ҚАЗАҚ КИІЗ ҮЙІ – ҒАЛАМНЫҢ МОДЕЛІ

20 маусым 2024 1864 0
Оқу режимі

БІРІНШІ БӨЛІМ

КИІЗ ҮЙДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Қазақ халқының киіз үйі – баспана ғана емес. Қазақ халқының әлемдік дүниетанымының нақты, затты көрінісі. Күллі ғалам мен адам арасын байланыстырушы. Сыртқы қаскөй тылсым күштерден қорғаушы. Қазақ халқының рухани мәдениеті мен заттық мәдениетін сақтаушы, тарихи құнды жәдігері.

Киіз үйдің ішкі кеңістігі қазақ дүниетанымындағы ұлы ұғымдар бойынша орналастырылған. Есіктен кіргендегі оң жақ, төрде отырып қарағандағы сол жақ – үйдің «Оң жағы» деп аталады. Ол – ата-ананың орны. Сол жақ – тұрмыс құрмаған, үйленбеген ұл мен қыздың орны. Үй ортасы – ошақтың орны. Есіктен ошаққа дейінгі аралық – «Есік жақ», «Босаға жақ» деп аталады. Ошақтан төрге дейінгі аралық – «Төр» немесе «Төр жақ» делінеді.

Үйдің айнала етегін «Ірге», «Үй іргесі» деп атайды. Қазақ бақ үйдің шаңырағында, босағасында, төрінде, от орнында, керегесінде, іргесінде, табалдырығында тұрады деп ырым етеді. Үйдің сол бөлектерін таза, ретті етіп, аялап ұстайды.

Қазақ киіз үйі – таным дүниесінің объектісі. Әлемдік дүниетанудың үздік құралы. Он сегіз мың ғаламның шағын бейнесі. Аспан мен жер, тұтас әлем тіршілігіндегі мифтік аңыздардың жиынтығын өз құрылымына сыйғызған адамзат тарихындағы ғажайып астрономиялық бірегей баспанасы, ұрпағын бақытты етіп өсіретін, ата дәстүрімен жан-жақты білімді етіп жетілдіретін құт ұясы, білім беретін, өмір үйрететін киелі  жұрты деуге болады.

Киіз үйдің ең басты символы – оның конус және шеңбер пішінді жасалуы. Одан да кереметі шығыстық сәулет мәдениет өнерімен жасалған, бөгенайы бөлек өзіне тән, қайталанбас дара стиль өнері болып табылады.

Қазақ – киіз үйдің шеңберін тіршіліктің көзі, дүниенің кіндігі, өмірдің нүктесі деп қарайды. Сол нүктеге тіршілікті әкеліп орналастырса, оның айналасындағы,  бірдей қашықтықтағы әр алуан нүктені жанай өтетін сәуле сызықтары, өзі басталған нүктесінен тұйықталып келіп, дүниенің кіндігінде тұрған тіршілікті үйіріле айналып, сәуле шеңбер қалыптастырып тұрады.  Содан барып бір нүктесі екінші нүктесінен аспайтын, не кемімейтін дөңгелек шеңбер қалыптастырады.  Одан ары қарай ол шеңберді  шыр айналып тұрған, үлкен әлем қоршаған су жаңа бір кіші әлем жасап шығады. Міне, қазақ киіз үйі осындай ғажайып ой ағынынан туған, философиялық, логикалық тұжырымдардың  және  дүниетанымдық  ғылыми жүйенің негізгі принциптерін басшылыққа ала отырып математикалық, геометриялық, метефизикалық есептеу әдісімен жасаған, адамзат тарихындағы ең озық баспана қатарына жатады.

Киіз үйдің күмбез тәріздес шаңырағынан бастап,  қасиетті табалдырығына дейінгі, әр алуан құрылымдық бөлшектері, үй жабдықтары түп-түгел қазақтың салт пен дәстүріне негізделіп жасалған. Бәрі бебеу тілмен сайрап сөйлеп түр. Тілсіз, ойсыз, дәстүрсіз бөлшек жоқ. Қошқар мүйіз ою салынған,  төрге төселген сырмағы мен текеметі, кілеміне түскен алтын иірімді өрнектер, зер сандықтарға ойып басқан оюлар, ыдыс-аяққа жарасқан нақыштардың бәрі көзге ұрып, көңілге сыр тоғытады. Бәрі дөңгеленген дүниенің сырын шертеді.

Қазақ киіз үйінің жоғары қабаты мен төменгі қабаты  арасы – ішкі дүние  мен сырты дүниенің шекарасы іспеттес. Шаңырақ арқылы үй иелері көк аспанға бағып, күнмен, аймен, жұлдызбен сырласады. Мұның дәлелі – қазақтың жаңа түскен жас келіні күннің көзі алғаш көрінген сәтте, қолына бақан алып, үй түндігін өз қолымен түреді. Бұл – сырттың жарығын үйге түсірген келіннің, көңіл жарығы да үйге күн сәулесімен бірге түссін деген жақсы ырымы.

Қазақ киіз үйдің керегесі шеңбер, шаңырағы мен уық ұстап тұрған жоғары бөлегі күмбез болып келуі көк аспан мен жердің арасын байланыстырып түрған ғажап қосылыстың символы деуге болады.

Оның табиғат пен жаратылыс дүниесіне жарасымдылығы өте ғылыми тұрғыдан нақты зерттеліп жасалған. Қай бағыттан дауыл тұрып, боран соғып, жел үрлесе де дөп-дөңгелек киіз үйді айналып өте береді. Киіз үйге күш түсіре алмайды. Жауған жауын мен қар да жоғарыдан төмен сырғып құлай береді. Ал жер сілкінседе қай бағытқа шайқаса да киіз үй ешқандай тепе теңдігінен айырылып қалмайды.

Ал киіз үйдің ауасы тәулік бойы тәбиғи түрде ауысып, ішкі ауа мен сыртқы ауа үзілмей жалғасып тұрады. Жарық сәуле шаңырақ пен есіктен кіріп, үйді жарқыратып тұрады. Үйдің тынысы кең болады. Бұл адамдардың мінезіне ерекше әсер жасап, көңіл күйін керемет ұстауға үлкен рөл атқарады. Денсаулығының мықты болуына мол септігін тигізеді.

Қазақ киіз үйі – тұтас жаратылыс дүниесінің қасиеттерін өз бойына сіңірген типтік күмбезді құрылым болып табылады. Қиық шар пішінді төбесіне орналастырған шаңырақ – үйдің жоғары қабатындағы бүкіл салмақты ұстап тұрады. Шаңырақ – үйдің еңсесін көтеріп ұстап тұратын дөңесті күмбез. Шаңырақтың дөңгелек шеңбері «Тұғын» деп аталады. Тұғын механика тұрғысынан қарағанда, шеңбер пішініне жатады. Оған қысым күш түскенде, күлдіреуіш арқылы ол қысым күшті тұғынға шаншылған уықтарға қарама-қарсы жаққа бөліп таратып түрады. Шаңыраққа салынатын күлдіреуіштің саны, үйдің үлкен-кішілігіне қарай белгіленетіні, қысым күш пен салмаққа қарай есептелетіні содан. Жалпы алғанда киіз үй универсалды ғылыми жолмен есеп арқылы жасалған ғаламдық, ғарыштық модель деуге болады.

Енді киіз үйдің ішкі бөлімдік пайдалану дәстүрлерін айта кетейін.

ТӨР ЖАҚ

Киіз үйдің төрі – есікке қарама-қарсы жақ. Оған ең сыйлы, ең үлкен, ең құрметті қонақтарды отырғызады. Екінің бірін төрге шығара бермейді. Төрде кие бар, құт бар. Оған ниеті жаман адам отырса, үйден ырыс айнып, бақ қашады деп ырым еткен.

Бағзы замандарда киіз үйдің төріне ақ пен қара түске боялған сырмақ не текеметтер салып қоятын болған. Мұнда екі түрлі мағына болған. Бірі – төрге отырған адам ақ-қараның ара жігін ажырата алатын дана адам отырсын десе, екіншісі – егер жақсы адам отырса, ақ ниетінен жасаған батасы дарысын, ал жаман қара ниетті адам байқаусызда отырып қалса, жамандығын қара сырмақ көтереді деген ырымы болатын.

Қазақтың хан, би-сұлтан, қазылары билік айтқанда төрде отырып айтатын болған. Бұл дерек VII  ғасырдағы  «Орхон-Енисей» жазбаларындағы «Төр тағылымы»  сөздігінде  баяндалады.

