"ҚОЛЫҢДЫ АРТЫҢА АЙҚАСТЫРМА"

06 ақпан 2024 2106 0
Оқу режимі

Тұтқынға түскен адамның қолы артына қайырылып байланып, бұғауланады. Кейбір белі ауыратын қарт кісілер сүйеніш ретінде қолын артына ұстайтыны болмаса, былайғы адамдар, әсіресе жастар бұл әдеттен аулақ болған екен. "Жамандық шақырады" дейтін осы тыйымның ертеден қалған өзіндік астары бар...

Тағдыры мың бүктеліп, мың сілкінген халқымыздың басынан небір алақұйын аласапыран дәуірлер өткен. Елі шабылып, жері таланып, ұл-қыздары байланып-маталып жау қолында кеткен зар-замандарды көрген. Мынау жарық жалғанда адам үшін бостандықтан, азаттықтан артық қымбат қазына жоқ екенін білсе, ҚАЗАҚ білсін!

Кіріптарлықтың не екенін жан-жүрегімен түсінгендіктен:

"Алла пендесін еркіндігінен ажыратпасын!" - деп тілек тілеп, "Қолыңды артыңа айқастырма", - деп тыйым айтқан. Бүгінде қайсыбір жап-жас бастықтардың, қалтасы қалың бай жігіттердің қолын артына ұстап, иегімен нұсқап сөйлейтіндерін көріп жүрміз. Осының өзі, түсінген кісіге - КЕСІРЛІК. Бұл дүниенің баянсыз базары кімнің басынан өтпеген дейсің, алдыңда не күтіп тұрғанын қайдан білесің?

Тағдыр шіркін артқа байлатып, кісен салғызбасын деп тілейік...

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру