ҚАРЫЗДЫ ҚАЙТАРУДЫ АСЫҚТЫРМАУ

13 маусым 2023 3011 0
Оқу режимі

«Кімде-кім таршылық тауқыметін тартып жүрген қарыздар адамды қыстамай, қалаған уақытында қайтаруга мұрсат берсе немесе қарызын біржолата кешірер болса, Алла Тағала ол адамды Өз саясынан басқа ешбір сая болмайтын қияметтің ауыр күні Аршының көлеңкесін паналатады». (Муслім «Зүлд» 74; Термези «Буюғ 65; Ибн Мәжә «Садақат» 14)

Өмірден әртүрлі жағдайда таршылықта қалған ел-жұртқа қол ұшын созу, олардың тарығып жүрген шағын пайдаланып, «жығылғанға жұдырық» дегендей оларды қыстап, қинамау – хақ дін Исламның әр мұсылманнан талап ететін іс-әрекеті. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз ﷺ «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық  жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», - деген.

Алла Елшісі  сауда-саттықта өзгеге жеңілдік жасау қағидасын ұстанатын кеңпейіл саудагерлерге: «Бір нәрсе сатқанда немесе сатып алғанда, яки алашағын талап еткенде, мейлінше кеңшілік танытқан жанға Алла Тағала да Мейірімін төксін», - деп бата беріп, артынша, өткен қауымдардың бірінде орын алған мына бір оқиғаны баяндаған: «Баяғыда бір кісі бақиға аттанып, есепке тартылыпты. Сөйтсе, әлгі бейшараның өмір бойы жан баласына жасаған бірде- бір жақсылығы болмапты. Алайда ол көзі тірісінде сауда-саттықпен айналысатын еді, әрі жұртқа қолынан келгенше кеңшілік жасайтын еді. Өз қол астындағыларға да қарызға батып, қиналып жүрген жандарға кеңшілік жасауды бұйыратын. Міне, оның сол бір жақсылығы себепті, құдіреті күшті Жаббар Иеміз: «Тарыққан жандарға кеңшілік жасау мәселесінде оған қарағанда мына Біз лайықпыз! Оның күнә-қателіктерін кешіріңдер!» - деп бұйырған.

Күндердің күнінде сахаба Әбу Қатада өзінен қарыз алған бір адамнан қарызын қайтарып алмақ болып оны іздей бастайды. Мұны естіген әлгі кісі оның көзіне түспей бой тасалап жүрді. Кейін қарыз алған кісімен ойламаған жерде жолығып қалды. Сонда ол Әбу Қатадаға қарызын қайтарғысы келсе де, шамасы келмей қаражат жағынан қиналыңқырап жүргенін айтады. Сонда Әбу Қатада оған: «Алланың атымен ант етесің бе?» - деп сұрағанда, ол: «Уаллаһи», - деп ант-су ішеді. Сол-ақ екен Әбу Қатада оған: «Мен Хақ Елшісінің ﷺ: «Кімде-кім қияметтің қиын күні Алладан жәрдем келуін қаласа, тарыққан жанға мұрсат берсін, не болмаса біржолата қарызын кешіріп кеңшілік жасасын», -  дегенін естіген едім», - деп, әлгі кісінің қарызын кешірген. Сонымен қатар, ардақты Пайғамбарымыз дұға-тілектерінің қабыл болуын қалаған жандарға қарыздар адамға барынша жеңілдік жасау керектігін ескерткен. Бір хадисінде: «Кімде-кім қарызын өтей ал- май тарығып жүрген жанға мұрсат берсе, бейне бір садақа бергендей сауап алады. Алатын уақыты келген алашағын кейінге қалдырған жанға күн сайын садақа сауабы жазылады»,- деу арқылы бұл мәселеде кеңшілік жасаушы жандарға кандай сауапты іс істеп жүргенін білдірген.

Құран Кәрімде де қарызын қайтаруға шамасы келмей қиналып жүрген жанның жағдайын түсініп, жеңілдік жасау мәселесіне қатысты былай делінген: «Егер қарыз алған адам қысылып тұрса, жағдайы оңалғанша оған мұрсат беріңдер. Біле білсеңдер, (қарызға белшесінен батқан қолы қысқа адамнан алатын) алашақ қарыздарыңды біржолата кешкендерің өздерің үшін қайырлы!» Шафиғи және Ханбали мәзһабтарының ғалымдары осынау аятқа қарап, қарыз беруші қарызын қайтаруға шамасы жетпеген жанның қарызын кешкен жағдайда, кешкен қарызы мөлшерінде белгілі бір қаражатты беретін зекетінен алып тастауға болады деген тұжырымға келген. Жоғарыдағы аят пен хадистерден қарызын шынымен өтегісі келетін, алайда қолының қысқалығынан қайтаруға шамасы келмей жүрген жандарға түсіністікпен қарап, жеңілдік жасаудың және оларға қол ұшын берудің өте сауапты іс екенін аңғаруға болады. Дегенмен, қарыздар жанға жеңілдік жасағанда, бір Алланың разылығы үшін деп жасау да шынайылық һәм ықыласты болу тұрғысынан өте маңызды екенін естен шығармаған абзал. Баяғыда мұсылман елдерінде, әсіресе, қасиетті Рамазан айында Исламнан алған осынау теңдессіз өнеге мен тәрбиені бойына сіңірген кейбір жандар дүкендерге барып, ондағы қарыз дәптерін ашқызып, танымаса да, дүкенге қарыздар жандардың азды-көпті қарыздарын өтеп кетеді екен. Алла Тағала бүгінгі мұсылмандарға да сол кісілердің ықыласы мен мәрттігін нәсіп етсін!

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру