ДІН АҚЫЛҒА ҚАЙШЫ МА?

15 мамыр 2024 1433 0
Оқу режимі

«Дінақылға қайшы құбылыс» деп санайтын атеистерді айтпағанда, біраз бауырларымыз: «Дінді, шариғат талаптарын ақылға салуға болмайды», – дейді. Осындай пікірлер қоғамда «Дін мен ақылбір-біріне қайшы дүние», «Дін ұстану білім-ғылымнан алыстатады» деген жалған түсінікке жетелейді. Шынымен солай ма?

Әуелі асыл дініміздің алтын қазығы –  қасиетті Құранға назар аударсақ, мынадай аяттар бар:  «Олар Құранға ой жүгіртпей ме? Әлде олардың жүректері құлыптаулы ма («Мұхаммед» сүресі, 24-аят);  «Ойлаған қауымға (Алланың бар және Бір екендігіне) белгілер бар» («әл-Ғимран» сүресі, 190-аят);  «Олар ойланбай ма?» («Ясин» сүресі, 68-аят); «Бұны тек ақыл иелері ғана түсіне алады» («Бақара» сүресі, 269-аят); «Ей, ақыл иелері, Менен ғана қорқыңдар» («Бақара» сүресі, 197-аят). Жалпы, ғалымдардың айтуыншаҚұранда 256 жерде «Ойланбайсыңдар ма? Ақылға салмайсыңдар ма?» делінген, сонымен қатар 700-дей жерде білім мен ғылым туралы айтылған.

Ұлы Жаратушының ұлық Сөзіне амал етудің өнегесін көрсеткен, «Тірі Құран» аталған сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!)«Әркімнің дініоның түсінігі. Ақылы жоқтың  діні де жоқ!» – дейді (Әл-Ғәлләма Қади-хан әл-һинди, Канзул ғұммэл фи сүнәнил ақуал уэл афғал, 7033-хадис).

Ал Қазаққа шамшырақ болған Абай хакім: «Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз», «Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар, Хақиқат та, дін дағытереңінде», – десе, Шәкәрім атамыз: «Дiн тазасын дiннен iзде, дiн шатағын сынға сал; Анық айна – өзiңiзде, айда ақылды қаттырақ!» – депті.  Бұл айтылғандарды пайғамбарлық берілген кездегі ең алғашқы түскен: «Оқы!» (Ғалақ» сүресі, 1-аят) деген аят – басты Үкім бұлталақсыз бекітеді.

Енді Ақыл жайлы қиссаға құлақ түрелік: «Адам баласына жан салынғаннан кейін Жәбірейіл періште Адам атамызға әкеліп:

– Уа, Адам! Алла Тағала саған сәлем айтты. Мына үш сыйлықтың бірін таңдауыңды бұйырды, – деп, Ақыл, Ұят және Иман үшеуін ұсыныпты.

Адам ата:

– Бұл үш сыйлықтың арасынан Ақылды жөн көрдім, – деп, Ақылды таңдапты. Сонда Жәбірейіл періште Иман мен Ұятқа:

– Таңдау жасалды, сендер бара беріңдер, – депті.

Сол кезде Иман:

– Алла Тағала маған: «Ақыл қайда болса, сен де сонда бол!» – деп бұйырды. Сондықтан мен ақылдан бөлек кете алмаймын! – деп тіл қатыпты. Ұят та:

– Раббым маған да дәл солай бұйырды. Мен де Ақылдан бөлек кете алмаймын, – депті. Сөйтіп үш қасиет Адам баласының бойына бірге дарыған екен».

Бұл қиссаны мына хадис бекіте түседі: «Қиямет күні таразыға қойылатын нəрселердің ең əуелгісі (ауыры)  жақсы мінез бен сақилық. Алла Тағала иманды жаратқан кезде, Иман: «Я, Алла! Мені қуаттандыршы!» – деді. Алла Тағала оған көркем мінез бен сақилық беріп, оны қуатты қылды. Сонда күпірлік те: «Я, Алла, маған күш бер», – деп сұрады. Алла оған сараңдық пен жаман мінез беріп, қуаттандырды» (Əбу Дауд, Тирмизи жеткізген).

Иә, иман мен ақыл – бірін-бірі толықтыратын құндылықтар. Хәкім Абайдың: «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз», – дегеніндей, ақылды ерден иман қашпайды. Алайда, ақыл жетпейтін жерге иман жетеді.

Бұған қатысты имам Матуриди былай депті: «Алла Тағаланы ақылмен тануға болады. Ақыл – жаратылыс сырын түсіну үшін берілген Алла Тағаланың сыйы. Әрі біз жаратылыс жайлы терең ой жүгіртуге бұйырылдық. Бірақ ақыл – шектеулі. Алла Тағаланың шексіз иләһи хикметтерін, сыр ретінде сақтаған нәрселерін ақыл біле алмайды».

Ақыл феномені, оның қуаты адамның иманына, тақуалығына, дүниеге деген көзқарасына, адамдармен (өзімен, табиғатпен, қоғаммен, Жаратушысымен) қарым-қатынасына, іс-амалдарына, күнделікті тіршілігіне, бүкіл болмысына әсер ететіні сөзсіз.

Ақыл мен иманның арақатынасы жайлы сара сөзді әйгілі ғұлама имам Ғазали айтыпты: «Ақыл – көз, Құран – күн тәрізді. Күн жарығында көздің жақсы көретіні сияқты ақиқатты түсінуде Құран негізінде ақылды пайдалануға мұқтаждық бар. «Тек Құран жеткілікті» деу күндіз көзді жұмып жүргенмен бірдей. Ал, «тек ақыл жеткілікті» дейтіндер қараңғы жерде бейне бір жарық іздеген адам тәрізді. Бұл екі нәрсе де азғындыққа апарады. Сондықтан шариғат пен ақыл – бір-бірін толықтырып, кемелдендіріп келген екі нұр».

Сонымен «Дін талабын ақылға салуға болмайды» деген сөз қайдан шықты? Бұл Ислам дініндегі негізінен мәтінге сүйенген «ахли-хадис» мектебінің ұстанатын қағидаты екені белгілі. Екінші мектеп – ақылға басымдық беретін «ахли-рай» бағыты. Ислам әлеміндегі бұл екі мектеп – бірін-бірі толықтырып тұрған, арадағы талас пікірлер арқылы бірін-бірі дамытып келе жатқан ұстанымдар.

Алайда, біздіңше, мына негізгі түйінді ұғынып алу қажет сияқты: 1. Ақыл араласа алмайтын аймақ бар (Алла Тағаланың есім-сипаттары мен тағдыр мәселесі); 2. Қалған барлық мәселелерге («қалай» және «не үшін, неге» деген сұрақтарды қою арқылы) ақыл мен қисын арқылы жауап ізделінуі керек (Мәселен, Ислам экономикасы, социологиясы, философиясы, саясаты, психологиясы, тарихы сау ақылдың қуатымен ашық талқылауға түскені дұрыс). Мінеки осы ұстаным болмағандықтан, діни-рухани салада ғана емес, материалды-технологиялық салада да кемшіліктер орын алып отыр; талай адасулардың себебі – осы аражікті айыра алмағандықтан.

Тура осы тәсілмен «Тағдырға иман» мәселесіндегі түйткілдерді шешуге болады. Яғни, Адам еркі мүлде араласа алмайтын аймақты «тағдыр алаңы» деп, ал адам еркі мен қалауы аз да болса араласа алатын, өзгерте алатын аймақты «еркіндік пен жауапкершілік» алаңы деп атап, ажырата білу қажет. Сонда көпшілік арасындағы фатализм, фанатизм, пессимизм, нигилизм сияқты керітартпа құбылыстар азайып, мұсылман жамағатының белсенділігі мен жасампаздығы артар еді…

Ақыл – мал-дүние, денсаулық, қабілет-талант секілді, Алланың адам баласына берген үлкен нығметтерінің бірі әрі бірегейі. Оны Алланың разылығына жету жолында пайдалану – мұсылманның міндеті. Ақылдан ғалымдық та, залымдық та шығатындықтан, біз оны Құран мен сүннет белгілеп берген өлшем негізінде, яғни иман шарттарының аясында пайдалансақ – адаспаймыз.

Алла Тағала баршамызға Өзін таныған, иманмен сәулеленген Нұрлы ақылды нәсіп етсін!

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру