БІР АУЫЗ СӨЗБЕН БІТКЕН ДАУ

28 сәуір 2025 135 0
Оқу режимі

  Өткен ғасырда Тоқтағұл деген кісінің жігіттері, Аспан аталығының ауылынан төрт бас бие айдап алып барымталап кеткен екен. Қанша дау, барыс-келіс болғанымен Тоқтағұл алған жылқыларын мойындамапты да, бермепті де.

Бұл дау Бақашы(Боқай) Төлебай биге жетеді.Төлебай Тоқтағұлға хабар айтып, белгілеп отырған жерлеріне келіп кездесуге шақырады.Тоқтағұл келетін болып келісімін береді.

Ертеңіне белгіленген жерге Төлебайлар ерте барады. Күн ыстық, жаздың айы болса керек.Тоқтағұл кешігіп көпке дейін келмей қояды.

Төбелерінен күн, табандарынан құмның ысуы өткен Төлебайлардың шыдамдары таусылып тұрғандарында Тоқтағұлдар талма-тал түсте әзер келеді.

Сонда Төлебай би:

 —Тоқтағұл келеді деп топтандық,

Бір төбенің басына келіп шоқтандық.

Төбемізден күн өтіп,

Табанымыздан жер өтіп,

Сыртымызға шығармай

Ішімізден боқтандық,-депті.

Тоқтағұл сонда:

 — Төлебайдай ағалы болдық,

Төрт байталға жалалы болдық.

Екеуін қолға алдық,

екеуін қойынға салдық, - дейді.

Сонда Төлебай би атам серіктеріне:

— Жүріңдер кеттік,  - деген екен. Сөз мәнісіне түсінбеген серіктері:

 — Бұл қалай болды,-Төке?-деген де. Төлебай би:

 — Екі байтал алғанымыз рас, оны қайтарамыз, тағы екеу дегендеріңізді алмағаныма ант ішемін,- деп тұр. Екі байталды алып келіңдер,- деп бұйрық беріп,ертеңіне алдыртыпты. Дау — осылай ақылды кісілердің жәй сөзімен-ақ шешілген екен.

 

  Абдулла Сисенұлы Кіребаев ағамыздың вацаб парақшасынан

Пікірлер Кіру