Ерінің рұқсатынсыз қаражат жұмсау...

14 шілде 2021 6188 0
Оқу режимі

Әбу Хурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с) былай деп айтқанын жеткізеді: «Әр күні Алланың құлдары оянатын уақытында, көктен екі періште түсіп, олардың бірі: «Иә, Алла, ақшасын (сауабты істерге) жұмсағандардың ақшасын толықтыр!» – десе, екіншісі: «Иә Алла, сараңның ісін опат қыл!»[1] – дейді.

Қазіргі таңда көпшілік отбасындағы әйелдер жұмыс істеп, ақша тауып жатыр. Исламның иісі шығып тұратын жанұядағы келіншектер күйеуінің тапқан ризығымен қоса өзі тапқан табысын «отбасылық қаражат» ретінде жұмсайды. Яғни, ерімен ақылдасып лажы барынша сауапты істерге жаратады. Ал, кейбір отбасындағы келіншектер өзі тапқан ақшасын «менің өз еңбегіммен тапқаным» деп жолдасына айтпай, өзі қалаған нәрсесіне жұмсап жататыны бар. Діни тұрғыдан қарағанда, бұл әрекет игі іске жатпайды. Өйткені, Алла Тағала: «Еркектер әйелдерді билеуші. Өйткені, Алла бірін-бірінен артық қылды. ...Ал енді жақсы әйелдер бой ұсынушылар...»,[2] деген.

Әйел баласы күйеуіне бағына отырып, үйге келген қаражат көзін ерімен ақылдаса жұмсау қажет. Ақылдасып шешкен істе береке бар. Жасырын істелген іс  – жалған іс. Ақшаның расында қайда жұмсалғанын жасыру мақсатында үйге қажетті деп алынған заттармен орнын жабу өтірік сөйлегенмен тең. Ибн Масғуд (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с) былай деп айтқанын жеткізеді: «Расында, шыншылдық ізгілікке апарады, ал ізгілік Жәннәтқа апарады. Адам тек қана шындықты сөйлеп, соңында Алла алдында шыншыл деп жазылады. Өтірік күнәһарлыққа апарады, ал күнәһарлық тозаққа апарады. Адам өтірік сөйлеген сайын, соңында Алла алдында суайт, өтірікші деп жазылады»[3]. Кей жағдайларда «ата-анама, жолдасымның ата-анасына көмектесіп, садақа беріп жатырмын. Бұл жағдайға жолдасым қарсы болмайды. Сол себепті оған айтудың қажеті жоқ» деп ойлау да дұрыс емес. Бізге жеткен хадистерде «Күйеуінің жауапкершілігіндегі ешбір әйел ерінің дүниесінен одан рұқсатсыз беруі дұрыс емес»[4] деген.

Әйелдің табыс табуы немесе ерінің табысынан көбірек қаражат жинауы отбасында алауыздық алып келуі мүмкін. Өзін еркектен жоғары санап, ер азаматын ренжітетін, көңіліне тиетін ауыр сөздер айтылып қалады. Соның салдарынан ұрыс-керіс болып, үйдің берекесі қашады. Көп отбасылардың ажырасуына бірден-бір себеп осы болуда. Баланы күйеуге тастап, өзі жұмысқа шығып, ақыры соңында, «күйеусіз де отбасымды асырай алады екенмін ғой» деп, отбасының ойраны шығады.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ер кісілерге табысынан бір үлес бар, әйелдерге де табысынан бір үлес бар. Алланың игілігінен нәсіптеріңді іздеңдер»,[5] – деген. Бұл аяттан әйел кісінің табыс табуға Исламда рұқсат екенін ұғамыз. Бірақ, бұл аса мұқтаждықтан ғана болуы қажет. Садети Әбәдия кітабында былай делінген: «Бір әйелдің әкесі, шешесі және махрам туыстары жоқ болса немесе бар, бірақ кедей болса, қарайтын ешкімі болмаса, мемлекеттен көмек бермесе – бұл әйел өзінің, балаларының және ауру, кәрілік себебімен жұмыс істемейтін кедей әке-шешесінің нәпақаларын (тамағы, киімі, тұратын жері) қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуге міндетті».

Дініміз артық дүние жинау мақсатымен, біреуден асып-тасу, бай болу секілді ойлармен үйдің шаруасына немқұрайлық танытып, әйелдің ақшаның соңына еріп, біреудің қол астында жұмыс істеуін құптамайды. Исламда әйелдің бала-шағаның нәпақасын табуы міндет емес. Оның бар міндеті – жанұяға жылу сыйлап, ерінің тапқан табысын орнымен жұмсап, бала тәрбиесіне көңіл бөлу. Бала-шағаның үйдегі таянышы, ерінің сүйеніші де әйел заты. Отағасының табысымен келіп жатқан Алланың берген ризығына қанағатсыздық танытып, қосымша табыс көзін іздеп, үй қамын шетке ысырып қойып, көше кезіп жұмыс іздеу бос әурешілік.           

Ізгі әйел күйеуімен өзара түсіністік пен толық бағынумен қарым-қатынас жасауы қажет. Балаларды ізгілікке, туралыққа, әділдікке, имандылыққа тәрбиелеу арқылы бүкіл қоғамды жақсартуға мол үлес қосатын да сол ізгі әйел. Иманды, діндар әйел болған үйде береке-бірлік болады. Салиқалы ұрпақ өсіруді қалаған әрбір шаңырақта татулық орын алғаны абзал.

Ардақ Әділханұлы

 


[1] Бухари, Муслим.
[2] «Ниса» сүресі, 34-аят.
[3] Бухари, Муслим.
[4] Нәсаи.
[5] «Ниса» сүресі, 32-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру