Мәулітті Мұхаммедті сүйгендер мерекелейді

29 қазан 2020 6755 0
Оқу режимі

Қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресi, 21-аятында Алла Тағала: «Расында, сендер үшiн, Алладан, ақырет күнiнен үмiттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшiн Алла Елшісінде (Мұхаммед пайғамбарда), әлбетте, тамаша өнегелер бар», – деп ұқтырады. Иә, мүмін-мұсылмандар үшін дін жолында, бес күндік жалған дүниеде Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) тамаша үлгі-өнеге. Сондықтан шынайы мұсылманның өмірдегі бас мақсаты – пайғамбарымыздың сүннетіне еліктеу.

Адам баласы әрқашан өз өміріне өнеге болатын ұлы тұлғаны іздейтіні рас. Өйткені, адамзат түзу жол нұсқайтын ұлы тұлғаларға мұқтаж. Осы мұқтаждықты ескерген Алла Тағала пенделеріне жоғарыдағы аятты баяндаған. Мұхаммедті (с.ғ.с.) барша әлемнің Раббысы – Алла тәрбиелеп, адамзатқа арнайы пайғамбар етіп жіберді. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с) бір хадисінде: «Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген – Раббым», – деп айқындап берген.

Имам Бұхари (р.һ) риуаят еткен хадис-шәрібінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ешбір адам менi өз баласынан, әкесінен және барлық адамзаттан артық көрмейiнше, (кәміл) иманды бола алмайды», – деген. Бұл хазреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) жақсылап танып, біл дегенді білдіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұрлы бейнесін сіз бен біз мешіт мінберінен сөйлейтін имамдардың аузынан естідік, кітап сөрелеріндегі діни әдебиеттерден оқыдық. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмір тарихын баяндайтын еңбектер «сира» деп аталады. Осы «сира» кітаптары үш негізге сүйеніп жазылған: қасиетті Құран кітабы, хадис шәріптер жинақтары және тарихи кітаптар. Қасиетті Құран – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өміріне қатысты кейбір жағдайларды түсінуде өте маңызды роль атқарады. Дегенмен, Құран кәрім кітабы Пайғамбар (с.ғ.с.) тарихын толық қамтымайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде де Оның өмірі кең көлемді әрі егжей-тегейлі түсіндірілген. Бірақ, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келгенінен бастап өлген күніне дейінгі өмірін хадистерден толық түсіне алмаймыз. Өйткені, хадис шәріптер негізінен шариғи тақырыптарға арналып жазылған. Пайғамбарымыздың өмір тарихын баяндайтын қайнар көз – тарих кітаптары.

Ибн Хиббан (р.а.) сахих жинағында риуаят етілген хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің ғасырым – адамдардың ең жақсысынікі. Мұнан кейін олардың соңындағылар, сонан соң олардан кейінгілерінікі, сосын олардан кейін келгендердікі», – деп айтқан. Сахабалар – ең жақсы ғасырларда өмір сүргендердің алғашқылары. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелерін кейінгі ұрпаққа қаз-қалпында жеткізген де осы сахабалар. Өйткені, олар Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінің қас-қағым сәттерін қалт жібермей, әрбір сәтін, шешімін, әрекетін мұқият қадағалады, көзімен көрді, жақсы білді. Содан кейін сахабалар алғашқы боп өздерінен кейінгі мұсылмандарға үлгі болған. Олардың дәуірінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың тарихы туралы жазбаша дүние болған емес, ауызекі риуаяттар арқылы ғана баяндалатын. Сахабалардың арасында Пайғамбардың (с.ғ.с.) өміріне, тіпті әрбір іс-әрекетіне мән беретін сахабалар болғанымен, ешбірі риуаяттарды бір кітап етіп жинақтамапты. Мұның өзіндік себебі болса керек. Өйткені, Қасиетті Құран кітабының өзі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) тірісінде кітап шәкіліне келтірілмеген, тек Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғаннан соң ғана Осман ибн Аффан халифа болған дәуірге келіп, қажеттіліктен кітап болып басылды. Кейін келе хадистер жинақталды. Сосын Құран, хадистен туындайтын әр түрлі пәндер, Пайғамбар (с.ғ.с) өмірі туралы «сира» кітаптар жазыла бастады.

Жоғарыдағы хадистегі қайырлы деп табылған екінші ғасырдың адамдары, сахабалардың көзін көргендер «табиғиндер» деп аталады. Өз кезегінде, табиғиндер сахабаларды көрмеген бірақ, өздерімен замандас болғандарға яғни, табаға-табиғиндерге ұстаздық етті. Ең жақсы дәуірдің үшінші тобындағы қауым – табаға-табиғиндер.

Уақыт талабымен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелерін болашақ ұрпаққа насихаттайтын «сира» атты оқулық кітаптар өмірге келді. Бұл Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірбаяны арқылы Құран кәрім мен хадис шәріптерді кең түсінуге, аят-хадис үкімін дұрыс амалға асыруға, исламды дұрыс әрі жақсы білуге үйретеді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмір тарихын жинақтауды алғаш рет табиғиндар қолға алған. Олардың қатарынан Ұруа бин әз-Зұбайыр (92 һ), Әбан бин Ұсман (105 һ), Уаһб бин Мұнаббиһ (110 һ), Шұрахбил бин Сағад (123 һ), Ибн Шиһаб әз-Зұхриларді (124 һ) атауға болады. Өкінішке орай, бұлардың жазған еңбектерінің бірі де біздің заманымызға жетпеді, тек кейбір бөлімдері ғана жеткен. Уәһб бин Мұнаббих еңбектерінің кейбірі қазір Германиядағы Хайдельберг қаласында сақтаулы екен. Бұлардан кейін Пайғамбар (с.ғ.с.) тарихын Мұхаммед бин Исхақ (152 һ), Уақит (207), «Табақатул-Кубра» атты кітаптың авторы Мұхаммед бин Сағад (130 һ), Ибн Хишам деген атпен барша мұсылман жұртына әйгілі Әбу Мұхаммед Абдулмалик ибн Хишам жазды. Соңғысының кітабы – Пайғамбар (с.ғ.с.) туралы еңбектердің ең сенімдісі һәм ең күштісі. Ибн Хишамның шығармасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мақұлдауымен қазақ тілінде жарық көрген.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) ғұмыртарихын кейінгі тарихшылар да жазды. Олардың кейбірі Пайғамбардың (с.ғ.с.) бар ғұмырын қамтуға тырысса, кейбірі Исбаханның «Далайлун Нубууә», Термизидің «Әш-Шамайл» және Ибн Қайимның «Задул-Мағад» кітаптары сияқты белгілі бір тұстарын ғана баяндады.

Пайғамбар (с.ғ.с.) туралы жазылған алғашқы «сира» кітаптарында Мұхаммедтің (с.ғ.с.) тегі, тууы, балалық шағы, ер жетуі, үйленуі, тән түзілісі, мінез-құлқы, пайғамбар болуы, дін насихаты, һижраты, ғазаттары, шариғи амалдары, істеген істері, тағы басқа да барлық тақырыптар толық тәртіппен жазылды. Бұған қоса, авторы әрбір мәліметті мұқият жауапкершілікпен зерделеп, тексеріп, қайдан алғанын, неге сүйеніп жазғанын қоса түсіндірді. Алғашында бұл тақырыптағы кітаптар бірнеше томдық еді. Сондықтан жәй халық мұның бәрін оқып үйренуге тағаты жетпеді. Содан кейін ғалымдар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегесін насихаттау, өмірбаянын халыққа таныстыру оңай болу үшін қысқа да нұсқа баяндайтын шумақтар, өлең, жырлар, дастандарды дүниеге келтірді.

Пайғамбарға жыр арнау дәстүрi көзi тiрi кезiнде де болған. Мысалы, Каб бин Зухайыр атты ақын оған «Банат Суад» атты поэмасын арнаған. Бұл шығарма «Қасидат Бурда» «Шекпен дастаны» деп те аталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі туралы жазылған өлеңді өзіне оқып бергенде ризалығын білдіріп, үстіндегі шекпенін шешіп, оқып берген кісіге жапқан екен. Міне, осы ақынға елiктеп көптеген шайырлар да қос дүние сәруарына (с.ғ.с.) өз жырларын бағыштады. Дегенмен, мұндай жырларда Расулулланың (с.ғ.с.) кейбір жақсы қасиеттері ғана айтылған-ды. Ал табаға-табиғиндердің кезінде жазылған өлең шумақтарда қара сөзбен жазылған «сияр» кітаптарындағы барлық тақырыптар басынан аяғына дейін қамтылды. Сол ғасырдағы дін ғұламалары Пайғамбар (с.ғ.с.) өнегесін насихаттау мақсатында ол туралы қысқа да нұсқа өлеңдерді халықтың ішінде оқып, насихаттауды жақсы әдетке айналдырып еді. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірбаяны толық қамтылған дастандарды халық «мәуліт» деп атаған. Өйткені, ол шығармалар көбіне Пайғамбар (с.ғ.с.) туылған айда оқылатын. Рабиүл әууал айының екінші аты мәуліт болып кетуі сондықтан. Мәулiт деген сөз өмірге осылай келген.

