БІРЛІК ТҮБІ – БЕРЕКЕ

08 маусым 2023 4953 0
Оқу режимі

Қазақ халқы ертеде  «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген болатын.  Бірлік барлық нәрсенің жеңісі болып саналады.

«Бірлік бар жерде - тірлік бар» деген қанатты сөз татулық пен бауырластықтың айғағы секілді. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз осы қағиданы басты бағыт етіп ұстағандай. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді.

Әлемдік тәжірибеде ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, береке-бірліктің қадір-қасиетін көрсетіп келе жатқан мемлекеттер көп емес. Міне, 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Қазақстан бүгінде әлем елдеріне үлгі-өнеге.

Қазақстан Республикасын мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастыққа, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп келеді. Жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды. Сондай-ақ қазақ халқының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдығы үшін ерекше бағалайды, бастысы – өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауызбіршілікте туыс болуды көздейді.

Тәуелсіз елімізде барша қазақстан­дық­тарды біріктіріп, ел болашағының іргетасын қалауда тарих, мәдениет және тілдің атқарған рөлі орасан зор болғанын бәріміз мойындаймыз.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Барлықтарың Алла Тағаланың дініне жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша  Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді» (Ал Имран 103). Міне, Алла Тағала осы аяттары арқылы Хақ дінде бекем болуға, сондай-ақ, қарсыласпай, бөлектенбей бірлікте болуға шақырады. Бұл сөздерден кейін Алла Тағала адам баласына берген нығметін еске түсіруге бұйырады. Оның сыры мұсылмандардың жүрегін қосу. Өйткені, Аллаға мойұнсынған мұсылманның басқа кісіге зиян келтіруіне болмайды.

Тарихқа үңілсек, бұл аят негізінен Мәдина қаласында өмір сүрген Ауса мен Хазраж руларына түскен. Өйткені олар Ислам келмей тұрып бір-бірімен дұшпан болып,  қастандық істеп тұратын болған. Дұшпандықты достыққа айнлдырған Ислам діні Алла Тағаланың мұсылмандарға берген нығметі емес пе?! Алла Тағала басқа аяттарда бірлік туралы мысал келтіріп, былай дейді: «Және Ол мүмидердің жүректерін қосты. Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да олардың жүректерін қоса алмайтын едің. Бірақ Алла олардың араларын біріктірді. Расында Ол, өте Үстем, аса Дана» (Әнфал 63). Осы аят арқылы Алла Тағала Өз Елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с) не нәрседе де Алланың қалауы болатындығын меңзеп тұр. Сондай-ақ, Алла қаламайынша біздің дүние сарып қылуымыз да еш пайда бермейді. Ал Алла бізге Исламды беріп және мұсылмандар арасында тату болуды бұйырса, бірлікте болуымыз – міндет болмақ. Ал зұлымдық істеу немесе қол көтеру күнә амалдардан болып саналады.

Халқымызда «Ырыс алды-ынтымақ» деген қанатты сөз бар. Қашанда бірлігі бекем елдің болашағы жарқын. Бірлік бар жерде тірлік» бар екенін ұмытпайық, ағайын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Хурсанд  БЕРДІМҰРАТ,

Көктал мешітінің ұстазы.

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру