Мен әлі жас едім ғой...

20 мамыр 2021 7020 0
Оқу режимі

Күздің күні, екінті ауып барады. Себелеп жаңбыр жауып тұр. Ауада салқын леп бар. Күн райымен бірге қаланың көшелері мен үйлері де сұрлана қалғандай, бір түрлі көңілсіздік сыйлайды. Ондайда жылы үйде отырып, жаның жайлы іспен айналысқанға не жетсін. 

Жұмыстан шыға үйге жетуге асықтым да, такси тостым. Көп кідірмей жүйткіп келіп бір жеңіл автокөлік тоқтай қалды. Жүргізушісі жиырмаға енді аяқ басқан өрімдей жас жігіт. Өзі күлімсіреп, жылы шыраймен маған қарады. Жігіттің түсі жылы, жымиғанда тіпті сүйкімді көрінеді екен. Бұл көңілсіз көріністен жабығып тұрған маған бұлттан сәтке жарқ етіп шыққан күн көзіндей жағымды әсер етті. Барар жерім мен берер ақымды айтып едім, ол келісті. Біз тарта жөнелдік. Қаланың көлік кептелісі де басталып кетіпті. Жігіт асыққандай сыңай танытып, мүмкіндігінше құйрық тістескен көліктер арасынан жол іздеп бірде ортаға, енді бірде одан жалт беріп шетке өте шығады. Бұл қылығымыз әлдекімдерге ұнамаса керек, пипылдатып «ескерту» беріп қояды. Оны елеп жатқан біздің жігіт жоқ. Әлдекім алдымызды орап кетсе:

– Қайда асығады ей, – деп көзін кіртитіп, аузын бұртитады. Тіпті, кейде олардың жазықсыз анасына да «ауыз салып» қояды. Алғашында жылы сезінген жігітімнің бұл ұшқалақтығы мен бейпіл ауыздығы маған ұнамады. Қанша дегенмен студенттерге тәрбие беріп үйренген оқытушымын ғой, қарап отыра алмадым:

– Інім неге сонша аптығып келесің, асыққан шайтан ісі демей ме, сәл сабырмен жүрейік, – дедім баяу ғана.
– Ағасы, қазір жайбарақат жүретін уақыт емес, «уақыт – ақша» дегенді естіген шығарсыз, бүгін қалайда 10-15 мың теңге табуым керек.
– Алла қаласа де, бауырым.
– Өзің қаласаң, Алла қайда барады.

Жігіттің бұл сөзі жүрегіме қадалғандай әсер етті. Бұрылып оған қарадым. Ол ештеңені елемегендей бар назарымен алдыңғы жаққа тесіле қарап отыр. Бағанағы жылы жүзді, күлімсіреген жігіттің орнына мүлде басқа бір адам келіп отырғандай. Мен үнсіз қалдым. Енді кезекте сөзді ол бастады:

– Таңнан бері тоқтаусыз жүріп жатырмын. Жаман емес, енді екі-үш сағат жүрсем болды, кешке қызыма барамын.
– Ее, – дедім мен самарқау ғана. Үйленуге дайындық екен ғой.
– айдағы үйлену, ағасы, сіз де айтасыз-ау, жәй көңіл көтеріп жүру ғой біздікі. Серілік құрып дегендей.
– Сонда қалай, қыз да солай ойлай ма? – дедім мен де таңданып. Ол мырс етіп күлді де:
– Ол білмейді, менімен үйленеді деп ойлайды. Өз сөзіне өзі риза болғандай пейіл танытып. Жігіттің бұл сөзі онан бетер састырды мені:
– Сонда қалай, ол қыздың несі ұнайды, несе ұнамайды саған?
– Ол қыз былай ақылды, әдемі қыз. Бірақ, маған бай қыздар көбірек ұнайды. Олардың әкесі не көкесінің сеніміне бір еніп алсаң болды. Өмір бойы мұртыңды балта шаппайды. Ол осыны айтып маған қарап бұрылып қойды. Онысы «қазіргі өмір заңы осы, осыған да ақылың жетпей ме» дегендей қарас еді. Жігіттің сөзінен көңілім жабырқау тарта берді. Адам азған ба, заман азған ба? Аузынан анасының сүті кетпеген өрімдей жігіттің айтып отырғаны мынау. Біз қайда кетіп барамыз? Осы сұрақ мазалады ма жүрегімнің кеңістігін жел кеулеп, сырттағы сұрықсыз дүние жан сарайыма енгендей, тұла бойым тоңазып сала берді. Одан артық онымен сөйлесіп марқаймайтынымды білдім де үнсіз қалдым. Кенет оның телефоны безілдей жөнелді. Ол қауқылдасып амандық сұрасып жатты. Сөз арасында 

– Ой, брат, айып етпе, сол машина бұзылып СТО-да тұрмын ғой, болмаса, әрине, барар едім, – деді еш шімірікпестен. Содан маған қарап:
– Доспен де есеп болу керек қой, аға, мына заманда, солай емес пе? Оның бұл сөзіне орай, үндемей отырайын деген ойымды тағы сол «тәрбие бергіш» әдетім бұзып:
– «Есептескен дос болмас» деген қазақ, – дедім нарау ғана. Менің бұл сөзім оған жақпаса керек, естімеген жандай радио қабылдағышқа қол созды. Радиодан қазақ тілінде діни-сауаттық сұхбат жүріп жатыр екен. Ол аз-кем тыңдады да толқынды ауыстырып, аласұрған ағылшын әуеніне қосып қойды. Жап-жақсы дүниені өзгертіп жібергеніне өкініп қалдым, оның үстіне осындай салиқалы әңгімелерді тыңдаса өзіне де абзал болар деген оймен:
– Інім, әлгі әуе толқынына қайта қосшы - дедім өтінгендей сыңай танытып. Ол басын кекжең еткізді де:
– Қойшы соларды, айтатындары біреу, ол болмайды, бұл болмайды, ішуге, шегуге болмайды, қыдыруға болмайды, қыздарға баруға болмайды, өтірік айтуға болмайды, ән тыңдауға болмайды. Не сонда, ештеңе істеуге болмайды, онда, өлейік, тыныш қана жататын. Жас болған соң, бізге бәрі керек, көру керек, жүру керек. К-е-й-і-н пенсияға шыққан соң намазын да оқимыз, қажыға да барармыз. Қажыға бір барсаң, барлық күнәң кетеді екен, әрі сондағы мешіттен бір рет намаз оқысаң өмір бойы оқымаған намаздың орны толады екен ғой. Мен солай істеймін. Ал, оған дейін, бұл өмірде шайқап-шалқып жүріп алмаймын ба?

Ол қайтадан езу тартып, жымиып күлді. Бұл жолы оның күлкісі мен жымиысы маған мүлде сұрықсыз әрі жағымсыз көрінді. Мен жүзімді одан бұрып терезе жаққа көз салдым. Бұл аласұрған жасқа қалай, қайтып ақыл айтудың жолын ойластыра бастадым. Аздан соң оған бар денеммен бұрыла отырып, дәл бір тұңғыш ұлыма ақыл айтардай тамағымды қырнап сөз бастадым:

– Інім осыдан жиырма жыл алдында, сен өмірде жоқ едің, қазір барсың, сол сияқты қазір бар адамның қай кезде ғайып болуы да бізге белгісіз, тек құдіреті күшті Алланың ғана құзырында. Әңгімем осы жерге келгенде ол сөзімді бөліп, киіп әкетті:
– Сіз сияқты көкелер, жас күнінде ойнап-күліп алады да, қартая бастағанда жастарға ақыл айта бастайды. Осындай ақылшылардан шаршадық, үйде де екеуі бар. Мен де оған бой берместен сөзімді сабақтадым:
– Біздің жас кезімізде біз сияқты ақыл айтатын адамдар аз болды, ол кездің заңы басқа, заты бөлек болды. Алланы ауызға алу мүмкін емес еді.
– Сол кездері жақсы емес пе? Еркін ішіп, еркін жүретін. Қазіргідей мешітке бар, намаз оқы деп ешкім қақсамайтын.
– Өміріңде бір рет болса да мешітке бас сұқтың ба? – дедім мен де шамырқанып.
– Жоға, әлі жаспын, к-е-й-і-н – деді бағанағыдай дауысын тағы созып.

Әңгімемен отырып, діттеген жеріме де жетіп қалыппын, тиісті ақшасын қолына ұстатып жатып:

– Інім, қолың тигенде мешітке барып, имамның уағызын тыңда, діни басқарма тарапынан жарық көрген кітаптарды оқы, – дедім оның жүзінен алғашқы күлкісін көруге ынтығып.
– Көрерміз, әлі жаспын ғой, сау болыңыз.

Ол осыны айтып теріс бұрылды. Мен түсіп қалдым. Көшенің қарсы бетіне өту үшін жаяу жүргіншілер өткеліне қарай аяңдап келемін. Көңіл түкпірінен әлгі балаң жігіттің парықсыз әңгімесі, әңгімесі деймін-ау ғафыл түсінігі кетер емес. Кенет гүрс еткен дауыстан соңыма жалт қарап едім, өзім мініп келген көлік көлдең қиылыстан шыға келген жүк көлігімен мүйіздесіп қалыпты. Гүрс еткен үнмен бірге машинаның буы бұрқ етті. Мен аңтарылып қалдым да, жүгіре басып сонда жеттім. Мен келген көліктің алды талқан болып опырылыпты. Арқалық пен рөлдің арасында қысылып, аузы-мұрынан қан кетіп әлгі жігіт отыр. Мен қапелімде не істерімді білмей, оның қолынан тартып, шығарып алудың жолын қарастырдым. Бірақ былқ етіп жылжыр емес. Кенет көзім оның нұрсыз жанарына түсті. Оның жанарынан «Бұл қалай болды, неге бұлай болу керек, мен әлі жас едім ғой» дегендей бір түрлі сұрау тұрғандай болды. Иығымнан қаққан жол сақшысы менің кейін тұруымды ескертті. Мен шеттедім.

Бірақ сол жерден кете алмадым. Әлде бір күш мені қозғалтпастан сол жерге шегелеп қойғандай болды. Жүрегімде әлді өкініш, әлде қайғы, әлде аяушылық па анық арасын өзім де білмейтін бір сезімдер арпаласып жатты. Бағанағыдай емес, жаңбырда күшейе түскендей, жүзімнен жас па әлде жаңбыр суы ма сорғалап жатты. Қанша өткенін білмеймін, безілдеп жедел жәрдем көлігі де жетті. Ақ халаттылар құтқару төсегіне бетін ақ матамен жабылған жігіттің өлі денесін көліктеріне салып алып кетті. Соқтығысқан екі көлікте көшеден әкетілді. Көліктер кептелістен арылып, дағдылы қозғалыс қалпына түсті. Ештеңе болмағандай өмір өз сарынына көшті. Қайшыласқан көліктер ішінде қақтығысқан пікірлердің де жарысып кетіп бара жатқанын сезіп тұрмын. Қаншалаған қатал тағдырларға куә қара аспан, қызылды-жасылды дүниеге құмартудан қалған қарт адамдай көзін сығырайтып, маужырап, байсал басқан кеш құшағында мүлгіп барады...

Қастер Сарқытқан
Абай атындағы ҚазҰПУ
Елтану және  туризм кафедрасы доценті

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру