МҰСЫЛМАНДЫҚ МЕКТЕП ЖАҢҒЫРМАҚ

24 қаңтар 2024 2023 0
Оқу режимі

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзінің 2024 жылға арналған Бағдарлық баяндамасын жариялады. Биылғы Бағдарлық баяндамада кезек күттірмес бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның бірі – ғылыми-зерттеу орталығын ашу.

Бұл жөнінде «Биыл Діни басқарма жанынан ғылыми-зерттеу орталығын ашамыз. Аталған ғылыми орталықты ашудағы негізгі мақсат – еліміздегі діни ахуалға тиісті талдау жасап және қазақ топырағынан шыққан дін ғалымдарының еңбектерін зерттеп, оны жарыққа шығару. Сонымен қатар қазақ ақын-жазушыларының, жырауларының еңбектеріндегі дін тақырыптарын жинақтап, халқымызға жеткізу» деп мәлімдеді Бас мүфти.

Бұл ауқымды және маңызды жобада ұлтымыздың рухани құндылығы көрініс тапқан дидактикалық-философиялық мазмұндағы моральдық-этикалық ұғымдар мен әдептілік және мінез-құлық мәселелері жан-жақты, кең көлемде қалам тербеген қазақ даласы данышпандарының құнды діни еңбектері зерттеп-зерделеу және оқырманға ұсыну көзделген. Атап айтқанда, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындары» трактатынан тарқата отырып, Хәкім Абайдың «Қара сөздері» ғақлиясындағы хикметтер, Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білігінен» Мәшһүр Жүсіптің шығармаларына дейін даналықтар, Қарахан мемлекетінің дін қайраткері Ахмет Иүйнекидің «Хибат ул-Хақайықынан» бастап, Шәкірімнің «Мұсылмандық шарты» шариғи шығармасына дейінгі, сондай-ақ сопылық мектептің іргесін қалаушы Қожа Ахмет Иасауи,  Пір Бекет, Марал ишан сынды қазақтың діни ғалымдарының туындыларын жалпы оқырманға ұсыну мақсатында қажырлы жұмыс күтіп тұр дегені. Сонымен қатар, сонау Мөңке би мен Төле би бабамыз мен Бөлтірік шешеннен бастап, би-шешендердің өмірбаяны мен өсиеттері, Бұқар жыраудан бастау алатын жыраулардан келіп жеткен рухани мұраларды жаңғырту қолға алынады. Бұл халқымыз күткен

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев асыл дінімізді халыққа дұрыс жеткізу жөнінде: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде бұл өте маңызды мәселе...» деген болатын.

Аталмыш орталық халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды ғылыми түрде дәріптеп, қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті зерделеп, бұхара халыққа ұсынады деп үміт етеміз.  

Қазақ ойшыл ғұламалары ислам ғылымының дамуына өзіндік үлес қосқаны мәлім. Ислам өркениетінде біздің ата-бабамыздың рухани мұрасының орны ерекше. Демек, ендігі кезекте бабалар мұрасын жандандыру, өскелең ұрпаққа жеткізу сіз бен біздің асыл борышымыз.

 

Төлеби Оспан,

Алматы қаласының бас имамы 

 

Дереккөз: Мүфтият.кз сайтынан

Пікірлер Кіру