ҚАЗАҚ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІ

15 мамыр 2024 7757 0
Оқу режимі

Ел боламын десең, бесігіңді түзе (М.Әуезовтің сөзі)

Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей (Абайдың сөзі).

Отбасы туралы

1. Бала тілі – бал.

2. Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен.

3. Өз үйім – өлең төсегім.

4. Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер.

5. Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі.

6. Астың дәмін тұз келтірер, ауылдың сәнін қыз келтірер.

7. Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада.

8. Жақсы әкенің аты жаман балаға қырық жыл азық.

9. Әкенің жақсылығы жездедей, жезденің жақсысы әкедей.

10. Бала, баланың ісі – шала.

11. Інісі бардың тынысы бар, ағасы бардың жағасы бар.

12. Балалы үйдің ұрлығы жатпас.

13. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.

14. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғысы сонда жүрер.

15. Жиен ел болмас, желке ас болмас.

16. Әке тұрып ұл сөйлесе – ержеткені, шеше тұрып қыз сөйлесе – бойжеткені.

17. Жақсы әйел жаман еркекті ер қылады, жаман еркек жақсы әйелді жер қылады.

18. Жиен неге ел болмасын жайлы болса, желке неге ас болмасын майлы болса.

19. Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық.

20. Қызың жақсы болса, өрісің кеңейеді,

Ұлың жақсы болса, қонысың кеңейеді.

21. Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп.

22. Бетің қисық болса айнаға өкпелеме,

Ниетің қисық болса ағайынға өкпелеме.

23. Бала – бауыр етің.

24. Жақсы әйел – үйдің берекесі, жаман әйел – елдің келекесі.

25. Ағайынның қадірін жалалы болсаң білерсің,

Ата-анаңның кадірін балалы болсаң білерсің.

26. Өнегелі отаудың өрісі кең.

Еңбек жайлы

27. Не ексең, соны орасың.

28. Мал баққанға бітеді.

29. Ине өткен жерден жіп өтеді.

30. Шегірткеден қорыққан егін екпес.

31. Еңбек ет те, міндет ет.

32. Малды баққанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр.

33. Қолы қимылдағанның аузы қимылдар.

34. Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер.

35. Есің кетсе ешкі жи, ешкі жиып, есті жи.

36. Көз – қорқақ, қол – батыр.

Ынтымақ-татулық жайлы

37. Бірлік болмай, тірлік болмайды.

38. Сыйға – сый, сыраға – бал.

39. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді.

40. Бітер істің басына, жақсы келер қасыңа.

41. Адамның күні – адаммен.

42. Өле жегенше, бөле же.

43. Бүлінгенді бөрі асайды, жарылғанды жау жейді.

44. Көп қорқытады, терең батырады.

45. Ауыл иті ала болса да бөрі келгенде бірігеді.

46. Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан.

47. Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын.

48. Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас.

49. Бөлінгенді бөрі жейді.

50. Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады.

51. Бие құлындамаса ат болады, ағайын-жекжат барысып-келіспесе жат

болады.

52. Болар елдің баласы бірін-бірі батырым дейді.

53. Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас.

54. Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды.

55. Ел мен ел қосылады,тау мен тау қосылмайды.

56. Екі аяқтыда бажа тату, төрт аяқтыда бота тату.

57. Бір көрген біліс, екі көрген таныс.

Отан, Туған жер жайлы

58. Отанды сүю отбасынан басталады.

59. Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол.

60. Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.

70. Ит тойған жеріне, ер туған жеріне.

71. Пәлен жерде алтын бар, өз жеріңдей кайда бар.

72. Ат айналып қазығын табар, ер айналып елін табар

Дос, достық жайлы

73. Тау мен тасты су бұзар, екі досты сөз бұзар.

74. Ақылы көпті дау алмайды, досы көпті жау алмайды.

75. Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады.

76. Сырласуға дос жақсы, сыйласуға жат жақсы.

77. Жақсымен жолдас болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа.

78. Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше.

79. Қасқыр да қас қылмайды жолдасына.

80. Жаман аттан аяғым артық, жаман жолдастан таяғым артық.

81. Дос басыңа қарайды, дұшпан аяғыңа қарайды.

82. Досқа күлкі, дұшпанға таба болма.

Денсаулық жайлы

83. Денсаулық – зор байлық.

84. Жазым болса, быламыққа да тіс сынады.

85. Ауру желмен кіріп, термен шығады.

86. Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын.

87. Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады.

Үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие туралы

88. Қарағайға қарап тал өсер, құрбысына қарап бала өсер.

89. Әке тұрып бала сөйлесе – шіркіндігі, аға тұрып іні сөйлесе – еркіндігі.

90. Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді.

91. Ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер.

92. Жаман үйдің қонағы билейді.

93. Құтты қонақ келсе, қой егіз табады.

94. Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш.

95. Жоққа – салауат, барға – қанағат.

96. Сын түзелмей, мін түзелмес.

97. Кеңінен пішкен тон тозбас.

98. Иілген басты қылыш кеспес.

99. Көп түкірсе — көл болар.

100. Қанағат қарын тойғызады.

101. Жаман ішкен-жегенін айтады, жақсы көрген-білгенін айтады.

102. Біреуге ор қазба, өзің түсесің.

103. Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда.

104. Су ішкен құдығыңа түкірме.

105. Түстік өмірің болса, кештік білім жи.

106. Ұлық болсаң кішік бол.

107. Болар адам он бесінде бас болар, болмас адам қырық бесінде жас болар.

108. Әдепті адам – арлы адам, әдепсіз адам – сорлы адам.

109. Жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ.

110. Атасы жақсы көргенін айтады, атасы жаман бергенін айтады.

111. Мыңың жүзін білгенше, бірдің атын біл.

112. Сабыр түбі – сары алтын.

113. Үйде бір күн ұрыс болса, қырық күндік ырыс кетеді.

114. Шешесіне қарап қызын ал, аяғына қарап асын іш.

115. Жетім көрсең, жебей жүр, жесір көрсең, демей жүр.

116. Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем береді.

117. Жеті рет өлшеп, бір рет кес.

118. Уайым түбі теңіз,батасың да кетесің, тәуекел түбі желқайық, мінесің де өтесің.

119. Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп.

120. Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма.

121. Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық.

122. Көрпеңе қарай көсіл.

123. Молданың істегенін істеме, айтқанын істе.

124. Тасын ала берсе, тау да таусылады.

125. Қарғыстың ең жаманы: өзің білме, білгеннің тілін алма.

126. Көзі соқырдан қорықпа, көңілі соқырдан қорық.

127. Көп біл, аз сөйле.

128. Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетер, құйма құлаққа айтсаң, құйып алар.

129. Көргенді көнеден сұра,

Көне білмесе, көп жүргеннен сұра.

130. Асқанға аспан да аласа.

131. Қайтып кірер есігіңді қатты жаппа.

132. Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман.

133.Төркінге сенгеннің төбесі тесік.

134. Аюға әліп үйреткен таяқ

Намыс жайлы

135. Бөріктінің намысы бір.

136. Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде.

137. Емен ағаштың иілгені – сынғаны, ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені.

138. Ер шекіспей бекіспейді.

139. Қоянды – қамыс, жігітті намыс өлтіреді.

140. Мал ашуы – жан ашуы.

141. Ер мойнында қыл арқан шірімес.

142. Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы.

143. Бар барын жейді, ұятсыз арын жейді.

144. Сөз сүйектен өтер, таяқ еттен өтер.

145. Өлімнен ұят күшті.

146. Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа.

147. Арық айтып, семіз шық.

148. Жығылсаң нардан жығыл.

149. Жұмсақ ағаш құртқа жем, жұмсақ адам жұртқа жем.

150. Айтылған сөз атылған оқ.

Оқу-білім, өнер туралы

151. Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар.

152. Оқу инемен құдық қазғандай.

153. Білегі күшті бірді жығады, білімі күшті мыңды жығады.

154. Жақсының аты өлмейді, ақынның хаты өлмейді.

155. Жігітке жеті өнер де аз.

Жақсы мен жаман жайлы

156. Қой көрмеген қуалап өлтіреді.

157. Қойшы көп болса, қой арам өледі.

158. Ауру қалса да, әдет қалмайды.

159. Жаманнан жартыаяқ ас қалады.

160. Кісідегінің кілті аспанда.

161. Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас,

Жаман адамға мал бітсе, қасына қоңсы қондырмас.

162. Дәніккеннен құныққан жаман.

163. Ұялмас бетке талмас жақ береді.

164. Тентекті тентек десең, бөркі қазандай болады.

165. Іріген ауыздан шіріген сөз шығады.

166. Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады.

167. Арыстан қартайса, тышқан інін аңдиды.

168. Қасқырдан қайрат кетсе, ешкіні «апа» дейді.

169. Борсықты ұрған сайын семіреді.

170. Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды.

171. Ат қартайса жасқаншақ болады, ер қартайса, мақтаншақ болады.

172. Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз,

Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз.

173. Өзі болған қыз төркінін танымайды.

174. Жібекті түте алмаған жүн етеді.

175. Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі.

176. Пасық адам белгісі: Өзі бола алмайды, болғанды көре алмайды

177. Ұрының арты қуыс.

178. Жуастан жуан шығады.

179. Балықшы балықшыны алыстан таниды.

180. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды.

181. Батырды «бәрекелді» өлтіреді.

182. Сезікті бұрын секіреді.

183. Әркім өз кездігімен өлшейді.

184. Әсіреқызыл тез оңар.

185. Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң.

186. Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады.

187. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің.

188. Біткен іске сыншы көп, піскен асты жеуші көп.

189. Үндемеген үйдей пәледен құтылады.

190. Жаман айтпай жақсы жоқ.

191. Құранды жерде молда семіреді, құнарлы жерде өгіз семіреді.

192. Төркіні жақынның төсегі жиылмас.

193. Ақ сауыттың жағасы бар, жеңі жоқ,

Шын жақсының ашуы бар, кегі жоқ.

194. Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар.

195. Әзілің жарасса, атаңмен ойна.

196. Шіріген шөпті мал жаратпас, шіренген жігітті ел жаратпас.

197. Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың қайтымы бар.

198. Ат қартайса, есекпен достасады, адам қартайса, төсекпен достасады.

199. Қаппайтын ит алыстан үреді.

200. Алтын көрсе, періште жолдан таяды.

201. Бет көрсе, жүз ұялады.

202. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды.

203. Есекке алтын ноқта тақсаң да, есек болады.

204. Өтірік өрге баспайды.

205. Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін.

206. Қарға баласын «аппағым» дер, кірпі баласын «жұмсағым» дер.

207. Жылтырағанның бәрі алтын емес.

208. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді.

209. Арғымақ аттың құйрығы – әрі жібек, әрі қыл,

Қас жақсының белгісі – әрі мырза, әрі құл.

210. Байтал шауып бәйге алмас.

Төрт түлік, жан-жануар

211. Түйе бойына сеніп құр қалыпты.

212. Атан түйе ойнақтаса, жұт болар.

213. Түйенің танығаны – жантақ.

214. Соңғы түйенің жүгі ауыр.

215. Қонақ қойдан жуас.

216. Ақсақ қой түстен кейін маңырайды.

217. Есектің жүгі жеңіл болса, жатаған келеді.

218. Асықпаған арбамен қоян жетеді.

219. Ауыл итінің құйрығы қайқы.

220. Ит – жеті қазынаның бірі.

221. Иттің ішіне сарымай жақпайды.

222. Ит үреді, керуен көшеді.

