Отансыз адам – ормансыз бұлбұл

07 мамыр 2020 20067 0
Оқу режимі

Отан – әрбір адам баласы үшін бұл дүниедегі қастерлі ұғымдардың бірі. Бұл – бізге берілген Жаратушы Иеміздің нығметі. Өйткені, туған жерге деген іңкәрлік, махаббат – әрбір адамның бойында болатын асыл қасиет. Кіндік қаны тамып, кірі жуылған мекеннің «күні де ыстық, түні де ыстық» болатыны, тауын да, тасын да сүйетініміз содан.

Шыр етіп дүние есігін ашқан әр адамға өзінің туған жерінен асқан аяулы мекен жоқ. Бабаларымыз «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» дегендей, отан қадірін сезінбеген жүректің тордағы бұлбұлдай болары сөзсіз. Өйткені туған жерге деген сүйіспеншілік – адам баласының рухын тасытып, перзенттік борышын білдіріп тұратын рухани күш. Отан қадіріне жетпегеннің өз қадіріне жетпейтіні де осыдан. «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деп сара сөз қалдырған ата-бабаларымыздың кезінде туған жері үшін жанын пида еткен көзсіз ерлігі осы бір рухани күштен нәрленгені ақиқат.

Имам Мұхаммед Ғазали бір сөзінде былай деген екен: «Адам өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне, ол жер мейлі шөп өспейтін шөл дала болсын, сүйіспеншілігінің болуы табиғи нәрсе. Отанға деген сүйіспеншілік –Жаратушымыздың әрбір пенденің жаратылысына қонған қасиет. Бұл оның отанында болғанда көңілінің тоқ болуына, сапарда болғанда сағынуына, дұшпан басып келсе қорғауға және ол жерге құрметсіздік жасалғанда қанының басына шабуына себеп болады».

Осы орайда, дінімізде «Отанды сүю – иманнан» деген аталы сөз бар. Туған жерді қорғау, оның байлығы мен барлық мұрасын көздің қарашығындай қадірлеу, қиындығына төзу, игілігі жолында жанталаса қолғабыс болу ізгілік нұрына шомылған жүрек иесінің амалы болуы тиіс. Адамзаттың ұстазы болған Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да өзінің саналы ғұмырында бізге туған жерге деген махаббат пен сүйіспешіліктің озық үлгісін көрсетіп кетті. Алла елшісі өзі туған Мекке шаһарында 53 жылдай ғұмыр кешті. Пайғамбарлық міндет жүктеліп, кейбір дін дұшпандарының езгісіне тап болған уақытта Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сүйікті мекенінен ешқайда ажырамады. Бірақ дін дұшпандарының қорлығы күшейіп, еріксіз һижрет жасауға тура келгенде, мүбәрак көзі мөлтілдеген жасқа толып: «Мен үшін сенен басқа жер жәннаты жоқ. Бұл жерден қуылмағанымда, сені әсте тастап шықпас едім», – деп қамыққан болатын. Жаратушы Иеміз сүйікті құлының көңілін көтеріп, осыған байланысты «Қасас» сүресінде былай деп қуантады: «(Уа, Мұхаммед!) Саған Құранды (оқуды, басшылыққа алуды һәм адамзатқа жеткізуді) парыз қылған Алла сені қайтар жеріңе (яғни кезінде тәрк етуге мәжбүр болған қасиетті Меккеге) сөзсіз (айқын жеңіспен) қайтарады».

Ақиқатында, әр азаматтың өз елін жақсы көруі – шынайы имандылықтың көрінісі. Бұл жақсы көрудің жалаң ұлтшылдықтан, жершілдіктен айырмасы жер мен көктей. Осы орайда, асыл дінімізде көрсетілгендей, әрбір мұсылман баласының туған жер алдындағы, Отан алдындағы бірқатар борышы барын біле жүргені абзал.

Біріншісі, Отанына әрдайым дұға жасауы керек. Алладан туған еліңнің, Отаныңның амандығын, абаттылығын тілеу – Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салған сүннет жолы. Алла елшісі туған жерін, елін ерекше жақсы көрген. Ағайын-туыс, ел-жұртын титтей жамандыққа қимаған. Барлығының ізгілік жолын ұстанып, екі дүниенің бақытына жетуі үшін тынбай үгіт жүргізіп, қызмет еткен.

Пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с) Мекке қаласы үшін дұға жасағаны Құран былайша баяндалады: «Сол кезде Ибраһим: «Уа, Раббым! Бұл жерді қауіпсіз, бейбіт шаһар қылғайсың. Бұл жердің халқына, араларындағы Аллаға һәм ақырет күніне иман келтіргендерге түрлі жеміс-жидек, көкөністерден ризық бергейсің!» деп жалбарынды» («Бақара» сүресі, 126-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да Мәдина қаласына жетіп, қоныстанғаннан кейін былайша дұға еткен еді: «Уа, Раббым! Меккені жақсы көргеніміздей, тіпті одан да қаттырақ Мәдинаны жақсы көргізе гөр. Кәсіптерімізге, таразыларымызға береке бер» (Бұхари).

Екіншісі, Отанының рухани һәм материалдық тұрғыда дамуына үлес қосуы керек. Мысалы, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет қайым болуға бір сәт қалып, қолдарыңда көшет болса, соны отырғызуға үлгеріп қалыңдар», – деп өсиет етеді. Демек, адам баласы өмірінің соңына дейін қоршаған ортаға деген махаббатпен өмір сүріп, өшірілмейтін ізін қалдырып кетуі керек.

Үшіншісі, туған жерде арсыздық пен бұзықтықтан шығарудан сақтану. Алла Тағала Құранда: «(Алла пайғамбарларын жіберу арқылы) жер бетін түзеп, жөнге келтіргеннен кейін, онда бүлік шығарып, бұзғыншылық жасамаңдар» («Ағраф» сүресі, 56-аят) деп ескертеді.

Әрбір адамның өзі өмір сүріп жатқан жерді қорғауы – өз жанын, мал-мүлкін, ата-анасын және перзенттерін қорғаумен тең. Бұл іс арқылы адамның орасан сауапқа кенелетіндігін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былайша жеткізеді: «Мал-мүлкін, жанын, дінін және отбасын қорғау жолында дүниеден озуы – Алла жолында жан тапсырғанмен бірдей» (Тирмизи).

Адамның отанына қиянат жасауы, ата-анасы, перзенттері және туыстарының қадір-қасиетіне жете алмауы, оларды ойламастан, туған жерге қарсы қару көтеруі үлкен күнә болып саналады. Өкінішке қарай Отан құндылығын түсінбестен, жалаң ұранға сеніп, елді тәрк ету, яғни һижрет жасау керек деген негізсіз пәтуаларға сүйеніп, берекелі өмір сүріп жатқан халықты әбігерге салушылар да табылып жатады. Олар әртүрлі саяси ойындардың құрбаны болып қалғанын кеш түсінуде.

Отанның іргесі мықты болу үшін оның ішкі бірлігі берік болу керек.  Анығында Алла Тағала құлдарын бірлікке үндейді. Сондай-ақ берген нығметін еске алып, бейбітшілікті бағалауды нұсқайды. Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла Тағала қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында мынадай аят келтірілген: «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» («Бақара» сүресі, 191-аят). Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бөлінушілікке жол ашқандар бізден емес», – дейді.

Иә, Отанды шын сүйген адам бүлікке емес, әуелі бірлікке қадам басады. Бірлікті қалаған адам «жиһад» деп соңына жетелеген жалаң ұраннан сақтанады. Отанын сүйген адам еліне қызмет етуді өзіне қасиетті борыш санауы тиіс. Еліміздің ертеңі үшін, жеріміздің бейбітшілігі үшін дұға жасап, тәуелсіз мемлекетіміздің гүлдену жолында қолдан келгенше үлес қосуымыз қажет. Ел бірлігіне, қоғам тұтастығына сызат түсіретін келеңсіз жағдайларға жол бермей, көркейіп-гүлденуіне атсалысуға асығайық!

 

Ерболат ЖҮСІПОВ,
Нұр-Сұлтан қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы

 «Мұнара» газеті, №9, 2020 жыл

Пікірлер Кіру