Үйдің төрі – қонақ күту, дастархан жаю, қонақтарға төсек салу, жүк жинау мақсатында пайдаланылады. Қазақ ғұрпында келіндер мен күйеу бала төрге шықпайды. Олай етсе, әдепсіздік саналады. Үйдің үлкендерін сыйламаған болып есептелінеді. Қазақ үйіне келген қонағына «Төрлетіңіз», «Төрге шығыңыз» деп ілтипат білдіреді. Олай айтпаса, келген қонақ ренжіп қалады. Ал ұзатылып кетіп, төркіндеп келген қызын төрге отырғызады. Қызды есік жаққа отырғызса, кедейлік басады деп ырым етеді. Қазақта «Қыз – төр иесі, ұл – үй иесі», «Төрден кеткен, есіктен де кетеді» деген тәмсіл бар. Кейде қызына құда түскен құдаларын ұнатпағанда, «Төріме шығармаймын», «Төріме отыруға жарамайды», «Жаманға төрімді таптатпаймын» деп жатады. Міне, осы ұғымдардан қазақтың төрінің қанша қасиетті екенін түсінуге болады.

ОҢ ЖАҚ

Киіз үйдің есігінен кіргендегі сол жағы, төрден есікке қарап отырғандағы,  оң  жағы  – «Үйдің оң жағы» деп аталады. Оң жақ босаға ерлердің символы саналады. Қазақ дәстүрінде үйдің оң жағына ұл балалар, келген қонақтың ішіндегі жас жігіттер отырады. Оң жақ босағаға ер-тұрман, ат әбзелдері, бүркіт, киім-кешек т.б. басқа нәрселер қойылады.

Жаңа түскен келінді табалдырықтан оң аяқпен аттатып, оң жақ босағада қарсы алады. Оң жаққа төсек салып, оң жаққа түсіреді. Қазақта «Оң жағын қызартып келін түсірді» деген сөз тіркесі бар.

Қайтыс болған адамды да оң жаққа түнетіп, оң жақтан арулап бахиға аттандырады. Сырттан келген адам үйдің оң жағынан келеді, табалдырықтан оң аяқпен аттап кіреді, оң аяқпен аттап шығады. Қонаққа оң қолын беріп амандасады. Қазақта оңға қатысты бес мыңнан аса жол-жоралғы бар. Қазақ ұғымында киіз үйдің оң жақ босағасы, адам баласының бір әлемнен екінші әлемге өтетін көпір сынды рөл атқарады. Сондықтан істің ілгерлеуі мен кері кетуі, ол істің оңнан басталған-басталмағанына байланысты деп ырым етеді. «Оңнан басталыпты», «Ісі оңғалы тұр екен», «Оң болыпты» деген тұрақты сөз тіркестері осыны дәлелдейді.

СОЛ ЖАҚ

Есіктен кіргендегі оң жақ, төрден есікке қарап отырғандағы сол жақ үйдің – «Сол жағы» деп аталады. Қазақ ғұрпында киіз үйдің оң жағы ерлердің , сол жағы әйелдердің іншісі деп қарайды. Сол ғұрыптың негізінде дастархан мәзіріне қатысты ыдыс-аяқ, қазан-бақыр, астау-табақ, тегене-су қадыралары, саба-торсық сынды заттар үйдің сол жақ босағанынан өрлей қойылады. Асадал, кебеже де сол жаққа орналастырылады. Сондықтан үйдің сол жақ бұрышын «өреше» немесе «ырыс құт» деп атайды.

Бағзы замандағы ата дәстүрінде ер адамдар қазан-ошақ жаққа араласпайды. Олай етсе, үйден бақ тайып, құт үркеді, ер адам өсекшіл болып кетеді. Ер – жүз сақтайды, әйел – үй сақтайды. Олардың орны ауысса, үйде береке болмайды деп ырым еткен. Қазақ тіліндегі «Қазан басшы еркек», «Қатын басшы еркек» деген сөз осыдан қалған. Қазан иесі – қатын, отын иесі – еркек. Қазан майлы болмай көңіл жайлы болмайды. Отын түзу жанбай түтін түзу ұшпайды деген мақалдың мәйегінде өмірдің мәнді мәселелері жатыр.

ОТ ОРНЫ

Қазақ киіз үйінің хақ ортасына от орны, ошақ орны орналастырылады. Бұл осы үйдің тұтас тіршілік тынысының символы болып есептеледі. қасиетті орын деп есептеледі. Сол үйдің  берекесін, бірлігін, тұрмыс-тіршілігін, байлық-бақытын ошағына, жанған оттан шыққан түтініне қарап бағалайды. «Түтіні түзу ұшқан жанұя», «Ошағы майлы отбасы», «Оты маздап жанып тұр», «Ошағынан оты сөнбеген жұрт» деген сөз тіркестері сол отбасының тіршілігінің дұрыс, берекесінің жақсы, әл-қуатының жоғары, материалдық хал-ақуалының тұрақты екенін білдіреді.

Үйдің еркегін – отағасы, әйелін ­­– отанасы деп атауы осыған байланысты айтылған.

Кейбір берекесі кеткен, құты қашқан, хал-ақуалы нашар отбасының бейнесін «Түтіні бықсыған отбасы», «Шаласы жанбаған» деп ошақтағы отына қарап бағалайды. От пен су – тіршілік көзі, тұрмыс нышаны. От орнын баспайды, от жаққан жерге түкірмейді, далаға жанып түрған шаланы өшірмей шығармайды. Сондықтан қазақ жанған отына су құйып өшірмеген. Оттың өшуін қаламаған. Әсіресе от орнындағы суып қалған күлін де балаларға шаштырмаған. Оны жаман ырымға бағалаған.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

КИІЗ ҮЙДІҢ СҮЙЕГІ

Киіз үйдің негізгі ішкі қаңқасын құрайтын шаңырақ, уық, кереге, есіктерін (сықырлауық) «үйдің сүйегі» деп атайды. Енді сол құрылымдарға жеке-жеке тоқталайын.

1. ШАҢЫРАҚ

Шаңырақ – киіз үйдің тұтас қаңқасын тұтастырып ұстап тұратын, ең биік төбесіне орналастырылған күлдіреуішті күмбез тәрізді  шеңберді қазақ тілінде «Шаңырақ» деп атайды. Шаңырақ жасайтын шеберлерді «Шаңырақшы» деп атайды.

Шаңырақтың үлкен-кішілігі үйдің үлкен-кішілігіне қарай жасалады. Шаңырақ шеңберінде уықтық қаламын кіргізіп ұстап тұратын төрт бұрышты жағалай тесілген тесіктер болады. Оны «Уық көз»  немесе «Шаңырақ көз» деп атайды. Әдетте төрт қанат үйлердің шаңырақ көздері елу не алпыс көзді болып келеді. Сегіз қанат үйлердің шаңырақ көздері жүз, жүз жиырма көз болып тесіледі.

Ал  үйдің көлемі, диаметрі үлкейген сайын, оның шаңырағы да қоса үлкейіп отырады. Негізінен алғанда шаңырақ көздерінің саны уық пен кереге басының санына байланысты болады. Қалыпты үйлердің шаңырағы 1.80 см ден 2.20 см-ге дейін болса, отыз қанатты ақ сарайдың шаңырағы 8-9 метрге дейін ұлғая береді.

Шаңырақтың төбесін күмбез бейнесіне келтіріп , оның үстіне жапқан түндікті көтеріп тұратын , доға тәрізді илген үш- үштен айқастырып орнатқан доға ағашты «Күлдіреуіш» деп атайды. Кей өлкелерде күлдіреуішті – «Желдік» немесе «Шабақ» дейді. Киіз үйге күлдіреуіш арқылы жарық түседі. Ортаға жаққан оттың түтіні де сол күлдіреуіштен сыртқа шығады. Күлдіреуіш 45 градус шамасында доға болып иліп тұрғандықтан, оның үстіне жапқан түндіктен жаңбыр мен қар оңай сырғып түсіп кетеді. Соққан боран мен жел де тез айналып өтеді. Қауіпсіздігі өте кемел жасалған.

Қазақ шаңырағы жасалу ерекшелігіне қарай «Шабақ шаңырақ», «Табақ шаңырақ" болып екіге бөлінеді. Ортасын тегіс ағаштан оюлап, күлдіреуіштің әр жеріне көлделең шабақ салып, әр түрлі нақышпен жасаған жайпақтау шаңырақты «Табақ шаңырақ» десе, ортасын табақсыз күлдіреуіштен ғана жасаған түрін «Шабақ шаңырақ» дейді.

Шаңырақтың күлдіреуіші де шаңырақ үлкейген сайын саны арта түседі. Кіші шаңырақтың күлдіреуіші екі-екіден төртеу болса, орта үйлердің шаңырағының күлдіреуіші үш-үштен алтау болады. Ал одан да үлкен үйлердің шаңырағының күлдіреуіші  алты-алтыдан он екіге дейін арта береді. Өйткені бүкіл үйдің құрылымдық салмағы шаңырақтың күлдіреуішіне сүйеніп тұрады. Жалпы алғанда шаңырақ үйдің өз салмағынан басқа сыртқы жел мен боран, жауын-шашынның да қысым күшін көтереді. Сондықтан шаңырақ – киіз үйдің жүк көтерген қара нары деуге болады.

Күлдіреуішті қосып ұстап тұратын ағашты «Қағаша» немесе «Бақалық» деп атайды. Қазақтың шаңырақ жасайтын қас шеберлері шаңырақты бояу, оюлау, өрнектеу, көмістеу, алтындау, сүйектеу тәсілдерімен  көз тартатын етіп, барынша көркем жасайды. Басты беріктігіне назар аударады. Шаңырақтың екі жағына терме, өрме бау тағады. Оны «Желбау» деп атайды. Ол үй тіккенде, шаңырақты жоғары бақанмен көтергенде, сол желбаудан ұстап тұрып көтереді. Ол шаңырақтың тепе теңдігін сақтайды. Одан сырт қатты боранды күндері сол желбауға ауыр заттарды байлап қояды. Сол кезде ұйытқи соққан боран үйді жыға алмайды.

Қазақ дәстүрлі ұғымында киіз үйдің ең қасиетті, ең киелі заты – шаңырақ болып саналады. Үй, отбасы деген ұғымдардың орнына «Шаңырақ» дейді. Үлкен үйді «Қара шаңырақ» дей салады. Көшкенде ең күшті, ең маңдай алды атан түйеге шаңырақты айырым артып көшеді. Көштің алдында алып жүреді. Артқы түйеге, не арық түйеге артпайды. Барып қонған, ерулеген жерде шаңырақты басқа жүктерден бұрын түсіреді, таза биік жерге қояды. Ойпат, шұңқыр жерге қоймайды. Олай етсе, шаңырақтан құт қашады деп ырымдайды. Шаңырақты шалқасынан шалқайтып тастамайды. Ерулеп көшіп кететін жерге қойғанда да, шаңырақты туырлық, түндікпен жауып биік жерге, ит сарымайтындай етіп қояды.

Қазақ ырымында шаңырақтан аттамайды, шаңыраққа түкірмейді, шаңырақты боқтамайды, шаңыраққа тас лақтырмайды, шаңырақты қарғамайды, шаңырақты ластамайды, таза күтіп ұстайды. Шаңырақтың киесі атады деп қорқады. Көпсіп-көбіп сөйлеген әлде біреулерге «Шаңыраққа қара», «Шаңыраққа бақ» деп ескерту жасайды.

Ал шаңырақ тозса, істетуге келмей қалса, онда оған ақ тамызып өртеп жібереді де, күлін биік өскен бәйтеректің түбіне, таза жерге көмеді. Сөйтсе бәйтерек қаулап өсіп тұрады деп ырымдайды.

Қазақ тіліндегі қара шаңырақ сөзі - өз кезінде  атадан балаға қалған үлкен үй деген заттық ұғымды ғана білдірсе, кейін келе ұлт мәдениетінің, дүние танымдық әлеметтік кең мағыналы ұғымына ұласты. Әлемдік танымал ұлы ұғымға айналды. «Мәдениеттің қара шаңырағы», «Өнер қара шаңырағы», «Киелі шаңырақ», «Қасиетті шаңырақ», «Қазақ мемлекетінің қара шаңырағы», «Әлем елдерінің ортақ қара шаңырағы» т.б. тәрізді тым терең, мағынасы салқар рухани ұғымдарды білдіретін болды.

2. ЕСІК ( Сықырлауық)

Киіз үйдің есігі екі түрлі материалдан жасалады. Бірі – жарылып ашылатын ағаш есік. Оны «сықырлауық» деп атайды. Екіншісі – киізден жасалатын, түріліп ашылатын киіз есік. Оны «киіз есік» деп атайды. Бұл есіктер үйдің жылуы мен беріктігін сақтайды.

Қазақ киіз үйдің есігін үй жасатқан адамға жасатпайды. Басқа есік жасайтын шебер есікшіге жасатады. Үйткені қазақ жол-жоралғыларында үйдің есігі ерекше киелі саналады. Одан жақсылық та, жамандық та, өмін де, өлім де кіреді деп есептейді. Сондықтан бағзы замандарда арнайы есік жасайтын қас шеберлер болған. Олар ағаш есікті  бұтақсыз қатты ақ қайың, қызыл қарағай тәрізді өте берік , сапалы ағаштардан шауып, қашап жасайды.  Ағаштың бұтағы бар жерден жасаса, қысым түскенде дәл сол жерден сынады. Қатты боран соққанда қирап қалады. Есік үйдің маңдай жағындағы барлық салмақты көтеріп үстап тұрады. Бақ шақыратын, жарық кіргізетін асыл мүлік саналады. Есік жасаушыларды «Есікші» деп атайды. Есік арзан бағада болмайды. Оған түйе, жылқы, сиыр, жамбы, тайтұяқ беріп, арнайы тапсырыспен жасататын болған. Ал үй жасаған адамға есік жасатпауы – бір адамның қолынан жасалған есік екі дүниеге уәкілдік етпейді деп ұйғарады. Есік жасайтын есікшілер де жай адамдардан болмайды. Олар көп нәрсенден хабары бар. Қазақтың жол жоралғыларын жақсы білетін, қолы берекелі, ниеті дүрыс, ел ішінде бет пен беделі бар адамдар. Солардың қолынан жасалған есіктерден бақ пен дәулет үйге тасып кіріп тұрады деп ырымдаған.

Есік бір маңдайшадан, екі босағадан, бір табалдырықтан, екі жарма есіктен құралады. Ата қазақ тағылымында маңдайшаны тартпайды, босағаны кермейді, табалдырықты баспайды, есікті серпіп ашпайды, тоқпақтап ұрмайды, аяқпен теппейді. Босағаға сүйеніп тұрмайды, бейуақытта есікті айқара ашып қоймайды. Үй иелері де, келген қонақтар да табалдырықтан оң аяғымен атап кіреді. Олай етпесе шаңырақтан құт, бастан бақ таяды деп ырымдайды.

Есік жасаушылардың есікке қатысты өлшем бірліктері болады. Есіктің биіктігі үй керегесінің биіктігімен бірдей болады. Шамамен 175 см, ені 120см, екі босағасы мен табалдырығы, маңдайшасы 7-8 см мөлшерінде болады. Кейде үйдің үлкен кішілігіне қарай өзгеріп отырады.

Киіз үйдің есігінің маңдайшасы мен қос босағасына әдемі әшекейлі ою- өрнектер салынады. Бардам бай адамдар ою- өрнекпен араластырып, мүйіз, сүйектен, алтын, күмістен араластырып одан ары әшекейлеп жасататын болған.

Қазақта «Босаға майлау» деген жақсы дәстүр бар. «Шаңырағың биік, іргең кең, терезең тең, табалдырығың таза, төрің құтты, босағаң берік болсын» деген ақ бата да бар.

Тоқетерін айтқанда, есік – құт қақпасы, кие есігі саналады, өте жоғары бағаланады.

3. КЕРЕГЕ

Кереге – киіз үй сүйегінің қабырға және ірге бөлегін қалыптастыратын құрылымына  жатады. Ол өз үстіне жабылған түндік, туырдық, үзік, шаңырақ, уықтардың  салмағын көтеріп тұрады.  Сырттан соққан жел мен бораның қысым күшін, шеңбер пішіні арқылы үстіне жалғанған күмбез пішінді уық жақтағы құрылымына қарай өткізіп, жел бағытын жоғары қарай ығыстырады. Осы кезде керегеге түскен қысым күші табиғи азаяды. Керегеге ұрған жел азайып, үстінгі жел күшейеді де, керегені жерге қарай нықтап қадай түседі. Үйдің салмағы ауырлаған сайын, орнықтылығы да артады. Боранның үйге төндіретін қаупі мен қатерін сейілтеді. Жер сілкінісінің кез келген бағытына үйлесімді етіп жасалғандықтан, қатты, жылдам, күшті бағытты асау қозғалыстар қай бағытқа шайқаса да, қай жаққа тербесе де,  ол тепе-теңдігін сақтап, пішінін өзгертпей тұра береді. Оның дөңгеленген шеңбер пішіні төрткүл дүниенің бар бағытына бағып, табиғи үйлесім тауып, сырттан төнген қауіп пен қатерден сақтайды. Осындай ғылыми есептеулерді арқау етіп, ішкі бірлігін төрт бұрыш көзбен көріктеп көктеп, жиып-жаюға  ыңғайлы етіп, боз талдан, жіңішке қайыңнан әсемдеп жасалған,  киіз үйдің қабырғасы мен  іргесін қалыптастыратын ағаш сүйекті құрлымын қазақ  «Кереге» деп атаған.

Қазақ «Керегең кең, пиғылың оған тең болсын» дегенді тектен-текке айтпағанын осыдан түсінуге болады.

Қазақ киіз үйінің керегесі  көздерінің көлеміне қарай «Тор көзді кереге», «Жел көзді кереге» деп екіге бөлінеді.  Кішкене көзді, яғни 11-15 көкті, 75-90 басты аралық қалдырмай жиі көктелген керегені «Тор көзді кереге» деп атайды. Тор көзді керегені жинау ауырлау болады. Бірақ жел мен боранға шыдамды келеді. Тор көзді керегенің уық байлайтын басы жиырма басты болады.

Ал арасынан бір көзді аттап өтіп, азат қалтырып, 11-12 көкті, 95-120 басты көктеп жасаған керегені  «Жел көзді кереге» дейді. Жел көзді кереге тез жиналады. Жел көзді керегенің уық байлайтын басы он жеті басты болады.

Кереге жасайтын керегешілер жас тал мен қайыңның қабығын аршып, көлеңкеде кептіргеннен кейін қозға көміп жұмсартады. Сонан соң тезге салып түзетіп, жонады. Дайын болған кереге ағаштарын қайтадан тезге салып мүсіндейді. Бұдан соң оларды бір-бірімен қосып, түйенің, өгіздің мойын терісінен дайындалған таспамен көктейді, жосамен бояйды. Ауқатты адамдар керегені әр түсті бояумен бояп, басын ішкі жағынан сүйекпен, күміспен әшекейлететін болған. Жиюлы керегенің биіктігі 2 м-дей, ені 75 см-дей болады. Ал жазған уақытта биіктігі сәл төмендеп, ені 2-2,5 м-ге дейін созылады. Керегені өзара таңғышпен байлап жиып қояды.  Кереге санына қарай киіз үй 4, 6, 8, 12 қанат етіп тұрғызылады. Хан ордасының кереге саны 30-ға дейін жеткен.

Қазақ керегенің әр тал ағашын «Желі» деп атайды. Желінің ең ұзынын «Ерсі», орташа ұзындар «Балшық», ең қысқасын «Сағанақ» дейді. Керегенің көктеліп жасалып болған түрін «Қанат» деп атайды. Үй үлкейген сайын қанат саны да артып отырады.

Қазақ керегенің басына жаман заттарды ілмейді. «Үй іші ала болса, кереге басы пәле болады» деп ырым етеді. «Кереге үй сақтайды, кемеңгер ел сақтайды» керегені аялап күтіп ұстайды.

4. УЫҚ

Киіз үйдің шаңырағы мен керегесін біріктіріп ұстап тұратын,  ұзын ин ағашын қазақ  «Уық» деп атайды. Уық үйдің төбе бөлігін күмбез бейнесіне келтіріп, шаңырағын биік көтеріп, іші-сыртына сымбат беріп тұрады. Шаңыраққа түскен салмақты керегеге қарай өткермелеп, үйдің ауқымы мен саламағын теңдеп тұрады. Соған байланысты уық саны керегенің жел көзді және төр көзді жасалуына қарай кереге басының санына тепе-тең болады. Бірі артық, бірі кем болмайды. Бұдан сырт кереге басына байланбайтын, есік маңдайшасына жеті не алты уық байланады. Бұл алты уық алты алашты білдірсе, жеті уық жеті жұрт, жеті атаның символы деуге болады.

Қазақ киіз үйінің уық саны мен қанат санының, есебін дұрыс есептеп шығару үшін кереге басына байланған уық санына, маңдайшаға байланған уық санын қосып есептегенде үйдің қанша бас үйден құралғанын дұрыс айтуға болады. Ал қанат саны тіптен оңай, үйде қанша кереге болса, ол үй сонша қанаты үй деуге болады.

Демек, әдеттегі алты қанатты үйдің уығының ұзындығы 12-13 қарыс болса, қанат саны көбейген сайын уықтың ұзындығы үй көлеміне қарай 15-16 қарысқа, тіпті одан да ұзарып, қарыс саны артып отырады. Себебі үй іргесі кеңейген сайын уығы ұзара береді. Егер іршесі кең, уығы қысқа болса, үй  төбесі жалпиып жатып қалады. Үй сәулетті көрінбейді.

Уықты ұзын жасаудағы мақсат – үй төбесі биік әрі көркем конус пішінді болып әдемі көрінеді. Жел мен боранның кедергі күшін тез айналдырып өткізуге ыңғайлы болады. Уықтың иін келген жерін, 145-150 доғал бұрышын – «Уық алақаны» немесе «Уық қарны» деп атайды.

Қазақ уықтың ұзын бойын төртке бөліп қарастырады. Уықтың илген кереге басына байлайтын жалпақ бүкірлеу  жерін, уық бау тағатын, тесік тұсын «Уықтың алақаны» десе, уықтың алақанына жалғасып илген күдіс жерін «Иіні» не «Қары», «Уық қары» дейді, уықтың иінінен шаңыраққа дейінгі түзу арасын «Уық қарымы» немесе «Уық сабы» десе, уықтың шаңырақ тесігіне кіріп тұратын төрт қырлап жасалған үшін «Уық қаламы» деп атайды.

Уық тап-таза қазақы өлшем-мөлшер сандық есептермен жасалған, киіз үйдің құрылым бөлшегі болып табылады.

Уықтың пішіні ғажап құбылысқа сай жасалған, салмақ өткізгіш деуге болады. Уықтың  иінінен бастап, төрт қырлы қаламына қарай ақырын-ақырын  жіңішкере береді. Оның да нәзік есебі бар: біріншіден, уықтың жеңіл әрі әдемі болуына байланысы болса, екіншіден, шаңырақ шеңберіндегі уық кіретін ұяшықтың кең болып кетпеуін көздейді. Үшіншіден, шаңырақ тұғыны (Шеңбер ағаш) жуан болса, көзге ерсі көрініп, үй көркі мен сәулет сәнін бұзады. Төртіншіден, уықтың кереге басына бекітіліп байланған арасы 2.5-3 сантиметрден аспауы шарт. Ал шаңырақ ұяшығына уықтың қаламы кіріп орныққанда жоғарыдағы салмақ төмен қарай ағылып келіп, керегеге түседі. Жоғарыдан  ағылатын салмақ кедергісіз  түсуі  үшін жіңішкеден жуанға қарай сырғу амалын қолданған. Егер, уықтың басы мен аяғы тең болса, онда жоғарыдан құлдаған салмақ бірден керегеге ауырлық әкеледі де , кереге тез сынып кетеді. Шаңырақтан кереге түсетін салмақтың мөлшерін  теңдеп тұру үшін уықты нәзік өлшем-мөлшерлік есептеу әдісімен, өте ғылыми түрде жасаған. Атам қазақтың «Бір уығың болып қадалайын» деген сөзінде көл-көсір тәрбиелік мән жатыр. Бесіншіден, уықтың алақанынан  қаламына қарай жіңішкере жасалуы, шаңырақ ұяшығы мен уық қаламының төрт қырлы болып жасалыуы үйдің орнықтылығын артыра түседі. Алтыншыдан, үйдің төбе бөлегі күмбез пішінді болғандықтан, сырттан жауған жауын-шашын төменге қарай тез әрі кедергісіз сырғып түседі. Боран - шапқынға шыдымды болады. Қазақ киіз үйінің уығы осындай ғажайып есептеу тәсілдерімен жасалған.

Қазақ уықтың алақанының ішкі бетіне «Ыру» сызығы мен ұзын бедерінен басқа, ою-өрнек салмайды. Ол жерге ою-өрнек салса, жоғарыдан төменге түсетін салмақ күші тосқауылға ұшырайды деп ұйғарады. Уықты жосамен, не қызыл күрең бояумен бояп қояды. Уықтың басынан тесік тесіп,  әр уыққа жеке-жеке  бау тағады. Оны «Уық бау» деп атайды. Уық баудың ұзындығы  1.20-1.50 сантиметр шамасында болады. Көп уықтарды  біріктіріп жинаған кезде, уықтардың басын қосып, сол уық баумен байлап, түйеге артады. Сонда бет-бетіне кетіп шашылып қалмайды. Қазақта «Баусыз уық – байлаусыз көлік» деген тәмсіл бар. Бұл сөздің түбінде нар түйедей образды шүңет ой шөгіп жатыр. Тағылымы мол, тәлімі көл тәрбие жатыр.

 

Болат БОПАЙҰЛЫ

 

 

Пікірлер Кіру