ИСЛАМ ЛАҢКЕСТІКТІ ҚОЛДАМАЙДЫ

27 наурыз 2024 1575 0
Оқу режимі

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де Қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай деді:

«Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Сондай-ақ кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады. ...» («әл-Мәида» сүресі, 32 аят).

Бұл аяттан Алла Тағаланың алдында барлық жандар жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, ұлты мен нәсіліне қарамастан тең екенін көруге болады. Сол себепті Ислам діні бойынша адамды өлтіру – ауыр күнәлардың бірі болып табылады.

Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді:

«(Қияметте) Ең бірінші қазылық қантөгіс жасағандарға жүргізіледі».

Әлемнің кейбір елдерінде орын алып жатқан оқиғаларды көріп адамдар қателесіп мұсылмандарды лаңкестермен байланыстырады. Шын мәнінде асыл дініміз жаратылыстың кез келген түрін жоғары бағалайтыны соншалық, адам баласын ғана емес, жан-жануарларды, тіпті жәндіктерге зиян тигізуге тыйым салады.

Ардақты пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде жалғыз өзі сапарда қатты шөлдеп келе жатқан кісінің құдыққа кез болып, ішіне түсіп су ішіп, шөлін қандырып, қайта шыққанында, шөл қысқаннан ылғалды топырақты жалап тұрған итті көргендігін, сосын «Менің басыма келген жағдай бұның басында да бар ғой!» – деп, құдыққа қайта түсіп, аяқ киімін суға толтырып алып шығып, итке су беріп, шөлін қандырғанын, оның бұл ісіне Алла Тағала разы болып, күнәларын кешіргендігін жеткізді. Сондай-ақ, бір мысықты байлап қойып, аштан өлтірген әйелдің тозаққа түскендігі де риуаят етіледі.

Исламның өсиеттеріне қайшы лаңкестер өз әрекеттерімен дінаралық араздықты қоздырады. Діни ұрандардың артына тығылып, қасиетті дінді қорлай отырып, барлық адамзатқа, ұлтына, дініне қарамайтын үлкен қасірет әкеледі. Нәтижесінде әртүрлі діндер қатар бейбіт өмір сүретін қоғамға келіспеушілік әкеледі.

Алла Тағала адамдарды бейбітшілік пен татулыққа шақырса, лаңкестер,

керісінше, бұзғыншылықты жақтайды. Неліктен? Өйткені белгілі бір саяси топтардың дінді бүркемелеу арқылы жасайтын лас істерін кейбірі білсе, кейбірі білмейді. Нағыз діннің жолы осы екен деп түсінеді. Лаңкестік әрекеттерді ұйымдастырушылар өздерін кінәлі санамайды және әрқашан өздерінің дұрыс екенін дәлелдеуге тырысады.

Тақуалыққа бой алдырып, Жаратушыға мойынұсынған пенде адамдардың жанына қиянат жасамайды. Бейкүнә жандарға, балалар мен әйелдерге қарсы қару көтермейді. Өзіңді де өзгені де құртуға шақыратын бұл қандай дін? Біз мұндай дінді білмейміз!

Ислам діні бойынша өзіңе де өзгеге де зиян тигізуге тыйым салынған. Бізден шынайы мұсылман кім деп сұраған кезде, Алла елшісінің (с.ғ.с) «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген адам» деген хадисін келтіреміз.

Ислам мен лаңкестік – мүлдем қарама-қарсы ұғымдар. Алла Тағала бейбітшілік пен жақсылық, әділдік құруды және адамдар арасындағы келісімге ұмтылуды бұйырады. Ал, терроризмнің мақсаты – зорлық-зомбылық, кісі өлтіру, қоғамды үркіту және т.б.

Лаңкестерге, оларға көмектесетіндерге, соңынан ергендерге ешқандай ақтау жоқ!

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге әрқашан үлгі. Ол Меккеде тұрған кезінде қала тұрғындарының қорлауын, адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынасын бастан кешірді. Бірақ, Алла елшісі (с.ғ.с.) әрқашан даналық пен шыдамдылық танытты. Тіпті, Меккеге үлкен күшпен оралған кезде де кешірімділік танытып, еркіндік берді.

Мәдинаға қоныс аударған пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ортақ құндылықтар негізінде бір-біріне деген өшпенділік пен ашуды жеңе білген көпұлтты, көпконфессиялы қоғам құра білді.

Алла елімізді, жерімізді лаңкестік әрекеттерден сақтасын деп тілейміз. Әмин!   

Қабдысалым Рахымқазы                                                                    

Пікірлер Кіру