ҚАЖЫЛЫҚ ВИЗАСЫЗ ЖӘНЕ ЗАҢСЫЗ ЖОЛМЕН ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРУҒА БОЛА МА?

26 желтоқсан 2023 2749 0
Оқу режимі

Қажылық визасы – заманның талабына сай әрі көпшіліктің мүддесі мен қажеттіліктеріне орай Сауд Арабия Королдігінің қойған талабы және заңы.

Қажылық визасы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), сахабалардың заманында болмағанымен, бұл – заман талабына сай дербес мемлекеттердің ішкі заңы әрі мұсылмандардың мүддесі үшін қойылған талап[1]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

فما رَأى المُسلمونَ حَسنًا؛ فهو عندَ اللهِ حَسنٌ

«Мұсылмандар жақсы деп санаған іс – Алланың құзырында да жақсы»[2], – деген. 

Сауд Арабия мемлекеті қажылықты ұйымдастыру үшін «Рұқсатсыз (визасыз) қажылық орындауға болмайды» деген арнайы заң қабылдады. Оған қатысты ережелер мен шарттарды бекітті. Осы заңға сәйкес Сауд Арабия үкіметі және өзге мемлекеттер белгілі шарттар аясында рұқсатпен ғана қажылықты орындап келеді.

Сондықтан төмендегі шарттарға байланысты қажылық визасынсыз және заңсыз жолмен қажылыққа баруға болмайды:

  1. Басшыға бойсұну. Басшы шариғатта Алланың харам еткен нәрсесіне бұйырмаса, оған бойсұну – міндет. Алла Тағала Құранда былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ

«Уа, иман келтіргендер! Аллаға бойсұныңдар, елшіге бойсұныңдар  және өз араларыңдағы әміршілеріңе (басшыларыңа) бойсұныңдар»[3].

  1. Мұсылмандар келісім мен шарттарды орындауы тиіс. Мұсылман адам қандай да бір елге барған кезде, сол елдің қойған талабы мен шарттарын орындауға міндетті. Алла Тағала Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَوْفُوا بِالْعُقُودِ ۚ  

«Уа, иман келтіргендер! Келісімдерді (уәде-серттерді) толық орындаңдар!»[4] – деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

المسلمونَ على شروطِهم

«Мұсылмандар шарттарын орындауы тиіс»[5], – деп айтқан.

  1. Бұл мұсылмандардың мүддесі үшін қойылған талап. Егер әлемдегі екі миллиардқа жуық мұсылманның кем дегенде (шамасы жететін) 60 миллионына қажылық жасауға рұқсат етілсе, онда әл-Харам мешіті, Арафат тауы, Мина жазығы сынды қажылық рәсімін орындайтын жерге адам сыймай кептеліске ұшырап, қажыларға лайықты қызмет көрсетілмей қалады. Оның салдары қажыларға үлкен зиян тигізумен қатар қайғылы жағдайдың орын алуына алып баруы мүмкін. Сол үшін Сауд Арабия мемлекеті қажылықты тек рұқсатпен ғана орындауға арнайы заң қабылдаған. Мұның негізгі мақсаты қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрі бір-біріне зиян тигізбей құлшылығын атқару.
  2. Қауіп-қатерге бас тігу. Талапқа қарсы келіп, біле тұра қажылыққа туристік визамен барған адам, күнәһар болады әрі жергілікті биліктің қажылыққа қатысты бекіткен заңын бұзғаны үшін жауапқа тартылады. Ал заңды бұзып, жауапқа тартылған адам қажылық парыздарын орындай алмаса, мысалы, Арафат тауында тұра алмай қалса, онда қажылығы дұрыс болмайды әрі оның қазасын өтеуге міндеттеледі.
  3. Біреудің ақысына кіру. Сауд Арабия мемлекеті Қажылық және ұмра министрлігі квотаға сай қажылардың тұрақтайтын орнын, ішіп-жейтін асын, жүретін көлігін әзірлейді. Рұқсатсыз барған адамдар сол бөлінген орынға орналасып, тамағын жесе, кісі ақысына кірген болып саналады.

 

ШЕШІМ:

  1. Қажылыққа тек қажылық визасымен және заңды жолмен бару – міндет. Оны қолдан жасау – харам.
  2. Қажылық визасынсыз (туристік, студенттік, жұмыс т.б.) қажылық жасау – күнә.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

 

[1] https://www.dar-alifta.org/ar/fatawa/13056/%D8%A7%D9%84%D8%AD%D8%AC- 

[2] Ахмад, №3600. Табарани, №8582. 9/118.

[3] «Ниса» сүресі, 59-аят.

[4] «Майда» сүресі, 1-аят.

[5] Әбу Дәуід, №3594. Ибн Хиббан, №5091.

 

Дереккөз: Мүфтият.кз сайтынан

Пікірлер Кіру