Кімдермен үйленуге болмайды?

27 қаңтар 2020 16809 0
Оқу режимі

Отау құрар жастар үйленуді бір күндік мереке деп түсінбей, қасиетті шаңырақтың құдіретін танып, өмірлік маңызды қадам жасамас бұрын алдын ала дайындалуы қажет. Себебі, отбасылық өмір адамның жас шағынан дәм-тұзы таусылар уақыт аралығын қамтитын маңызды ғұмырлық өлшем. Бірде күрделі, бірде қоңыр салқын, енді бірде аспаны ашық болатын осы ұзақ жылдарды әркім-ақ жайлы жармен өткізуді көксейді. Жар таңдауда да жаңылысып, бармақ тістейтіндер көп. Сондықтан кез келген адам өмірлік серікті таңдауда мына мәселелерді білуі керек.

КІМДЕРМЕН ҮЙЛЕНУГЕ БОЛМАЙДЫ?

Үйленуге шешім қабылдаған мұсылман кімдермен үйленуге болмайтынын жақсы білгені дұрыс. Әйтпесе, үлкен қателікке ұрынары сөзсіз. Сондықтан бұны жастарымыздың есіне сала кетуді жөн көріп отырмыз. Ислам діні бойынша ер азаматтың некелесуіне болмайтын әйелдер мына екі топта қарастырылады: 1. Мәңгілік харам болған әйелдер;   2. Уақытша харам болған әйелдер.

1. Мәңгілік харам болған әйелдер

Ер азаматтың үйленуіне тыйым салынған, ол үшін үйлену тұрғысынан мәңгілікке харам саналатын әйелдер қан жағынан, сүт ему жолымен және отау құру себебімен үшке бөлінеді. Бұл Құранда былай айтылған:

«Сендерге өз аналарыңмен, туған қыздарыңмен, әпке-қарындастарыңмен, әкелеріңнің әпке-қарындастарымен, аналарыңның әпке-сіңлілерімен, туған бауырларыңның қыздарымен, әпке-қарындастарыңның қыздарымен, сүт аналарыңмен, емшектес әпке-қарындастарыңмен, қайын енелеріңмен және жақындасып қойған әйелдеріңнен туған қолдарыңдағы өгей қыздарыңмен некелесу харам етілді. Ал жақындаспай тұрып ажырасып кеткен әйелдеріңнің қыздарына үйленсеңдер күнә болмайды. Сондай-ақ, сендер үшін бел балаларыңның жұбайларына үйлену, һәм апалы-сіңілі екі қызды бірдей әйелдікке алу харам етілді. Ал бұдан бұрын (надандық дәуірінде) болған іс болды. Расында, Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді»[1].

Енді осы аятта айтылғандарды жеке-жеке қарастырайық:

а. Қан жолымен харам болғандар Аналары: өзінің туған анасы, әжелері. Қыздары: туған қыздары, немерелері, шөберелері. Бауырлары: туған бауырлары, бір әкеден немесе бір анадан туған бауырлары. Әке жағынан әпке-қарындастары: әкесінің немесе атасының туған әпкелері мен қарындастары. Нағашы әпке-қарындастары: анасының немесе әжелерінің қыз бауырлары. Бауырларының қыздары: өзінің туған бауырларының қыздары.

ә. Сүт ему жолымен харам болғандар Ер жігіт сүт анасымен және оның қыздарымен үйлене алмайды. Сондай-ақ қыз балаға да сүт анасының ұлымен тұрмыс құруына рұқсат жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай деген:

«Қан жолымен харам болғандар сүт жолымен де харам болады»[2].

Яғни кісіге немере қызымен, әпкесімен, нағашы әпкесімен, бауырларының қыздарымен үйленуінің харам болғаны сияқты сүт бауырларымен, сүт әке-шешесінің бауырларымен, сүт бауырларының балаларымен үйлену де харам саналады. Сүт ему жолымен харам болу үкімі нақтылануы үшін сүт емудің сәби шақта іске асуы керек. Имам Ағзамның көзқарасы бойынша, сүт еметін сәби шақ екі жарым жыл деп есептеледі. Сүт бала болу үшін осы уақыт аралығында бір мәрте болса да тойып ему жеткілікті. Яғни сәби екі жарым жасына дейін ең азы бір мәрте басқа ананың сүтін тойып емсе, сол ана мен оның күйеуі сәбидің сүт әке-шешесі саналып, олардың балалары мен бауырлары сәбидің сүт бауырлары санатына енеді.

б. Отау құру нәтижесінде пайда болған харамдық

1. Қайын аналар: ер азамат қайын аналары, қайын әжелеріне үйлене алмайды.

2. Өгей қыздары: әйелінің бұрынғы күйеуінен тапқан қыздарымен де үйленуіне тыйым салынған. (Ер кісі мен әйелдің некесі қиылған, бірақ төсек қатынасы болмай тұрып ажырасып кетсе, онда өгей қызына үйленуіне рұқсат)

3. Келіндер: ұлдары мен немерелерінің әйелдеріне үйленуге болмайды.

4. Өгей аналары: өгей аналарымен де мәңгілікке үйленуге болмайды. Міне, осы жоғарыдағы топтарда айтылғандар мәңгілікке бір-біріне үйленбеуіне шешім шығарылғандар. Ал енді бір-біріне үйленуі уақытша харам болғандарды қарастырайық.

2. Үйленуі уақытша харам болған әйелдер

а. Әйелінің әпке-сіңлілері: ер азаматқа балдызда- рымен, қайын апаларымен үйленуіне рұқсат жоқ. Бірақ әйелімен ажырасып кетсе немесе әйелі көз жұмса рұқсат етіледі.

ә. Әйелінің нағашы әпкелері және әйелінің әпке-қарындастарының қыздары: Ер азаматқа бұлармен де үйленуге болмайды. Бірақ жоғарыдағы жағдайдағыдай әйелімен ажырасса немесе әйелі өмірден озса, аталмыш әйелдермен үйленуіне шек қойылмайды.

б. Кез келген некелі әйел: біреудің некесіндегі әйел күйеуімен ажырасса немесе күйеуі қайтыс болса ғана басқа кісі оны әйелдікке ала алады.

в. Мүшрік әйел: мүшрік әйел тәубе етіп, Исламды қабылдаса, онымен некелесуге рұқсат бар.

г. Өзінің үш рет талақ айтып, ажырасқан әйелі: Егер ер кісі өз әйелімен үш рет талақ айтып ажырасса, онда әйелі басқа ер кісімен некесін қидырып, сосын қайта ажыраспайынша, өз күйеуіне қосыла алмайды.

 


[1] «Ниса» сүресі, 23-аят.
[2] Бұхари, Шәһәдәт, 7

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру