«ҚҰДАЙДАН ҚОРЫҚҚАН МҰСЫЛМАН, ҚАРАУЫЛ ҚОЯР СӨЗІНЕ…»

11 сәуір 2024 1608 0
Оқу режимі

Қазақ халқы ақылы дара биіктен көрінгенді төбесіне көтеріп, құрмет жасаған. Оған бабаларымыздың: «Жасы кіші ініні, ақылы асса, аға тұт» деген секілді нақыл сөздері айғақ бола алады. Расында адамның табиғаттан еректігін дәлелдейтін құдірет – ақыл. Осы құдірет жетегінде әлемді уысында ұстап, нарығын жайлап отырған мемлекеттер бар. Қазақ ақылдан ада емес. Даланың заңы, тамаша ұстанымдар, тура жарлықтар, бәрі көшпенді жұрттың ақыл соқпағынан қия баспағанын көрсетеді. Адам баласын өзі секілді қос аяқты, жұмыр басты өзге пенделерден ерекшелеп тұратын екінші бір қасиет – оның мінезі. Мінез – адам бойындағы алтын мен жауһардан да артық жылтырап, көзге ұрып тұратын әшекей. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, мінез, ар деген нәрселермен озады. Бұдан өзге нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық», – дейді Абай атамыз он сегізінші қара сөзінде. Жақсы мінез – жан көркі. Адамды кең пейіл, көпшіл ететін де, я болмаса қытымыр, кекшіл ететін де – бойға біткен мінез. Осыны ескерген Бұхар жырау: «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?» – деп ұрпақ өрбітіп, бесік тербететін болашақ аналарға ең алдымен көркем мінезді болуды насихаттаған. Қазақ әрқашан «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсының өзі өлсе де – сөзі өлмейді», «Сөздің де шоқтайы бар, мұздайы бар, алсаң сол қызулысын, қыздайын ал» деп ауыздан шыққан әрбір сөзге сақтықпен, байыппен қараған. Тіпті, артық сөзді абыройсыздыққа санаған халқымыз «Жындының айтқаны келмейді, сандырағы келеді», «Атасыздың аузы үлкен», «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады», «Аталы сөзге арсыз ғана таласады», «Ұялмас бетке талмас жақ береді» деп, «Көп сөздің көмір» екендігін айрықша ескертіп, жаман істерден бойын барынша аулақ ұстаған. Мұзафар ағамыздың «Тозған сөзде тозаң көп» деуі, хәкім Абайдың: «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады», – деп сөзге сынай қарауы – осыған дәлел. Өтірік пен ғайбаттың, біреудің мінін теріп, айыбын ашудың ешкімге опа бермесі анық. Бұл туралы зар заман әдебиетінің өкілі Шортанбай ақын да:

«… Сырттан ғайбат қылғанша Айт көзі мен өзіне. Құдайдан қорыққан мұсылман Қарауыл қояр сөзіне», – деп жырлап, адамдарды өсек, ғайбат айтуға тыйым салуы, адамның ең алдымен сөзіне, одан кейін көзіне ие болуға тырысатыны анық. Жақсы сөз сөйлеу – адамның иманының, ақыл-парасатының көрсеткіші. Сондықтан да Шортанбай Қанайұлы: «Иманы бардың белгісі Тілінен тамар шырасы», – деп тілдің шырайлы болмағы ойдың құнарлылығынан екенін дөп басып айтқан. Қазақ қашаннан екі ауыз сөзге тоқтап, уәжге ұйыған халық. Үмітіңді өшіріп жасытатын да, я болмаса, мерейіңді өсіріп тасытатын да екі-ақ ауыз сөз. Сөзі түзелген елдің өзі де өнегелі қауым болатыны анық. «Кей жаманның сөзі бар – ызғары қатты ащы удай, кей жақсының сөзі бар – лебі кәусар бал судай», – деп Базар жырау жырлағандай, жақсының сөзін әлемге ортақ санаған халықты Алла тіл мен жағынан сүріндіріп, артық сөзге жүгіндірмесе екен дейміз. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, жүйелі сөз, сарайыңды ашып, шаттыққа бөлейтін сүбелі сөз – адам бойындағы көркем мінездің көрінісі. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті». Абайдың осы бір өлеңін білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Адам бойындағы көркем мінез-құлықтың тағы бір көрінісі оның бауырларымен, айналадағы адамдармен болған қарым-қатынасынан байқалады. «Ізеттінің інісі көп» демекші, қоғамға мейірімді, жұмсақ болған адам ғана айналасына шынайы достарды топтастыра алады. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Уа, Алланың құлдары! Өзара тату, бауырмал болыңдар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оған мұрын шүйіре қарап, өзінен кем көрмейді», – деген.

Шаңырақты құлатпай, керегені ұстап тұратын уық пен бақан секілді дінді де ұстап тұратын екі нәрсе бар. Бірі – иманның, сенімнің дұрыстығы, екіншісі – иман иелерінің өзара татулығы, бауырмалдығы. Қазақ мұны «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп қысқа қайырған. Ырысының кілтін ынтымақтан іздеген халқымыз ешкімнен безініп, кек қуып кетпеген. «Өкпеге қиса да, өлімге қимаған» дейтін өнегелі сипаттың қазақ жұртына қатысты айтылуы да соны айғақтаса керек. Адамның өзгелерге мейіріммен қарап, өзіне қалағанды бауырына да қалауы – оның тақуалығының көрсеткіші. Себебі, ғалымдар Құдайдан қорқу мен мұсылмандарға деген жек көрушіліктің бір жүректе болмайтынын айтқан. Демек, иманның тәтті дәмі бауырларға деген махаббатпен, мейірбандылықпен келеді. Қазақ әрқашан: «Есті көрсең кем деме, Бәрі тұйғын табылмас. Қарындасыңды жамандап Өзіңе туған табылмас», – деп алтауды атыстырып қойғаннан гөрі төртеуді табыстырып жүруді артық санаған.

 Қазақтың бір-біріне деген реніші мен өкпесі шай орамал кепкенше ғана. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген бабаларымыз торқалы той, топырақты өлімде кешегісін ұмытып, бүгінгісімен өмір сүруді хош көрген. «Біріңді – қазақ, бірің – дос, көрмесең істің бәрі бос» екенін білген халқымыз бір-бірін кемітіп, келеке қылудан бойын аулақ ұстаған. «Ердің құны болса да, Алдыңа келіп қалған соң, Қол қусырып барған соң, Аса кеш те қоя бер, Бұрынғыны қуыспа», – деп халқымыздың кешірімшіл болуға үндеуі – жұдырығына емес, жүрегіне жүгінген, ашуын сабырына жеңдіріп, шариғатқа үңілген адами қасиетінің жарқын көрінісі. Қазақтың керісіп қалған қауыммен қыз алып, қыз берісіп, мың жылдық құда атануы да ел ынтымағына сызат түсірмеуге тырысуының амалы. Пайғамбардан (с.ғ.с.) жеткен хадисте: «Өзіне қатысы жоқ нәрсені тастау адамның дінінің кемелдігін көрсетеді», – делінген. Көп нәрсеге әуес болу адамды иманнан айыруы мүмкін.

Жүрекке тыныштық әкелетін себептердің бірі – адамның өзіне қатысы жоқ көз тастау мен сөздерді, адамдармен араласуды, пайда әкелмейтін нәрселерді тыңдауды, артық тағам мен ұйқыны тастауы. Ұлы ақын Абайдың: «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық – Аздырар адам баласын», – деуі осыны білдіреді. Дау қуып, дала кезу – адамды өкініп, бармақ тістеуге, ең қиыны қайтып келмес уақытыңды сарп қылып, өміріңді ысырап етуге алып келетін қасиет. Сол себепті де бейқамдықтан бойын барынша аулақ ұстауға тырысқан ақын Абай: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», – деп өткеніне көз жүгірте отырып, болашағына зор алаңдаушылықпен қараған.

Халқымыз әу бастан-ақ «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», «Сабыр түбі – сары алтын», «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», – деп ашуды ақылға, күйгелектікті сабырға жеңдіруді өсиет еткен. Бұхар бабамыздың: «Ашу – дұшпан, артынан Түсіп кетсең қайтесің, Түбі терең қуысқа?» – деп ел бастаған Абылай ханға жол көрсетіп, сабырға шақыруы орынсыз ашудың ойпаң жерде омақаса құлатып, опық жегізетінін көрсетсе керек. Жөнсіз ашу шақырып, ағайынға азар беретін қытымыр жанды ел де жұғымсыз санаған.

Ашуға бой ұрған адамның ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айырып, шамалап жата алмасы анық. Сондықтан ислам дінінде ашуланып тұрған адамның әлдебір шешім шығаруына, үкім айтуына рұқсат етілмеген. Қызуқандылықты құп көрмеген Абай да: «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім, сабыр түбі – сары алтын», – деп өзін байыпқа шақырса, XIX ғасыр ақыны Ақмолла: «Ақыл – таяқ болғанда, ашу – пышақ, Кемиді сол таяғың жонғаннан соң», – деп ұстамдылықтың мәнін одан сайын айшықтай түскен. Ардақты Пайғамбар (с.ғ.с.): «Нағыз сабыр – соққының алғашқы сәтінде болған сабыр», – деген. Осыны меңзеген қазақ: «Азамат ердің баласы, Жабыққанын білдірмес, Жамандар мазақ қылар деп», – күйзелістің қайраңына малтығып, ұйығына батуды намыс көрген, азаматтығына түскен сын деп қабылдаған.

 «Нар түйеге оқ тисе, Жай түйедей бақырмас, Артқы аяғын бір сілтер», – деп Құлияз ақын айтқандай, табиғатынан сабаз халық төзімділік пен сабырлылықты тектіліктің бір көрінісі деп қараған. Сондықтан сөзіміздің тоқетері ретінде «Еркегі ашу айтса, әйелі басу айтатын» елдің ертеңі ретінде біздің де сабырлы, болған іске қажырлы болу – міндетіміз. Мінез – адамның сыртқы тұлғасын да, ішкі жан дүниесін де көріктендіріп, жұпар шашып тұратын әтір іспеттес.

 Қазақ «Түсі игіден түңілме», – деген. Көркем мінез иесінің бұл өмірден де, мәңгілік өмірден де алатын үлесі орасан зор. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деп Абай атамыз айтқандай, жақсылыққа асық болмағы да, я болмаса, түкке тұрмас жасық болмағы да адамның өзінен.

 Б. ӨТЕГЕН,

Р. Нарбек

 

 

 

Пікірлер Кіру