ҚАЗАҚТЫҢ ТУЫСТЫҚ АТАУЛАРЫ

18 қазан 2024 752 0
Оқу режимі

Бала – перзент, ұрпақ.

Ұл – кəмелетке толмаған ұл бала.

Қыз – кəмелетке жетпеген əйел бала.

Бозбала – бойдақ, жас жігіт.

Бойжеткен – ержеткен, бой түзеген қыз.

Алайда, қазақ халқы ұзатылған қыздарын сексенге келіп селкілдеп отырса да «қыз» дейді. Ұзатылған қыздар төркініне келгенде еркін сөйлейді. Үлкен-кіші туыстары оны ауыр алмай көтереді. Төмен отырмай, ата, ағаларымен қатар төрге отырады. Жеңгелеріне, келіндеріне еркелеп сөйлеуге де, əмір бере сөйлеп, айбат көрсетуге де хақы бар. Жеңгелері мен келіндері оның бəрін күле отырып, кешіріммен қабылдайды. Себебі, қазақ халқы қыздың жолы үлкен болады деп ерекше құрмет көрсетеді.

Əке – перзенттің атасы.

Шеше – перзенттің анасы.

Үлкен əке – əкенің ағасы.

Кіші əке – əкенің інісі.

Үлкен шеше – шешенің абысыны.

Кіші шеше – шешенің ажыны.

Өгей əке – əкесі өліп немесе ажырасып кеткен соң, шешесі тиген ер адам.

Өгей шеше – туған шешесі қайтыс болып немесе ажырасып кеткен соң, əкесімен үйленіп, шеше орнын басқан əйел.

Баба – əкесінің əкесі.

Əже – əкесінің шешесі.

Нағашы ата – шешесінің əкесі.

Нағашы əже – шешесінің шешесі.

Кіндік шеше – туған кезде кіндігін кескен əйел (қыз бала болса – кіндік апа).

Кіндік əке – туған кезде кіндігін кескен ер адам (ұл бала болса – кіндік аға).

Аға – жасы өзінен үлкен ер адам.

Апа – өзінен үлкен əйел адам (қыз).

Ағайын – аталас, туыстас, ағайын адамдар.

Туыс – ағайын, жақын, туысқан адамдар.

Іні – өзінен кіші ер адам.

Қарындас – ер адамдардан жасы кіші əйел (қыз).

Сіңлі – қыздар мен əйелдерден жасы кіші əйел адам (қыз).

Бауыр – бірге туысқан жақын адамдар.

Жамағайын – аталас, ағайын адамдар.

Жеңге – ағаның əйелі.

Келін – баланың немесе інісінің əйелі.

Қайын жеңге – күйеу жігіттің қайын ағасының əйелі.

Қайын келін – күйеу жігіттің қайын інісінің əйелі.

Балдыз келін – бірге туған бауырына тиген əйелінің сіңлісі.

Жиен – ұзатылған қыздан туған бала.

Жиеншар – жиеннен туған бала.

Дегеншар – жиеншардан туған бала.

Көгеншар – дегеншардан туған бала.

Жиен іні – ұзатылған қыздан (əпке-қарындастан) туған, өзінен жасы кіші ер адам.

Жиен қарындас – ұзатылған қыздан туған өзінен жасы кіші əйел (қыз) (ерлерге қаратылған).

Жиен күйеу – жиен қыздарының күйеуі.

Жиен келін – жиендерінің əйелі.

Жиен жезде – жиен əпкелердің күйеуі.

Жиен күйеу – жиен қыздарының күйеуі.

Жиен сіңлі (əйелдерге қаратылған) – ұзатылған қыздан (əпке-сіңлілерден) туған, өздерінен жасы кіші əйел (қыз).

Жиен апа – ұзатылған қыздан туған өзінен жасы үлкен əйел (қыз).

Жезде – апаның (əпкенің) күйеуі.

Күйеу – некелі əйелдің ері.

