Нұрбек Нұржанұлы

12 желтоқсан 2018 5949 0
Оқу режимі

1995 жылы 29-мамырда Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақермен ауылында өмірге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. «Мұң Ай» атты жинақтың авторы.

Мейірім Гүлі

Біз –
жабырқаған,
      ашыққан,
           сырқат пендеміз...
Гүлдер төселген көкке жетектеп сендегі із,
...жолыңа түссек жап-жасыл...
Қарашы,
Салауат айтып жатыр біз түгіл
Аспан,
         Шөл,
                Теңіз...

Махаббат оранған ғалам шапағат күтер,
Жұлдыз - жанарлы қара түн – жапалақ па екен,
іле алар емес кірпігін Сен туғалы бері...
Сол таңда,
Жерге қонақтап шағала-көктем,

Дастархан болып жайылған дала құшағы,
Әр жаратылыс есінде балалық шағың...
Күлімсірегенің гүлдер қауызына сіңіп,
Басқан іздерің әлемнің аралар бағын,

Діліміз әр сәт сыбдырлап пәк қадамыңа, 
Сағынышымыз боялып Хақ қаламынан,
Мейірім Нұрың жанымыз жапырағына
шағылысуда...
Бұлыттар – хаттар ағылған,
Көк аспан – парақ...
Оқиық, даланы мына...
Тәфәккүр етіп бір мезгіл ғаламды ұғына...
Ай да сағынды, саусағыңның ізі түскен,
Күн де сағынды – айнаңдай, шашқан шұғыла...

Ауа зәрресіне демің жұпары сіңген,
Исіңді іздеп үмбетің күн ара гүлден,
Сен жүрген жолмен келеді жұлдыз ғып жағып
Сенім білтесін адаспай қара ала түнде...

Ғашықтық деген – өзіңді өзің ұмытып,
тек Жарды көру емес пе көзіңмен тұнық,
Әбу Бәкір мен Омардың, Османның және
Әлидің махаббатары осыған дәлел...
Уа, Елшім бізді аман-сау апаршы Жар мен
аңсаған Баққа, жұбансын жасыған көңіл...

Ғаламнан түгел – мейірім, махаббат көрем...
Сырын ішіне бүркеген түн, неткен терең!..
Бір жан сұраса: 
«Жұлдыз» не?
        «Ай» не?
            «Әлем» не?
                 «Гүл» не?  деп менен,
кідірмей –
                 «Мұхаммед (с.а.у.)» дер ем...

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру