МАРҚҰМНЫҢ ҚАБІРІНЕН ТОПЫРАҚ АЛЫП, БАСҚА ЖЕРГЕ БЕЙІТ ТҰРҒЫЗУ ҮКІМІ

24 шілде 2024 1171 0
Оқу режимі

 بسمم الله الرحمن الرحيم الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمن

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!  

Адам баласы тірі кезінде қандай құрметке ие болса, қайтыс болғаннан кейін де сол құрметтілігі сақталады. Алла Тағала Құранда:

وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ

«Расында, Біз Адам баласын ардақты еттік»[1], – дейді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

 كَسْرُ عَظْمِ المَيِّت ككَسْرِه حيًّا

«Өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең»[2]. 

Шариғат бойынша мәйіт қайтыс болған жерге жерленеді[3].

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 إذا قضَى اللَّهُ لعَبدٍ أن يموتَ بأرضٍ جعلَ لَهُ إليها حاجةً

«Егер Алла Тағала пенденің белгілі бір жерде жан тапсыруын қаласа, ол адамды бір қажеттілігіне байланысты сол жерге баруын жазып қояды»[4], – деген.

 Дегенмен қайтыс болған адамның денесі бұзылмайтын болса, туған жеріне немесе мәйіт иесі қалаған басқа жерге апарып жерлеуге болады[5].

Өйткені марқұмды туыстары мен бауырларының жатқан жеріне апарып жерлеу – мұстаһаб[6].

Ал жерленген мәйітті ешбір себепсіз қайта қазып алып, екінші бір жерге көшіріп жерлеуге шариғат тыйым салады[7].

Қайтыс болған адам туған жерден жырақта жерленген болса, марқұмның қабірін толықтай көшірместен қабірінен топырақ алып, туған жеріне немесе туыстары жерленген қабірстанға апарып, бейіт тұрғызу шариғатымызда келмеген. Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алыс жерлерде қайтыс болған сахабаларының рәміздік қабірі жасалмаған.  Кейбір аймақта рәміздік қабірді «тұрпаты» деп атайды. Қабір мәйітті арулап қоюмен ғана қабір болып саналады. Сондықтан шариғатымызда оның үстін басуға, отыруға, дәрет сындыруға тыйым салынған. Ал рәміздік қабір – мұндай құрметке ие бола алмайды.  

 ҮКІМ:  

 1. Мәйітті қайтыс болған жерінде жерлеген дұрыс. Егер денесі  бұзылмайтын болса, туған жеріне немесе мәйіт иесі қалаған басқа жерге апарып жерлеуге рұқсат.

2. Жерленген мәйітті ешбір себепсіз қайта қазып алып, екінші бір жерге көшіріп жерлеуге шариғат тыйым салады.

3. Марқұмның қабірінен топырақ алып, туған жеріне немесе туыстары жерленген қабірстанға апарып, қабір жасау дұрыс емес. Ол қабір болып саналмайды.  

 

 

[1] «Исра» сүресі, 70-аят.

[2] Ибн Мәжә, №1616. Әбу Дәуіт, №3207.

 [3] Радду әл-мухтар, 3/146.

[4] Термизи, №2147. Табарани, №706, 22/276. Хаким, №127. Хадистің дәрежесі сахих.

 [5] Фәтәуа Қадихан, 1/172.

[6] Құртуби, Тәзкира, 93-бет.

[7] Бірақ мынандай жағдайларда ғана мәйітті көшіруге рұқсат етіледі: 1)               жерленген жер біреудің меншігі болып, жер иесі мәйітті алып кетуді талап етсе;

2)               мәйіт жерленген жерге көпшілікке өте қажет болған құрылыс немесе жол салу жоспарланса;

3)               қабірге су астында қалу қаупі төнсе;

4)               мұсылман мәйіті өзге дін өкілдерінің зиратына жерленсе.  

 

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=1067

Дереккөз: пәтуа.кз

Пікірлер Кіру