Күйеубала – ұзатылған қыздың немесе қарындас сіңлілердің күйеуі.

Қайын ата – əйелінің əкесі.

Қайын ене – əйелінің шешесі.

Қайын аға – əйелінің ағасы немесе күйеуінің ағасы.

Қайын іні – əйелінің інісі немесе күйеуінің інісі.

Қайын бике – əйелінің апайы немесе күйеуінің апасы.

Балдыз – əйелінің сіңлісі.

Қалыңдық – күйеуге атастырып қойған қыз.

Бажа – əйелінің əпке-сіңлілерінің күйеулері.

Нағашы аға – шешесінің аға-інілері.

Нағашы іні – шешесінің аға-інілерінен туған, өздерінен жасы кіші ер адам.

Нағашы қарындас – (ерлерге қаратылады) шешесінің туыстарынан туған, өзінен жасы кіші əйел (қыз).

Нағашы жеңге – нағашы ағаларының əйелі.

Нағашы келін – нағашы інілерінің əйелі.

Нағашы жезде – нағашы əпкенің күйеуі.

Нағашы күйеу – нағашы қарындас, нағашы сіңлілердің күйеуі.

Бөле – туысқан қыздардан туған бала.

Қарын бөле – бір ата, бір анадан туған, қыздардан туылған бала.

Бөле аға – бөле ерлердің жасы үлкені.

Бөле əпке – бөле қыздардың жасы үлкені.

Бөле қарындас – бөле қыздардан туған, өзінен жасы кіші əйел (қыз).

Бөле сіңлі – бөле қыздан туған, қыздардың өзінен жасы кішісі.

Абысын – қайын ағаның əйелі (əйелдерге қаратылған).

Ажын – қайын інінің əйелі (əйелдерге қаратылған).

Бөле жезде – бөле əпкенің күйеуі.

Бөле күйеу – бөле қарындастың немесе бөле сіңлінің күйеуі.

Бөле келін – бөле інінің əйелі.

Төркін – ұзатылған қыздың ата-ана, ел-жұрты.

Қайын жұрт – əйелінің туыс-туған, ел-жұрты.

Ағайын жұрт – ер адамдардың туыс-туғандары мен ел-жұрты.

Нағашы жұрт – шешелерінің туыс-туғандары мен ел-жұрты.

Бел бала – ата-ананың өзінен туған төл перзенті (бірінші ұрпақ).

Немере – ұлынан туған бала (екінші ұрпақ).

Шөбере – немеренің баласы (үшінші ұрпақ).

Шөпшек – шөберенің баласы (төртінші ұрпақ).

Немене – шөпшектен туған бала (бесінші ұрпақ).

Туажат – неменеден туған бала (алтыншы ұрпақ).

Жүрежат – туажаттың баласы (жетінші ұрпақ).

Жегжат – жүрежаттан туған бала (сегізінші ұрпақ).


Туыстық атаулар адамдардың туыстық сүйіспеншілігін арттырып, өзара қарым-қатынасын нығайтып, барыс-келіс, алыс-берістерін жиілетеді. Ұрпақтарға туыстық жақта кімнің алыс, кімнің жақын екендігін ұғындырады. Адамдардың қоғамдық қарым-қатынасын кеңейтеді. Ата-балалық, аға-бауырлық, іні-қарындастық, туыс-туғандық байланысты айқындап, үлкен-кішілік жөн-жосынды түсінуге, адамзат қоғамының жалғастылығын, ұласпалылығын егжей-тегжейлі ұғынуға мүмкіндік жасап, ұрпақтарды əдепті, ибалы, текті, тəрбиелі болуға дағдыландырады. Əртүрлі ұғыспастық пен түсініспеушілік салдарынан ұятты істерге жолығып қалудың алдын алады. Сондай-ақ, ата дəстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, адамзат қоғамының баянды дамып, тыныш, орнықты, өркениетті, көңілді ортаға жаратуға мүмкіндік жасайды.
 

 Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру