МАХМҰТШЫЛАР

04 желтоқсан 2023 2153 0
Оқу режимі

Түрік жамағаттарының арасында қолдаушылары көп болмаса да, белсенді жамағаттардың бірі, Ыстамбул қаласында шоғырланған – «махмұтшы» («Исмаил аға») жамағаты. Жамағаттың атауы ханафи мәзһабын ұстанушы, Нақшбанди-мужаддиди тариқатындағы «Халидия» тармағының жетекшісі шейх Махмұт Уста Османұлы әл-Уфиден (1929-2022) алынған.

1945 жылы Махмұт эфенди шариғат ілімдері бойынша ижизаға (куәлікке) ие болып, туған ауылындағы мешітке имам болады әрі ұстаздық қызметін атқарады. 1952 жылы төрт мәзһабтың мүфтиі шейх Али Хайдар Ахисхауидің муриды атанады. 1954-1996 жылдар аралығында Ыстамбул қаласындағы «Исмаил аға» мешітінің имамы болып қызмет етеді. Махмұт эфендидің «Тафсир Рухул Фұрқан», «Үгіт-насихаттар», «Иршадул муршидин», «Рисалә Құдсия шархы» секілді бірнеше кітаптары бар.

Бүгінде олар ішінара бірнеше топтарға бөліну үстінде. Жамағаттың кейінгі буын шәкірттерінде діни фанатизм белгілері айқын байқалады.

«Исмаил аға» жамағаты ұзын сақал қоюды, жеңі кең шапан (жубба), кең шалбар және сәлде кигенді міндетті деп санайды. Әйелдер жамағаты үстіне «чаршаф» атты кең, қара түсті көйлек киіп, көп жағдайда беттерін бүркеп алады.

Олар діни білімді тек өздерінің баспасынан шыққан кітаптармен оқиды. Оқу процесі ескі османдық жүйеде жабық пансиондарда жүргізіледі. Бүгінде қазақстандық махмұтшы жамағаты өз балаларын және ізбасарларын барынша Түркиядағы сондай пансиондарда оқытуға тырысады. Балаларын еліміздің ресми діни оқу орындарына бермегенді жөн көреді.

Сонымен қатар, діни қағидаттар мен өз ережелерін барынша қатаң ұстануға, өз көсемдерінің пәтуалары мен насихаттарын бұлжытпай орындауға ұмтылады. Жамағат өкілдері әлемнің қай жерінде болса да, бір-бірімен байланыс орнатып, жүйелі жұмыс жасайды.

 

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі

 

Дереккөз: ҚМДБ Діни оңалту бөлімі

Пікірлер Кіру