Меккеде қан төккен Жуһәйман

31 қазан 2019 7587 0
Оқу режимі

1979 жылдың 20-қарашасында қасиетті Мекке қаласында Ислам тарихындағы үлкен қантөгіс орын алған еді. Бұл күні қажылар қасиетті борышы қажылықты орындап болып, Меккеде дамылдап жатқан кезі болатын. Ақиқат жолынан тайып кеткен Жуһайман әл-Утайбий деген адам өзіне ерген 200 адасушымен «Имам Маһди шықты, ол бізбен бірге» деп, қасиетті Меккеге басып кіріп, Алла үйін зиярат етіп келген қажыларды тұтқынға алып, қанға бояды.

Олар таң намазы уақытында мешітке жаназа алып келе жатырмыз деп, табыт ішін қаруға толтырып әкелген болатын. Мешіт имамына келіп, Жуһайманның досы әрі күйеу баласы Мұхаммед ибн Абдулланы адамзаттың сағына күткен имам Маһдиі деп жариялауын, кейін қол беруін талап етті. Таң намазына келген жамағат әлгілердің «Имам Маһди шықты» деп жарыса жариялауын есіткенде таң қалысып, бір-біріне қарады. Табытқа жасырған қаруларын шығарып, мешіттің есіктерін жауып, құлшылық жасап жүрген мұсылмандарды тұтқынға алып, кепілдікке ұстады. Мешіт ішінде от жағып, сырттағыларға үрей туғызды. Жамағат намазы мен құлшылықтар тоқтап қалды. Қасқөйлердің адам ақылы көтере алмайтын қастандықтарынан мешіт үлкен шығынға ұшырады. Сол кездегі Саудия патшалығын, сонымен қатар бүкіл дүниені күпірлікпен айыптап, оларды өздері көздегендей ислам өлкесіне айналдыруды мақсаты екенін ашық айтты. Сол мезетте Жуһайман елшілерін басқа да елдерге жіберіп те үлгерген болатын.

Үкімет әскері мешітке бастып кіруден қорықты. Өйткені бейкүнә адамдардың қаны төгіліп кету қаупі зор еді. Бір өкініштісі, бұл қанды оқиға екі аптаға созылды. Ақыр соңында әскер мешітке басып кіруге мәжбүр болды. Сол кездегі мемлекеттің лаңкестік әрекетке қарсы күресте қауқарсыз болғандықтан, Франция елінің арнайы жасағынан көмек сұрауға мәжбүр болған. Діни лауазымды ғалымдар мәжбүрлі түрде Алла үйіне лаңкестерге қарсы қару көтеру қажеттілігі туғанынына пәтуа берді.

Бұл жәйт 1979 жылдың 4-желтоқсанында жүзеге асты. Кешкісін мешіт дін дұшпандарынан толық тазартылды. Кепілдікте отырғандар босатылып, көтерісшілер тұтқынға алынды. Бірақ үлкен адам шығыны болғаны жасырын емес. Кейбір деректерге сүйенсек, 255 жан өмірмен қоштасып, 560 адам жарақат алған. 28 лаңкес өлтіріліп, 61-і тұтқындалды. Алайда, 1980 жылдың 9-қаңтарында Жуһәйман және оған ерген 61 лаңкес өлім жазасына кесілді.

Алланың қан төгуге тыйым салып, «Харам мешіті» деп атаған қасиетті жерде лаңкестік қадамға барған Жуһайман кім? Қайда оқыған, кімнен тәлім алған?

Жуһайман ибн Мұхаммед ибн Юсуф әл-Утайбий 1936 жылы 16-қыркүйекте дүниеге келіп, 18 жыл Саудияда әскери қызмет атқарған. Меккедегі «Уммул қуро» университетінің «Діндер философиясы» факультетінде тәлім алып, кейінірек Мадина қаласындағы Ислам университетінде білімін жалғастырған. Ол бұрынғы Саудия муфтиі Ибн Баздың шәкірті болған Мұхаммед ибн Абдулланы Маһди деп жариялап, Меккеде, Харам мешітінде лаңкестік жасап, қан төкті. Екеуі қосылып барлық мемлекеттерді күпірлікпен айыптып, өздеріне ермегендерді кәпірге санады. Негізсіз, қатерлі бағыттарын алғашында Мадинаның кіші мешіттерінде тарата бастады. Білімсіз, надан жастарды іздеріне ертіп, қауіпті пікірлерін олардың санасына құя бастады. Кейбір деректерде адасушылар қатары 1000 адамға жеткендігі айтылады. Өмір сүріп жатқан жерін кәпір деп санаумен шектелмей, жедел түрде халифалықты жариялауын талап етті.

Қазіргі уақытта да адасушы ағымдардың да қояр талабы да, шығарған үкімі де бір. Яғни, елін адасумен кіналап, өздерін ғана тура жолда жүргендей сезінуі. Жуһайман қолға түскеннен кейін Саудия муфтиі Ибн Баз, сәләфилердің мухаддисі Албани, танымал Муқбил ибн Һәди әл-Уәдиғи және Бәдиуддин әс-Синди сияқты танымал тұлғалардың пікірінен әсер алғандығын мойындаған. Сол кезде Саудия үкіметі Муқбил ибн Һәди әл-Уәдиғи және Бәдиуддин әс-Синдиді елден шығарып, тыйым салып тастады. Кувейтте жарық көрген мәліметтерге қарағанда, Жуһәйман муфти ибн Баздың үлкен шәкірті Әбу Бәкір әл-Жазаириден қатты әсер алғаны жарыса жазылды.

Жоғарыдағы мәселені қортындылайтын болсақ, бүгінгі күні біздің еліміздегі терроршы жамағаттар мен лаңкестер – Жуһәйман әл-Утайбидің ізіне ерген адасушылар. Сонымен қатар, Жуһәйман және оның ізбасарлары кейбір атағы жер жарып түрған ғалымсымақтардың қолдан жасаған әрекетіне де ұқсап кетіп жатады. Оларға салсаң қандай да бір Алланың үйін жарып жіберуден тайсалмайтындығын көруге болады.

Бүгінгі күні Жуһәйманның бұл әрекетін Алла жолындағы өлім – «шәһид» дәрежесіне де жеткізетіндер табылады екен. Бірақ оның қылмысы мыңдаған ғасырлардан бері, тіпті дүние мұсылмандары тарапынан қараланған. Алланың арам еткен тыйымы екені баршаға мәлім. Өкініштісі ислам атын жамылып, дінде өз орны бар құлшылықтарды желеу етіп, қоғамды, қала берсе бүтін елді дінсіздікпен кінәлап, туған жеріне қарсы қару көтеріп шыққан жастардың бар екені жасырын емес. Жуһәйман және оның қазіргі ізбасарлары харижиттерге еріп кетуден Алла бізді сақтасын.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру