Қош келдің, мүбәрак Мәуліт айы!

29 қазан 2019 14560 0
Оқу режимі

Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың туған уақытына байланысты атап өтілетін күн мәуліт деп аталады. Бұл – дінде  әу баста болмаған, кейіннен енгізілген нәрсе. Әйтсе де, көпшілік ғұламалар мәулітті бидғат хасана, яғни құптарлық жақсы жаңалыққа жатқызады. Оған нақтылы дәлелдері де бар.

Әрбіріміз өзіміздің ата-анамыздың, балаларымыздың, туыс-жақындарымыздың, құрбы-құрдастарымыздың және басқа да қаншама адамдардың туған күндерін қуанышпен атап өтеміз. Ал, қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күнін атап өту бәрінен гөрі лайықтырақ емес пе?! Қазіргі біздің жағдайымызда Мәулітті атап өту тіпті міндетті десек те болады. Себебі, басқаны қойғанда мұсылмандардың өзінің арасында өміріндегі басты идеалы болуы тиіс. Пайғамбардың (с.ғ.с.) аты-жөнін де жөнді білмейтін, діни ұстанымдарын дұрыс түсінбейтін жандар бүгінде жетерлік. Сондықтан Мәуліт мейрамының аясында біз Пайғамбар (с.ғ.с.) туралы, Оның алдындағы міндеттеріміз, сүннетін сақтау жайында мешіттерімізде, іс-шараларымызда, жиындарымызда жалпы халыққа молырақ мағлұмат беріп, дініміздің тағылымдары жайлы  үгіт-насихат жүргіземіз. Осындай зор мүмкіндікті бос жібермей, орнымен пайдалануға тырысамыз. Расында, бұл – дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті.

Әлемдердің Раббысы Пайғамбардың (с.ғ.с.) сипаты туралы:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ

«Біз сені әлемдерге рақым етіп қана жібердік»,[1] – дейді.

Ақиқатында, Алла Елшісі (с.ғ.с.) жаны жай тапқанша үмметіне деген үгітін еш үзбеді. Көңілдердегі кірді, қайғы-қасіретті кетірді, әлсізді демеді, шектен шыққанды сабасына түсірді, күллі адамзаттың рухани әлемін дүр сілкіндірді, зұлымдық пен надандықтың қараңғылығын сейілтті, ізіне ерген ізгілерді жасампаздыққа, жарқын болашаққа бастады. Артындағы бізге пәни дүниеде бағдаршымыз болатын Құдай Тағаланың кәләмі Құран Кәрім мен Өзінің (с.ғ.с.) сүннетін – түні де күндей жарқыраған, рухани соқырдан өзге жан адаспай табатын сара жолды қалдырды. Оны (с.ғ.с.) досымен қатар дұшпаны да мойындады. Есімі аталғанда еріксіз құрметпен бас иді. Оның (с.ғ.с.) бетіне басатын ешбір айыбын, кемшілігін таба алмады. Сөзі мен ісінің шынайылығына қарсы ешбір уәж айта алмады. Өйткені, Ол (с.ғ.с.) – екі дүниенің сардары, әлемдерге жіберілген иләһи рақым нұры, адамзат ұрпақтарының ішіндегі ең абзалы, Жаратқан Иенің ең сүйікті құлы әрі ардақты Елшісі.

Адамзаттың осы асыл тұлғасы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың дүниеге келген мәуліт мерекесінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік артады. Ал, Алла Тағала Құранда:

 النَّبِي أَوْلَى بِالْمُؤمِنِينَ مِنْ أَنْفُسِهِمْ...  

«Пайғамбар, мүміндерге өздерінен артық»,[2] –  деп, Пайғамбарды (с.ғ.с.) өзімізден де артық жақсы көру керектігін білдірді. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) иманның ләззаты жөнінде:

 ثَلَاثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ وَجَدَ بِهِنَّ حَلَاوَةَ الإِيمَانِ أَنْ يكون اللهَ وَرَسُولُهُ أَحَبَّ إِلَيْهِ مِنْ مَا سِوَاهُمَا

Яғни: «мына үш нәрсе арқылы адам баласы иманның ләззатын татады: Солардың бірі – Алланы және Оның елшісін өзге нәрселердің барлығынан артық жақсы көру..», – деген.

Міне, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы сөздеріне амал еткен сахабалар Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) барлығынан да артық жақсы көре білді. Тіпті, өз жандарынан да артық жақсы көре білгендіктеріне сахабалардың (р.а.) мына сөздері нақты дәлел.

Олар сөзін: «Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, уа Расулулла!» – деп бастайтын болған.

Олардың Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббаты терең болғаны сонша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғанда хазреті Омардай (р.а.) парасатты сахабалардың өзі мұны қабылдай алмай: «Кім Мұхаммедті өлді десе, мен оның басын шабам!» – деді.

«Наср» сүресі түскен кезде Фатима анамыз (р.а.)  пайғамбарлық аяқтала бастағанын сезіп, көзіне жас алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны шақырып құлағына сыбырлағанда, Фатима анамыз (р.а.) өксіп жылайды, сосын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екінші рет құлағына сыбырлағанда күлімсірейді. Кейіннен Айша анамыз (р.а.) осы мәселенің жайын сұрайды. Сонда Фатима анамыз (р.а.): «Әуелі өзінің көп ұзамай дүниеден озатынын айтты, сонда мен көзіме жас алдым. Содан соң ең алғаш болып өз әулетінен оған қауышатын мен болатынымды айтты. Сонда қуанып, күлімсіредім», – деді. Мінекей, Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген шынайы сүйіспенішіктің арқасында, Фатима анамыз (р.а.) өзінің ажалы жақын екендігін естісе де, қайғырудың орнына, Пайғамбарға (с.ғ.с.) тезірек қайта қауышатынын ойлап, кемел имандылық танытқан еді.  Фатима (р.а.) анамыз, расында, алты ай бойы төсек тартып барып, ақыры Пайғамбарға (с.ғ.с.) алғашқы болып қауышты.

Сахабалар бізге Пайғамбарды (с.ғ.с.) жақсы көрудің үлгі-өнегесін көрсетіп кетті. Тіпті, оған деген махаббат сүйіспеншіліктің шыңына шығарды...

Хубайбты (р.а.) дарға асатын кезде мүшіріктер оған: «Ей, Хубайб, сен Пайғамбарыңа ерем деп осындай халге түстің, ал ол болса қазір көлеңкеде рахаттанып отыр, сенің орныңа оның мұнда болғанын қалар ма едің?» – дегенде, Хубайб (р.а.): «Оның аяғына тікен кіргенін де қаламаймын», – деді. Содан соң: «Уа, Алла Тағалам! Мен осы жаққа шығарда Сенің Елшіңмен (с.ғ.с.) қоштаса алмай қалған едім. Уа, Алла! Менің сәлемімді жеткізе гөр!» – деп жалбарынды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинада отырып оның сәлемін қабылдап, оған жауап қату арқылы, оған ғасырларға жалғасатын мәртебе сыйлады.

Бәдір шайқасының алдында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) саптарды түзеп келіп, алға шығып кеткен сахаба Сәуәд бин Узәйиәні (р.а.) қолындағы шыбығымен түртіп артқа шегіндіреді. Сонда әлгі сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қарап, өзін шыбықпен түрткені үшін кегін алатынын айтады. Ешкімнің көңіліне қаяу түсіруді ұнатпайтын Алланың Елшісі (с.ғ.с.) одан кешірім сұрап, қаласа кегін алуына болатынын айтады. Әлгі сахаба (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) киімін жоғары көтеруін сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) киімін жоғары көтерген сәтте ол бас салып оның тәніне жүзін сүртіп, өбе бастайды. Бар мақсаты Пайғамбар (с.ғ.с.) тәніне тиген тәндер тозақ отына күймейтінін ойлап, оның мүбәрәк тәнін құшып, сүю еді.

Әлиден (р.а.): «Сендер Пайғамбарды (с.ғ.с.) қалай жақсы көруші едіңдер?» – деп сұраған кезде, ол кісі: «Шөл далада қалған кісі бір жұтым суды қалай жақсы көрсе, біз де Пайғамбарды (с.ғ.с.) солай жақсы көреміз!» – дейтін еді.

Әйел сахабалардың (р.а.) да Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Ухуд шайқасында жан алысып, жан берісіп жатқан кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оң жағымда да, сол жағымда да сол Нәсибаны көрдім», – дейді. Ол да жараланады. Өзінің баласы Абдулла (р.а.) жарақаттанады, сонда баласына: «Ей, балапаным, Алланың Елшісін (с.ғ.с.) қорға», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Алла! Мына отбасын берекетті ет!» – деді. Умму Умара анамыз (р.а.): «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Сіз дұға жасаңыз, Алла мені сізбен Жәннатта көрші етсін», – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Алла! Мыналарды Жәннатта менімен көрші ет!» – деді. Әлгі анамыз (р.а.): «Болды, енді менің арманым жоқ, Жәннатта сізбен бірге болсам, бұл қиыншылықтар мен үшін ештеңе емес», – деген болатын.

Сол Ухуд шайқасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өлді деген хабар тарағанда, Сумайра анамыз (р.а.) да Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) іздейді. Тіпті, оған жұбайың, бауырың, балаң қайтыс болды десе де қарамастан: «Расулулла қайда?» – деп жар салады. Ол кісіні көзімен көрген соң: «Сен аман болсаң болды, басқа қиыншылықтарды көтеруге әзірмін!» – деді.

Шайқастардың бірінде жарақаттанған Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) оңына алып, солына алып, алдына шығып, жауға тойтарыс берген Талхаға (р.а.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уәжабат, уәжабат», – деп оған жәннаттың уәжіп болғанын айтады. Пайғамбарды (с.ғ.с.) жанын сала қорғаған сахаба мұның сыйы Жәннат екендігін жақсы білген-ді.

Әнас бин Мәлик (р.а.) айтады: «Бір бәдәуи келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Қиямет қашан?» – дегенде, «Сен ол күнге не әзірледің?» – деді Пайғамбар (с.ғ.с.). Сонда ол: «Менің берген көп садақам да жоқ, көп жақсылығым да жоқ, алайда мен Алла және Оның Елшісін жақсы көремін», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

اَلْمَرْءُ مَعَ مَنْ أَحَبَّهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Адам кімді бәрінен артық жақсы көрсе, қияметтің күні сонымен бірге болады», – дейді. Оны естіген Әнас бин Мәлик (р.а.): «Бұл сүйінші маған мені жәннатпен сүйіншілегеннен де артық болды. Себебі, мен Алла және Оның Елшісін (с.ғ.с.) қатты жақсы көруші едім», – дейді.

Үмметіне соншама жанашырлық танытқан Пайғамбарды (с.ғ.с.) қалайша сүймейсің. Тіпті, ол асыл жанды Алланың өзі сүйетінін білдіріп «хабибулла» деген жоқ па?! Ал, енді Алланың Өзі сүйіп тұрған асыл жанды неге сүймеске, неге оның айтқанын өз қалауымыздан үстем қоймасқа?!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Пайғамбарлардың мырзасы, имамы бола тұра кішіпейілділігін білдіріп: «Мені Юнус бин Маттадан да артық мақтамаңдар!» – деуші еді. Алайда оны мақтамасқа болмайды. Оның есімінің өзі «Мақтаулы жан» деген мағынада емес пе?!

Үкіміне келер болсақ, бидғат деп жүргендер «Мәулітті тойлауға болмайды» деген не аяттан, не хадистен бірде-бір дәлел келтіре алмайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір қатар хадистерін келтіреді. Онда: «Христиандар Исаны дәріптегендей, сендер де мені дәріптеп жібермеңдер», – деп айтылады.

Алайда, ұлықтау – бір бөлек, құрмет көрсету – бір бөлек. Олар өз пайғамбарларын тәңірі дәрежесіне көтеріп жіберді. Мәуліттегі мақсатымыз – Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) шектен тыс қиял ғажайыптар қосып, тәңірге балап  ұлықтау емес, Мәуліттегі мақсатымыз Оны (с.ғ.с.) еске алу. Оның (с.ғ.с.) теңдессіз тұлғасынан өнегенің бір тамшысын болса да алуға талпыну. Оның кіршіксіз өмірбаянын жадымызда бір жаңғырту. Оған сансыз салауаттар айту, оның есімін әлемге жар салу.

Олай болса, бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген Елшінің (с.ғ.с.) есімін қалайша ұлықтамаймыз?! Ендеше, адамзаттың ардақтысының: «Қашан мені бала-шағаң, ата-анаң  және барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше, имандарың кәміл болмайды», – деген өсиетіне амал етіп, иманымызды толықтыруға неге тырыспасқа?!

Шарапатты мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын! Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді  нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне бойұсынып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай. Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, дегдарлардың дүрі, Пайғамбарлардың имамы, екі дүниенің бекзаты  Мұхаммедке (с.ғ.с.) Жаратқан Иеміздің жаратқан нәрселерінің санындай, Аршысының салмағындай, Өзі разы болғандай, сансыз салауаты мен сәлемі болсын!

Нұрбек Есмағанбет
ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімі меңгерушісі

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру