Құны қымбаттаған пәтуа

19 қараша 2019 7919 0
Оқу режимі

Әбу Юсуф[1] сонау шәкірт шағында моншаға барып, шомылғысы келеді. Алайда, оған төлер қаражаты да бола қоймайды. Амалсыздан сол жердегі монша қожайынына жолығып, ақшасының жоқтығын, оның орнына бір діни мәселені үйрететіндігін айтып түсіндіреді. Монша қожайыны жас шәкірттің бұл өтінішіне келіспей:

– Маған пәтуа емес, ақша керек. Ақшаң жоқ болса, моншаға кірмейсің, – деп кері қайтарады.

Монша қожайынының бұл жауабына қынжылып қайтқан шәкірт Әбу Юсуф ұстазына келіп ілім жолынан бас тартатындығын айтады. Оның да себебін айтып түсіндіреді. Сонда Имам Ағзам Әбу Ханифа шәкіртіне қарап:

– Еш қынжылмай, сабыр ет! Іліміңді тоқтатпай, жалғастыр! Сол ілім сені ертең қадірлі етеді, – деп күш-жігер береді.

Арада біршама жылдар өте шығады. Десе де, монша қожайынымен болған жағдай Әбу Юсуфтің есінен бір кетер емес. Әйткенмен, Әбу Юсуфтің ілім алуда табандылық танытуының арқасында ел ішіндегі ілімі ең жоғары мақамға көтеріледі. Тіпті, қоғамда туындаған кез келген мәселенің пәтуасы осы кісіден келіп сұрала бастайды.

Осындай бір мәселе бойынша Әбу Юсуфтың алдына баяғы өзін моншаға кіргізбей қойған кісі келіп, қызын ұзататындығын айтады. Яғни, қызына дүниедегі ең қымбат деген нәрсені жасау етуге ант бергенін тілге тиек етеді. «Сол антымды қалай өтесем болады?», – деп нақты пәтуасын сұрай бастайды. Сонда Әбу Юсуф әлгі монша қожайынын танып:

– Маған мынанша алтын бер, сосын барып сұраған пәтуаңның жауабын аласың! – дейді. Монша қожайыны риза болып, сұрағанын береді. Әбу Юсуф оған:
– Қызыңа Құран кітабын сыйға бер. Сонда сенің берген антың орындалады, – деп пәтуасын айтады.

Монша қожайыны ғалымнан алған пәтуасына риза болып, орнынан қозғала бергенінде Әбу Юсуф:

– Мені таныдың ба? Осыдан пәлен уақыт бұрын «маған пәтуа емес, ақша керек» деп моншаңа кіргізбей қойған шәкірт менмін. Сол кезде саған діни мәселеде үйретейін деген нәрсем де осы еді. Рұқсат бергеніңде монша ақысының орнына бұл пәтуаның жауабын сол сәтте алған болар едің. Ал, бүгін алдыма келіп, қанша алтыныңды беріп, құны жоғары пәтуаңды алудасың, – дейді өткенін есіне түсіріп.

 


[1] Имам Ағзам Әбу Ханифаның ең алғыр шәкірттерінің бірі болған кісі.

Қайырбек Отызбаев

Пікірлер Кіру