223. Иттің ырылдасқаны – амандасқаны.

224. Жаман иттің атын «Бөрібасар» қояды.

225. Жақсы ит өлігін көрсетпейді.

226. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді.

227. Жуас түйе жүндеуге жақсы.

228. Көрмес түйені көрмес.

229. Керуен кері айналғанда, ақсақ түйе алдыға шығады.

230. Түйе мінген Құдайға жақын.

231. Қасқырдың аузы жесе де – қан, жемесе де – қан.

232. Өлі арыстаннан тірі тышқан артық.

233. Семіздікті қой ғана көтереді.

Береке-бірлік, ырыс-несібе жайлы

234. Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады.

235. Жоқты бар десең – құт болар, барды жоқ десең – жұт болар.

236. Бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем.

237. Кемедегінің жаны бір.

Ас жайлы

238. Ас тұрған жерде дерт тұрмайды.

239. Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді.

240. Ас – адамның арқауы.

241. Кедейдің бір тойғаны шала байығаны.

242. Ас иесімен тәтті.

243. Ет – етке, сорпа – бетке.

244. Бір аштықтың бір тоқтығы болады.

245. Ет жемесең түсіңе кіреді, жесең тісіңе кіреді.

246. Аузы күйген – үрлеп ішер.

247. Таспен атқанды аспен ат.

Жол мен жолаушы, қонақ жайлы

248. Үйінен қырық қадам ұзап шыққан адам – мүсәпір.

249. Жол қадірін жүрген біледі.

250. Бір күндік жолға шықсаң, үш күндік жолазық ал.

251. Аттыға еріп, жаяудың таңы айырылыпты.

252. Үй менікі демеңіз, үй артында кісі бар.

253. Құтты қонақ келсе, қой егіз табар, құтсыз қонақ келсе, қойға қасқыр шабар.

254. Қырықтың бірі – Қыдыр.

255. Орамал тон болмайды, жол болады.

256. Табалдырықтан биік тау жоқ.

257. Құда – мыңжылдық, күйеу – жүзжылдық.

258. Құданы құдай қосады.

259. Бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді,

Кедей мен кедей кұда болса, арасында дорба жүреді,

Бай мен кедей құда болса, ілінісіп зорға жүреді.

260. Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады.

261. Құр табаққа бата жүрмейді.

262. Жүре берсең, көре бересің, көре берсең, көне бересің.

263. Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса.

264. Бөрі азығы мен ер азығы жолда.

265. Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан.

266. Алыстағы туыстан жаныңдағы көрші артық.

267. Көрінген таудың алыстығы жоқ.

268. Адаспаймын деген ерді қараңғы түн, қалың тұман адастырады.

269. Әр бақа өз батпағын мақтайды.

270. Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар.

271. Арық қой – тырысқақ, аш адам – ұрысқақ.

272. Қонағын жаратпаған баласын ұрады.

273. Қазаны басқаның қайғысы басқа.

274. Тойдың болғанынан боладысы қызық.

275. Тойға барсаң, тойып бар, бар жұмысты қойып бар.

276. Таз таранғанша той тарқайды.

277. Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас.

Тіл және сөз өнері туралы

278. Жақсы сөз – жарым ырыс.

279. Айтпаса сөздің атасы өлер.

280. Сөздің көркі – мақал, ердің көркі – сақал.

281. Жаман адам мақалшыл, жаман ешкі сақалшыл келеді.

282. Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады.

283. Сөз тапқанға қолқа жоқ.

284. Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер.

285. Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.

286. Біткен іске сыншы көп.

287. Сөз асылы – мақал.

288. Сөз түбін сөз табар.

289. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар.

290. Тіземнен сүріндірсең, сүріндір, тілімнен сүріндірме.

291. Мыңнан біреу – көсем, жүзден біреу – шешен.

292. Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын.

293. Сөз сөзден туады, сөйлемесе неден туады?

294. Сөзге сөз келгенде, сөйлемесе атасы өледі.

295. Өлең – алтын, сөз – күміс.

296. Шебердің қолы – ортақ, шешеннің тілі – ортақ.

297. Сөз – жіп, созсаң кете береді.

298. Тіл – буынсыз, ой – түпсіз.

299. Сөйлей-сөйлей шешен болар, көре-көре көсем болар.

300. Ділмәрдің сөзі ұстаның бізінен өткір.

301. Жалғыз сөйлеген жігіт шешен.

302. Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық,

Бәйгі алмаған жүйріктен, белі жуан бесті артық.

303. Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой.

304. Қымбат дүние қолға түсе бермейді, қымбат сөз ауызға түсе бермейді.

305. Күн шалмас қараңғы көңілді сөз шалады,

306. Күн жылытпас сұм жүректі сөз жылыта алады.

307. Асыл сөзге өлім жоқ.

308. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады.

309. Өмірден көзің кетсе де, сөзің кетпесін.

310. Ақын – ұлттың жүрегі, шешен – көптің тірегі, батыр – көптің білегі.

311. Сөз – адамның айнасы.

312. Тіл – шекер, бала – кетер, байлық – бекер.

313. Тіл жүйріктен де озады.

314. Баталы сөз – балаға азық.

315. Алтын шыққан жерді белден қаз.

316., Елу жылда ел жаңа, жүз жылда — қазан.

317. Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз.

318. Басқа пәле – тілден.

Ағайын-туыс туралы

319. Иесін сыйлағанның итіне сүйек таста.

320. Тіріде сыйласпаған, өліде жыласпайды.

321. Көңілдегі сырды көз білдіреді.

322. Қарындасқа бұрмағанның қары сынсын.

323. Тұлпардың өз тұяғы өзіне дәрі.

324. Төркін десе – қыз төзбейді, көкпек десе – түйе төзбейді.

325. Енесі тепкен құлынның еті ауырмас.

326. Сақау баланың тілін шешесі біледі.

327. Торғай жаңбыр жауса, баласын қорғар,

Бұршақ жауса, басын қорғар.

328. Ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір.

329. Бас екеу болмай, мал төртеу болмас.

330. Жақсы әйел жаман еркекті ер қылады, жаман еркек жақсы әйелді жер  қылады.

331. Жақсы таз басын жасырмайды, жақсы әйел асын жасырмайды.

332. Шын жыласа соқыр көзден жас шығады.

333. Қайғысыз қара суға семіреді.

334. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді.

335. Өгізге туған күн бұзауға да туады.

336. Бір биеден ала да, құла да туады.

337. Ат тұяғын тай басар.

338. Көл толқыса көбігі бетіне шығады, ел толқыса тентегі шетіне шығады.

Адамгершілік, ар-ұят жайлы

339. Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы.

340. Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында.

341. Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды.

342. Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр.

343. Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен.

344. Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады.

345. Есіктен кіріп «төр менікі» деме, ылдидан келіп «өр менікі» деме.

346. Ине – көзінен, адам сөзінен сынады.

347. Ашыққаннан, құныққан жаман.

348. Аяғы жаман төрді былғайды, ауызы жаман елді былғайды.

Шыдамдылық, сабыр жайлы

349. Көш жүре түзеледі.

350. Тас түскен жеріне ауыр.

351. Қырқына шыдаған қырық біріне де шыдайды.

352. Жоққа жүйрік жетпейді.

353. Отырған қыз орнын табады.

354. Игіліктің ерте-кеші жоқ.

355. Жазмыштан озмыш жоқ.

356. Қырсық қырық ағайынды.

357. Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді.

Әртүрлі тақырыптағы

358. Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады.

359. Адамның басы – Алланың добы.

360. Аяқкиімің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?

361. Арзанның сорпасы (жілігі) татымайды.

362. Өлейін деген тышқан мысықтың құйрығымен ойнайды.

