КЕҢШІЛІК ТЫШХАНҰЛЫ: СЕНІМ СЕТІНЕМЕУ КЕРЕК

30 қыркүйек 2024 906 0
Оқу режимі

Қазір Абай мен Шәкәрімнің діни көзқарасы хақында сауал аз емес. Осы орайда белгілі дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тиышханұлымен бабаларымыздың діннің кейбір доктриналарына көзқарасы, дінаралық диалог, оның біріктірушілік қасиеті және дербес тұлғаның діни құндылықтарды қабылдау кезіндегі ұстанымы тақырыбында әңгіме өрбіттік.

– Діни мәтіндердің танымдық тамырына үңілу үшін арнаулы герменевтикалық талдаудың жа­са­латыны белгілі. Осы зерт­теу­дің әдіс-тәсілі мен маңызды­лығын атап көрсетіңізші.

– Құранның ішінде үкім негі­зіндегі және ақыл-оймен сараптап танылатын метафоралық аяттар бар. Олар әр кезеңде әртүрлі түсіндіріледі, дәуір дидарына сай жаңа мазмұнға ие болады. Діннің негізгі мақсаты да – ой жүгірту арқылы адамды құдайға жақындату. «Адаспай тура іздеген хакімдер болмағанда дүние ойран болар еді», дейді Абай. Ал, хакім деген кім? Ол – әр нәрсенің астарын, яғни хикметін іздеуші. Мәселен, айтылған сөздің хикметі не? Жаратылған әлемнің хикметі не? Қылып жатқан қызметтің хикметі не? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін «тәпсір» мен «тәуил» әдістері пайдаланылады.

Аталып отырған екі ұғым гер­меневтиканың, яғни түсіну тео­риясының екі жолы. Бірақ екеуі де «түсіндіру, тарқату» мағынасын

үстегенімен, «тәуил» мәтіннен мета­форалық мәнді іздеуге тырысады. Құранның ішкі сырына үңілуге шақырады. Бұған адам жүрек көзі ашылған соң, Абай айтатын «нұрлы ақылмен» қол жеткізеді. Ондай жанның аузы дуалы, сөзі уәлі болады. Сәйкесінше қоғам да илаһи ілім иесіне иланып, жолына түседі. Абайдың: «Құран рас, Алланың сөзі-дүр ол, тәуилін білерлік ғылы­мың шақ» деген сөзінен оның тәп­сірден гөрі тәуил әдісін көбірек құптағанын байқай аламыз. Себебі оның астарында хикметке үңілу жатыр, ол сезімге сүйенеді. Ал тәпсір рационалды ойлау жүйесіне иек артады. Айталық Құранның бір аятын тәпсірлейтін жүзден астам кітап болуы мүмкін. Бұл нәрсе ақиқатқа жетем деген адамдар үшін – ұзақ жол. Солардың барлығын оқу кезінде адам негізгі бағытынан жаңылып қалуы ықтимал. Артынша осы ізде­нісі оны адасушылыққа апарып, артынан күпірлікке әкеліп соғады. Абайдың айтатын «мұтақалламин, мантиқин бекер босқа езе-дүр» деген сөзі жоғарыдағы ойымызға сәуле түсіреді.

– Буквализм бүлігі осыдан келіп шығады ғой?

– Мынаны ескеру керек, тәпсір әдісін мүлде теріске шығаруға болмайды. Оның да қажетті тұстары бар. Мәселе тәпсірдің қандай болуында. Шәкәрім қажы: «Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне, дін десе тұра қашты есті азамат» дейді. Жалпы жеке тұлғаның діни фанатизмге түсіп қалуы эмоционалды әсерге көбірек бой алдыруынан болады. Ондай кезде адам «таза ақылға» жүгінуі керек. Хакімдердің ізімен әр нәрсенің түпкі мәнін білуге ұмтылғанда біржақты пікірге ұрынбайды. Жастар ол деңгейге қалай жетеміз деп сұраса, ілгерідегі ізгілердің яғни, қазақ даласында өткен әулиелер мен ахун-ишандардың, ағартушылар мен ойшылдардың өміріне үңілу керек деп кеңес беремін.

– Мұсылман қауымына «айып» ретінде тағылатын тағ­дыр­шылдық түсінігі мен ерік-бостандық ұғымдарының діни этикадағы көрінісі қандай?

– Адам баласы тағдырдан шыға алмайды. Бірақ жауапкершіліктен де ешқашан құтыла алмайды. Әйтпегенде құдайдың бұйрығы о дүние, сый, жаза сияқты ұғым­дар­дың ешқандай мәні болмасы хақ. Бұл түсінік исламда «фаталистік» көзқарастың жоқ екендігін дәлел­деуге жеткілікті тәрізді. Адам баласы әрқашан да жасалған жаман әрекеттерді өзінің мойнына алудан қашқақтайды. Бұл оның болмысында бар нәрсе.

– Мысал келтіріңізші?

– Айталық, оқушы мұғалімнен жақсы баға алса оны өзінің күшімен алғандығын, ал жаман баға алып қалса, оны мұғалім қойғандығын айтады. Адам баласы да құдай алдында осы мұғалім мен оқушы бала тәрізді. Алайда жаман бағаны берген мұғалім емес, алған оқушының өзі ғой. Тағдыр алдын-ала жазылады. Алайда оның жазылуы діни наным бойынша, құдайдың ілімінің абсолютті болуынан, яғни құдай ол адам баласының не істейтіндігін алдын-ала білетіндіктен жазып қояды. Әйтпесе адам сол жазылған үкіммен жүреді деген сөз емес. Олай болса әрбір адам құдай алдындағы жауапкершіліктен құтыла алмайды.

– Мәдениеттер арасындағы діннің біріктірушілік құнды­лығына тоқталсаңыз?

– Иә, діннің ішінде бөлінушілікке себеп болатын бірнеше концеп­туалды тезис бар. Иудейлер өзін құдайдың сүйіктілері санай­ды, мұсылмандар өзін тура жолдамыз дейді, христиандар құтқары­лушылармыз деп есептейді. Бірақ:

«Жардың шашы сансыз көп,

Ол санауға келмей тұр.

Анық нұры осы деп,

Әркім бір тал ұстап жүр»,

деп Шәкәрім айтқандайын бәрі құдайды іздеп жүр. Бірақ бар­лығының негізгі мақсаты – болмыс бірлігіне ұмтылу. Тағы да Шәкәрімге жүгінеміз. Ол айтады:

«Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бөліп, дұшпандық қару жасар.

Інжіл, Құран – бəрі айтып тұрса-дағы,

Мағынасынан адасып қара басар».

Менің тұжырымдауымша, адам санасы кемелденген кезде, ол «мен», «сен» деген емес, «біз» де­ген концепцияға жұмыс жасайды. Ондай жағдайда «жер шары – біздікі», «бұл әлем – бізге аманат» деген түсінік қалыптасады. Сол кезде баяғы жікшілдіктің құр эмоция екендігі түсінікті болады. Қазір дінаралық диалог жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда бұл келісімдердің адамзаттың рухани өміріне оң әсерін тигізіп жатқанын тәжірибе көрсетіп жатыр.

Кейде ойлаймын, қанша жылдан бері үзілмей келе жатқан қантөгіс пен материалдық игілікке таласудан да адамзат шаршайтын күн келеді деп. Сол кезде «Өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін желке теріміз құрысқан» (Асан қайғы) бөлінушілік пен қырғи қабақтығымыз кәмпитке таласқан баланың әрекетіндей нәрсе ғана екенін түсінетін боламыз, бәлкім. Бастысы сенім сетінемеу керек. Өйткені ақыл-ой арналарының барлығы татулыққа апарады. Ал бұл – абсолютті шындық.

– Айтқаныңыз келсін!

 

Әңгімелескен –

Абзал МАҚАШ,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: Егемен Қазақстан газеті

Пікірлер Кіру