Дүние-мүлік – қолдың кірі

24 ақпан 2020 11840 0
Оқу режимі

Халқымыз дүние-мүлікті қолдың кіріне теңеп, маңызы мен мәні жоқ бос нәрсеге балаған. Құран Кәрім дүние-мүлікті:

«Оларға бұл дүниенің мысалын былай деп түсіндір: ол көктен жауған жаңбыр секілді, соның саясында жердегі шөптер қалың болды, ал бірақ таң атқанша қурап қалған әлгі шөптерді жел олай да, бұлай да ұшырады. Алланың бәріне күші жетеді. Дүние-мүлік пен бала-шаға бұл өмірдің бір әшекейі ғана. Ал жалғасын тапқан игіліктер сауап пен үміт тұрғысында Алланың алдында одан да қайырлы»[1];

«Жақсылап біліп алыңыздар, бұл дүние ойын, көңіл көтеру, сәндену, бір-біріңе мақтану, дүние-мүлік, бала-шағаның санын арттыру мәселесінде бір-біріңмен жарыс қана. Мұның бәрі жаңбыр сияқты. Оның арқасында өсіп шыққан шөп кәпірлерге қатты ұнағанымен қурап, сен оны сап-сары болып, тіпті сабанның талшығына айналғанын көресің. Дүниеге алданғандарға ақыретте қатты азап бар. Ақыретті таңдағандарға Алланың кешірімі мен рызасы бар. Бұл өмір адамды алдандырған сағым ғана»[2], − деп суреттейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тірлігінде мұсылмандардың сағым дүниеге алданып қалмауын: «Менен кейін сізге дүние нығметтері мен әшекейлері ашылып, соған беріліп кетесіздер ме деп қорқамын»[3]. «Ақыретпен салыстырғанда бұл дүниенің мәні тек қана саусағыңызды теңізге батырып қайта шығарғанда саусағыңызда қалған су тамшысы секілді. Адам теңізден қаншасын қолымен ала алатынына қарасыншы?[4]» − деп ескерткен.

Бір күні Екі Дүние Сәруары (с.ғ.с.) сахабаларымен бірге базардың ішінен өтіп бара жатқанда жерде жатқан лақтың өлексесін көреді. Өлексенің құлағынан ұстап көтеріп: «Кім мынаны бір дирхамға алады?» – деп сұрайды. «Ей, Алланың Расулы, одан да арзан берсе алмаймыз, ол біздің қай ісімізге жарайды!» – деп жауап қатады сахабалар. «Тегін берсе алар ма едіңіз?» – деп сұрағанда, бәрі бірауыздан: «Тегін берсе де алмаймыз, оны қайтеміз!» – дейді. Сонда хазірет Пайғамбар (с.ғ.с.) «Уаллаһи, мынау (өлексе) сіз үшін қандай түкке тұрғысыз болса, Алла үшін дүние де осы лақтың өлексесінен бетер түкке тұрғысыз», – дейді[5]. Міне, осылай дүние-мүлікке берілмей, «Ухуд тауындай алтыным болса, қарызымды төлеуге беретіндерімнен артылғанын үш түн болса да жанымда сақтамас едім»[6], − деген Пайғамбарымыздан үлгі алған сарбаздары да сол сияқты өмір кешіп, дүние-мүліктің арбауына түспеген. Сахаба Хаббаб б. Әрәт өздерінің осы жайын: «Мусаб бин Умәйр Ухуд соғысында шейіт болған кезде, үстінде сауытынан басқа түгі жоқ еді. Онымен басын жапсақ аяғы, аяғын жапсақ басы ашық қала берді. Расулалла онымен басын жауып, аяғын шөппен жабуымызды әмір етті»[7], − деп мәлімдеген.

Хазірет Пайғамбар мен оның алмас сынды сахабаларының осы асыл қасиетін тілге тиек еткен Қабан жырау:

Бұл дүние имандыға арман емес,
Дүниенің қызығы үшін мал жимаймыз,
Мал, шіркін, ешкімге еріп барған емес.
Бұрынғы пайғамбар мен сахабалар,
Пайда ғып ешкім малын алған емес[8], − деп жырлаған.

Себебі, жандарынан да жақсы көрген Пайғамбарлары оларға: «Дүниеге беріліп кетуден сақ болыңдар![9]» − деп ескерткен-ді. Осы жайды жырға қосқан халқымыз:

Пайғамбар «пәни малды сүймең» деді,
Сахабалар, батырлар тілін алды[10], – дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние-мүлікті өткінші қызық деп бағалаған. Мысалы, Ол бір хадисінде адамдардың өмір бойы теріп жинаған дүние-мүліктерінің оларға қабірге дейін ғана серік болып, одан арғысын оның еш қажетіне жарамайтынын айтқан:

«Үш нәрсе мәйіттің артынан жүреді: бала-шағасы, дүние-мүлкі және іс-әрекеті. Екеуі кері қайтады, біреуі оның жанында қалады. Бала-шағасы мен дүние-мүлкі кері қайтып, жақсылы-жаманды іс-әрекеті ғана жанында қалады»[11].

Пайғамбарымыздың осы хадисін жырға қосқан Шал ақын:

Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,
Бір күні ажал келіп жаныңды алар,
Жан шығып, дүниеден көшкеннен соң,
Мал-мүлкің, қатын-балаң бәрі қалар[12], − десе,

Шортанбай ақын:

Дүние, малы ермеді
Өлген ердің соңына...
Жалғанда жиған нәрсенің
Пайдасы жоқ қу жанға[13], − дейді.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде:

«Адам баласы дүнием, дүнием дейді. Ей, адам баласы! Жеп бітірген, киіп ескірткен немесе жақсылық жолында жұмсап өзіңнен бұрын (ақыретке) жібергеннен басқа қандай мал-мүлкің бар?[14]» −деген.

Осы хадиске сәйкес Шортанбай:

Алтын-күміс абзалың
Өлгеннен соң не керек?
Өлген малың – иманың,
Тіріде қамын жиғаның.
Аманатын алғанша
Жалғанда бар ма қиғаның[15], – деп жырлаған.

Екі ғасыр куәгері ақиық ақын Жамбыл жоғарыдағы хадистердің мағынасына үйлестіріп:

Дос-жаранға, кемтарға
Қайырлы бол делінген!
Қылған қайыр болмаса,
Не әкетесің өмірден?
Дәулетіңнен не пайда
Таусылмайтын көрінген!
Жалғыз мұраң сол болар
Қол қайырым берілген.
Басқа дүние бәрі де
Көмілмейді кебінмен[16], – деп ойын ақтарған.

Хақ Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде:

«Жәннат есігінің алдында тұрдым. Ол жерге кіріп жатқандардың көбісі кедейлер еді. Байлар болса есеп беру үшін күтіп тұрған. Сосын олардың ішінде тозаққа баратындар үшін «тозаққа апарылсын» деген әмір берілді»[17], − деп мұсылман үшін маңызды ақырет сырын айтады. Мал дейді көп дүнияда жиғанменен, Бәрінің ақыретте азабы бар[18], – деп халқымыз осы хадистен оймақтай ой түйген.


[1] «Кәһф» сүресі, 45, 46-аяттар
[2] «Хадид» сүресі, 20-аят
[3] Муслим, Зухд, 1052
[4] Имам Нәуәуи, Риядус-салихин, I, 419-б., (ауд: И. Өзкес), Стамбул, 1992.
[5] Муслим, Зухд, 2957
[6] Муслим, Зекет, 991
[7] Муслим, Жәнайз, 940
[8] Бабалар сөзі – даналық көзі, 83-б.
[9] Тирмизи, Зухд, 2329
[10] Бабалар сөзі, II, 367-б.
[11] Муслим, Зухд, 2690
[12] Ай, заман-ай, заман-ай, I, 148-б.
[13] Шортанбай. 36, 37-б.
[14] Муслим, Зухд, 2959
[15] Ай, заман-ай,заман-ай, I, 277-б.
[16] Ө. Күмісбаев, Жамбыл және Шығыс әдебиеті, ҚазҰУ хабаршысы, Шығыстану сериясы,№3 (28), 2004.
[17] Муслим, Риқақ, 2736
[18] Бабалар сөзі, II, 118-б.
 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру