Құран оқушыға берілетін 4 артықшылық

04 желтоқсан 2018 11212 0
Оқу режимі

Құран Кәрімді оқумен мұсылман отырған шаңырағы нұрға бөленіп, жұпарлана түседі.  Өйткені, Құран оқу – ең үлкен құлшылықтардың бірі. Алланың сөзін оқитындар жайлы мынадай аят бар: «Ақиқатында, Алланың кітабын оқитын, намазды толық орындайтын және Біз ризық етіп бергеннен жасырын әрі ашық түрде жұмсайтындар ұтылмайтын сауданы үміт етеді»[1]. Сахаба Әбу Мұса Ашғари (р.а.) болса: «Құран оқитын мұсылман – исі жұпар, дәмі тәтті апельсин іспетті. Құран оқымайтын мұсылман – иісі жоқ, бірақ дәмі тәтті құрма сияқты. Ал, Құран оқитын мұнафиқ – райхан гүлі сияқты иісі әдемі, дәмі ащы. Құран оқымайтын екіжүзді – иісі де, дәмі де жаман ханзала шөбі сияқты»[2], – деген Пайғамбар (с.ғ.с.) сөзін риуаят еткен.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Екі адамға шынайы қызғанышпен қаралады. Алла Тағала Құран берген адамға, ол күндіз-түні Құранды оқумен (амал етумен) болады және Алла Тағала мал-дәулет берген кісі, ол күндіз-түні дүниесін жақсылыққа жұмсайды»[3] және «Ақиқатында, Алла Тағала бұл Кітаппен бір адамдардың биік етсе, екіншілерін төмендетеді...»[4], – деген.

Әбу Зәрр (р.а.) айтады: «Уа Алла елшісі! Маған өсиет айтыңызшы», – дедім.  Пайғамбар (с.ғ.с.): «Тақуа бол, ол барлық істің басы», – деді. Мен: «Уа, Алла елшісі! Тағы қосыңыз», – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Құран тиләуат ет, Құран оқу – сен үшін жер бетінде нұр, ал аспанда – қазына», – деген екен. Ибн Аббас (р.а.): «Алла Тағала Құранмен жүрген пендесіне бұл дүниеде адаспауына және ақыретте бақытсыз болмауына кепілдік берген деп: «...Менің тура жолыма ерсе, онда ол адаспайды әрі бақытсыз болмайды»[5] аятын оқыған екен. Ендеше, Құран оқуды өмірлік салтына айналдырған адамға төрт жақсылық жолдас болмақ:

Біріншіден, хадисте: «Алла Тағаланың үйлерінің бірінде бас қосқан бір қауым Алланың кітабын оқыса, өзараларында оны дәріс етіп үйренсе олардың үстінен тыныштық келіп, Алланың мейірімділігі қоршайды. Оларды періштелер орап алады. Сол арадағы адамдарды Алла Тағала еске алады»[6], – делінген. Демек, үнемі Алланың мейірімділігі мен қорғанында болады.

Екіншіден, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, оған сауап бар. Ал, сауап он еселене түседі. Мен Алиф Ләм Мим бір әріп деп айтпаймын. Алайда, Алиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп»[7], – деген. Бұл дегеніңіз, әр дыбысталған әріпке сауап жазылады.

Үшіншіден, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ақиқатында, Алланың адамдар арасында әһлі бар», – дегенде, адамдар: «Уа, Алла елшісі! Олар кім?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар – Құран иелері, олар – Алланың әһлі және ерекше жақын адамдары»[8], –деген екен. Яғни, Құранды үнемі оқитын адамға осы мақам беріледі.

Төртіншіден, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Құран оқушыға: оқы, жоғарылай түс, дүниеде оқығаның сияқты оқы. Ақиқатында, сенің тұрағың ең соңғы аятпен болмақ»[9], – деп өсиет етеді.

Алла Елшісінің енімді серіктерінің бірі Ибн Аббас (р.а.) қасиетті Құран Кәрімнің бірде-бір сүресін білмейтіндер жайлы: «Ішінде Құранның ешбір аяты жоқ (бірде-бір аят жаттамаған) адам қирап тұрған үймен тең»[10], – деген екен. Құран жұмысы жоқтың және қолы бостың ермегі емес. Дүние мен ақыретте ісімнің оңалуын қалаймын деген әрбір пенде үнемі Алланың сөзін оқуды әдетке айналдыруы тиіс.

 

Қуат Ерғалиұлы


[1] «Фатыр» сүресі, 29-аят.
[2] Муслим.
[3] Бұхари.
[4] Ахмед, Муслим және Ибн Мәжа.
[5] «Таһа» сүресі, 123-аят.
[6] Муслим.
[7][7] Тирмизи.
[8] Ибн Мәжа, Ахмед.
[9] Ахмед, Әбу Дәуід, Тирмизи.
[10] Дарами.

Пікірлер Кіру