Мәулiттің қазақша мағынасы «туылған уақыт» дегенді бередi. Яғни, мәуліт хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келген айына қолданылады.

Мәуліт мейрамын тойлау жөнінде ғалымдар арасында қайшылық бары рас. Ал, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) толық өмірбаяны туралы айтылатын «мәуліт» атты дастан кітаптардың уағыздалуына ешкімнің қарсылығы болмаған. Өйткені, том-том кітаптарды оқып есте сақтап қалудан, «мәуліт» өлеңдерін оқып, жаттап алу жеңіл әрі оңай. Демек, «мәуліт» – қасиетті Құранды оқу сияқты емес, ол – Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) ғибрат алу үшін, тамаша өнегелерін үйрену үшін оқылатын кітап. 

Мәуліт айында еліміздегі мешіттерде 1317 жылы қайтқан, Мадина Мунәууара қаласының мүфтиі Жағфар ибн Исмағил ибн Зайн әл-Абидин ибн Мұхаммед әл-Барзанжи (р.а) жазған «Әл-Каукаб Әл-Әнуар ғала ғақдил жауһар фи мәулид ән-набий әл-Азхар» кітабы оқылады. Мұнда автор бірінші бөлімде «мәуліт» жазбақшы ниетін, ондағы мақсатын, қандай жол, қағида ұстанғанын айтады. Кейінгі бөлімде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ата-тегі, анасының Мұхаммедке жүкті болуы, туылуы, әкесінің ерте дүние салуы, ер жетуі сияқты оқиғаларға тоқталады. Содан кейін қарапайым, жақсы қасиеттерін баяндайды.

Ғасырлар бойы көпшілік, ислам ғұламалары Мәуліттің оқылуын бір ауыздан құптап келді. Арабша мәуліт кітабтарын көп ұлт өз тілінде жырлап, дәстүріне айналдырып та үлгерген. Қазақ тілінде де жазылған мәуліт кітабы жоқ емес, Құдайға шүкір, бірнеше түрі бар. Соның бірі – белгілі ғұлама Садуақас қажы Ғылмани жазған «Мәуліт» кітабы. Онда Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туғанынан дүние салғанға дейінгі өмірі шумақтардан тұратын өлеңге сыйған.  Мәуліттің кемінде бірнеше шумағын жаттап жүру – өткендердің өнегесі.

Сәдуақас Ғылмани:

Пайғамбарға махаббат, иманның асыл тірегі.
Есіл дертің сол үшін, бекісін нық боп жүрегің.
Жақсы көру белгісі – салауат айту әр мезгіл.
Құрметті затты ұлықтап, байлансын нық боп шын көңіл, – деп, әр кез салауат оқып жүру Мұхаммедті (с.ғ.с.) жақсы көргендіктің белгісі екенін насихатайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім бір нәрсені көп жақсы көрсе, оны көп айтатын болады», – дейді.

Алла Тағала «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Әлбетте, Алла да, Оның періштелері де пайғамбарға (Мұхаммедке) салауат (дұғасын) айтады. Ей, мүминдер! Сендер де Оған (Алла Елшісі Мұхаммедке) салауат және сәлем жолдаңдар», – деп бұйырады. Демек, Алланың Өзі де және періштелері де салауат айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Нағыз сараң – жанында атым аталған кезде, маған салауат оқымаған», – деген. Осы хадисті Ғылмани былай шумақтапты:

Пайғамбар айтқан сөзінде, өсиет қылып біз үшін.
Сараңның ең сараңы, естісе менен бір есім.
Салауат айтпай қалған жан, қор болар деген хадисте,
Мұндай ауыр зор сөзді, сақтау ғой парыз зор есте.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жіберілмегенде біз Ұлы Жаратушыны барлық кемел сипаттарымен танып, қатесіз түсіне алатын ба едік? Исламмен қауышпағанда, бізге жеткізбегенде, адал мен арамды, дүние мен ақыретті, тозақ пен жұмақты, адамдықтың асыл қасиеттері мен құндылықтарын, тура жолда жүруді кімнен үйренетін едік? Осының бәрін бізге таза күйінде үйреткен хазреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауат айту – Оған деген шексіз алғысымыз бен сүйіспеншілігіміздің рәмізі. Әнас (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады. Һәм он күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтерілмек», – дейді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Үш кісі қиямет күнінде менің жүзімді көрмейді: әке-шешесіне қарсы келген, менің сүннетімді тастаған, менім атым аталған кезде салаут айтпаған», – депті.

Бүгінде «мәуліт – бидағат» деп, оған жолағысы келмейтіндер жоқ емес. Мұсылмандардың білімін арттыруды көздейтін, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туғанынан қайтқан күніне дейінгі өмірбаянын насихаттайтын кітапты оқымау, бидғатқа балау надандық қой. Мәуліттің не екенін білмей, дүмшелікке салыну – бұл. Мінез-құлқы нашар адам ғана хадисте айтылғанындай, ата-анаға қарсы шығады, пайғамбар сүннетін орындамайды, салауат оқымайды.  

Бұрындары ата-бабаларымыз мәулітті жібермейтін, айдың келуіне орай сауабы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тисін деген ниетпен садақа тарататын, ас беріп, дастарқан жаятын, дастархан басында имам-молдалар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірі туралы шумақтар оқып, өнегелі ғұмырынан уағыздар айтатын. Мұны кейінгі жұрт христиандар Иса (ғ.с) пайғамбардың туылған күнінін тойлағандай, «Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күнін тойлау» дейтін болды. Әрине, тойдың тойдан айырмашылығы бар. Мұсылмандардың мәулітті атап өтуі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған айы мен күнін білуі, қунанышты күнмен бірін-бірі құттықтауы, бірлесіп салауат, салем және дұға оқуы, әрине, ислам шариғатының шеңберінде.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) мәулітін оқу барысында мұсылман көптеген ислами ілім мен мәдениетке қанық болады. Өйткені, Пайғамбар (с.ғ.с.) – Исламның пікірлері мен ережелерін өз бойында толық қалыптастырған жалғыз әрі жанды өрнек. Әлбетте, білім мен мәдениет – ақида, сенім, көркем мінез және үкімдерден құралады.

Әс-Сирий: «Кім пайғамбарымызға мәуліт оқылатын жерге (яғни, пайғамбарымыз туралы ғибратты әңгіме қозғалатын жерге) бет алса, жаннаттың бақшаларының біріне бет алыпты. Өйткені, ол жерге тек Алла Елшісін сүйгендіктен барады», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім мені сүйсе, менімен жаннатта бірге болады», –деген. Сондықтан мәуліт жиындарына қатысу – құптарлық іс! 

Әл-Хафиз әс-Суютидің пәтуә кітабында: «Мәуліт дұрыс. Өйткені, халықтың басы қосылады, қасиетті Құраннан аят оқылады, пайғамбарымыз туғанда болған оқиғалар мен пайғамбарлық туралы жеткен әңгімелер уағыздалады, ысырапқа жол берілмей дастархан жайылып, ас беріледі, пайғамбарымыз құрметтеледі, бірін-бірі құттықтасып қуанышпен таралады», – деген жолдар бар. Отанымызда да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығымен мәуліт айы обылыс, аудан және ауылдарға дейін атап өтілуде, Мұхаммедтің (с.ғ.у) үлгілі өнегелеріне арналған ғылыми-парактикалық босқосулар, шығармашылық бәйгелер ұйымдастырылып, мешіттерге жиналған жамағат салауат оқып, ғибраттар айтуда. Бұл Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Көп мұсылмандар бiр iстi жақсы деп санап жатса, ол iс Алланың құзырында да жақсы іс боп табылмақ», – дегеніне саяды. 

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру