Ғалым Жәкешұлы

20 желтоқсан 2018 5753 0
Оқу режимі

1986 жылдың 20-шілдесінде Қарағанды қаласында дүниеге келген. 2008 жылы Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетін аяқтаған. 2013 жылы Астана медресесінде діни сауат алып, 1 жарым жыл шамасында Түркия елінде діни сауатымды жетілдірген. Қазіргі таңда Қарағанды қаласындағы облыстық мешіт жанындағы сауат ашу курсында ұстаз.

Сәулелі шуақ

Бісміллә басы, тақылдай қалса таңдайым,
Әуелі сөздің, Аллаға мадақ әрдайым,
Ғазиз елшіге, сәлем мен сансыз салауат,
Сахабаларға сарқылмас сәлем жолдайын.

Түнекке толы, көңіл де бәрі қараңғы,
Надандық жаулап, биледі қайғы адамды.
Сәулелі шуақ шағылмағанда көңілге,
Қасірет мәңгі, басар ма, бәлкім ғаламды.

Рақымы Хақтың – сәулелі шуақ төгілді,
Рақымның нұры, мейірім гүлі көрінді.
Баршаға келген бағасыз бақыт, ұлы бақ,
Оятты сансыз қапыда қалған көңілді.

Түрленді әлем, басталды бәрі жаңадан.
Ғапылдық кетті, соқырлық өшті санадан.
Адамзат үшін, шарапат келді, мақтаулы,
Бақыттқа бастап, игілік жолын қалаған.

Сәулелі шуақ-Мұхаммед мұхтар таңдаулы,
Мейіріміне бөлеген қанша жандарды.
Үмметі үшін, алаңдап асыл жүрегі,
Қарсы алды-ау, талай кірпігін қақпай таңдарды.

Сәулелі шуақ-ерекше сұлу, нұр жүзі,
Әр адам үшін, өнеге толы нұрлы ізі.
Көркем жаралған, кішпейілдіктің-асқары,
Көркем мінездің, жарқырап жанған жұлдызы.

Сәулелі шуақ-Ұлы Раббысы мақтаған,
Ділінде оның, тозаңдай ыза жатпаған.
Тайыфтағылар тас атып, талай сөксе де,
Кешірім тілеп, Тайыфтың халқын ақтаған.

Сәулелі шуақ-көңілі толы қанағат,
Дуалы сөзі, айтылған терең саралап.
Сенімнің шыңы- Мұхаммед әмин атанған,
Дұшпандары да, қалдыра тұғын аманат.

Сәулелі шуақ- Мәдине-Мекке тұрағы,
Үмметі үшін, төгілген нұрлы шуағы.
Сусаған көңіл, шөлдеген жандар, шөл басқан,
Шөлдегі дара, суы бал- мөлдір бұлағы.

Сәулелі шуақ-мың жүректегі бір арман,
Бақытқа бастар ұлы жолдағы, ұлы арман.
Махаббат тілеп, жалбарынамын Жаратқан,
Шапағат тілеп, Расулдей тірі Құраннан.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру