ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ

03 маусым 2024 1826 0
Оқу режимі

Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына игіліктер мен сәлемдер болсын!

Халқымызда: «Отан – отбасынан басталады», – деген қанатты сөз бар. Отбасы – шағын мемлекет. Жанұяда жақсылық көбейсе, қоғамда ізгілік салтанат құрады. Қоғам түзелсе – мемлекеттің мерейі тасып, мәртебесі артады. Сондықтан да, асыл дініміз отбасы тәрбиесіне өте үлкен маңыздылық қойған.

Алла Тағала қасиетті Құрандағы Бақара сүресінің 187-ші аятында:

هُنَّ لِبَاسٌ لَكُمْ وَأَنْتُمْ لِبَاسٌ لَهُنَّ

«Олар (әйелдер) сендер үшін киім, сендер олар үшін киімсіңдер», - деп айтқан. Осы аяттағы «киім» сөзінің айтылуының мәнісі:

  1. Киім – адамның денесіне ең жақын нәрсе. Демек, ерлі-зайыптылар да бір-біріне өте жақын болуы керек. Бірінің сөзіне бірі мұқият құлақ асып, жанын түсінуге тырысуы тиіс.
  2. Киім – адамның тәнін ыстық пен суықтан қорғайды. Сол секілді ерлі-зайыптылар да бір-біріне өмірдің ащы-тұщысында демеу болып жүруі тиіс. Өмірдің қиын кезеңдерінде бір-біріне қолдау көрсетіп, сенім артуы ләзім.
  3. Киім – адамның денесіндегі кемшіліктерді сырт көзден жасырып тұрады. Сол секілді ерлі-зайыптылар да бір-бірінің қателігін сырт көзден жасырып, жақсылығын асырып отыруы қажет. Өзінің де кемшілігі көп пенде екенін есте тұтып, жұбайының кемшіліктеріне кешіріммен қарауы керек.
  4. Әдетте адам бөтен адамның киіміне жоламайды. Отбасының алтын діңгегі – адалдық. Отбасылық өмір баянды болсын деген жандар адалдықты ту етіп ұстауы тиіс.

Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисте:

أَلَا كُلُّكُمْ رَاعٍ و كُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ

«Жақсылап көңіл бұрыңдар! Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар және қол астыларыңдағы туралы сұраласыңдар», - деп айтқан. Сондықтан да, ер азаматтың да, әйел кісінің де отбасы ішінде жауапты болған істері бар. Атап айтқанда, ер азаматқа міндеттелетін негізгі борыштардың бірі - отбасына діни тәлім-тәрбие беріп, шамасына сай баспана, нәпақа және киім-кешекпен қамтамасыз ету болса, әйел кісіге күйеуіне бағынып, бұйрығына бойсұынып, отағасы жоқ кезде оның мал-мүлкі мен өзінің абыройын сақтаумен қатар бала-шағаның қасында көпшілік уақытын өткізетін себепті, олардың діни ахуалдары мен тәлім-тәрбиелерін қадағалап, назарда ұстауы қажет. Міне осындай құқықтар ортада сақталған жағдайда ғана өзгеге үлгі бола алатын отбасы болмақ.

 

«Al-Fattah» мешітінің ұстазы

АРНАБАЕВ Дулат

 

Пікірлер Кіру