ДІНДЕРГЕ ТӘН ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

21 наурыз 2024 1644 0
Оқу режимі

Құндылықтық тұрғыдан алғанда әлемдік діндердің сенімі мен қағидаттарында адамгершілікке негізделген ізгілік, мейірімділік, адалдық, төзімділік секілді игі қасиеттер насихатталады. Мұндай моральдық ұстанымдар мен рухани негіздегі тәрбие адамның және қоғамның ұмтылыстары мен мақсат-мұратын дұрыс арнаға бағыттауға әсер етеді. Жалпы, діни құндылықтарға адамгершілік, жанашырлық, әділдік, жақынды сүю және қоршаған ортаны құрметтеу сияқты қағидалар жатады. Көптеген діндер басқа адамдармен үйлесімді өмір сүру үшін этикалық стандарттар мен белгіленген мінез-құлық ережелерін сақтаудың маңыздылығын мойындайды. Соның ішінде негізгі құндылықтардың бірі – әділдік.

Ол әрбір адамның құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеу, қиын жағдайға тап болғандарға жанашырлық таныту, қоғамдағы теңсіздіктер мен әділетсіздіктерді жоюға ұмтылу деген сөз. Сонымен қатар, діндер өз ізбасарларын басқа адамдарға, әсіресе көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық пен жанашырлық көрсетуге үйретеді. Олар үйлесімділік пен бақытқа жету құралы ретінде өзін-өзі жетілдірудің және рухани өсуге ұмтылудың маңыздылығын атап көрсетеді. Жалпы, діндердің ортақ құндылықтары барлық адамдардың бақыты мен әл-ауқатына ықпал ететін моральдық-этикалық принциптерге негізделген жақсы және әділ әлеуметтік өмірді құруды мақсат етеді. Қазақтың ұлы ақыны Абай өз өлеңдерінің бірінде:

 «Махаббатпен жаратқан адамзатты,

 Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті» – деген болатын. Расында, қайсыбір дінді алсаң да адамды сүйіспеншілікке, бір-бірін құрметтеуге, әділ болуға және Жаратушыға құлшылық жасауға шақырады. Діндер Жаратушыны тану тұрғысынан бір-біріне қайшы келуі мүмкін. Алайда, моральдық тұрғыда өзара түсінесе алады. Өйткені барлығында Жаратушыны бар екендігін тану сенімі жатыр. Өткен ғасырда Кеңес дәуірінің қылышынан қан тамып тұрған 30-40 жылдары қазақ жеріне көптеген ұлттар күштеп жер аударылды. Олар өздерінің мәдениетімен қоса діни сенімдерін ала келді.

Сол замандағы ата-әжелеріміз тағдыр тәлкегімен елге келгендердің ұлты мен діні бөлек болса да қол ұшын берді. Өйткені, оларға адамзат баласы деп қарады. Өздері құрқылтайдың ұясындай үйде отырса да, оның бір бөлігінен орын берді. Отбасы мүшелері тойып тамақ жейтіндей деңгейде болмаса да, астарымен бөлісті. Бұл аталарымыздың жүрегінде ізгілік пен мейірімділіктің мол екендігін көрсетеді. Елімізде әлем діндерінің көшбасшылары жыл сайын бас қосып келеді. Олардың діни сеніміне қарамастан бірге отыруы – гуманизм құндылығы болып есептеледі.

Жоғарыдағы айтылған құндылықтар кез келген адам баласының бойынан көрініс тапса, адамның түр-түсіне, ұлтына, сеніміне қарамастан ортақ тіл табыса алатынын айғақтайды. Алайда, бұл құндылықтар кез-келген діни ағымдарда кездеспейді. Соның салдарынан ел ішінде лаң шығарып, қалыптасқан құндылықтарды терістеп, өзгеден өз ұстанымын жоғары қойып, көпшілікке толеранттылық таныта алмайтындар бар. Қорытындылай келе, ата-баба салған сара жолмен жүре отырып, өзге діндерге толерантты көзқараста болу, яғни сыйластық, құрметтеу қағидаларын ұстану маңызды екенін баса айтқым келеді.

 

 Ж. Дәрібаев, Қызылорда облысы


 

 

Дереккөз: Kazislam.kz

Пікірлер Кіру