Оразаның қасиеті қандай?

14 сәуір 2021 8664 0
Оқу режимі

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (c.ғ.с.) рамазан туралы хадис-шәрифтерiнде: «Рамазан – Мүбәрак ай. Ол айда Алла тағала сендерге ораза ұстауды парыз етiп, жәннат есiктерiн айқара ашып, тозақ есiктерiн тарс жауып, жын-шайтандарды кiсендеп қойды. Ол айда мың айдан қайырлы түн бар (Имам Насаий)»,  –делінген. Демек, Рамазан айында жәннат есігі ашық, тозақ есіктері жабық, шайтандар кісендеулі. Дегенмен, бұл хадисті басқа айларда жабық тұратын жаннаттың есіктері осы айда ашылады екен немесе ашық тұрған тозақтың есіктері осы айда тарс жабылады екен, жыл бойы еркіндікте жүрген шайтандар тек қана осы айда кісенделеді екен деп қана түсінбеу керек. Өйткені бұл хадистің астарлы мағынасы да бар.

«Рамазан айында Жаннатың есігі айқара ашылады» деген сөйлемді рамазан айында жұмаққа жетелейтін салиқалы, ізгі амалдарды істеу мүмкіншілігі көбейе түсіп, сауабы еселенетінін қоса түсіну керек. Рамазан – ерекше ай. Бұл айда ораза ұстау, дастарқан жайып ауыз ашар жасау, дұға оқыту, садақа беру, тарауих намазын оқу, Құран оқудың сауабы басқа айлардағыдай емес, рамазан айында әрбір қайырымдылық амал ерекше сауапқа ие. Бұл айда жасалған ғибадат, құлшылықтарға Алла тағала еселеп сауаптар жазады. Хазреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис шәрифінде: «Рамазан айында бір жақсы іс жасаған адамға Алла тағала басқа айларда парыз істі орындағанның сауабын береді. Ал, парызды орындағанға басқа айларда жетпіс парыздың сауабын жазады», – дейді. Сондай ақ, қадір түні жасалатын құлшылықтың сауабы сексен үш жылдық құлшылықтың сауабына тең. Сонда хадистегі жәннаттың есіктері айқара ашылады дегеннен бұл айда жәннатқа жетелейтін амалдардың өте көп әрі олардың сауабы да басқа айларға қарағанда әлденеше есе артық, тіпті шексіз екені анықталады.

Ал, «тозақтың есіктері тарс жабылады» дегеннен тозаққа бастайтын іс әрекеттерден ораза ұстаған адамның тыйылатындығы кеп шығады.

«Шайтандар кісенделеді» дегенді шынайы, шын көңілімен ораза ұстаған адамды шайтан азғыра алмайды деп түсіну керек. Өйткені, ораза ұстаушы барша дене мүшелеріндегі жағымсыз қылықтар мен әрекеттерге кісен салып тастайды.

Ораза – жемек, ішпек және жыныстық сезімге берілуден тыйылу. Ал, қарын мен жыныстық сезім – адамзатты азғыратын, жолдан тайдыратын нәпсінің нөкерлері екені белгілі. Нәпсі – адамның ішкі жан дүниесі, рухына азық болатын нәрселерден гөрі тәнге азық болар нәрселерге үгіттейді. Оразаның бір пайдасы осы нәпсінің екі нөкерін тізгіндеп беруінде.

Алла Тағала періштелерді жаратып, оларға тек ақыл берді. Жануарлар әлемін жаратып, оларға тек нәпсі берген. Ал, адамзатты жаратып, оларға ақыл мен нәпсіні қоса берген. Періштелер тек ақылмен болғандықтан Жаратушы Алланың әмірін бұлжытпай орындаушылар. Жануарларда тек нәпсі ғана болғандықтан олардың бар мақсаты бас қамы, яғни қарынды тойдыру қамы, жыныстық сезімін қандыру қамында ғана өмір сүреді. Ал, адам баласында періштедегі ақыл да, жануардағы нәпсі де бар. Адамзаттың періште мен жануардан айырмашылығы ол бұл дүниеге емтихан үшін келген. Сондықтан адам қаласа, ақылды істетіп, періштелер дәрежесін бағындырады, қаласа, мал жануарлар сияқты қарын мен жыныстық сезім қамын ғана ойлаумен күн кешеді. Демек, адам ақылға ерсе, дәрежесі артады, ал нәпсісіне ерген сайын төмендеп бара береді.

Бір хикаяда былай делінеді: «Алла Тағала ақылды жаратып, одан: «Мен кіммін? Сен кімсің?» – деп сұрапты, ақыл: «Сен менің жаратушы раббымсың, мен сенің жаратқан құлыңмын», – депті. Осындай кезек адамзат бойындағы нәпсіге келгенде, Алла тағала: «Мен кіммін? Сен кімсің?» – деп сұрақ қойыпты. Нәпсі: «Мен менмін, Сен сенсің», – деп жауап қайырыпты. Сонда Алла Тағала ашу-қаһарымен нәпісті мың жыл отта күйдіріпті. Кейін алдырып: «Ей, нәпсі! Мен кіммін? Сен кімсің?» – деп қайта сұрапты. Нәпсі: «Мен менмін, Сен сенсің», – деп, тәубеге келмепті. Сонда Алла Тағала нәпсіге санаулы күн ораза ұстатып, кейін алдырып: «Ей нәпсі! Мен кіммін? Сен кімсің?» – деген сұрағына, «Сен менің Раббымсың! Мен сенің құлыңмын» деген жауап алыпты».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір шайқастан жеңіспен қайтып келе жатқанда: «Енді кіші шайқастан үлкен шайқасқа (жиһадқа) оралып барамыз!»,- деген екен. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Сонда ол қай шайқас?» – деп таңдана сұрапты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ол өз денеміздегі нәпсімен болатын шайқас», – деп жауап берген еді. Демек, мұсылманның өзінің нәпсісімен күресуі – оның үлкен шайқасы.

Сіз бен біздің ұстап жатқан оразамыз – адам баласының қалауы нәпсісін тізгіндеп беретін, нәпсіні тыйатын, мінез-құлықты дұрыстайтын, тәрбиелейтін ғибадат. Жалған дүниедегі емтиханнан адам баласын сүрінбей өтуіне көмектесетін құлшылық.

Хадис шәрифте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша анамызға: «Жәннаттың есігін қақ», – дейді. Сонда Айша анамыз түсінбей: «Жәннаттың есігін қалай қағады?» – деп сұрапты. Оған Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза ұста. Әр ораза ұстағаның жәннаттың есігін қаққаның»,– деп жауап беріпті», – делінген.

Оразада басқа ғибадаттарда жоқ ерекшеліктер бар. Алла Тағала хадис құдусида: «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана білем, әжірін Өзім берем. Өйткені ол Менің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, ішімдіктерден және жыныстық қатынастан бас тартты», – дейді.

Оразаның мұндай сауабы бары екі түрлі мағынада:

Бірінші мағынасы – ораза адам баласының ішкі дүниесіне қатысты ғибадат-құлшылық болуында. Шын мәнінде, оразадан басқа ғибадаттарда ғибадат жасаушының еріксіз қаласын-қаламасын аздап қожакөрсіндігі бар. Мысалы, намазда да, зекетте де солай. Қажылық жасаса, оның жайы да сіздерге белгілі. Қажылықта көпшілікпен атқарылатын амал. Тіпті, бүгінгі күнде қажыға барғандар атына пәленші қажы деп қосып ататтыруды әдетке айналдырған. Ал, ораза ұстаған адамда ондай пиғыл жоқ, ораза ұстау үшін ешкімнің көзіне түспейтін сәресі уақытында тұрады, ауызын бекітеді. Күні бойы басқалардан айырмашылығы білінбей жүреді, тек Алладан қорыққаннан, тек Алланың ризалығы үшін ниетпен соңына жеткізеді. Сондықтан да Алла тағала: «Оразаны пендем Мен үшін ұстайды», – деп бағалайды.

Екінші мағынасы – Алланың дұшпаны шайтанға қарсылық көрсетуде. Нәпсінің жемек, ішпекпен шаһуаты күшейеді. Шаһуаты күшті адамға шайтан өз айтқанын оңай орындатады. Ал, ораза ұстаған адамға, шайтан жақындай алмайды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шайтан адам баласының қан жүретін жолдарында жүреді. Оның жолын аштықпен тар қылыңдар», – дейді (имам Бухари мен Муслим). Демек, ораза шайтанның жолын бөгейді. Жолын бөгеу шайтанға қарсы тұруды білдіреді. Алланың дұшпаны шайтанға қарсылық көрсету Аллаға жәрдемдесу боп табылады. Қасиетті Құранның Мұхаммед сүресі, 7-аятта:«Әй, мүминдер! Егер Аллаға жәрдем етсеңдер, Ол сендерге жәрдем етеді»,- дейді.

Оразадан көзделген көп мақсаттың бірі – ден саулыққа қоса жан саулықты да қалыптастыру. Адам баласының жаны сау болуы үшін рухани азғындықтардан қашықтау қажет. Ай бойы ораза ұстап, рухани дүниесі күйреген адамның оразасы толық саналмай, ден саулығын күткен адам боп қана қала береді. Яғни, сауабы ойдағыдай толыққанды болмайды.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қанша ораза ұстаушылар бар, оларға ұстаған оразаларынан тек аш қалғандары мен шөлдеп жүргендері ғана қалады», – дейді (имам Насай мен Ибн Мәжа (р.а.).

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Кім жалған сөйлеуді, жалған амал қылуды қоймаса, оның тағамы мен сусынын ішпей жүруіне Алланың қажеті жоқ».

Ұстаған оразамның сауабы толық болсын деп әрі ден саулығын, әрі жан саулығын ойлайтын адамдарды шариғи кітаптарда ізгі жандар дейді. Ораза ұстаушы осы ізгі жандардың қатарынан табылуы үшін алты шарт бар.

Бірінші шарт – тыйым салынған харам нәрседен көзін тыю және жүректі жаман ниеттен сақтау. Жаман ниет жүректі Алла тағаланың зікірінен тосады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«(бөтен әйел затына) Көз алайтып қарау – шайтанның улы оқтарының бірі. Кім Алладан қорқып, оны тәрк қылса, Алла тағала оның жүрегіне ләззаты сезілетін иман береді»,- деген.

Екінші шарт. Тілді жалған, өтірік, ғайбат, біреудің сөзін біреуге жаман ниетте жеткізу, бұзық сөз, боқтап сөйлеу, жала жабу, мақтаншақтық сияқты жаман әдеттерден тілін тыйып, үндемей сүкіт сақтау. Бұл – тілдің оразасы. Жаман сөздің орнына тілді Алла тағаланың зікірі мен қасиетті Құран тілауатымен шұғылдату керек. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза – сақтаушы. Боқтанып сөйлемесін әрі надандық жасамасын. Егер біреу онымен теке-тіреспек болса, мен оразадамын», десін»,- дейді. Имам Мұжаһид (р.а.): «Екі нәрсе орзаны бұзады. Бірі – ғайбат, екіншісі – өтірік сөйлеу»,– деп пәтуа айтады.

Риуаят: Пайғамбарымыздың заманында екі әйел ораза ұстапты. Күннің соңына қарай олар аштық пен сусыздыққа шыдай алмай кетті.Сонда пайғамбарымызға оразаларын ашуға рұқсат сұрап адам жіберді. Пайғамбарымыз оларға бір ыдыс жіберіп: «Оларға айт, жеген нәрсесін мына ыдысқа құссын», – деді. Біреуі ыдыстың жартысына дейін тынық қан мен мен бір кесек ет құсты. Кейінгісіде осылай құсып ыдыс толды. Көргендер таң қалды. Сонда пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мұның себебін сұрағанда: «Бұл екеуі Алла адал еткен нәрсемен ауыз бекітіп, Алла тыйым салған арам нәрсемен оразаларын ашты, адамдарды ғайбат етті. Ғайбат айту адамның етін жегенмен тең», – деді. (имам Ахмад).

Үшінші шарт. Құлақты харам есітуден, яғни жоғарыда санап өтілген өсек, өтірік сияқты харам нәрселердің баршасынан сақтау шарт. Өйткені, айтуға болмайтын барлық нәрсені естуге де бомайды. Сондықтан да қасиетті Құранда: «Олар өтірікке құлақ салушылар, арамды жеушілер»,- деп өтірік сөйлейтіндерді арам жегіштерге теңеген («Майда» сүресі, 42-аят). Ниса сүресі, 140-аятта: «Олармен (өтірік сөйлейтін, ғайбат айтатындармен) бірге отырмаңдар. Әйтпесе, сендер де солар сияқты (күнәһар) боласыңдар», – деген.

Төртінші шарт. Қол, аяқ және басқа да ағзаларды күнәлардан сақтау әрі күмәнді, арам тағамдарды жемеу шарт. Қарынды адал тағамнан сақтап ораза ұстап, кейін адал емес тағаммен ауыз ашудың мағынасы жоқ. У адамды құртқаны сияқты арам дінді құртады. Адал ол пайдалы, ал арам ол зиянды. Дегенмен, адал тағамның азы пайдалы, қарын жарылайын дегенше адал тағамды жей беру зиянға айналып кететінін білген дұрыс. Алла тағала үшін адал тағамдарға толған қарыннан жаман ыдыс жоқ, деген сөз бар.

Бесінші шарт. Ауыз ашарда шектен тыс көп ауқат жеп, қарынды толтырып жіберуден сақтану. Қарын жарылайын дегенше ауқат жеу оразадан көзделген мақсатқа қайшы келеді. Өйткені, оразадан көзделген мақсаттардың бірі – аштықты сезініп, қиналып көру. Ораза ұстаған адам күнімен жемеген тағамын ауыз ашарда бірақ жесе, ұстаған оразасынан нәпсісін сындыру, Алланың дұшпаны шайтанға қарсы тұру деген мақсаты қайда қалады? Көбінше, аштықтан қашқысы келе ме, әйтеуір бұл айға басқа айдан қарағанда тағамдардың түрлі-түрлісін сатып алып, дайындық жасалады. Бірнеше айда желінбейтін тағамдарды осы бір айда жеп тауысуға әдеттеніп бара жатқандаймыз. Бұл әдет оразаның мақсатына кірмейді. Оразаның мақсаты – нәпсіні тақуалы қылу, менмендікті қашыру. Шайтанға дос боп кететін нәпсіні тізгіндеу. Бұл тек азық-ауқатты кем жеумен, аштықты сезінумен, әлсіздігін мойындаумен атқарылады. Сондықтан, ораздан басқа уақытта таңғы шайда ішіп, жейтін тағамды ораза сәресіде жеп ішу керек. Басқа уақытта кешкі жатарда жеп жататын тағамдарды ауыз ашарда жеу керек. Сонда ораза мақсатқа лайық келеді. Сосын ұйқыны да көбейтпеу ораза әдебіне жатады. Күні бойы төсекті жидырмай, ұйықтай беру де оразадан көзделген мақсатқа тура келмейді. Аштықтың, сусындаудың, әлсіздікті сезінген дұрыс. Сонда жүрегі нұрланады, ақылы өткірленеді, оған сәресіге тұру, сол уақытта оқылатын тәһажжүд намазын оқу оңайласады.

Алтыншы шарт. Ауыз ашқаннан кейін ораза ұстаған адамның жүрегі қорқу мен үміттің арасында болуы қажет. Өйткені, оразасы қабыл болды ма, болмады ма? Анық емес. Мұсылман баласы әрбір құлшылықтан кейін осындай күнде қорқу мен үміт арасында болады. Хасан әл-Басрийдан риуаят етілуінше, ол кісі күліп отырған бір топ адамдардың қасынан өтіп баратып: «Расында, Алла тағала рамазан айын пенделері үшін бір-бірімен жарысатын уақыт етіп қойған. Пенделер Аллаға құлшылық жасауда бір-бірімен жарысады. Біреулер озып шығып жеңіске жетеді, біреулер артта қалып үмітсіздікке тап болады. Озып шыққандар жеңіп, қалып кеткендер үмітсіз болған күнде күліп мәз-мейрам болғандарыңа жол болсын. Бірақ Аллаға ант, егер перде көтерілгенде сауап алған сауабымен, күнәһар болған күнәсімен әуре боп, амалы қабыл болған адам қуанышынан, үмітсіз адам өкініштен күле алмайтын еді»,– дейді.

Сонымен, Рамазан айында аузымызға ораза ұстатумен қатар көзіміз бен құлағымызға да ораза ұстатып, жаман сөз айтудан, естуден сақтанайық, көзімізді ұятты жерлерден тыйып, ұрыс-керістерден аулақ жүрейік. Осындай көркем мінезіміз арқылы оразаларымыз кемел тауып, сауабы артсын. Ұстап жатқан оразаларыңызды Алла Тағала ауыр емес, жеңіл етсін, қиын емес қолайлы етсін. Ораза қабыл болсын!

 

Бақтыбай Бейсенбаев

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру