Нағыз зиялы деген кім?

28 ақпан 2019 11269 0
Оқу режимі

Зиялы деген кім өзі? Ол қандай болмақ? Оның ерекше бір қатаң қағидалары мен ерекшеліктері бар ма? Міне мұндай сауалды ел басшысы да өзіне қоюы ықтимал. Өйткені, зиялылық биік лауазыммен өлшенбейді. Тіпті, осы сауалды тауық соятын жұмысшы да, аяқкиім жамайтын етікші де өзіне қоюға қақысы бар. Себебі, зиялылық адамның кәсібімен бағаланбайды. «Ғылымның шыңына шықтым» деген академик те осы сауалмен жүздеспей тұра алмайды. Неге десеңіз, зиялылық тек біліммен ғана белгіленбейді. Кейде, бұл сауалды қайыршының да еске алуы әбден мүмкін. Өйткені, зиялылықты – күнкөрістің көрсеткіші деу – әбестік. Ақшаны шыр айналдырған дәулет иесінің де зиялылықтан жұрдай болуы ғажап емес…

Гәптің бәрі – осынау алуан түрлі адамдарға бұл сауалды өзге емес, өзі қоятындықтан да, оған «сен зиялысың» деп те, «сен зиялы емессің» деп те ешкім айта алмайды. Бұған әркімнің өз ар-ожданы ғана төреші.

Сонымен, зиялы кім? Кім зиялы? Оны да әркім өзінің өресімен өлшемек. Пенде өзгенің басынан секіргенімен, өз басынан секіре алмайды. Мәселе, отбасындағы екі-үш баласына ие бола алмай отырып есік күзетшісі саясаткерді сынап отырады. Министр шенеуніктерді жинап алып, жерден алып, жерге салудың онша қиындығы жоқ, ал сол дөкейдің өзін егін жинаушылардың бригадирі ете қойса, не істерін білмей сасатыны сөзсіз.

Сонда... өзгені сынау, өңгені мінеу – ең оңайы, өзіңді сынау ең қиыны болғаны ғой. Олай болғанда, зиялылығыңды білу үшін өзіңді-өзің сынау шарт екен. Осыған келіссек қана зиялылықты тексерерлік сұрақтарды табу қиын емес.

Бірақ өз-өзін сынау жай есеппен емес өзінің ар төрешісінің құзырында қол қусырып тұрып сынақ тапсыру. Өзін өмірде зиялымен деп санаған көптеген адамдар сол ар сынағынан қашып өзі туралы сынаптай сырғып сырттай сынақ тапсырып өзіне баға беріп жатады. Ал бұл деген өзгені ғана емес өзін-өзі алдап жалған ғұмыр кешу деген сөз. Түркі халықтарында: «Өтірікшінің шырағы құптанға дейін жанады» деген мақал бар. Өз арының сынағынан өте алмағандар немесе одан қашқандар өмірде опасыз, мейірімсіз, қатігез келеді. Ондай адам кез-келген нәрсеге баруға әзір тұрады. Пайғамбарымыздың мынадай бір дұғасы бар:

«Ей, жүректерді алай-бұлай айналдырушы! Жүрегімізді хақ дініңде тұрақты ет, табанымызды тайдырма».

Яғни, мұсылманның нақ тұғыры хақ дін болуы тиіс. Ар сынағынан сүрінбей өткен әр пенденің тұғыры нық деген сөз. Сондай адам ғана зиялы бола алмақ. Өйткені, «зия» деген сөздің өзінің мағынасы жарық деген мағына береді. Ал бұл жарық қандай жарық, ненің жарығы? Әрине әлімсақтан, яғни, рухтар әлемінен келе жатқан ар-ожданның жарығы, иманның нұры. Ал «ар» деген сөз сақтардың соғыс алаңындағы қорғаныс атауы. Одан қашқан адамды арсыз деген. Яғни, имансыз деген мағынаға келеді. Ал ожданға келсек «уәжәдә» «ұғыну» деген арабша сөз. Міне, ар-ождан деп осы екі сөздің қосақтап айтылуында көп мән бар. Мағынасы да кең. Оның бір мағынасы өз ожданын таныған адам нағыз зиялылыққа – жарыққа қол жеткізеді. Яғни, рухындағы иманын таниды. Былайша айтқанда, адам баласына рухтар әлемінде, яғни, әлімсақта барлық адами жақсы қасиеттер берілген. Оның ең бастысы адамның Алланы тану атты ақыл-қасиеті. Осы жүректің түбіне жасырылған сол ар-ожданды ілім арқылы ғана тауып сонымен ғана әуелгі Алланың қойған бағдарламасына сай адами ғұмыр кеше алады. Оның ар-ожданы сонда ғана оның жан дүниесіне жарығын түсіреді де ондай адам өмірде қанағатшыл да мейірімді мінезбен өмір сүреді. Кей адамдар қанша ғалым болса да, неше мансапты тақымына басса да ар-ожданын таба алмаған соң зиясыз, жарықсыз қалған адамша жалғыз ғұмыр кешеді. Ол бейнебір өзгеге жарығын түсіріп түбіне жарығы түспеген білте шамға ұқсайды. Бірақ  жарықты  өзге үшін емес пендеге өзінің жан дүниесіндегі ар-ожданын табуы үшін берген. Өмірдегі адамзаттың түп мақсаты өркениетке жету емес, өз рухын жетілдіру. Осылайша ар-ожданымен қауышқан адам нағыз бақытқа қол жеткізеді. Осы жерде «бақыт деген не?» деген сұраққа жауап та осы. Өзін тапқан адам, яғни, ар-ожданын шын ұққан адам ғана бақытты. Міне өзін тапқан адам ар-ожданынан түскен жарығын өзгелерге түсіреді. Осындай адамдар өзгелердің бақытымен ғана бақытты күй кешеді. Өзінің басына жарығы түспесе де өзгелерге жарық бергені үшін бақытты.

Бір қоғам іштей бұзылса, ондай елде зиялылық модаға айналып көктегі жұлдыздардай көбейеді. Ал олардың қаншалықты зиялы екенін білгіңіз келсе, таңның атуын, Күннің шығуын күтуіңіз қажет болады. Өйткені, Күн шыққанда жұлдыздар жоғалады. Сондай зиялы Күннің бірі бір кездері хазіреті Омар болатын. Ол күн болып шығып Ислам мемлекетін кеңейткенде жарығы Америка секілді Сасанид пен Рим империясына дейін жетіп ондағы барлық жұлдыздар жоғалып, аяғының астына құлаған еді.

Ендеше соның зиялылығынан бір-екі мысал бере кетейін. Мұсылман әскерлер Құдысты алғанда ондағы шіркеу қызметкерлері қолдарындағы кіліттерін оларға бермей қояды. Олар мұсылман әскерлеріне: «Араларыңда осы қасиетті жерлердің кіліттерін алатын аманатшы адамды біз көрмей тұрмыз. Ол қандай адам екенін біз қолдағы көне кітаптардан білеміз» дейді. Мұсылман қолбасшылары дереу хазіреті Омарға хабар жіберіп болған жағдайды айтады. Ол хат жіберіп өзінің барып олармен сөйлесіп көретіндігін айтады. Артынша мемлекет қазынасынан бір түйені уақытша қарызға алып қасындағы жалғыз құлын ертіп жолға шығады. Арабтың түйелері біздің қазақтың түйесі секілді алып емес, тай секілді кішкене болады. Олар кезектесіп мінеді. Құдысқа жақын қалғанда кезек құлына келіп, Омар түйеден түседі. Құлы жыламсырап жалынғанына қарамастан оны мінгізіп халифа патша Омар түйені жетектеп қалаға жақындайды. Осы кезде алдынан қолбасшылар шығып: «Ей, Халифа! Мына халіңіз не! Түйеге құлын мінгізіп жетектеген қай мырзаны көрдіңіз? Жол жүремін деп мына жалғыз жейдеңіз де жамаудан көз ашпайды. Тым болмаса мына жаңа көйлекті киіңіз. Қазір бізге бой бермей тұрған мына шіркеу қызметшілері сіздің мына халіңізді көрсе, ұят болады. Абыройыңызға нұқсан келеді» дейді. Сонда халифа Омар: «Құлым түйеге мінгені оның кезегінің, ақысының келгені. Бұл әділдік. Мен мына құлымның мырзасы болсам, менің мырзам әділдік. Мен Әділ деген Алланың құлымын. Ал сендер «абыройың түседі» дейсіңдер. Жаңа киім, қымбат киім киген абыройлы, жұпыны киген абыройсыз болады дегенді кім айтты сендерге? Абырой қымбат киіммен өлшене ме? Алла тағала мені қараңғылықтан жарыққа шығарып, жүрегіме иман нәсіп етті. Мен мұсылманмын. Құранда Алла Тағала: «Алла Өзіне иман еткен момын мұсылманның досы» демеуші ме еді. Ендеше, мен Алланың досымын. Одан асқан абырой бар ма? Мен Алланың досы болсам киімнің жаңа немесе ескі болғанында тұрған не бар? Олар менің киіміме емес, кімнің кімі екендігіме қарасын» дейді. Осылайша ол құлын жетектеп қақпадан кіргенде оны көрген шіркеу қызметкерлері әуел бастап тұрған орындарында тастай қатады. Кейіннен естерін жиып оның қасына барып әлгі киімдерінің жамауларын санап оның он жеті екендігін анықтайды да дереу кіліттерін ол сөйлемей тұрып тапсырады. Сонда олардың көне қасиетті кітаптарында: «Осы киелі жердің аманатшысы бір елдің патшасы болады. Бірақ ол қақпадан құлын түйеге мінгізіп өзі жетектеп кіретін болады. Әрі оның киімі жамау болады. Жамауы – он жеті», – деп жазылған екен.

