Өзіңізге жақсылық қаласаңыз...

22 сәуір 2019 12765 0
Оқу режимі

Алла Тағала қасиетті Құранда «Қаф» сүресінің 18-аятында: «Ол қандай сөз айтпасын, оның жанында дайын тұрған бақылаушы бар», - дейді. Сонымен қатар, аз сөйлеу дінімізде әмір етілген: «Садақа беру, жақсылықты әмір ету және адамдарды татуластырудан басқа сөйлеуде, сыбырласуда қайыр жоқ»[1].

Алла Елшісі (с.ғ.с.) Миғраж түні өте кішкентай шұңқырдан шыққан үлкен бұқаны көреді. Бірақ ол шыққан жеріне қайта кіре алмай қиналып жатады. Сонда Жәбірейілден (ғ.с.): «Бұл кім?» – деп сұрайды. Ол: «Бұл – адамның айтқан сөзі, ол сөзін қайтадан қайтарғысы келді, бірақ жасай алмады», – деген екен[2].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқатында, құл өзі байқамастан Алла Тағалаға ұнамды нәрсе айтуы мүмкін, осы үшін Алла Тағала оның дәрежесін көтереді. Ақиқатында, құл байқаусызда Алла Тағаланың ашуын тудыратын сөз айтып қоюы мүмкін, осы үшін Алла Тағала оны Тозаққа тастайды»,[3]  дейді.  Осы хадис есіме түссе, расында, адам баласына өз тілінен артық зиян беретін ештеңе жоқ шығар деген ой келеді.

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман етсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін»[4]. Иә, ардақты Алла Елшісі, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз үмбетіне айтып кеткен ұйғарымы мен бұйрығы осындай еді. Жан тәнімен Аллаға және ақырет күніне сенген мұсылманның жүрегіндегі иманы ең әуелі сөзін бақылауға алады. Себебі, ақырет күні адам баласы әр айтқан сөзі үшін де жауапқа тартылады.  

Расында, қажет жерде болсын, қажет емес жерде болсын «жауап» қайтарудан өзіңді ұстап, тіліңді тістеп қалу өте қиын. Бір данышпан кісі: «Мен шөл далада ораза ұстап жүруге шыдадым, алайда, қажетсіз бір сөзді ұстап қалудың қиындығына төтеп бере алмадым», – деген екен. «Сөздің де орны бар, орынның да сөзі бар» деген сөз қандай орынды айтылған. 

Жақсы сөз сөйлеу, үндемеу, ұрыс-керістен аулақ жүру, қарғыс сөздер, анайы, ұятсыз сөздер айтпау, адамдарды кемсітпей сөйлеу, мазақ қылмау – нағыз сабырлы мұсылман кісіге тән сипаттардың бірі. Ашу-ыза кезінде айтылған сөз адам баласына өмір бойы опық жегізеді. Сондықтан, кез-келген дау-дамай, түсініспеушілік кезінде ең жақсы қару – үндемеу және күлімсіреу. Үндемеу деген қасиет бізге не үшін керек екенін білесіз бе?

Үндемеу де – құлшылық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үнсіздігі тәфәккур, қарағаны ғибрат болып, көп истиғфар айтқан адам құтылды»[5], – дейді және «Тыңдаңдар, мен сендерге құлшылықтың ең қарапайым әрі жеңіл түрін айтамын – бұл үндемеу және көркем мінез-құлық»[6], – деген. Демек, үндемеу де құлшылық болып табылады екен.

Үндемеу – жәннаттың кілті.  Егер қандай бір жағдайға қатысты бір кісімен сөз таластыра қалсаңыз, үндемеңіз! Ол қиын әрине, бірақ, үндемеңіз!  Себебі, Әбу Умама риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өзінікі дұрыс бола тұра сөз таластырудан бас тартқан адамға жәннаттың шетінен үй уәде етемін...», - деген.   Сонымен қатар, «Кімде-кім маған екі сақалы мен екі аяғы арасындағы мүшесіне кепілдік берсе, мен оған жәннатты кепілдік етемін»[7], – деген. Мұрты мен сақалының арасындағы тіліне ие болған адам көп пәледен құтылады. Сондай-ақ, екі аяғы арасындағы жыныс мүшесін де харамнан қорғай білсе – бұл дүниеде ар-намысы мен денсаулығын сақтайды, ал ақыретте азаптан құтылады.

Сонымен қатар, үндемеу – шынайы иманның белгісі.  Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өзінікі дұрыс болса да сөз тартысуды доғармаған адам шынайы иманға қауыша алмайды»[8], - деген.

Үндемеу, ойланып сөйлеу – тақуалықтың белгісі.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүміннің тілі жүрегінің түбінде болады. Егер бір нәрсені айтқысы келсе, оны жүрегімен тексеріп көреді, кейін тілімен айтады. Екі жүзді адамның тілі жүрегінің бергі жағында болады. Егер бір сөзді айтқысы келсе, айта салады, оны тексеріп көрмейді», – дейді. Демек, ойланып сөйлеу де тақуалықтың бір белгісі.

Үндемеу – тозақ отынан қалқан болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көп сөйлейтін адам, көп қателеседі, көп қателескен адамның өтірігі көп болады. Өтірігі көп болған адам жаһаннамға лайықты болады»[9], - деген.  Расында, көп сөйлетін адамның басқа адамдардың алдында ешбір қадірі болмайды. Аз сөйлеп, көп тыңдаған адам – дана адам, ал үндемеген адам жоғарыда атылған жақсылықтарға қол жеткізген адам. Алла разылығы үшін айтылмаған сөзде ешқандай да қайыр жоқ. Өзіңізге жақсылық қаласаңыз, үндемеңіз!

Лаура Қанатқызы

 


[1] «Ниса» сүресі, 114-аят.
[2] Баззар.
[3] Бұхари.
[4] Бұхари.
[5] Дәйләми.
[6] Ибн әд-Дунья.
[7] Бұхари
[8] И. Әбиддунийа.
[9] Табарани.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру