«Фатиха» сүресінің ғажап мазмұны

10 қаңтар 2020 27411 0
Оқу режимі

Құран Кәрімде кейбір сүрелердің көптеген атаулары бар. Сол секілді «Фатиха» сүресінің де 20-дан аса «уммул китап», «негіз», «шипа», «мадақ», «шүкір», «дұға», «намаз» және т.б. осы секілді атаулары Құранның мазмұнында ескеріліп кеткен. Әсілінде, қандай да бір сүренің атауы көп болған сайын оның маңыздылығы да арта түседі. Ал, «Фатиха» сүресі – бүкіл Құранның негізгі мазмұнын қамтыған бірден бір сүре.

Ибн Зубайр ас-Сақафи былай дейді: «Ғалымдар бұл сүренің әр аятын, сөзін жеке-жеке талдап түсіндірген. Осының нәтижесінде «Фатиха» сүресі Құран Кәрімде ең алғашқы сүре болып келуінің сыры белгілі болған».

Имам Бақа’й «Фатиха» сүресіндегі байланыстарды анықтауға қатысты былай деген: «Мен ең алдымен сүренің мақсатын анықтаймын. Содан кейін сүренің атауы мен мақ сатын байланыстырамын және оларға түсініктеме беремін». 

«Фатиханың» ерекше қасиеті ол әрбір мұсылман күнделікті бес уақыт намазында бұл сүрені 32 рет қайталанғанымен адамды еш жалықтырмауында, керісінше бұл сүре оқыған сайын рухани күш беріп отырады. Сондай-ақ, «Фатиханың» барлық құндылықтың өзегі, барлық дерттің шипасы, барлық қайғыны жоятын, барлық мақсатқа жеткізетін, барлық жамандықты тосатын қасиеттері бар. Бұған қоса, «Фатиха» нығмет беруші Жаратқанға жүректегі шынайы шүкіршілік пен ризашылықты қамтиды, ол дұғаның қабыл болуына септігін тигізеді және намаз құлшылығының ажырамас бір бөлігі саналады. Егер біз осылардың барлығын бір ғана «Фатиха» сүресінен таба алсақ, онда біздер сүренің мазмұнында айтылғандай, барлық сансыз нығметтер үшін мақтаулар тек Аллаға ғана тән екеніне, Оның жер мен көкті жаратушы жалғыз Тәңір екенін сондай-ақ, барлық құлшылық тек Аллаға ғана арналып барлық жәрдем тек Одан ғана сұралу керектігіне көз жеткіземіз. 

Жәләл ад-Дин Асуютидің айтуы бойынша, «Фатиха» сүресінің «Уммул Китап» яғни, «Кітаптың анасы» деген атауы оның Құран Кәрімнің негізгі деген төрт ілімін (тақырыбын) қамтығандықтан айтылған. Бұл жерде Құранның негізгі төтр ілімі исламның төрт негізгі деген сөз. Себебі, ислам Құран Кәрімге негізделген әрі бұл ілімдер «Фатиха» сүресінің Құран Кәрімнің негізгі мазмұнымен байланысын көрсетеді. Ендеше осы ілімдерге толығырақ тоқталып кетелік. Олар:

I) Негізгі ілім: 3-ке бөлінеді: 

1.Алланы тану (ақида) ілімі. Бұл сүренің: «رَبِّ الْعَالَمِينَ» — «Бүкіл әлемнің Раббысы», «الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ» — «Аса қамқор, ерекше мейірімді» деген аяттарында кездеседі.

2. Пайғамбарларды тану. Бұл сүренің: «صِرَاطَ الَّذِينَ أَنْعَمْتَ عَلَيْهِمْ» — «Нығметке бөленгендеріңнің жолына» деген аятында кездеседі.

3. Есеп күнін, қайта барар жерді тану. Бұл сүренің: «مَالِكِ يَوْمِ الدِّينِ» — «Қиямет күнінің иесі» деген аятында кездеседі.

II) Құлшылық ілімі: Бұл сүренің: «إِيَّاكَ نَعْبُدُ» — «Саған ғана құлшылық қыламыз» деген аятында кездеседі. Мұндай құлшылыққа намаз оқу, ораза ұстау, қажылық жасау, туған туыспен жақсы қатынаста болу, некелесу,  зекет және жария не құпия садақа беру, әділ болу, жақсылыққа үндеп жамандықтан тыйылу, ата-анаға қарайласу, мұқтажға қол ұшын беру секілді т.б. Алла үшін жасалатын барлық игі амалдар кіреді.

III) Тәрбие ілімі: Бұл сүренің: «وَإِيَّاكَ نَسْتَعِينُ (5) اهْدِنَا الصِّرَاطَ الْمُسْتَقِيمَ» — «Сенен ғана жәрдем тілейміз! (5). Бізді тура жолға сала гөр!» деген аятында кездеседі. Берілген аятта адам өзінің мінез-құлқын, табиғатын дұрыс бағытқа салу үшін және де жақсы моральдық қасиеттерге жету үшін Аллаға қашан да мұқтаж әрі тәуелді екенімізді білдіріп Одан тура жолды көрсету үшін жәрдем сұрау керектігі ескерілген.

IV) Қиссалар ілімі. Бұл сүренің: «صِرَاطَ الَّذِينَ أَنْعَمْتَ عَلَيْهِمْ غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ» — «Нығметке бөленгендеріңнің жолына сала гөр! Ашуға ұшырағандардың немесе адасқандардың жолына емес» деген аятында кездеседі. Бір қарағанға бұл аяттағы үш бағытты жол жай тура жолды теріс жолдан ажырату үшін ғана айтылған секілді. Негізінде, берілген аятта ілгеріде өткен Алланың нығметіне бөленген пайғамбарлар мен  оларға қарсы шығып Алланың ашуына ұшырағандардың жағдайлары ескеріліп тұр.

Айта кететін жайт, Фахриддин ар-Рази бұл аятқа байланысты теріс жолдағы екі топ адамдарды яғни, «олар Аллаға қарсы келгендер мен мұнафық, екі жүзділер» деп тәпсірлеген. Алайда, бұл көзқарасқа әл-Алуси әл-Бағдади секілді тәпсір ғалымы қарсы шығып ол екі топты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар хадисіне сәйкес біріншісі иудейлер ал, екіншісі насранилер деп сынаған болатын.

Жалпы алғанда, Құран Кәрімнің мазмұны осы «Фатиха» сүресінде аталып кеткен ақида ілімі, құлшылық ілімі, өзін өзі тәрбиелеу мен қиссалар уақиғасынан құралған. Осындай ілімдерді қамтыған «Фатиха» сүресі Құран Кәрімнің негізгі мазмұнымен тікелей байланысы деген сөз.  

СҮРЕНІҢ АЯТТАРЫ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС

«Фатиха» сүресінің мазмұнын үшке бөліп қарастыруға болады:

1. Алғашқы үш аят – Алла Тағаланы тану — «الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ (2) الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ (3) مَالِكِ يَوْمِ الدِّينِ» — «Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға тән (2). Аса қамқор, ерекше мейірімді (3). Қиямет күнінің Иесі». Осы алғашқы үш аятта Алла Тағаланың бес есімі ескерілген. Олар: «لِلَّهِ» — «Алла», «رَبِّ» — «Раб», «الرَّحْمَنِ» — «Рахман», «الرَّحِيمِ» — «Рахим», «مَالِكِ» — «Малик». Алла Тағала мұндай Ұлы есімдері арқылы  біздерге: Мен сені жаратушы —  Алламын. Мен сені тәрбиелеуші – Раббымын. Сен жамандық жасағанда оны жарылқаушы – Рахманмын. Сен тәубе еткенде қабыл етуші – Рахиммын. Жасаған жаман амалыңның есебін алушы – қиямет күнінің Патшасымын, деп айтып тұрғандай әсер қалдырады. Осылайша Жаратушы біздерге өзінің Ұлы есімдерінің арқасында біздердің әлсіз жаратылыс екенімізді еске салғандай болып көрінеді. Бұл – Алланың өзін танытқан алғашқы үш аят.

2. Ортаңғы аят – Алла Тағалаға құлшылық ету — «إِيَّاكَ نَعْبُدُ وَإِيَّاكَ نَسْتَعِينُ» — «Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз». Бұл аятта Жаратушыға деген құлшылықтың негізі жатыр. Біз «Саған ғана құлшылық қыламыз» деуіміздің арғы жағында – Алла бұйырған барлық амалды орындау, тыйған барлық нәрседен тыйылу, жатыр. Ал, «Сенен ғана жәрдем тілейміз» деудің арғы жағында – кез келген адам өзін Жаратушысының алдында қаншалықты әлсіз екенін сезініп, Ол бұйырған амалдарды орындау үшін және Ол тыйған амалдардан тыйылу үшін сондай-ақ, құлшылық амалдарын жасау үшін күш-қуат пен жәрдемнің тек бір Алладан болатынын мойындап жәрдем сұрау жатыр.

3. Соңғы үш аят – нәтиже. — «اهْدِنَا الصِّرَاطَ الْمُسْتَقِيمَ (6) صِرَاطَ الَّذِينَ أَنْعَمْتَ عَلَيْهِمْ غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ َ» — «Бізді тура жолға сала көр. Нығметке бөленгендеріңнің жолына! Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес». Осы аятта біз Алланы тану және Оған құлшылық ету арқылы келесі барар жолымыздың оң болуын сұрап және сол жол Алланың нығметіне бөленген пайғамбарлар жолы болуын тілейміз. Демек, біз кез-келген жетістікке жету үшін алдымен сол жетістікке жетелейтін Жаратушыны тануымыз қажет. Содан соң Жаратушының салған бағытымен жүріп әрдайым сол бағыттан таймас үшін Одан жәрдем тілеуіміз керек. Осындай сатылардан кейін ғана адам өзінің бағытын айқындап нәтижелі жемісін сұрауға болады.

СҮРЕДЕГІ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМ

Бұл жерде «Фатиха» сүресіндегі аяттардың лингвистикалық, яғни тілдік құрылымына тоқталып кеткім келіп отыр. Бұған тоқталмас бұрын алдымен тілдің грамматикадағы зат есім мен етістіктің, есімдіктің ерекшелігін ашып алу керек. Зат есім пен есімдік – белгілі бір уақытты талап етпейді. Мәселен, тәртіпті оқушы, деген сөйлемдегі «оқушы» сөзі зат есім болғанымен ол ешбір уақытқа тәуелді емес. Ал, етістік –  керісінше белгілі бір уақытты талап етеді. Мәселен, оқушы мектепке барды, деген сөйлемдегі «бару» етістігі қашан, және қайда деген сұрақтарға жауап беріп, белгілі бір уақытты талап етеді.

Осыған байланысты «Фатиха» сүресін тілдік тапқа бөліп қарастыратын болсақ онда сүренің алғашқы бөлімін яғни, үш аяты «الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ (2) الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ (3) مَالِكِ يَوْمِ الدِّينِ» — «Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға тән (2). Аса қамқор, ерекше мейірімді (3). Қиямет күнінің Иесі» зат есімнен құрылған. Сүренің соңғы үшінші бөлімі «اهْدِنَا الصِّرَاطَ الْمُسْتَقِيمَ» — «Бізді тура жолға сала көр!» деген аят біз туралы айтылған әрі ол аят етістіктен басталған.

Сүренің екінші бөлімінде «إِيَّاكَ نَعْبُدُ وَإِيَّاكَ نَسْتَعِينُ» —  «Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз», деп Алла және біз туралы айтылған. Бұл аят жоғарыдағы екі бөлімдегі аяттан өзгеше. Себебі, онда зат есім де есімдік те кездеседі. Енді қараңыз: Сүренің алғашқы үш аяттан тұратын Аллаға қатысты бөлімі зат есімнен құрылған онда белгілі бір уақыт жоқ. Себебі, Алла Тағала ешбір уақытқа тәуелді емес әрі Ол мәңгі.

Сүренің соңғы үшінші бөлімі  етістіктен басталған. Себебі, біз уақытқа тәуелдіміз әрі біздің жаратылысымыз уақытпен шектеулі. Бір қызығы, сүренің екінші бөлімінде зат есім де етістік те бар. Өйткені, ондағы «إِيَّاكَ», «إِيَّاكَ» — «Саған», «Сенен» деген есімдіктер уақытқа тәуелсіз әрі олар Аллаға тікелей қатысты. Ал, «نَعْبُدُ», «نَسْتَعِينُ» екі етістік белгілі бір уақытқа тәуелді әрі ол бізге қатысты айтылған.     Қалай дегенде де, Алла Тағаланың осы секілді Құрандағы әрбір аяттағы сөз шеберлігін айтып жеткізу ғажап дүние. Егер Құрандағы бір аятты екінші аяттың орнымен ауыстырып қояр болсақ ондағы аяттың мағынасы түбегейлі өзгеріске түседі. Сондай-ақ, кез-келген аяттың өзіндік орналасу тәртібі бар. Осындай аяттарды одан әрі жіті зерттеп ондағы мағыналарға ой жүгіртер болсақ онда алдымызда Құранның көптеген сырлары ашылары сөзсіз.

Жалғас АСХАТҰЛЫ 
дінтанушы 
 

Дереккөз: kazislam.kz сайтынан

Пікірлер Кіру