Киім демекші қайбір жылдары осы Алматыға Африка елдерінің бірінен бір миллиардер мұсылман келген еді. Билік адамдары қошаметтеп ұшақтың есігінің алдында күтіп тұрады. Бір кезде есік те ашылып әлгі күткен миллиардер көрінеді. Үстінде ұзын арапша ақ көйлек. Бірақ дүниенің ең арзан матасынан тігілген көйлек. Біздікілер бұлай күтпеген еді. Өйткені, бізде байлар бір-бірімен кездессе қымбат киімдерімен бір-бірін өлшейді. Ал араб пен Африканың шынайы мұсылман байлары хазіреті Омарға еліктеп ең арзан киіммен өздерін үстем санайды. Содан түскі кез еді. Әлгі миллиардер «мешітке барайық бесін болды» деді. Бәріміз ескі әдетімізге салып «біз де мұсылман едік» деп сонымен бірге мешітке барып намазға жығылдық. Қайта шықсақ әлгі миллирдердің аяқ киімі ұрланып кетіпті. Бірақ оның аяқ киімі өте қымбат еді. Қатты састық. Бірақ ол бар болғаны: «Е-е, дүние-ай десейші. Мендей ғаріптің де аяқ киіміне мұқтаж жандар бар екен-ау. Әйтеуір біреуге пайдасы тигеніне қуанып тұрмын», – деді бар болғаны. Сонда оның аузынан «ұрлаған» деген сөз шықпады дейді көргендер.

Ендеше зиялылық байлық пен мансаппен өлшенбейді екен. Ендеше, сол зиялықтың кейбір өлшемдеріне тоқталалық.

ЗИЯЛЫЛЫҚТЫҢ ТӨРТ  ТҰҒЫРЫ ЯКИ ТӨРТ  ӨЛШЕМ.

Ең әуелі, өз ана тіліңді білесің бе? Біліп қана қоймай, өз ана тіліңде күлесің бе? Осы тілде мұң кешіп, осы тілде түс көресің бе? Яки, күллі адами болмысың осы тілде сомдалған болсын!

Екінші, ана тілін білген адам, сол тіл арқылы туған халқының арғы-бергі тарихы мен өз ата-тегін білмей тұрмайды.

Үшінші, тарихы мен тегін білген кісі – өз  жұртының озық дәстүр-салтын, өнегелі өнері мен қымбат құндылықтарын бойына сіңіреді.

Төртінші, тілін, тарихын, дәстүр-салтын, төл мәдениетін білген адам оқу-білімге құштар болып, санасы ашық, ойы терең, ақылы алғыр болғандықтан, кәсіби білімнің шыңына жетпей қоймайды.

Осы төрт өлшемді зиялылық тұғырының төрттағаны десе де болады: бірі кем болса, ақсайды. Екеуі жоқ болса – құлайды. Үшеуі болмаса – орнынан тұрмайды.

Яғни, зиялы адам сын сағатта да, жай сағатта да халқын сатпайды. Ұлтын шын сүю – елбасына да, етікшіге де ортақ қасиет болса, мұның екеуі де – зиялы. Зиялылықтың жалаң біліммен де, пайдасыз лауазыммен де өлшенбейтіні содан. Зиялылыққа жеткен елбасы қара басының қамын ұмытып, халқы үшін күңіренеді, зиялы етікші өз отбасының тіршілігі үшін неге де күйеді. Өйткені, біреуі үлкен Отанның иесі болса, біреуі кіші Отанның иесі. Үлкен отан мен кіші отанның иелері зиялылыққа қатар жеткенде елдік орнайды, елдік орнаған жерде Отан деген ортақ намыстың туы желбірейді. Ондай елде отағасы отбасының әр мүшесінің тілін, дәстүрін, ділін тәрбиелеуді басты міндетім деп түсінсе, Елбасы әр отбасының осылай болуына әлеуметтік жағдай жасауды өзімнің басты мақсатым деп білмек. Бұл ең қарапайым, ең табиғи өлшем ғана.

Иә, енді әркім осы төрт өлшемнің алдында жауап беріп көрсін!

Абай Мауқара, Мұхитдин Исаұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру