Қателіктердің пайдасы бар ма?

05 тамыз 2019 11135 0
Оқу режимі

Адам баласы жаратылысынан қателесуге, күнә жасауға бейім келеді. Қазақта осынау ақиқатты растайтын Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисімен мағыналас «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды», – деген аталы сөз қалған. Қателесу әр жұмыр басты пенденің басынан өткен әрі өтетін дүние.

Алла Тағала Адам (ғ.с.) пайғамбарға 1000 жылдық өмір сыйлаған екен. Оның өмір жасы туралы Ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шын мәнінде ең бірінші болып мойындамаған Адам» - деп үш рет айтыпсөзін: «Алла Адамды (ғ.с.) жаратқан кезде оның белін сипап ұрпақтарын шығарды. Алла олардың екі көзінің ортасынан бір нұр жасаған еді. Сонда Адам (ғ.с.): «Ей, Раббым! Бұлар кім?» - деп сұрады. Алла Тағала: «Бұл сенің ұрпағыңның ішіндегі соңғы халықтардан (шығатын) бір кісі. Оның есімі – Дәуіт»,- деді. «Адам (ғ.с.): «Оған қанша өмір бердің?» - деді. Алла Тағала: «Алпыс жыл», - деді. Адам (ғ.с.): «Ей, Раббым! Оның өмірін ұзарт», - деді. Алла Тағала: «Тек сенің өміріңнен ұзартамын», - деді. Сөйтіп Адам пайғамбардың өмірінен Дәуіт пайғамбарға қырық жыл қосты. Алла Тағала періштелерді куә қылып, жаздырып қойды. Адамның (ғ.с.) өмірі аяғына жеткен кезде, оған өлім періштесі келді. (Сол кезде Адамның (ғ.с.) жасы 960 жасқа келген болатын. Ол өз жасының мың жыл екенін білетін). Періште: «Оны (қырық жылды) ұлың Дәуітке бермедің бе?» - деп айтты. Ол мойындамады. Алла Тағала оған жазуды шығарып, дәлел келтірді. Сөйтіп, Дәуіттің өмір жасын жүзге толтырып, Адамның (ғ.с.) өмір жасын мыңға толтырды», - деп айтқан[1].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам (ғ.с.) қателесті, ұмытты және мойындамады. Бірақ ол мұны қасақана істеген жоқ, расында ол ұмытып қалған-ды. Ал, бұл адамзаттың табиғатына айналды. Олар мойындамайды. Бірақ, көбінесе ұмытулары себепті тайқиды. Олар қателік істейді және бұл да ұмытшақтықтан», – деген.

Көптеген психологтар жасалған қателіктердің нәтижесін «тәжірибе жинау» деп қарастырады. Осыған қарап, өмірімізде жасаған қателіктеріміздің де «пайдасы» бар екенін көруге болады. Өзімізді жегідей жеп, талай рет өкінуге мәжбүр еткен қателіктеріміздің «позитивті» жақтары мен кейбір «пайдаларын» талдап көрейік.

ТӘУБЕГЕ КЕЛУГЕ МҮМКІНДІК

Біздің сенімімізде қателесу мен күнәдан пәктік тек періштелер мен пайғамбарларға ғана тән қасиет. Ендеше, мәселе, періштедей күнә атаулыдан пәк болу емес, мәселе, нәпсіге еріп немесе қателесіп күнә жасап қойған жағдайда бірден тәубе етіп, Алладан кешірім тілеуде жатыр. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Барлық адам күнә-қателік жасайды. Ал, пенделікке бой алдырып, күнә-қателік жасағандардың ізгі-жақсылары уақыт оздырмай тәубе еткендер»,[2] – деген. Құран Кәрімде тәубе етудің өте маңызды екенін білдіретін әрі тәубешіл жандардың артықшылығын баяндайтын көптеген аяттар бар, соның бірі: «Шүбәсіз, Алла тәубешіл жандарды және (тәндік һәм рухани кірлерден) тазаланушыларды жақсы көреді», – деген «Бақара» сүресінің 222-аятында. Адам баласы қателіктер мен ғапылдықтан қаша алмайды, өзінің әлсіздігі мен немқұрайлылығы себепті ниеті мен ойына ешқашан келмеген қателіктерге барып жатады. Бірақ, «жақсы» мұсылман, «жаман» мұсылманнан қате жасамайтындығы үшін артығырақ деген сөз емес. Мәселенің түйіні, сол жамалған қателіктер мен күнәлар үшін өкініп, тәубесіне келіп, Аллаға қайта келуінде, яғни кешірім тілеуінде жатыр. Себебі, «тәубе» сөзінің тілдік мағынасы «қайту, оралу» дегенді білдіреді. Ал, діндегі мағынасы күнәға батып, тура жолдан таю арқылы Алладан алшақтап кеткеннен кейін пенденің істеген күнәсі үшін өкініш білдіріп, Раббысына қайта оралуы.

Жасаған қателіктеріміз бен күнәларымыз біздің өкініп, тәубеге келуімізге жол ашар бір «мүмкіндік». Осылай «тәубеге бір келесіз ғой, сондықтан қателік жасай беріңіз» деуден аулақпын. Әйтсе де, Алланың «әл-Ғафур» (құлдарының күнәлары қаншалықты үлкен болса да кешірім етуші), «әл-Ғаффар» (құлдарының күнәлары қанша жерден көп болса да кешірім етуші), «әт-Тәууәб» (құлдарының шынайы туәбелерін әрдайым қабыл етуші) деген есімдеріне, бізге берген хақ уағдасы мен шексіз мейіріміне үміт арта отырып, біліп, білмей, жасырын, жария жасаған әрбір күнәнің артынан үнемі тәубеге келіп отыруымыз керек.

НЕСІБЕ-РИЗЫҚТЫҢ МОЛАЮЫ (ӨСУІ)

Құранда: «(Сондай-ақ оларға): «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол, өте жарылқаушы» дедім. Ол, сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді. Әрі өздеріңді малдар, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады», - деген «Нұх» сүресінің 10-12 – аяттары бар. Имам Ибн Кәсир бұл аят туралы: «Бұл дегеніміз: егер сіз Алладан кешірім, жарылқау тілеп, тек Оған бойсұнатын болсаңыз, ризық-несібеңіз берекелі, мол болады және Ол сізге көктен сый түсіріп, сіз үшін жердегі сыйын да арттырады...», – деген.

«АЛЛАНЫ ҚУАНТУ» МҮМКІНДІГІ

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Құлы тәубеге келгендегі Алла Тағаланың қуанышы қайсы біреуіңнің шөл далада жоғалтып алған түйесін ойламаған жерде кезіктірген сәттегі қуанышынан әлдеқайда артық»,[3] – деп, Алла Тағаланың пендесі тәубеге келгенде қатты қуанатындығын жеткізген. Алланың алдында ізгі амал жасап, даңдайсып, Алладан ұзақтап кеткеннен, жасаған күнәсі үшін өкініп, тәубеге келіп, Аллаға жақындау артығырақ. Міне, сондықтан, тәубеге келу Алланы «қуантып», тәубе етуші адамның жүрегіне тыныштық пен қуаныш сыйлайды. Десек те, Алла Тағаланың біздің Оны қуантуымызға еш мұқтаж емес екендігін ескеру керек. Алла Тағала біз келтірген мысалдардан пәк және аса Ұлы!

ЖАҚСЫ МЕН ЖАМАНДЫ ТАНИ БІЛУ

Күнә немесе қателік жасап, кейін сол күнәлары үшін өкініп, тәубеге келген адам жақсы мен жаманның аражігін ажырата алады. Және сол істерді енді жасамауға бел буады.

Жоғарыда аталғандарды «жасаған қателіктеріміздің осыншама пайдасы бар екен, демек, сол қателіктер мен күнәні жасауды жалғастыра беру керек» деп түсінбей, керісінше, өміріңізде сондай олқылықтар орын алып жатқанда, Алланың мейірімі мен рахымынан үміт үзбей, Алла разы болатын амалдарды көптеп жасауға ниеттену керек деп түсініңіз.

Алла баршамызды күнәлі істер мен қате-кемшіліктерді жасаудан сақтасын!

Лаура Қанатқызы


[1] Ахмад
[2] Ахмад, Тирмизи, Ибн Мәжә.
[3] Бұхари, Муслим.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру