ИСЛАМ АРҚЫЛЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ТАРИХИ ТӘЖІРИБЕСІ БАР ХАЛЫҚПЫЗ

13 маусым 2024 1639 0
Оқу режимі

Қазір қоғамда діни ахуал әлі де өзекті. Кері ағымдағы кейбір ұйымдар дәстүрлі дінді ұстанып жүрген азаматтарға ғана емес, мемлекеттің тұтастығына да кері әсер етіп жатқаны жасырын емес. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан әр азаматтың сеніміне құрметпен қарайды. Десе де, қазақи танымдағы дін жолына біраз нұқсан келіп, ел арасындағы ауызбіршілік пен татулыққа сына түскен жылдар мен оқиғалар болды. Сол себепті, ел арасында тұрақтылық пен бейбітшілік өте маңызды. Осы орайда, біз қоғамдағы дәстүрлі діннің кешегі мен бүгіні жайында елімізге белгілі мәдениеттанушы, философия ғылымының докторы Досай Кенжетаймен сұхбаттасқан болатынбыз. 

– Досай Тұрсынбайұлы, қазақ халқы қаншама тарихты бастан кешірген ұлт. Оның ішінде соғыстан қырылғаны да бар, ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен зардап шегіп, көз жұмғандары қаншама. Сіздің осы ақтаңдақтарды ақтау бойынша комиссия тобының құрамында болып, біршама зерттеулер жүргізгеніңізді білеміз. 31 мамыр айтулы дата өтіп кетті. Дегенмен, тарихта болған оқиғаларды тек сол күндері ғана еске алу керек деген қағида мен заң еш жерге жазылмаған. Комиссияның құрамында кімдер болды, қандай жұмыстар атқардыңыздар, сол туралы айтып берсеңіз.

– Иә, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен жер-жерде ақтаңдақтарды ақтау жұмыстары басталып кетті, біздің аймақтан он бір топ құрылды. Аталған топта жұмыс істеп жатқанымызға бір жылдан асты. Топтың ішінде дін тақырыбын зерттеу де кірді. Әрине, діни тақырып болғандықтан теологтар мен дінтанушылар, философ пен тарихшылар топтың зерттеу жұмыстарына белсене қатысты. Біз ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдары қуғын көрген діни қайраткерлердің есімдерін анықтауға тырыстық. Топта бір топ ғалым профессор Бақытжан Сатершинов, Юлия Шаповал, Рахым Бекназаровтар да еңбек етті. Жалпы, қудалауға түскен тұлғаларды еске алуды бір ғана күнмен шектеп қоюға болмайды. Олардың есімдері кейінгі ұрпақтың санасы мен жүрегінен ешқашан өшпеу керек. Ауыр азапты бастан кешірген дін ғұламаларына деген құрмет сезімі жоғары болғанда ғана біз өткеннен тағылымды сабақ алып, болашағымызды дұрыс бағдарлай аламыз. 

Қазіргі жастар қазақ тарихында қаншама ақтаңдақтар өткенін, рухани қазынаны құнттап, оның мәйегін сақтау жолында құрбан болған ата-бабалардың ерлігін зейініне тоқып өсуі тиіс. Осы ретте ескерусіз қалған кешегі тұлғалардың аты-жөнін танытқанда ғана сабақтастық қайта жалғасады. Яғни Исламның тамыры тереңге жайылып, ұлттық сана мен дүниетанымымызға нәр берген. Кеңес үкіметі кезіндегі атеистік көзқарастан жапа шеккен діни тұлғаларды ақтау арқылы біздер өз парызымызды орындаған болып саналамыз. Мемлекет басшысы да осы парызды мақсат тұтады. Қазіргі таңда архивтерден жазбаша құжаттар, мәліметтер іздестіріп, тауып жатырмыз. Ақталмай қалған дін қызметкерлерін ақтап, олар туралы деректер жинастырып, ғылыми айналымға енгізу мақсатқа айналды. Жұмыс тобы айта кетейін, мыңға жуық дін қайраткерлерін анықтады және біз жұмысымызды тиімді ете түсу үшін түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдерге қатыстық. 

– Түркістан өлкесінен діни сенімі бойынша қудаланғандар туралы зерттеуіңізді толығырақ тарқатсаңыз.

– Жалпы, өткен ғасырдың 20-50-ші жылдары Орта Азия елдерін түгелге жуық шарпыған қуғындау саясатының өзегінде дінге деген жаулық, дұшпандық ниет жатыр. Осы кезеңде болған кез келген оқиғаның астарына үңілген кезде діни мотивтің бірінші тұратынын көресіз. Кеңес өкіметі кезінде қоғамдық өмірдегі исламның ықпалын әлсірету саясаты қорлау мен жәбірлеу, қарапайым халық пен дін өкілдерінің дәстүрлі құндылықтарын қорғау жолындағы талпынысы қатігездікпен, күшпен басып жанышталды. Атеистік саясатты орнықтыру жантүршігерлік зорлық-зомбылық тәсілдерімен жүргізілді, уақыптар жүйесін жою, мешіттерді тартып алып, басқа мекемелерге беру, медреселерді жабу, имамдар мен ишан, ахундарды репрессияға алу арқылы жүзеге асты. Діни кітаптар өртелді, тәркіленді. Медреселердің функциясы мал қораға, базарға, конторға т.б. ауыстырылды. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап тек мұсылман дін иелері ғана емес, сондай-ақ басқа да діннің өкілдері жаппай қуғын-сүргіннің қармағына ілікті. Әсіресе 37-ші жылдары дінге қарсылық сұмдық күшейіп кетті. Сол кездегі дін өкілдері қудалауға ұшырап, ату жазасына немесе түрмеге қамалды. Осы кезеңде діндарлар «тап жаулары», «халық жаулары», «қауіпті антисоветтік элемент», «зиянкес», «салықтан бас тартушы», «банды», «шайка», «басмашы», «бандит», «бүлікші», «ағылшын тыңшысы», «шпион», «контра», «саботаж», «кеңестік билікке қарсы үгіт-насихатшы», «діни әдебиет таратушы», «түрікшіл» (пантюркист), «исламшыл» (панисламист) және т.б. жапсырмалармен айыпталды. Қазақстанда мұсылман қауымына қарсы «Сопы операциясы», «Ишандар ісі», «Құран тізбегі», «Еділ-Орал операциясы» тәрізді арнайы ұйымдастырылған шаралар ұйымдастырылды. Кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырылған көтерілістерінің саны 380-ге жуықтайды. Осы бас көтерулердің бәрінің рухани көшбасшысы – діни ғұламалар, ишандар мен молдалар. Солардың ішіндегі 1929-30 жылдары болған «Созақ көтерілісі» ең маңызды құбылыс болатын. Оны Сұлтанбек Шолақов бастаған екен. Осы көтеріліске қатысқандар ақ кебін киіп, маңдайларына «Алла» деген жазуды жазып, жауға шауыпты. Ал Қазалыда болған көтерілісті Ақұдайлар деп атаған. Жалпы, дінге қарсы репрессия үш бағытта жүргізілген, яғни молда, ишан, дін ғұламаларын қуғындап, ал ал діни орындарды, мешіт, медресе, кесен, қорымдарды бұзып, басқа тұрмыстық мақсатқа берген. Үшінші, діни кітаптарды, қасиетті қолжазбаларды өртеп, тәркілеген. Түпкі мақсаттары халықты салт-санасынан, дінінен айырғысы келген. Бүгінгі жалпы саны дін құбылысына қатысты зардап шеккендер саны қолға түскен ақпараттар негізінде 20 000-35 000 деп болжанып отыр. Егер осы сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы жалғасын табар болса, дін құбылысына қатысты деректер ашыла түспек.

– Олардың ұрпақтары арамызда бар ма? Байланыса алдыңыз ба? 

– Иә, қуғын-сүргінге ұшыраған діни қайраткерлердің ұрпақтары арамызда бар. Мәселен, солардың бірі ретінде Құрбанәлі ишан Бақиболлаұлын айтсақ болады. Оның атасы – Шаян медресесінде бүкіл Түркістан өңіріне діни-рухани тәрбие берген Аппақ қожа Сейдахметұлы. Аппақ қожа өзінің ұлдарымен бірге жазаға тартылып, ол кісі Павлодар түрмесінде 67 жасында қайтыс болған. Соның ішінде Бақиболла Аппақишанұлының үстіне сол кездегі Қылмыстық Кодекспен бап іліп, антисовет болғаны үшін еңбекпен түзеу лагеріне жөнелткен. Түркістан жері Шаян елді мекенінде Бақиболланың ұлы Құрбанәлі дүниеге келеді. Ол Өзбекстаннан діни білім алып, кейіннен Бұхараға аттанады. Ол жерде де араб тілінен білімін дамытып, сабақ берген. Оның «YouTube»-тан көптеген сабақтарын көрсеңіз болады. Қазіргі кезде қазақ топырағындағы Қожа Ахмет Ясауидің хикмет ілімінен нәр алған сопылық жолдың құндылықтарын кеңінен насихаттап келеді. Атасы Аппақ ишанның рухани тағылымдарын қайта жаңғырту жолында маңызды еңбектер атқарды. Ол осыдан сегіз жыл бұрын яғни 2014 жылы Бәйдібек ауданы, Шаян жерінде Аппақ ишанның 150 жылдығына арнап үлкен ас берді. Сонымен қатар Қазақстандағы көрнекті ғалымдардың басын қосып, үлкен конференция ұйымдастырды. 

– Біздің Түркістан өлкесінде сол қуғын-сүргін жылдары өмір сүрген, жалпы дін жолында атақты имамдар мен ғұламалардың еңбектері сақталған ба?

– Қуғын-сүргінге ұшыраған дін ғұламаларының басым бөлігін Түркістан өңірінен шыққан тұлғалар құрайды. Әбдіжәлилов Ғаниқожа, Әзімбаев Нарымбек, Айдақараев Қоныс, Айтқожаев Қарақожа, Әкімов Сүлеймен, Аманқұлов Әшірбек, Әшіров Данияр, Байғанаев Ноғай, Бекбаев Асанмолла, Бекжанов Әтем т.б. тізе берсек мұндай ишан-молдалардың тізбегі тоқтамайды. Олардың көбісі Өзбекстандағы «Көкілташ» пен «Мир-араб» медреселерінде тәлім-тәрбие алған, сонда он екі пән ілімін меңгерген тұлғалар. Сондай-ақ, Түркістан өңіріндегі Қарнақ және Шаян медреселерінен де оқып шыққандары болған. Олардың ішіндегі жаңа айтып өткен Аппақ ишан ең атақтысы еді. Оның екі әйелінен бес ұлы бар. Айта кетейін, осы Аппақ Ишан Сүлеймен Сегізбаев, Шәді Жәңгірұлы сынды ғұлама шәкірттер тәрбиелеп шығарған. Шәді Жәңгірұлының «Назым сияр шариф», «Ахуал қиямет» еңбектері қазақ топырағына кең тараған. Ал жалпы, олардың өз еңбектері сақтала қоймаған. Мұның себебі түсінікті де. Қуғын-сүргін кезінде көбісін тәркілеп алып кеткен немесе өртеп жіберген. Олардың ұрпақтары сандықтың түбінде сақталған қолжазба мен кітаптардың көбісін шарасыздан жасыруға, жерге көміп тастауға мәжбүр болған. 

– Кеңес кезінде діни сенімдегі азаматтар сол кездегі жүйеге соншалықты қауіпті болған ба әлде басқалай да себептері болды ма?

– Әрине, қауіпті болған деп айтуға болады. Кеңестік жүйе атеизмге негізделді, сондықтан олар өздерінің құндылықтарын қорғау үшін, сақтау үшін күресті. Кеңес өкіметі өз мақсатын жүзеге асыру үшін оларды түгелдей жойып жіберуді жөн санады. Мұрағат деректеріне үңілсек, Кеңес билігінің жалпы ислам дініне деген көзқарасы біркелкі болмағанын байқайсың. Бір ұрпақтың өмірін қамтыған уақытта адамдардың жан-дүниесі өзгеріске ұшырап, сана тұрғысынан  дүниетаным мен рухани қағиадалардың жаңа жүйесі пайда болып, орныға бастады. 

Төл мәдениетіміз бен дінге, рулық ұжымдық шаруашылыққа негізделген қазақтардың тұрмысының эволюциялық жолмен емес, революциялық өктемдікпен жүзеге асырылуы болмысымзға күнделікті қалыптасқан әдетімізге үлкен қиянат әкелді. Халықтың өзіндік болмысы тілі мен дінінде көрініс табатынын ескерсек, Кеңестік биліктің осы екеуінен айыру арқылы ұлттық идентификацияны жойып, жаңа ұлт жасауға тырысқанын байқар едік. 

– Қуғын-сүргін, ашаршылық, соғыс, жалпы ел басына зобалаң және нәубет жылдар орнамағанда осы қудаланған азаматтар қазақ қоғамына қандай үлес қосар еді деп ойлайсыз? 

– Олардың бәрі де қазақ халқының рухани дамуына үлкен үлес қосқан болар еді деп ойлаймын. Себебі, 1920-1950 жылдардағы Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясаты тарихи тамырластық пен сабақтастықты үзіп тастады. Егер бұл сабақтастық үзілмегенде, қазіргі Қазақстандағы діни-рухани жағдайды мүлдем басқаша кейіпте елестетуге болар еді. 

– Қазір қоғамда әсіресе әлеуметтік желілерді байқасаңыз, «діни сенім артқа тартады, одан да ғылым-білімді дамытып, тойшылдығымызды тыйып, азайтайық» деген пікірлер жиі айтылып қалып жүр. Оған қоса, жуырда мектеп жасындағы оқушы қыздардың орамал тағуы да жұртшылық арасында біраз дау-дамай болды. Бұған не айтасыз? 

– Бұл мәселе БАҚ беттерінде де, діни басқарма тарапынан да айтылып, жазылып келеді. Дегенмен, көпшілікке әсіресе адамдардың санасына толық әсер ете қоймаған. Осының себебіне үңіліп көрсек, дәл осы тақырыпты кейбір БАҚ әдейі үдететін сияқты яғни арнайы тапсырыс болуы әбден ықтимал. Әрине, түпкі мақсаты халық арасында іріткі туғызу, тұрақтылықты шайқау. Сонымен қатар, орамалды сылтауратып гендерлік саясатқа діни сипаттарды да таңып, дайындық жасап жатқандай.  Яғни хиджап қоғамда дүрбелең туғызудың таптырмас құралы. Арам пиғылдыларға жем болмас үшін Қазақстан өзінің демократияға негізделген зайырлы ұстанымын, мемлекет пен діннің қатынасы қандай, мазмұны мен идеясын кез келген азаматтарға түсінікті етіп насихаттау жұмыстарын жүргізуі қажет және осы жұмыстар жетіспей жатыр. Небары алты жастағы қызды тұмшалап, сыныптағы оқушылардан ерекшелеу дін және заң тұрғысынан да қарсы құпталмайтын іс. Мұны әрине балаға ата-ана жасап отыр әрі мемлекеттің зайырлы заңдарын мойындамауы да жатыр. 

Қазақ халқы ислам жолымен сусындап, болмысын, ұлттығын, дәстүрін қалаған халық. Кеше, бүгін мұсылман бола салған жоқ. Бүгінгі қоғамдағы неосәлафилік тенденция қазақилықты мансұқтап, дін ұстанушыларды жік-жікке бөліп, араздастыруға себепші болып отыр. Яғни отбасы ұғымын зайырлы ортадан бөлектеп, қоғам мен заң талаптарын елемей, заман мен қазіргі уақытқа ілеспей өздерінше басқаша сипатта жүр. 

Ол – ол ма, хиджаптың астарында ұлттың басқаша болып, дәстүрдің ревизияға ұшырауы, ділдің әлсіреу қасіреті де жатыр. Ана – қазақ үшін мәдениет пен салт-сананың, отбасының ұйытқысы. Уахабби танымындағы қыздар арабтың салтымен де адасып жатыр. Ол кешегі кеңестік идеологиядан да асып түсіп түспесе кем емес зияны бар. Мәселен туысқандар қарындасының үйіне барса кіре алмайтын жағдайға жетеді. Себебі, үйде күйеуі жоқ, керек десеңіз уақыт өте келе жеті ата деген ұғым да қалып кетеді. Өйткені Құранда бір анадан тумаған емшектес болмаса некелесуге рұқсат етеді. Осындай діни сенімдегі қазақтың жігіті күндердің күнінде өзінің немере қарындасына қырындауы әбден мүмкін. 

Қараңыз, уахабилік түсінік қазақы діл мен діни танымды, салт-дәстүрімізді реставрациялап жіберуге шақ тұр. Қазақ әуелден сыртқы формаға емес, мазмұны мен мәнге назар аударатын. Қыздар оранып жүрмесе күнәға себепкер болады дейді. Ал қазақ қызының өзінің жарасымды ұлттық киімі болған. Онда кез келген әйел заты, жеңге, қарындастың бәрін фитнаға себепші дейтін шығармыз. Сол себепті, қарындастарыма алдымен білім алып, сенімді жүрекке ұялатайық дегім келеді. Анасы надан ұрпақтан білімді бала, елін ойлайтын азамат шыға қоймайды. Бұл ретте ата-аналарды да төзімді болуға шақырамын. 

– Жалпы, ислам діні өркениетке қайшы дін бе әлде керісінше дамытушы ма? Неге осы дін жолына түскендер өзіңіз айтқандай оқшауланып, оранып, бөлектеніп шыға келеді? Қазіргі заманға сай исламды жеңілдетіп, өзіне ыңғайлы етіп бұрмалауға бола ма? 

– Ислам – адамзаттың бүгінгі өркениетінің негізі. Діннің төрт қабаты бар, олар: сенім, таным, тәжірибе және діни сана. Қазақтың болмысында осы айтылғандар бар, ислам – біреу ғана. Шиа ма, сунни ме, діни сенімде ерекшелік жоқ. Яғни ислам діні біреу, мұсылмандық әртүрлі. Қазақтардың мұсылмандығы діни таным мен діни тәжірибесінен байқалады. Яғни Ханафи, Матуриди, Ясауи үштігі негізінде қалыптасқан тұтастық бар. Бұл үштік сопылық спектрі арқылы суарылған. Бұған біздің мәдени құнды болмысымыз ықпал еткен. Жалпы, қазақ даласына дін тарату сопылықпен байланысты. Дінді тарату үшін қала керек болды. Қазақтың өткені дала және қаламен байланысты. Қарт Қаратау мен Сыр бойында орналасқан қалалардан әр жүз бен рудың қожасы мен төрелері қазақ өлкесінде сауат беруге атсалысқан. Киелі мәтінді қазақи танымға бейімдеп оқытуда ахун, ишан, сопылар мен дәруіштер көп еңбек сіңірген. 

– Діни сенім радикал, деструктивті түрге өтіп кетсе қоғамға қауіпті екенін білеміз, дінді жалпы қалай ұстанған жөн?

– Кез келген құбылыста «орта жол» деген түсінік бар. Бұл діни сенім түсінігі үшін де маңызды. Егер діни сенімде ар, адамгершілік, имандылық түсінігі басты назарда тұратын болса, онда қоғам гүлденіп, рухани жаңғыра береді. Ал егер ішкі тазалық емес, сыртқы көрініс басты өлшем ретінде алынса, онда моралистік таным күшейе түседі. Қазіргі Қазақстан қоғамында болып жатқан құбылысты діни тәжірибенің қалыптасу үдерісіне балауға болады. 

– Дін неліктен даулы тақырып? Терроризм, экстремизм деген түсініктер, терминдер неге ислам дінімен көп қатыстырылып айтылады? Біздің билік қай жерден ағат кетті деп айта аласыз?

– Әрине, еліміз өз алдына егемендігін алған соң эпикалық санасы өше қоймаған қазақ жұрты дінді бұрынғы аталарымыз ұстанған дәстүрлі жолмен жаңарып дамиды деп сенді, үміт артты. Алайда кешегі кеңестік режимнен босап шыққан жас мемлекет діннің мәдениет пен руханиятқа өте күшті ықпалы болатынын болжай алған жоқ. Салдарынан жат жерден келген түрлі діни ағымдар арамшөп іспетті тамырлай еніп алды. Үкімет қанша жерден жаңарса да көпшілікті дін мәселесіне келгенде төзімді әрі толерант болуға шақырғанымен, оң нәтиже бермей жатуының себебі осында. Өйткені, қазақи мәдениет пен рухани дүниеге сырттан келген өзге танымдар мен мәдениеттер кері әсерін беріп жатыр. 

– Қаңтар қырғынында да осы дін төңірегінде жағымсыз пікірлер айтылды? Кері ағым өкілдерінің халық арасында іріткі туғызуына не себеп? 

– Мен қаңтар оқиғасы жайлы әлеуметтік желілерде белсенді түрде жазып жүрдім. Сол жерде де айтқанымдай, билікке «Қаңтар оқиғасы» ең басты ескерту жасады: Қазақстан Республикасының құрушысы – қазақ халқы! Құраушысы емес. Екі термин де орыс тілінен «калька» арқылы енген. Мемлекет құрушы және мемлекет құраушы. «Государство образующая» және «Государство составляющая». Бұл тіркестер политологияда қолданылады. «Қаңтар оқиғасында» алаңға барлық аймақта наразылыққа тек қана қазақтар шықты. Алдымен осы феноменге басты назар аударылуы керек. Сосын 30 жылдық мемлекет құрушы ұлтты, яғни қазақты басып жаншып келген саяси технология жүз пайыз өзгертілуі керек. Қазақ деген болмыстың тіліне, дініне, діліне, тарихи санасына, саяси тәжірибесіне, құндылығына, ұлттық мінез ерекшелігіне мән берілуі тиіс. Алайда, осы бейбіт түрде басталған митингтерді арандату арқылы өз мақсаттарына жетуді көксеген топтардың болғаны рас. Әлбетте  олардың ішінде дін факторы да болды. 

Жан ПЕРДЕБЕК,

Түркістан облысы

Пікірлер Кіру