ЕЛДІК ҚҰНДЫЛЫҚТАР: ДІН, ДІЛ, ДӘСТҮР

24 маусым 2024 1341 0
Оқу режимі

Мемлекет басшысы 3 қаңтарда (2024) «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс», деді. Халықты біріктіретін, ынтымаққа ұйытатын елдік құндылықтардың бірі – сенім, яғни дін десек, қателеспейміз. Өкінішке қарай, кейінгі кезеңде түрлі күштер дінді қоғамды біріктіру жолына емес, жік салу мақсатына пайдаланды. Оның салдарын біз әлі күнге көріп те келеміз. Осы орайда елдің жанын ауыртқан, зиялыларға қам жегізген діни ала-құлалықтан қалай арыламыз? Елдік құндылықтар – дін мен діл, дәстүр мен білік үйлесімін лайықты кәдеге жаратып, халықтың ынтымағын арттыру үшін не істеу керек? Газет редакциясы ұйымдастырған кезекті дөңгелек үстел осы тақырыпқа арналды.
Жиынға «Отандастар» қорының президенті, Төтенше және өкілетті елші Абзал Сапарбекұлы, абайтанушы, ІТ саласы маманы Сұлтан Ыбыраев, ҚМДБ Діни уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, PhD, күрделі уақытта Атырауда өкіл имам болған Батыржан Мансұров, дінтанушы, философия ғылымдары­ның кандидаты Кеңшілік Тиышхан, дін саласындағы мемлекеттік сая­сат сарапшысы Ержан Байбол қатысты. Шараны «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы жүргізді.

Дәстүрді дәріптеу маңызды

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Бұл жиында көтергелі отырған тақы­рыбымыз қоғамның бүгінгі тірші­лі­гі үшін де, елдің ертеңі үшін де аса маңызды. Дін мен діл, дәстүр мен білік – қай заманда болсын маңызы мен мәнін жоғалтпайтын елдік құндылықтар. Таяу­да газетімізге берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев озық ойлы, сапалы ұлт туралы келелі ой-пікір айтты. Ұлттық құндылықтарды дамыту, елдің рухани бірлігі мен берекесі маңызды екенін атап көрсетті. Бүгінгі қоғамда дінді құндылық және өмір салты ретінде ұстануда қордаланған мәселе көп. Сіздер мұны жақсы білесіздер, тіпті осы жұмыстың қайнауында жүрсіздер. Біліктеріңізді жұмсап, оңтайлы шешуге атсалысып та келе жатырсыздар.

«Жалпы, елдегі дін саласына келең­сіздіктер қашан келді?» деген сұраққа жауап беру үшін тарихымызға барлау керек. Кез келген нәрсе себепсіз болмайды. Бірақ біз, Президент айтқандай, озық ойлы ұлт ретінде алға қарауымыз қажет. Бұл – бұрын қателікке ұрынған бауырларымызды шетке теппей, олқы­лық­тарымызды түзеуге әрекет жасап болашаққа дұрыс қадам басуды талап ететін жол іздеу деген сөз. Ұлт басылымдары осы проблемаларды шешу мақсатында дәйекті ой-пікір айтып, қоғамды саламаттандыруға үлес қосып жүр. Бүгінгі мақсатымыз да – «Egemen Qazaqstan» газеті мен интернет-сайты арқылы жүз мыңдаған оқырманға сіздердің сөздеріңізді, ойларыңызды жеткізу.

Бірінші кезекте ұлттық бірегейлік пен жалпыұлттық құндылықтарды қалып­тастыруда дін мен қоғамның үйлесімі туралы пікірлеріңізді ортаға салсаңыздар. Дін мен қоғам қалай ортақ тоқтамға келуі керек және бүгінгі проблемалар неден туындап жатыр? Қазір халқымызға теріс діни ағымдар тарапынан қандай қауіп бар? Бүгінде әлеуметтік желілерде елбұзар қилы ой-пікір айтылып қалады. Бұл арнайы арандатушы топтардың әрекеті ме, әлде ашық қоғамда болуға тиіс заңдылық па? Мұның елдің бірлігіне қатері қандай?

Шыны керек, бүгінгі жұрт дінге секеммен қарайды. Дін саласы әлі де жүйеленіп, бір арнаға түсе қойған жоқ деп ойлайды. Біз қоғамның айнасы болғандықтан, қарапайым халықтың бұл секемі мен күдігіне мамандарды тартып, жауап бергеніміз жөн. Қоғамды біріктіруші, бейбітшілікті уағыздаушы діни құндылықтар соңғы уақытта көбіне негативті сипатта да айтылып жатқанын байқаймыз. Мұның қаншалықты зардабы бар? Дін халықты біріктіруші емес, адамдарды бір-бірінен алшақтататын күшке айналып кетпей ме? Осы сұрақ­тар­ға жауап ретінде алғашқы сөзді мүфтият өкілі, дін қайраткері Батыржан мыр­заға берсек. 

Батыржан МАНСҰРОВ:

– Бүгін ғасырдан астам тарихы бар газет төрінде қоғамдағы өзекті де жа­уапты мәселе туралы кеңесіп отырмыз. Дін, діл, дәстүр – халқымыздың жаны мен жүрегі. Біріншіден, Мемлекет басшысының жыл басындағы сүбелі сұхбаты елге пайдасы тиген, көптің көкейіндегі сауалдарға жауап берген мәні терең әңгіме болғанын атап өткім келеді. Дін саласының мамандары да оны оқып, елдік ұсыныс-ойларды түртіп алып, әртүрлі деңгейдегі жиындарымызда насихаттап жатырмыз.

Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масы алғаш құрылған сәттен бас­тап қоғаммен етене жұмыс істеуді мақсат тұтты. Ата-бабамыздан бізге мұра асыл дінімізді қалай өркендетеміз, қалай халыққа жүйесімен жеткіземіз деген мақсатта маңызды жобаларды іске асырып келеміз. Мүфтият 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» деп белгіледі. Өйткені дін мен дәстүр – егіз ұғым. Екеуін бір-бірінен ажырату дұрыс емес. Осы жыл аясындағы іс-шаралардың алғашқысы таяуда киелі Түркістан шаһарында ұйымдастырылды. Конференциямызға елімізге танымал зия­лы қауым өкілдері мен дін саласының білікті мамандары қатысып, «Ислам және дәстүр құндылығы жылының» шы­мыл­дығын ашып берді.

Дін мәселесіндегі келеңсіздіктерге келсек, өкінішке қарай, қоғамды алаң­датарлық сын-қатер баршылық. Ай­талық, 90-жылдары ата-баба сені­мі­мен қуана қауышқан халқымыз дін десе, емешегі езіліп тұратын. Намаз оқи­мын деген адамға дереу жайнамазын ұсынып, тіпті таза сүлгісін беріп, құрмет көрсететін. Ал бүгінде намазханнан «Қай бағытты ұстанасың?» деп секемденіп сұрайтын халге жеттік.

Оның басты себебінің бірі – тәуел­сіздік жылдары жұрттың әл-ауқа­тын көтереміз деп, рухани саланың са­ла­мат­ты­лығын қолдан шығарып алдық. Тиісті бақылаудың жоқтығынан «діни білім аламыз» деген жастар Пә­кіс­тан, Иран, Сауд Арабиясы, Мы­сыр, Түркия, т.б. мұсылман елдерінің қилы бағыттағы діни оқу орындарына талғаусыз түсіп, көптеп білім алып жатты. Өкінішке қарай, дін үйренемін деп шекара асқан сол жастарымыз бойындағы дәстүр құндылығын жоғалтып алды. Елге қайтқан соң, өз­де­рі оқыған жердің дінін ғана емес, жат мәдениетін де насихаттай бастады. Яғни әрқайсысы түрлі мектептің өкілі болып оралды. Олар діннен сауатты болғанымен, дәстүрімізден бейхабар еді. Содан жат мәдениет пен салт-дәстүрді бізге тықпалауға көшті. Ал елдегі қара­па­йым жұртшылық шетелде оқы­ған деп солардың аузына қарап, уағы­зын бойларына дарытты. Сал­дары­нан қоғамда діни дүрдараздық туындады.

Сондықтан бұл проблеманың алдын алудың және қалыптасқан ахуалды түзетудің бірегей жолы – дәстүрді көбірек дәріптеу. Мен PhD докто­­­ран­­­ту­раны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінде оқып, хадистер мен қазақ мақал-мәтелдерінің байланысын зерттедім. Егер ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мақалдарымыздың түбіне үңілсек, пайғамбар хадистерімен үндесіп жатқанын көреміз. Қазақтың тыйымдары мен ырымдары, салт-дәстүр құндылықтары – бәрі де дінмен сәтімен ұштасады. Біз халыққа дінімізді насихаттауда дәстүрді де қоса айтып, дін сала­маттылығын, діл дұрыстығын орнық­тыра аламыз.

Бір ғана мысал айтайын. Бала күні­мізден дастарқан үстінде нанның қиқы­мын жинап жеп қоюшы едік. «Нанды жерге тастауға болмайды, обал болады» деген сеніммен өстік. Бұл – ата-бабадан жалғасқан дәстүрдің бір көрі­нісі. Енді астарына үңілсек, дәл осы мәселе хадисте де айтылғанын көреміз. Пай­ғам­барымыз (с.ғ.с.): «Нанға құрмет көр­сетіңіз. Өйткені ол Алла Тағала тара­пынан аспанның берекеті болып бізге келген. Ал кімде-кім жерге түскен қиқымды алып жейтін болса, оның күнәсі кешіріледі» дейді. Қазақ осындай хадистерге сүйене отырып «нанды баспа», «обал болады» деп ұрпағын тәрбиеледі.

Дінсіз қоғам болмайды

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Бүгінгі көтеріп отырған тақы­ры­бы­мыз «жат ағым», «деструк­тивті діни топтар» жайында дабыл қаққан қоғам сынынан туындап жатқаны аян. Тари­хымызға қарасақ, ел алдында жүр­ген зиялы қауым өкілдері қашан да ру­хани салада ненің керек, ненің жат еке­нін айқындап берді. Солардың пара­саты мен санасынын өткен дү­ние ха­лықтың жүрегіне жетті. Осы орай­да, Абзал Сапарбекұлы, келесі сұрақты өзіңізге қойғым келіп отыр. Бірқатар мемлекеттік қызметте істе­ді­ңіз, еліміздің Түркиядағы елшілігін басқардыңыз. Бізбен діні бір, тілі мен дәстүрі ұқсас, тарихы ортақ бауыр­лас Түрік елінің дін сала­сындағы же­тіс­тік­те­рі қандай? Олардың осы са­ла­дағы оң тәжірибесі біз үшін өте ма­ңызды.

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ:

– Менің түсінігімде дін мен қоғам – бір-бірінен ажырамайтын дүниелер. Дін­сіз қоғам болмайды. Ал қоғам еш­уа­қытта бір орында тұрмайды, тірі ағза секілді үнемі даму жағдайында өмір сүреді. Ол өзін жаңғыртпаған жағдайда дамуда артта қалып, тығырыққа тіреледі. Бұл ойды Президентіміз де «Егемендегі» сұхбатында жаңашыл болу, алға қарау тұрғысында айтып отыр.

Біз жалпыадамзаттық құндылықтар бар екенін жақсы білеміз. Адамгершілік, адалдық, бауырмалдық секілді қасиет қай қоғам үшін де қажет. Осы құнды­лықтың бәрі де түптеп келгенде, дінмен ұштасады. Өйткені адам Құдайға сеніп, бұларды табиғи түрде қабылдайды. Біздің дініміз де соған үндейді. Пайғамбардың өзі жердегі адамдарды көркем мінезбен кемелдікке жеткізу үшін жіберілгені мәлім. Біз дінді ешқашан қоғамнан бөлек қарастыра алмаймыз.

Батыржан мырза кезінде жастары­мыз­дың шетелге дін оқимын деп барып, сол жердің мәдениетін, ділін сіңіріп келгенін дұрыс айтты. Бойла­рын­да өз ұлтымызға тән рухани өзек бол­мағандықтан, өзге жұрттың қаңсы­ғын оңай қабылдайды. Мәселен, араб халқы мен түркі халықтарында әйел­дің қоғамдағы рөлі әртүрлі. Тарихи ең­бек­тер­де «түркі халықтарының әйел­де­рі тұрмысқа шығарда өзі шешім қа­был­дайды» делінген. Әкесі сұлтан болып отырса да, оны біреуге зорлап ұзата алмайды, пікірін сұрайды. Осының өзі біздің араб елдерінен өзгешелігімізді байқатады. Ал қазір арабтың салтына мойын бұрған кейбір қыздарға қарап, жаным ашиды. Бетін түгел бүркеніп, өз-өзін қоғамнан шеттетіп жүр. Бұған діннің ешқандай қатысы жоқ. Ислам дінінде әйелдердің еркіндігі барын жоққа шығаруға болмайды. Адам надандығын терең оқымаудан көру керек.

Өкінішке қарай, кезінде патшалық Ресейде, кейін кеңес одағында қазақ халқы кемінде екі ғасырдай дінсіздендіру саясатының құрбаны болды. Дінімізбен бірге салт-дәстүріміздің, діліміздің бір бөлігінен айырылдық. Тәуелсіздік алған тұста халқымыздың жан-дүниесі тап-таза ақ парақтай еді. Сол параққа сырттан келген түрлі діни топтардың өкілдері қалағанын жазды. Өз сенімін, ділін үйретуге тырысты. Салдарынан ел ішін аласапыран қылды. Кешегі Қаңтар қасіреті – соның бір салдары.

Ал түрік халқы біз секілді таза парақ болған жоқ. Әрине, Ататүрік заманында, тіпті одан бұрын да діннің мемлекеттік басқару жүйесіндегі ықпалды күшінен айыру үшін реформалар жүргізілді. 1820-жылдардан бастап-ақ шариғат заңдарының орнына зайырлы заңдар қабылданып, кейін Ататүрік тұсында бұл саясат қатаң жүргізілді. Бірақ, шын мәнінде, ол дінмен емес, діни догмалармен күрескен еді. Ол заманда түрлі адасқан тариқаттар мен діни ағымдар көп болды. Міне, соларға тыйым салынды. Бұл үрдіс әлі де жүріп жатыр.

Ал бүгінгі Түркияның мемлекеттік басқару тәжірибесі өте қызық. Бір жа­ғынан зайырлы, екінші жағынан ми­нистрлік деңгейінде дін басқармасы бар. Бұл зайырлылық сипатына қанша­лық­ты сәйкес келетіні – басы ашық сұрақ. Ататүріктен бастау алған осы тәжірибе елдің тұтастығына, халықтың бірлігіне нұқсан келтіретін түрлі факторларға жол берген жоқ. Өйткені қазірдің өзінде Түркияда деструктивті элемент­тер көп емес. Оның негізгі себебі, бірін­ші­ден, жоғарыда айтқандай елдің діни сая­­са­тындағы жетістіктер болса, екін­ші­ден, халықтың діни иммунитеті күшті. Кез келген түрікке барып дінде жоқ өтірік нәрсені насихаттай алмайсыз. Яғни оларда қоғамдық діни қорғаныш қасиеті қалыптасқан. Халқы сауатты, ешкім оларды теріс жолға тартып кете алмайды. Осы тұрғыдан біздің түрік қоғамынан үйренетініміз көп.

Діндарлық пен зайырлылыққа ортақ ұстаным керек

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Дамыған мұсылман елдерінің озық тәжірибесі бізге ауадай қажет. Ке­ле­сі сұрақты басқа қырынан қойғым келіп тұр. Мұрат Мөңкеұлы «Мен қауіп еткеннен айтамын» деген. Қоғам келешегіне қауіп төндіретін жайттарды тілге тиек етпекпін. Қаңтар қырғынын жақсы еске салдыңыз. Бұл мемлекетке, тәуелсіздігімізге қауіп төндірген күш­тер­дің әрекеті болатын. Ол жерде діни элементтердің қилы дерегі ашылып жатыр. Біз бұған қалай жол беріп қойдық? Қоғамды дүрдараздыққа итермелейтін түрлі жат ағымдарға неліктен тоқтау салынбады? Сұлтан Смағұлұлы, сіз Абайдың танымы мен білімі арқылы жас буынға жақсы пайым жеткізіп жүрсіз. Бү­гін­гі ұрпақтың адаспауын ойлап, олар­дың «тілін табу үшін» не істеуіміз керек?

Сұлтан ЫБЫРАЕВ:

– Негізінен дін саласында келең­сіз­діктер тек бүгін емес, бұрын да бол­ған. Шәкәрімнің «шатақ дін» деп ай­татыны, молдаларды сынағаны бәрі­міз­ге жақсы таныс. Кезінде жәдидтік бағытты негіздеген, халықты ағартуға жұмылдырған Исмайыл Ғаспыралы деген ғұлама өткен. Сол заманда Ресей империясында жәдидтік бағытта білім беретін 5 мыңға тарта мектеп-медресе жұмыс істеген екен. Қазақтың Алаш зиялылары да сол мектеп-медреселерде білім алғаны белгілі. Олар молданың да алдын көрді, дүниенің ғылымын да оқыды. Енді Абайдың көзқарасымен қарасақ, 38-қарасөзінде «толық адамды» тәрбиелеудің жолы деп бес нәрсені айтады. Біріншіден, адам өзін тануы керек, одан кейін Құдайды тануы керек, бұдан соң адамшылығын бұзып алмай мал табу керек дейді. Бұл жерде қазіргі жемқорлық мәселесі көтеріліп тұрғанын көреміз. Сосын дүниені тану керек дейді. Бұл дегеніміз не? Қазіргі күні мектептегі «пән» деген сөзіміз «фәни» сөзінен шыққан, яғни бұл – фәниді, дүниені меңгеретін ғылым деген сөз. Соңғысы – зияннан қашу керек дейді. Осы 5 ұстанымды балабақшадан бастап мектеп бағдарламасына енгізіп, балаларымызды тәрбиелеуге күш салсақ, бүгінгі көп келеңсіздіктен құтылар едік.

Қоғамда түрлі адам бар. Бір бөлігі – діндар қауым, екіншілері – зайырлы. Осылардың арасында келіспеушілік болмауы үшін бір-бірін өте жақсы білуге тиіс. Қазір діндарға «надан кім?» десең, «Құдайын танымаған адам» екенін айтады. Ал зайырлы ұстанымдағы адамнан сұрасаң, ол молданы көрсетеді. Осы екі жақтың арасында екеуі де мойындайтын ортақ ұстаным, ақиқат болуы керек. Сол ақиқатты әр тарапқа түсіндіріп, мойын­­да­та алсақ, өзара үйлесімді орта қа­лып­та­сар еді. Алаш арыстарына қара­сақ, олар дінді де, дүниені де қатар ұста­нып, біз айтып отырған орта жолда болғанын көреміз.

Өскелең ұрпақтың санасына жауаптымыз

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Кеңшілік мырза, сіз де осы көте­ріл­ген ойды жалғастыра түссеңіз. Біз сіздің діни деструктивті идеяға уланған адамдармен, Сирияға кетіп, қайтып орал­ған теріс ағым өкіл­де­рі­мен тікелей жұ­мыс істе­геніңізді біле­міз. Жалпы жат ағым­дар­дан сақтану жолдары қандай? Не істеу керек?

Кеңшілік ТИЫШХАН:

– Елдік пен тыныштықтың, ынтымақ пен ауызбірліктің қадірін бейбітші­лі­гінен айырылғандар біледі. Сол тыныш­ты­ғымыз кетпей тұрғанда осындай күр­­делі мәселелерді шешуді қолға алып, қо­ғамды түйткілді проблемалар­дан арыл­тудың жолын іздеу – кез кел­ген мем­­лекеттің бірінші кезекте қолға ала­тын шаруасы болса керек. Еңсесін тіктеп, елдігін қалыптастыра бастаған мем­лекетіміз үшін де дін саласындағы өзекті мәселе­лердің орны бөлек. Бұл жұ­мыс­­тарға тікелей араласып, деструк­тив­ті діни ағымдағы адамдармен бетпе-бет жүздесіп, олардың ішкі проблемаларымен танысып, қазанның ішінде қайнап жүргендіктен, біз де өз тарапымыздан діни келеңсіздіктерді қалай шешеміз де­ген сұраққа жауап іздейміз. Бірде оған жауап табамыз, кейде жауап таппай дағ­дарып қалатынымыз рас.

Адамның санасына иелік ету – қазіргі за­манда түрлі күштердің өзара бәсекеге түс­кен басты мақсаттарының біріне айналғаны жасырын емес. Кім біреудің санасына иелік етсе, соны өзіне қызмет еткізеді. Бұл үрдіс дін саласына да дендеп еніп кетті. Үлкен әлемдік саясаттың бір бөлігі ретінде діни ракдикализмді де саналы түрде жасап отырған ұйымдар бар екеніне күмән жоқ. Сол үшін де қоғам ішінде дүрдараздық тудыру, сол арқылы елді бөлшектеу, белгілі бір сая­си мүддеге пайдалану қазір әлемдік дең­гей­де жүріп жатыр.

Бұдан шығатын қорытынды: біз өске­лең ұрпақтың санасына өзіміз бірінші бо­лып иелік етуіміз керек. Ұлттың дәс­түрін, салтын, ғылымын үйрету ар­қылы олардың ішкі иммунитетін қалып­тас­ты­ру, дұрыс бағыт-бағдар беру – ұлт­тық идеологиямыздың ұстыны бо­луға тиіс. Әр азамат осыған атсалысуы керек. Қо­ғам­ның бәрін бір қалыпқа салу қиын. Өйткені бізде діни әралуандық бар, түрлі этнос өкілдері өмір сүреді. Бірақ қоғамды алға тартатын негізгі басымдық – мемлекет құраушы ұлттың ауызбірлігі қалған ұсақ-түйек топтарды үйіріп алып кететін деңгейде болуға тиіс. Түркияның да артықшылығы осында болса керек.

Сирияға кеткен азаматтардың да өз халқының ұлттық құндылықтарынан, мәдениетінен, тіпті қарапайым отбасы­лық ділден жұрдай екенін көрдік. Ради­ка­лизм проблемасын зерттеп жүр­ген сарапшылар да теріс діни ағымға түс­кендердің көбі отбасылық құнды­лық­тар бойына сіңірілмеген орталардан шыққанын растайды. Оның ішінде тәрбие мәселесі бірінші кезекте. 90-жылдары дінге еркіндік берілгенде де, біздің қоғамның ең кемшін тұсы сол еді. Дін ұлттық құндылықтарынан айырыла жаз­­даған абдыраңқы қоғамға келді. Екін­­шіден, жаһандық ақпараттық ағын тәуелсіздікпен бірге есіктен енді. Сол тасқынның тереңіне батып кете жаздап, қақалып-шашалып жүріп өз жолымызды табуға тырыстық. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, ол заман өтті. Бүгін біз өткенге қарап отырмай, қателескен жерімізден қайтуға, жоғалтқанымызды түгендеуге көңіл бөлуіміз керек.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Кеңшілік мырза, сіздер Сириядан қайтқан балалармен және олардың ата-аналарымен тікелей жұмыс істе­ді­ңіздер. Соның нәтижесі қалай? Олар біздің қоғамға бейімделді ме?

Кеңшілік ТИЫШХАН:

– Балалар өте тез бейімделді. Олардың бойындағы рефлексивті қорқыныш жыл­дам жойылады. Өйткені баланың санасында үлкендерге қарағанда қаса­рысу деген қасиет жоқ. Сондықтан Си­рия­дан қайтқан жеткіншектердің бетін бері қарату жеңіл болды. Бір жағынан арасында жасы үлкендеу балалар жоқ еді. Ол жақтың салттары бойынша қыз балаларды ертерек тұрмысқа беріп жібереді, болмаса сатып жібереді екен. Бізге тіпті 13-14 жастағы тұрмысқа шық­­­қан қыздар балаларымен келді. Ал ер балалар «Муаскар» дейтін әскери ла­герьге жіберіліп, 11-12 жастан кейін соғысқа аттанып отырған. Көбі атыс-шабыста қырылып қалған. Сондықтан бізге келген балалардың ең үлкені 12 жаста еді. Көбі 5-6 жастағы қара до­малақтар. Оларды мектепке бергеннен кейін қоғамға тез бейімделіп кетті. Бірақ алғашқыда көзін ашқаннан жарылыс пен соғысты көріп өскен олар көшеден көлік өтсе де, үстелдің астына жасырынып қалатын. Не үшін екенін сұрасақ, көліктің дыбысы құлап келе жатқан бомбаға ұқсайды екен.

Әйелдердің де көбінің бетбұрысы нәтижелі болды. Өйткені көбінің күйеуі жат өлкеде жер жастанған. Шын мұсыл­ман­шылық деп сеніп барған дүниесін ол жақтан таппай, беті қайтып, елге келген соң тыныштық пен тәуелсіздіктің қадірін ұғынып, тәубесіне келіп жатты. Дегенмен адам баласы қандай жағ­дай­да да өзін ақтап тұрады ғой. Сол әйелдер арасында да өздерінің шетел асып кетуіне мемлекетті кінәлағандар табылды. «Неге бізді ұстап қалмады? Осындай жағдайға қалай жол берді? Интернеттегі теріс уағыздарға неге тыйым салмады? Осының бәріне жол ашып қойып, енді бізді неге жауапқа тартады?» дегендер болғаны рас. Бір жағынан бұл сөздерінің жаны бар. Өйткені «рухани құндылықтарды балалардың санасына сіңіру үшін не жасай аламыз?» деген мәселеге үңілсек, өз тарапымыздан да кемшіліктер жіберіліп жатқанын байқаймыз. Мысалы, дін мемлекеттен бөлінген деген желеумен зайырлылықты діннен мүлдем бөліп тастауды сәтті қадам дей алмаймын. Өйткені жас балаларға рухани бағыт-бағдар бәрібір керек. Егер біз оны бермесек, олар өздерінің рухани сұранысын интернеттен, шетелден іздеп кетеді. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дін мен дәстүр үйле­сі­міндегі құндылықтарын мектеп­тен бас­тап жас ұрпақтың санасына құюымыз қажет. Себебі, адамның бо­йын­дағы иман, Құдай, дін секілді сак­ральді дүниелерге қажеттілігін зайыр­лылық қағидаттары толтыра алмайды.

Діни ақпарат суицидпен тең бе?

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Келесі сұрағымды Ержан Байболға қойғым келіп отыр. Қо­ғам­да қауға сақал, бет-жүзін тұм­шалағандардың сыртқы түр-тұрпаты көп сынға ілігеді. Бұдан да өзге проб­лема жетерлік. Мұның бәрі мем­лекет тарапынан заңдық негізде қалай рет­теліп жатыр?

Ержан БАЙБОЛ:

– Ең алдымен дін саласындағы мем­ле­кеттік саясатқа келсек, оның негіз­гі басым бағытының бірі – адамның діни және наным-сенім бостандығына құқы­ғын қамтамасыз ету әрі оған кепілдік беру. Кім неге сенеді, қалай сенеді, қандай ғибадаттар жасайды, қай дінді ұстанады – өз еркі, оған мемлекет те мәж­бүрлемейді.

Екіншіден, осыдан келіп туындайтын салиқалы саясат – адамдардың және діни ұйымдардың арасында наным-сенімге қатысты өзара құрмет пен төзімділік қатынасын орнату. Бұл – діни сарындағы түрлі алауыздық пен араздықтың, тіпті діни экстремизмнің алдын алудың негізі. Сондықтан мемлекетіміздің дін сала­сын­дағы ең маңызды міндеттің бірі – ешуақытта діни негізде жеккөрушілік пен төз­беушілікті тудыратын іс-әре­кет­терге жол бермеу. Үшінші бағыт – мемлекеттік құрылымның және мем­ле­кеттік басқарудың зайырлы қағи­дат­тарын сақтау. Төртінші бағыт – елі­міз­дегі діни бірлестіктердің арасында дінаралық және конфессияаралық диа­лог пен келісімді нығайту. Діни бір­лес­тік­тердің және миссионерлердің қыз­ме­тін мемлекеттік реттеу. Қазір бізде 18 конфессияны құрайтын 4 мыңға жуық діни бірлестік бар. Бесінші бағыт – дін саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу.

Ұлттық халық санағында азамат­та­рымызға қандай дінді ұстанатыны немесе ұстанбайтыны туралы сұрақ қойылады. 2009 жылғы санақта осы сұраққа жауап беруден бас тартқан, яғни өзінің дінін, наным-сенімін көр­сет­кісі келмегендердің қатары 81 мың адамды құраған еді. Ал 2021 жыл­ғы санақта олардың қатары 2,1 млн адам болды, яғни 26 есе өскен. Айта ке­терлігі, сол азаматтарымыздың 1,7 мил­­лионға жуығы – қазақ. Ықылым заманнан бүгінге дейін «әлімсақтан бері мұсылманмын» деп есептеп келген қазақ енді өзін ислам дінімен байланыс­тыр­ғы­сы келмейді. Мұның себебі неде? Біз оны тереңнен зерттеп, тиісті шараларды қабылдауымыз қажет, бұл – мемлекетіміздің басты мүддесінің бірі.

Сарапшылардың пайымдауынша, бұл жерде геосаяси мүдделердің әрекеті көрініс тауып отыр. Еліміздің түркі-мұсыл­мандық өркениетке кіретіні, қа­зақ халқының басым бөлігі өзін «мұ­сыл­манмын» деп есептеуі теріс күш­терге ұнамайтын сияқты. Сондықтан қазаққа дәстүрлі дінін қорқынышты етіп көрсету жұмыстары жүріп жатыр. «Қазақ ешуақытта шынайы мұсылман болмаған» немесе «мұсылмандықтың зияны көп» дегенді айтатын жаңа қозға­лыс­тар пайда болып, қоғамда белең алуы – осы астарлы саясаттың көрінісі.

Сондай-ақ кейде жауапты орындар дінге қатысты нәзік тұстарды байқамай жатады. Мысалы, жақында Сенатта «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне білім беру, тәлім­гер­лік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Ол жерде мектепте суи­цид, зорлық-зомбылық, қоғамға, заңға қарсы әрекеттерді ақтайтын ақпа­рат­тарға жол берілмеуі керек екені қа­рас­ты­рылған. Бұл дұрыс, әрине. Со­нымен бірге діни ақпаратты да таратуға шектеу қойылған. Бұл жерде діни экстремизм мен терроризм емес, қандай да бір діни ақпаратты мектепте айтуға болмайды деп тұр. Өз кезегінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бойынша мектепте діни бірлестіктердің және миссионерлердің қызметіне онсыз да тыйым салынған. Демек, артық норманы енгізгенде ойлануымыз керек.

Енді қоғамда «Діни ақпарат суицидпен, зорлық-зомбылықпен тең бе?» деген заңды сұрақ туындап жатыр. Заң әлі күшіне енген жоқ. Осындай кезде біз діни радикализмді айыптаймыз деп зайырлылықтың радикализмін оятып алмағанымыз жөн.

Менің айтқым келетіні, осы сынды мәселелер қоғамға, оның ішінде ата-аналарға, педагогтерге, балаларға, мем­лекеттік қызметкерлерге діннің қауіп­ті екендігі туралы идеяны таратып жат­қан­дай. Шын мәнінде, діннің біздің қоғам үшін рөлі қандай? Осы орайда, оның жақсы тұстарын, елге пайдалы жақтарын, жасампаздық күшін пайдаланып, дінге деген мемлекеттік ұстанымды қайта қарау қажеттігі бар екенін айтқым келеді.

Зиялы қауым – қоғамның айнасы

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Мемлекет – қоғамдағы дін саласын реттеуші. Мектепке дінді барғызбаудың да белгілі бір себептері бар шығар. Балаға ең алдымен, ата-анасы бағыт-бағдар беруге тиіс. Кешегі кеңес заманында біз де ата-анамыз арқылы дінді таныдық емес пе? Осы орайда қоғамда жастарды соңынан ертетін, діл, дәстүр, сенім жөнінен оларға үлгі көрсететін рухани тұлға, зиялы адамдар керек. Оның портретін қалай жасаймыз? Мысалы, бұрында зиялы ретінде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ақжан Машани өнеге еді. Ал қазіргі қоғамда халықты осылай артынан ерте­тін көшбасшы зиялы бар ма? Жастар дін мен дәстүрді тең ұстайды деп кімге еліктеуі керек?

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ:

– Зиялы қауым – қоғамның айнасы. Ал жастарды елдің ертеңі дейміз. Неге? Өйткені олар қалай қалыптасса, еліміздің болашағы да сондай болмақ. Зиялы адам – бүгінгі жастарды тәрбиелейтін тұлға. Өкінішке қарай, бізде зиялылар кейде мемлекеттік, халықтық мүддені шетке ысырып қойып, өздерінің жеке басына қатысты мәселелерді көпшілік алдында талқылап, таласып-тартысып жатады. Бұл зиялы қауымнан күтетін үлгі емес. Олар ұлтты ұйытатын ынтымаққа, бірлікке жұмыс істеуге тиіс. Олардың жаңашылдықты, прогрессивтік идеяларды насихаттағаны жөн. Ондай адамдар бар ма? Меніңше, бар, бірақ біз сол кісілердің ой-пікірлерін дұрыс жеткізе алмай жатырмыз. Бізде қазір сыншылдар мен міншілдер көп, ал салмақты сөз айтатын кісілерді көрсете алмай отырмыз. Сөздің қадірі кетіп барады. Діни тақырыпта қоғамдағы түйіндерді тарқатуға септігі тиетін сөз айта алатын адамдарды ел алдына шығарасақ нұр үстіне нұр.

Жастар рухани тұлғаны іздейді

Батыржан МАНСҰРОВ:

– Рас, қазіргі жастар зиялыны, рухани тұлғаны көргісі келеді. Соған еліктеуге тырысады. Бірақ бүгінгі зиялы қауым өкілдерінің көбі, шыны керек, діни мәселеге шорқақ. Бес парыздың өзін біле бермейді. Ал жас буын мешіттерді толтырып жатыр. Түркиядан бір делегация келіп, біздің жұма намазымызға қатысқаны бар. Солар мешіттегі жа­мағат­тың дені жастар екенін көріп таң­ғалды. Үлкендер жоқтың қасы. Ал түрлі той-томалаққа барсаң, қолына рөмке ұстағанның дені – үлкен кісілер. Енді бүгінгі жастар не істейді? Кімге қарайды? Кімді үлгі тұтады? Бүгінгі зиялының басты проблемасы да осында: ата-баба дінін көп білмейді. Мен өзім мешітте мінберге шығып уағыз айтамын. Сонда көбіне Абайдың сөздерін дәйек етемін. Шәкәрімді насихаттаймын. Жастар жақсы тыңдайды. Алаш қайраткерлерінің айтқан сөздері керемет. Ал қазіргі күні асыл дінімізді айтатын, имандылық пен саламатты ділді наси­хаттайтын зия­лы қауым өкілдері неге аз? Рас, Абай мен Алаштан бері қарай дін саласында жастарға үлгі ететін зиялыны көп таба алмай отырмыз. Соның кесірінен қазіргі жас­тар әлеуметтік желі­де белсенді әнші­лер мен әртістердің соңы­нан еріп кетті...

Сұлтан ЫБЫРАЕВ:

– Ата-бабамыз бізге «екі дүниені тең ұста» деп өсиет қалдырып кеткен. Зиялыларымыз да екі дүниені тең ұстап, жастарға бағыт-бағдарын, ақыл-ойын айтып отырса, жақсы болады деп есептейміз. Қазір әділетті қоғам құрамыз деп жатырмыз. Ал ислам дегеннің өзі – әділдік. Қай заманда болсын адам баласы бір рухани қажетілікке мұқтаж. Дін болмаса, басқа нәрсеге сенеді. Коммунизм де – сенім, фашизм де – сенім. Егер дінді қоғамнан ысырып тастасаң, оның орнына осы секілді кез келген, тіпті бізге жат бір сенім жүйесі келеді. Сондықтан біз жастарымызды ата дініміздің кәусарынан сусындатып отырсақ, олардың адаспауына септігімізді тигіземіз.

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ:

– Бір сұрақ туындап тұр. Қазір хиджаб киетін қыздар неге көп? Адам­дар­­дың экономикалық-әлеуметтік жағ­да­йына байланысты сол киімді киюге мәжбүрлік бар ма? Өйткені ол арзандау екені белгілі...

Ержан БАЙБОЛ:

– Хиджаб – бізде ең көп талқыланатын тақырып. Өйткені термин ретінде заң­на­мада қарастырылмаған. Қыз бала қа­ра­­­пайым ғана мектеп формасымен бір­ге басына жай ғана орамал тақса, ол хиджаб па? Түрлі жиын, аста құран оқылса, әйелдер жағы басына орамал тағып отырады. Кейінгі кезде хиджаб сөзінің өзі қоғамда кикілжің туындату үшін әдейі пайдаланылатын сияқты. Екіншіден, қазір блогерлерге «хиджаб кию үшін ақша төлейді екен» деген ақпарат жарияланып жатыр. Бұл солай болған жағдайда екі арада келісім жаса­лады. Егер оған қол қойылса, бір­ден қылмыстық іс қозғауға болады. Өйт­кені бұл діни арандатушылыққа жата­ды. Жалпы, дінге қарсы кез келген аран­да­ту­шылық, жалған сөз, қаралау заңмен жазалануы керек.

Кеңшілік ТИЫШХАН:

– Шын мәнінде, орамал, бетті бүр­ке­мелеу, балақ қысқарту дегеннің бәрі – тек сыртқы белгілер ғана. Діни ағым­мен күресте сыртқы атрибуттар­мен күресу жеткіліксіз, ең бірінші адамның санасымен жұмыс істеу керек. Мәселе – сонда. Мемлекет тарапынан халыққа, жастарға ағартушылық ба­ғыт­та жүйелі жұмыс жүргізілсе, па­ран­жа, хиджаб деген мәселелер өзінен-өзі шешілер еді. Ал тек сыртқы киімі­мен, сақалымен күресе берсек, сана­сы радикалданған адамдар райы­нан еш­қашан қайтпайды. Тіпті болмай бара жатса, мемлекеттен көшіп кетеді. Сал­дарынан кейінгі уақытта балаларын мектептен шығарып алып, Ресейде онлайн оқыту үрдісі де көбейіп барады. Ендеше не істеуіміз керек: күштеп әрекет етеміз бе, әлде өз азаматтарымызды ұлттық құндылықтармен қамтамасыз етіп, түсіндіру жұмыстарымен айналысамыз ба?

Үстіне қап-қара киім киіп, бетіне паранжа немесе тор перде жауып алып, мұны сүннет деп түсіндіретіндер бар. Осының бәрі қоғамға жат дүние екенін дәстүріміз арқылы теріске шығарып, өз мәдениетіміз бен ділімізді насихаттауы­мыз керек. Бірақ бұл бір сөзбен шеше салатын мәселе емес. Мысалы, сақал қою да, басқа орамал тарту да қазақтың дәстүрінде бар нәрсе. Бірақ оның бәрі орнымен, жасына қарап жүзеге асқан.

Жоғарыда айтылғандай, «Зиялы кім?» деген сұраққа бірауыз пікір айта кетейін. Қазір зиялыны қолдан жасау үрдісі бар. Зиялы қолдан жасалмайды. Дін саласында зиялы шығуы үшін діннің ағартушылық күшіне мән бергеніміз жөн. Зиялы адам әлеуеті мықты, IQ-і жоғары адамдардан шығуға тиіс. Ал қабілетті жастар медресеге бара ма, жоқ па? ҰБТ-дан ең төмен балл алып, басқа жолы болмаған соң медресеге түсе салған шәкірттен ертең ұлт зиялысы шығуы екіталай.

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ:

– Түркияда Ататүріктің кезіндегі екі үдеріс көп сыналды. Ең алдымен олар діни мектептерді жапты да, көппартиялы жүйеге өткенде Ататүріктің өзі құрған партиясы діни мектептерге қайтадан рұқсат берді. Бұлар зайырлы мектеп болғанымен, діни пәндерді де оқытады, қыздар мен ұлдар бөлек білім алады. Яғни саясат дінді қолданды. Екіншісі – тұрбан мәселесі. Бұл – хиджабқа ұқ­сай­тын түріктердің ұлттық киімі. Бас­тапқыда оған да қарсы күресті. Мем­ле­кеттік қызметке, мектептерге жолатпады. Бірақ кейін рұқсат берді. Қазір Түркияда орамал проблемасы жоқ, өйткені түрік қоғамы оған дайын екенін көрсетті. Біз де осындай оңтайлы жолды табуымыз керек. Ол үшін зиялылар, саясаткерлер көп ойлануы қажет.

Кеңшілік ТИЫШХАН:

– Ең алдымен, қыз балалар орамал тақсын-тақпасын, біз зайырлы қоғам­ның өкілі ретінде оның сенім бос­тан­дығына құрметпен қарай білуіміз қажет. Сонымен бірге зайырлы ортаның (мектеп, мәдени орындар, т.б.) киім талабын күштеу деп ұғынбау қажет. Кейде тіпті тал­қы­лауға тұрмайтын мәселеде біз бір-бірі­міз­дің бетімізді тырнап, шашымызды жұлып жатамыз. Шын мәнінде, қа­зақ­тың ұлттық киімі ретінде орамалымызды, иманды киінуді насихаттасақ, ұтылмаймыз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Құрметті қонақтар, ең алдымен, осы іс-шараға келіп, келелі ой-пікірлеріңізді орта­ға салғандарыңыз үшін рахмет ай­тамын. Бұл – өте күрделі әрі кең ауқымды тақырып. Көрші Ресейдің тұл­ға­лары «Егер біздің мәдениетімізден православ дінін алып тастасақ, орыс мәдениеті болмайтын еді» дейді. Біз де дәстүрлі дінімізге қатысты осыны айтамыз. Біз зайырлы жолмен жүреміз. Дін қоғамнан бөлектенбейді. Ол үшін ұлттың рухани иммунитетін көтеруіміз керек. Ел ішіндегі келіспеушіліктер үшін бір-бірімізді жау көрмей, жікке бөлінбей, саналы адам деңгейінде шеше білгеніміз дұрыс. Оған қоғамның барлық саласы күш біріктіргені жөн. Бүгінгі жиын барысында айтылған пікірлерді сарапқа сала келе, біз осы мақ­сатқа жете алатынымызға сеніміміз артты.

 

Дайындаған –

 Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan» 

 

 

 

 

 

Дереккөз: Егемен Қазақстан газеті

Пікірлер Кіру