, Имам Mұхаммедтің пәтуасы боайынша құрбан шалуға міндетті болу үшін адамның есі дұрыс және балиғатқа жеткен болуы шарт.

 

Пікірлер Кіру