363. Жақсыны көрмек үшін, сұлуды сүймек үшін.

364. Қызға қырық үйден тыйым.

365. Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады.

366. Қыздың жолы – жіңішке.

367. Ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ.

368. Қолда барда алтынның қадірі жоқ.

369. Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек.

370. Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады.

371. Ел мақтаған жігітті кыз жақтаған.

372. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды.

373. Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады.

374. Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты.

375. Күріштің арқасында күрмек су ішеді.

376. Сабасына қарай піспегі.

377. Күш атасын танымас.

378. Ұста пышаққа жарымас, етікші бізге жарымас.

379. Таң атайын демейді күн қоймайды, күн батайын демейді түн қоймайды.

380. Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл.

381. Қорыққанға қос көрінер.

382. Ел құлағы – елу.

383. Есің барда еліңді тап.

384. Сасқан үйрек артымен сүңгиді.

385. Ел аузына қақпақ болмайсың.

386. Естімеген елде көп.

387. Күштінің арты диірмен тартады.

388. Бір елі ауызға, екі елі қақпақ.

389. Жығылғанға жұдырық.

390. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала.

391. Алаған қолым – береген.

392. Таз ашуын тырнаумен алады.

393. Сақтықта қорлық жоқ.

394. Мұсылманшылық әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте.

395. Ораза-намаз – тоқтықта, иман кетер жоқтықта.

396. Жоғалған пышақтың сабы алтын.

397. Құланның қасуына – мылтықтың басуы.

398. Аюға әліп үйреткен таяқ.

399. Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында.

400. Жоқтық жомарттың қолын байлайды.

401. Қысқа жіп күрмеуге келмейді.

402. Темірді қызған кезде соқ.

403. Жығылған күреске тоймас.

404. Бұға берсең сұға береді.

405. Досыңның асын қасыңдай іш.

406. Бүлінгеннен бүлдіргі алма.

407.Ұялған тек тұрмас.

408. Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды.

409. Жыртық тесікке күледі.

410. Жығылған сүрінгенге күледі.

411. Тентек шоқпар жинайды.

412. Атың шықпаса, жер өрте.

413. Әлін білмеген әлек.

414. Өтіріктің құйрығы бір тұтам.

415. Таңдаған тазға жолығады.

416. Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі.

417. Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық.

418. Бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты.

419. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді.

420. Аш тауықтың түсіне тары кіреді.

421. Кемеші келсе, қайықшы судан шығады.

422. Жаңылмас жақ болмас, сүрінбес тұяқ болмас.

423. Аңқау елге – арамза молда.

424. Жау кеткен соң қыдышыңды тасқа шаппа.

425. Соқыр тауыққа бәрі – бидай.

426. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды.

427. Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз.

428. Тісі шыққан балаға, шайнап берген ас болмас.

429. Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме.

430. Кімнің арбасына отырсаң, соның өлеңін айтасың.

431. Өлі разы болмай, тірі баймайды.

432. Жүргенге жүргем ілінеді.

433. Пәледен машайық қашыпты.

434. Танымайтын жердің ой-шұқыры көп.

435. Естіген құлаққа жазық жоқ.

436. Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме.

437. Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды.

438. Тең-теңімен, тезек қабымен.

439. Тырнадан би қойсаң, басыңнан қиқу кетпейді.

440. Хан қайқы болса, би бүкір болады.

441. Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа.

442. Бір кісі таққа мінсе, қырық кісі атқа мінеді.

443. Қарға қарғаның көзін шұқымайды.

444. Жыланды үш кессе де кесіреткелік әлі бар.

445. Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі

446. Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді.

447. Тесік моншақ жерде қалмайды.

448. «Тұр-тұрдан» хабар келсе, ұйқыдан маза кетеді.

449. Батыр бір өледі, қорқақ мың өледі.

450. Қазанның күйесі жұғады, ақымақтың бәлесі жұғады.

 

Пікірлер Кіру