Ораза, намаз тоқтықта ма?

15 сәуір 2021 8543 0
Оқу режимі

Ораза ұстау мен намаз оқу тоқтықта ғана орындалатын іс пе? Ел ішіне тарап кеткен осындай орынсыз сөздерді Абай атамыздың сынағаны белгілі. Жалпыға бірдей міндеттелген мұсылмандық бес парыздың қажылығы ғана дәулетті болуды талап етеді. Ендеше, бұл сөзді сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пен сахабаларымыздың өнегелі өмірі тұрғысынан салмақтап көрейік.  

Ислам діні сөзге үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырады. Өйткені бұқараны сөзбен хидаятқа шақыруға да, күпірлікке итермелеуге де болады. Аталы сөзге тоқтай берген қазақ баласы айтылған ойдың алдымен ақиқаттан ауытқымауына мән берген. Өлең-сөздің тереңіне бойлай білген бабалар сөзінен даналықтың дәмі кеткен емес. Бір өкініштісі, аңдамай айтылған кейбір сөздер дін мәселесіне де тиіп кетіп жатады. Соның бірі «Ораза, намаз тоқтықта» деген мақалсымақ. Неге екені белгісіз, бұл сөзді көбіне құлшылыққа мойны жар бермейтіндердің аузынан естиміз. Әлде осы сөзді алға тартып ақталғандары ма? Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) «Араларыңда Алла Тағаладан ең көп қорқатын менмін» дегенде, өмірін терең құлшылықпен өткізді емес пе? Бұны қарнының тоқтығынан, уайымының жоқтығынан жасады демекпіз бе? Сахабалардың да ғибадатқа шындап берілуі мен дүниеге мойын бұрмауы тоқтығынан емес, тақуалығынан еді. Олардың екі күннің бірін аш өткізіп, сол күндерінің өзінде оқыған намаздарының көбеймесе азаймағанына қарт тарих куә.

Бір күні сахаба Әбу Хұрайра (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ыстық тамақ апарғанын айтады. Тамақты жеп әлденгеннен кейін Расулалла (с.ғ.с.) «Алла Тағалаға мың да бір шүкір, көптен бері асқазаныма ас бармап еді», – деп мұңайған екен (Ибн Мажә, Зүхд, 10).

Тағы бір жолы Фатима (р.а.) ардақты әкесіне тамақ пісіріп алып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алғашқыда: «Бұл не?» – деп сұрайды. Хазірет Фатима: «Тамақ пісірген едім, алдымен сіз ауыз тисін дедім» дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Үш күннен бері аузыма алған нәрім осы болды», – деген екен (Ибн Сағыд, І, 400; Хайсами, Х, 312). 

Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, Пайғамбар шаңырағында кейде бір ай, екі ай қатарынан ыстық тамақ пісірілмейтін, қазан көтерілмейтін. Отбасы мүшелері көбіне құрма мен қара суды талғажау ететін (Бұхари, Хиба, 1).

Сөйте тұра Нәби қасиетті Рамазан айынан бөлек бейсенбі және дүйсенбі күндері үзбей нәпіл ораза ұстаған. Әр айдың 13, 14, 15 күндері ауыз бекітетін. Қасиетті айларда жиі ауыз бекітіп, ең көп Шағбан айын оразамен өткізетін. Кейде таңертең «Үйде не бар?» деп сұрап, ештеңе жоқтығын білгенде, сол күні де ауыз бекіткенді жөн көретін (Нәсаи, Саум, 67).    

Сахаба Әнас (р.а.) былай дейді:

«Бір күні Алла Елшісініе сәлем бере бардым. Сахабаларымен отыр екен. Белін тастай ғып орап алыпты. Отырғандардан не үшін пайғамбарымыздың бұлай еткенін сұрадым. Сөйтсем аштығы сезілмеуі үшін таңып алған екен. Жаным ашып кетті. Дереу әкеме барып жағдайды айттым. Әкем: «Үйде тіске басар не бар?» – деп сұрады. Шешем: «Бір үзім нан және бірнеше құрма бар. Егер Алла Елшісінің өзі келсе, тояды. Ал қасына адам ертіп келсе, аздық етеді», – деді. Әнас (р.а.) ары қарай хадисті толықтырған (Мүслим, Әшриба, 143). 

Сахаба Әбу Талха (р.а.) мына бір оқиғаны айтады:

«Бір жолы қатты ашыққанымызды айтып, Алла Елшісіне жолықтық. Тіпті қарнымыздың қабысып қалғанын, әрқайсысымыздың ішімізге тас байлап алғанымызды көрсетіп мұңымызды шақтық. Сол мезет Расулаллаһ та қарнын ашып көрсетті. Қарасақ, өзі бір емес, екі тас байлап алған екен» (Тирмизи, Зүхд, 39).

Бұл деректерден Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қаншалықты тақуа өмір сүргенін аңдаймыз. Адамзаттың асылы Сүйікті елші (с.ғ.с.) аштық пен жоқшылыққа тап болса да бастапқы игі әдетінен танбаған. Демек, аузынан ақ майы аққанда ғана адам құлшылығын толық орындайды, Құдайға құлдық ұрып, тақуалыққа ден қоя бастайды деп ойлау – шикілік. Бәрінен бұрын ол жүрекке ұялаған шынайы иманға әрі ібілістің азғыруына құлақ аспауға байланысты. Алла Тағаланың қаһарынан қорыққан, ақыретін шын уайымдаған жан қоңыз теріп кетсе де ішкі сенімінен ажырамайды, құлшылығынан суымайды.  

Рас, сахабаларымыз да тоқтықта өмір сүрмеді. Мәселен, Сағыд ибн Уаққас (р.а.) адам жанын тербейтін мына оқиғаны әңгімелеген:

«Алла жолында ең алғаш оқ атқан араб мен болдым. Біз Расулаллаһпен бірге шайқастарға қатысатынбыз. Сондай кездері мына өздеріңіз білетін Хұбла және Сәмур ағаштарының жапырақтарынан басқа жейтін нәрсеміз болмайтын. Тек жапырақ жеп жан сақтайтындықтан, үлкен дәретіміз қойдың құмалағындай шашырап түсетін» (Бұхари, Әтғима, 23)

Тақуалығымен һәм білімдарлығымен танылған Әбу Хұрайра (р.а.) өткен күндерін еске алғанда, былай деген:

«Мен Алла Елшісінің мінбері мен Айшаның (р.а.) бөлмесімен екі арада қаншама мәрте ес-түссіз талып түскенімді білемін. Біреулер мені жындыға балап аяғымен түртіп көретін. Анығында мен жынды емес едім, қатты аштықтан өлермен жағдайға душар болатынмын» (Бұхари, Иғтисам, 16)

Мына оқиға да жүректі қозғамай қоймайды.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір жолы түн ішінде үйінен сыртқа шыққан еді. Күтпеген жерден көшеде Әбубәкір (р.а.), Омар (р.а.) үшеуі кезігіп қалады. «Мынадай уақытта көшеге неге шықтыңдар?» – деп сұрағанда, олар: «Аштық ұйықтатпады, уа, Расулалла», – деп себептерін жасырмай айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Раббыма ант етейін, мен де осы себепті дөңбекшіп жата алмадым, онда жүріңіздер», – деп, жағдайы тәуірлеу басқа бір сахабасының үйіне беттеген болатын (Мүслим, Әшриба, 140).

Расулалла намаз кезінде түрегеп тұруға әл-дәрмені жетпей талып құлайтын суффа сахабаларына «Алла Тағаланың сендерге ақыретте не әзірлегенін білсеңдер, бұдан да өткен жоқшылық тартуға разы кейіп танытар едіңдер» деп жұбататын (Тирмизи, Зүхд, 39).

Өзі де бір жолы мешітте намазын жүресінен отырып оқып еді. Қамкөңіл сахабасы Әбу Хұрайра (р.а.): «Сырқаттанып қалдыңыз ба?» – деп сұрайды. Сонда Расулалла: «Жоқ, Әбу Хұрайра, ашпын. Аштықтан түрегеліп оқуға дәрменім қалмады», – деп жауап қатып еді. Бұны естіген сахабасының тамағына өксік кептеліп, көзіне жас үйіріледі. Сонда Нәби оны: «Жылама, Әбу Хұрайра, бұл дүниеде аш болғандарға Махшарда есеп беру қиыншылығы ауыр тимейді», – деп жұбатқан болатын.

Өмірлеріне ғибратпен қарасақ, сахабаларымыз қайта тоқшылықтан қорыққан сыңайлы. Ел ішіндегі жағдай түзелген кейінгі жылдары молшылықты көргенде, олар бұдан бойын тежеп, бұрынғы тақуалығынан айнымаған. Төмендегі оқиға соған дәлел.   

Ораза ұстаған бір күні сахаба Абдуррахман ибн Ауфқа (р.а.) мол дастархан жайылған еді. Ол дастарханға қойылған түрлі дәмге қарап тұрып: «Мұсғаб ибн Үмәйр (р.а.) Ұхыд соғысында шейіт етілді. Ол менен да артық жан еді. Алайда кебіндер кезде бір шапаннан басқа ештеңе таппадық. Әлгі шапанмен басын жапсақ аяғы, аяғын жапсақ басы ашық қала берді... Кейіннен көп дүниеге тап болдық. Шынымды айтсам, жасаған жақсылықтарымыздың қайтарымы осы дүниеде берілмесе екен деп қорқамын», – дейді. Соны айтып Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) иегі кемсеңдеп, көзіне жас алады. Артынша тамаққа қарамастан дастарханнан тұрып кетті (Бұхари, Жәнәиз, 27).

Осынау оқиғаларға қарасақ, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабаларымыздың сұмдық жоқшылықта өмір сүрсе де, құлшылықтарын қалт жібермегенін байқаймыз. Өйткені олар ғибадатты Ұлы Жаратушы міндеттеп отырғанын жақсы ұғынған. Бұған ешқандай сылтау жүрмейтінін жақсы пайымдаған. Сондықтан да ашқұрсақ жүре тұра оразасын үзбеген, аштықтан есін білмей талып құласа да тақуалықтан ажырамаған, бойын тіктеуге әл-дәрмені қалмаса да шамасы жеткенше отырып намазын оқыған.

Бүгінгі күні дәл арамызда осыншалықты аштық тартып отырған адамдар бар деу қиын. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтпақшы, бүгінгінің адамдары қайта тоқшылықтан азып бара жатқан секілді. Тоқ адам көп нәрсенің қадірін біле бермейді. Аштардың жайын ұқпайды. Бар дүнием осылай түгел тұрады деп ойлайды. Көзін шел басып, шүкіршілік етуді ұмытады. Құлшылықты есіне салғандарға «Ораза, намаз тоқтықта» дегендей сөздерді сылтау етеді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ораза, намаз секілді Алла алдындағы құлшылығын өтеу – әр мұсылманның парызы. Алла Тағала адам баласына көтере алмайтын міндетті артқан емес. Ол міндетті ауырсынатын әркімдегі тойымсыз нәпсі ғана. Көзі ашық, саналы мұсылман өз борышын қолынан келгенше толық атқаруға тырысады. Ақыретке қарыз арқалап барудан қорқады. Әр сөздің сауабы, я күнәсі бар екеніне сақтықпен қарайды.

Сондықтан төменде Дулат ақын айтқандай, бұндай қате айтылған сөздерге ермеген жөн. Одан да бізге сара жол көрсеткен бұрынғылардан діндарлық пен тақуалықты үйренейік, жақсылардан ғана ғибрат алайық:

Ойлап тұрсақ жігіттер,
Көп қой біздің қатамыз.
Әрбір сөзді көп сөйлеп,
Көп күнәға батамыз.
Ай, мұсылмандар, жарандар!
Сөзіме құлақ салыңыз,
Жақсыдан ғибрат алыңыз!

Құдайберді Бағашар

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру