Дұрыс шешім қабылдап үйренудің жолдары

26 қазан 2018 14289 0
Оқу режимі

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Асықпау – Рахманнан (Алладан), асығу – шайтаннан», – деген. Демек, асығыстықпен қабылданған шешімдерге шайтан араласады. Осы хадистің екінші бөлімін мақалға айналдырған халқымыз «Асыққан шайтанның ісі» деп, асығыстыққа ұрынудан сақтандырған. Сонымен қатар, имам Бухаридың жинағында келтірілген бір сахих хадисте: «Расында, Алла біздің әр ісімізді ойланып, сабырлылықпен жасағанымызды жақсы көреді», – делінген.

Алла Тағала Құранның «Әнбия» сүресінің 37-аятында: «Адам асығушы (табиғатта) жаратылды», – дейді және «Исра» сүресінің 11-аятында: «Адам өте асығушы», – деп баяндалған. «Абайлап жасаған адам мақсатына жетеді, асыққан қателеседі». Аятта айтылғандай, адам баласы асығыс шешім қабылдауға бейім тұрады. Алайда, сол асығыстығымыздың соңы өкініш пен күнәлі істерге алып барып жатады. Сондықтан, әр істі жасар алдында «Бұл істен Алла Тағала разы ма? Бұл сауап па, әлде күнә ма? Бұл маған не үшін керек?» деп ойлану керек.

Асықпай, дұрыс шешім қабылдауды әрбіріміз үйренгеніміз абзал. Бірақ, ол үшін көп күш-жігер, уақыт және ақыл мен сана керек. Дұрыс шешім қабылдауға үйрететін сондай техникалардың бірі «Декарт шаршысы» («Квадрат Декарта») деп аталады. Бұл техника сіздің қабылдаған әр шешіміңіздің «артықшылығы» мен «кемшілігін» көруге мүмкіндік беретін қарапайым ғана техника.

«Декарт шаршысы» тәсілін қалай қолдану керек?

Бұл техниканың тиімділігі қабылдағалы отырған шешіміңізді төрт түрлі қырынан қарастырып, төрт сұраққа жауап бере отырып жасалуында.

1. Бұл істі ЖАСАУЫМ маған несімен тиімді болмақ?

Осы істі жасасаңыз, қандай жақсы қорытынды аласыз, сізге және айналаңыздағы адамдарға сол істен қандай тиімді пайда бар, сол жағын белгілеп алыңыз. Пайдалы жақтарын ешбір абстракциясыз, қиялсыз ойластырыңыз. Мысалы: Сіз автокөлік сатып алғалы жатырсыз делік. Бұның қандай тиімді жақтары бар? Керек жеріңізге өзіңіз де, туыстарыңызды да жылдам жеткізесіз. Қоғамдық көліктер мен таксилерге тәуелді болмайсыз.

2. Бұл істі ЖАСАМАУЫМ маған несімен тиімді болмақ?

Бұл жерде әзірге қабылданбаған шешіміңізді жүзеге асырмауыңыздың қандай тиімді жақтары бар, соны есепке алыңыз. Мысалы: егер Сіз автокөлік сатып алмасаңыз, көліктің жөндеу жұмыстарына кететін қаражатқа, жанармай құюға шығындалмайсыз және көлік апатына ұшырау қаупінен, өзіңізге, өзгелерге зиян келтіруден аулақ боласыз.

3. Бұл істі ЖАСАУЫМ несімен тиімсіз болмақ?

Бұл жерде қалап тұрған ісіңіздің кері жақтарын есепке алыңыз. Демек, қалап тұрған ісіңізді жүзеге асырсаңыз, бұл Сіз үшін несімен тиімсіз? Осы жағын қарастырыңыз. Мысалы: егер Сіз көлік сатып алсаңыз, тапқан қаражатыңыз бен уақытыңыздың біразы көлікті жөндетуге кетеді, оған қоса жолда кездесетін келеңсіз жағдайлар мен жол кептелістерін қосыңыз. Сонымен қатар, жол ережесін білмейтін жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге кеткен жүйкеңізді ойлаңыз.

4. Бұл істі ЖАСАМАУЫМ несімен тиімсіз болмақ?

Соңғы сұрақта қаралатын жағы: қалаған ісіңізді жасау туралы ойыңыздан бас тартсаңыз, сол қалауыңызға қол жеткізе алмайсыз. Бұл жерде шешіміңіздің осы жағы сыналады. Мысалы: егер Сіз көлік сатып алмасаңыз, көбірек жаяу жүруіңізге, аялдамада қоғамдық көліктерді күтіп тұруыңызға тура келеді. Осының салдарынан, жұмысыңызға, кездесуіңізге, жалпы діттеген жеріңізге біраз кешігіп жетесіз.

«Декарт шаршысының» пайдасы әр шешіміңіздің тиімді (плюс) және тиімсіз (минус) жақтарын білуге көмектеседі. Әр істе шешім қабылдау үшін, сол ойыңызды төрт қырынан қарастырасыз.Осыдан барып, сол істі жасауым керек пе, жоқ па деген сауалға дұрыс жауап таба аласыз.

Осыны есепке ала отырып, адам баласы тек дүниелік қана емес, ақыреттік істе де дұрыс шешім қабылдауды үйрене алады.

Сонымен қатар, әрбір мұсылман пенденің өз істерінің сәттілігін және сол арқылы екі дүниенің бақытын сұрайтын намаз – истихара намазы бар. Истихара намазының қасиеттері мен пайдасы өте көп.

Жәбир ибн Абдулла (р.а.) риуаяты: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге барлық істерде Құран сүрелерінің бірін мұқият үйреткеніндей, (Алла Тағаладан) истихара сұрауды үйретіп, былай дейтін еді: Егер сендерден біреуің қандайда бір істі бастамақ болса, парыз етілмеген екі рәкағат истихара намазын оқысын да, кейін былай десін: «Ей, Аллам! Маған іліміңнен игілік бергейсің. Құдіретімен мені қуатты еткейсің. Кең пейіліңмен мені қуанышты еткейсің. Расында, менің күш-құдіретім жетпейді. Мен еш нәрсені білмеймін. Ал, Сен барлық нәрсені білесің. Әрі Сен көместі де толық көрушісің. Ей, Аллам! Егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, (немесе былай дейді: қазіргі өмір тіршілігім де келешекте) (бұл істің) мен үшін қайырлы екендігін білсең, оны маған нәсіп ете гөр. Әрі маған ол істі оңай етіп, кейін оны мен үшін берекелі ет! Ал, егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында (немесе былай дейді: қазіргі өмір тіршілігім де келешекте) (бұл істің) мен үшін жаман екендігін білсең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет. Қай жерде болса да мен үшін жақсылықты нәсіп ет, мені сол жақсылықпен разы ете гөр».

Жаратушыдан өзін жақсы жолға салуын сұраған, әрі момын-мұсылмандармен кеңесе отырып өз ісінің дұрыс екендігіне көз жеткізген кісі өкінбейді. Кемшілік атаулыдан пәк Иеміз былай дейді: «Іс жөнінде олармен кеңес ет, сонымен қашан (ол істі орындауға) шешім берсең, Аллаға тәуекел ет».

Намаз, дұға, истихара дұғасы – Жаратқаннан жәрдем, әр істің дұрыстығы мен қайырын сұраудың ең тиімді жолдары. Ал, «Декарт шаршысы» сияқты техникалар бұл – адамның алдын ала қабылдайтын шешімінің дұрыс-бұрыстығын болжап, бағамдаудың траекториясы ғана.

Бізге әр істің қиындығынан шығуға, жамандықтан аулақ болуға жол көрсеткен Алла Тағала неткен Ұлы еді!

Лаура Алмаханова

Пікірлер Кіру