Бас мүфти: Сын сағатта сағымызды сындырмайық

28 шілде 2020 7608 0
Оқу режимі

Қазіргі таңда ел ішінде «Пандемия жағдайында қасиетті Құрбан айт мейрамы қалай аталып өтілмек, қаупі асқынып, қыспаққа алған індетке қарсы күреске халықты жұмылдыруда, жұртты пандемиядан сақтануға шақыруда Діни басқарма, діни қайраткерлер нендей жұмыстар атқаруда, сондай-ақ кейбір діни рәсімдерді тоқтатуға немесе оларға қатысатын адамдардың санын шектеуге қатысты қабылданып жатқан шешімдер Ислам талаптарына сай келе ме?» деген мазмұндағы сұрақтар жиі қойылуда.

Осы орайда, яғни аталған және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен жүргізген әңгімемізді назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

– Исі мұсылманның ең қа­дір­лі мерекесінің бірі – қасиетті Құрбан айт таяп қалды. Қа­зір­гі­дей жағдайда осы мерекені атап өтудің қандай жолын ұсы­на­сыздар?

– Аса Қамқор, ерекше Мейі­рім­ді Алланың атымен бастаймын. Биыл елімізде Құрбан айт мерекесі 31 шілде мен 2 тамыз ара­лығында өтеді. Қазақ­стан мұ­сыл­мандары діни бас­қар­ма­сы­ны­ң Ғұламалар кеңесі Орталық Азия ғалымдарымен кеңесіп, осындай ортақ пәтуа қабылдады. Елдегі пандемия жағдайына байланысты айт намазы оқылмайды.

Құрбан айт күні мұсылман ба­ла­сы адал ниетпен құрбан ша­лып, қайырымдылық жасай­ды. Біз елдегі пандемияға байла­нысты тұңғыш рет онлайн құр­бан шалу жобасын қолға ал­дық. Осы бағытта qurban2020.muftyat.kz сайтын іске қостық. Бұл – делдалдық қызмет емес, қа­йырымдылық бағыттағы ша­ра. Індет тарауының алдын алып, халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп тудырмау мақ­са­тында биыл құрбандық етінің үштен бір бөлігі құрбандық шалушы адамға берілмейді, түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Бұл шешімге түсіністік танытып, дұрыс қарауға шақырамын.

Онлайн режімде тапсырыс қа­былдап, құрбандық етін кө­мек­­ке зәру жандарға тарату тәжі­рибесі ­Түркия, Малайзия, Ин­до­незия, Біріккен Араб Әмір­лік­тері сияқты бірқатар мұ­сыл­ман мемлекеттерінде бұ­рын­­нан қалыптасқан және жыл са­йын­ғы игі дәстүрге айналған. Осы тәжірибені енгізудегі мақ­са­ты­мыз – жұртшылықты індеттен сақтау.

Ескеретін жайт, құрбандық шалу рәсімін ҚМДБ-ның ай­мақ­­тағы өкілдігі жергілікті әкім­дік­пен келісіп, айт күндері бел­гі­лен­ген орындарда санитарлық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырады.

Айт кезінде туысқандарға, дос-жарандарға барудан өзі­міз­ді шектейік. Бұл мәселеде жауап­кер­шілікті әр адам өзінен бастауы керек. Жағдай тұрақталмайынша, Құрбан айттың үш күнінде үйге қонақ шақырмай, келетін кісіге індет жағдайын алдын ала ес­кер­тіп, мәселені өзіміз реттеп отыруымыз қажет. Осылайша әуе­­лі өзімізді қорғайық, сол ар­қылы отбасымызға қорған бо­лайық. Бұл жауапкершілік бар­лық адамға қатысты деп санаймыз.

Айтта туысқандарды телефон арқылы құттықтап, мүмкіндік болып жатса айттық сыйлығын жі­берсе нұр үстіне нұр болады. Мейрамды тойлаудың, туған-туыстарды қуанышқа бөлеудің осы форматына ауысқанымыз абзал.

Қазір тойлаудың емес, ден­сау­лық пен өз өмірімізді ойлаудың кезеңі. Кішкене сабыр етейік. Алла қаласа, 2 тамыздан кейін мешіттеріміз де ашылады деген үміттеміз. Мамандар қауіпті індеттің беті қайта бастағанын айтуда. Алла қаласа, бәрі жақсы болады. Жақсы күндер алды­мыз­да. Пәтуаларымыз бен үндеу­лерімізге түсіністікпен қарап, соған бойсұнайық. Өзіміз бен өзге­лердің өмірі мен денсау­лы­ғы­на жауапкершілікпен қарайық. Сонда ғана біз бұл сынақтан аман-есен өтеміз.

– Өкінішке қарай, жұқпалы індет­ті жұқтыру ошақтарының бірі қаралы жиындар болып отыр­­ғаны белгілі. Жаназаға қа­­­тысу мұсылман үшін қанша жер­ден сауапты іс десек те, қа­зір­­гі жағдайда оны мейі­лін­ше аз адаммен өткеру қа­жет­­тігі туын­­­­­­дауда. Осыған бай­ла­ныс­­­ты қандай шешім қа­был­­дан­ды?

– Әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайдылық таныту – өзіміз үшін ғана емес, айна­ла­мыз­дағы жандардың өміріне де теріс әсерін тигізері хақ. Елі­міз­дегі карантин талаптарын сақтап, індет таралуының алдын алу мақсатында Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­ма­сы жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты арнайы мәлімдеме жасады. Осы мәлімдемеде мәйітті жуу, кебіндеу, жаназа намазын оқу кезінде санитарлық-эпи­демиялық талаптарды қатаң сақтау міндеті айтылды. Сонымен қатар жаназа намазын 5 минут ішінде оқуға, мәйітті жерлеген соң халықты көп ұстамай лезде қайтаруға пәрмен бердік. Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмауға үнде­дік. Халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы т.б. құдайы астарды елімізде эпиде­миялық жағдай толық тұрақ­талғанға дейін тоқтатуға шақырдық. Имамдар осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Алайда кейбір азаматтарымыз бұл ұсыныстарымыз бен кеңестерімізге немқұрайды қа­рап, өзімен қоса өзгелердің де өміріне қауіп төндіруде. Әрине бәріміз де топырақты өлімде төбе көрсеткіміз келеді. Бірақ қазір сезімге берілмей, ақылға салып шешім қабылдайтын сәт. Осыны жамағат түсінуі тиіс. Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», деп ес­керт­кен («Бақара» сүресі, 195-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәле­мі болсын): «Өзгеге және өзіне зиян тигізуге болмайды», деген. Жиындар мен құдайы астарға барудан бұрын өзі­міз­дің, отбасымыздың, туған-туы­сы­мыздың өмірі мен бола­ша­ғын бір сәт ойласақ. Мұсылман ғалымдары: «Залалды жою пайда келтіруден бұрын тұрады» деген. Қазіргідей жұқпалы аурудың қаупі күшейген кезде одан сақ­та­ну – әрбіріміз үшін міндет.

– «Абай жолы» эпопеясында хакім Абайдың Семейді жайлаған індетпен күрескені, Сар­молла есімді молдаға халық жұқпалы аурудан сақтану үшін жаназа, хатым, астарды аз адаммен өткізуді жұртқа түсін­діру керегін айтқаны баян­далады. Содан Сармолла же­дел іске кірісіп, жаназаға ха­лық аз жиналсын, мәйіт шыққан үйге көп адам келіп-кету болмасын, ол үйде ас ішу, жетісін, қырқын жасау уа­қытша тоқтатылсын деген маз­­мұнда пәтуа шығарады. Осы­дан кейін тұрғындардың қа­ралы жиынға көптеп баруы барынша шектелген екен. Ха­лық имамдардың сөзіне құ­лақ асып жатыр ма?

– Мүфтият діни бірлестік бол­ған­дықтан, біздің пәтуала­ры­мыз бен шешімдеріміз ұсыныс, кеңес ретінде айтылады. Алайда, пәтуаға бойсұну – мұсылманның міндеті. Халықты тағы да пәтуаға бойсұнып, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Денсаулыққа салғырттық таныту қауіп пен қатерге әкеп соғады. Сон­дықтан елдегі барша жама­ғат­ты осы бір қиын кезеңде ба­рынша сақтануды, жиын-тойлар мен құдайы астарға мүм­кін­ді­гін­ше бармауды сұраймыз.

Өзіңіз айтып кеткендей, Абай Құнанбайұлы Семейге келген бір сапарында шаһарда жұқпалы індеттің тарап жатқаны жайында жайсыз хабар естиді. Бірінші кезекте, Абай жаназа рәсімдерін өткізуге қатысты бірқатар өзгеріс жа­сау қажеттілігін халыққа тү­сін­­діру керегін ұқты. Міне, осы тұста ол өзі білетін Сармолла есім­ді молданы шақырып, оған халық жұқпалы аурудан сақтану үшін жаназа, хатым, астарды аз адаммен өткізуді жұртқа түсін­діру керегін жеткізеді. Сар­мол­ла: «Қаза болған адам үйіне, жаназаға халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келмесін. Ол үйде ас ішу, халыққа тағам тарату, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқталсын!» деген сөзін жеткізеді.

Бүгінде имамдарымыз осы мазмұнда өздерінің насихаты мен кеңестерін жеткізіп-ақ жатыр. Алайда сезіммен, намыспен қаралы жиынға барып қоятындар бар. Соның салдарынан төсек тартып, ауырып қалған жандарды да жақсы білеміз. Осы ретте үй иесіне артылатын жауапкершілік те үлкен. Қазалы үйдің иесі туысқандарына: «Елдегі жағдай тұрақталғанша көңіл айтып келмеңіздер. Жағдайды жақсы түсінемін. Санитарлық талапты бәріміз орындауымыз керек. Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп өтініш білдірсе, қаншама адамға сауап жасаған болады.

Басында бұл індеттің қауіп­ті­лігін сезінбедік. Таныс-біліс адамдардың қайтыс болып жат­қаны туралы қаралы хабар­лар толассыз келіп жатты. Осы­ жағдайлар сақтанбаудың салдарынан болғаны айтпаса да түсінікті. Бұл – ойланатын жайт. Сондықтан сақтанайық деген сөзді айтуды, оған амал ету­ді тоқтатпайық. Алла Тағала сақ­тан­ған пендесін сақтайды. Осы­ны ұмытпайық.

Асыл дінімізде керек уақытта қажет көмекті жасау үлкен сауапты амалдың біріне жатады. Осы ретте кәсіпкер азаматтарды дәрі-дәрмектердің бағасын қымбаттатпай, жұртқа жақсылық жасап, халықтың алғысын алуға шақырамын. Жерлеу рәсімдеріне қатысты қызмет бағасын да қол­дан шарықтатпайық. Әсіресе зират басындағы жердің құнын аспандатып жібермейік. Сын­дар­лы сәтте халықтың жағдайын ескергеніміз абзал. Ар мен ұятты естен шығармайық, ағайын!

– Еліміздегі ахуалды жеңіл­де­тудің ең тиімді шешім­де­рінің бірі, тіпті бірегейі – ха­лық­тың өз денсаулығына жауап­кер­ші­лікпен қарап, карантин талаптарын мүлтіксіз орындауы. Діни басқарма осы мәселені ел ішіне түсіндіру ісінде қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Денсаулық – Алланың бер­ген аманаты. Оны сақтау – мұсылманның міндеті. Пайғам­бар­ымыз Мұхаммед (оған Ал­ла­ның салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адам екі нәрсенің қадірін білмейді. Ол – бос уақыт пен денсаулық», деген. Расында, денсаулық пен уақыт – адам өміріндегі ең қажетті ұлы нығмет. Осы нығмет пен аманатқа қиянат жасаған адамның әрекеті – өзінің өміріне қиянат жасағанмен тең. Бұл мәсе­леде адам өз өзіне әділетті болуы тиіс.

Елімізде төтенше жағдай жария­ланған сәттен бастап, онлайн дәрістер мен уағыз-наси­хат жұмыстарының кестесі бекітілді. Имамдарымыз бен ға­лым­дарымыз интернеттің игі­лі­­гімен күніне 3 рет тікелей эфирде уағыз айтып, халықтың сұрақтарына жауап беруде, түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде.

Карантин кезінде уағыз-на­си­хат жұмыстары жаңа жүйе­мен жүргізілді. Бүгінде тара­лымы 30 000 данадан асатын ҚМДБ-ның «Мұнара» діни-танымдық газеті, «HikmetTV» теле-радио студиясы, республикалық және аймақтық 22 сайт, тәулік бойы екі тілде қызмет көрсететін республикалық Call-орталық арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Арнайы «Qalam-tor» жобасын іске қостық. Осы жоба аясында www.muftyat.kz пен «HikmetTV» студиясының контент-өнімдерін әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттау мақсатында ақпараттық-пул құр­дық. Аталған ақпараттық-пул құ­рамындағы 1010 имам бір мезетте бір мақсатта жұмыс істеуде.

Қасиетті Рамазан айында ҚМДБ қызметкерлері мен Ғұламалар кеңесінің мүшелері «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы арқылы тікелей эфирде «Ораза қабыл болсын» бағдарламасында 30 күнге 30 сұхбат берді. Елімізде карантин жарияланған сәттен бастап әр жұма күні «Сын саға­тын­дағы сабыр», «Әр істің бір қайыры бар», «Жаңа күннен жақсылық күтейік», т.б. тақы­рып­тарда «Асыл арна» телеарнасы арқылы 17 рет «Жұма насихатын» жүргіздім.

Пандемия кезінде тарихи діни шешімдер шығарып, жама­ғаттың саламаттылығы мен құлшылығына қажетті 12 ма­ңызды құжат қабылдадық. Аталған құжаттар ішінен «ҚМДБ-ның Қауіпті жұқпалы індеттен қайтыс болған адамның мәйітін жерлеуге қатысты пәтуасын» айтуға болады. ТМД елдері арасында біз бірінші болып осындай құжат әзірледік. Халықты қауіпті індет кезінде жаназа намазына қатыспауға үндеп, құдайы астарды кейінге шегеруге шақырдық.

Сонымен қатар мұсылман әлемінің белді діни тұлғалары мен ұстаздарын, барша жамағатты бір мезетте дұға етуге үндедік. Аллаға шүкір, бұл бастамамыз әлемдік дін лидерлері тарапынан қолдау тапты.

– Дін қызметкерлері нау­қас жандарға қолдан келген көмекті көрсетіп жатыр екен. Қайырымдылық жасау қажет­ті­ліктен туа ма, әлде жұмыс бағыт­тарыңыздың бірі ме?

– Біздің тарихымызда адам­гер­шілік пен қайырым­дылық істердің алғы шебінде де дін қайраткерлері жүрген. Аллаға шү­кір, бүгінде осы дәстүр жалғасын тауып келеді. Өйткені біз ел басына күн туғанда асарлатып, жылу жинап, қайырымдылық ісінде шет қалмаған халықпыз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет» қоры жамағат пен демеуші азаматтардың көмегімен 255 оттегі желдеткішін жер-жер­дегі емха­наларға жеткізді. Имам­да­рымыз 2 тоннадан астам қымыз­ды науқастарға тегін таратты. ҚМДБ ұжымы індетке қарсы күрес шараларына бір күндік жалақысын аударды. Сайып келгенде, бұл игі шаралар аз да болса халықты қолдау ниетімен жүзеге асуда.

– Бүгінде індетке қатысты сырт­қы және ішкі ахуалды біліп отырған халқымыз күйзеліс үстінде. Осындайда мұсыл­ман баласы өзін қалай ұстау керек, қандай жетелі ой­дың жетегіне ілесуі тиіс?

– Біз сан ғасырлық тарихымызда талай сындарлы сәттер мен сынақтарды, зобалаң замандар мен нәубеттерді бастан кешкен елміз. Сын сағат­тар­да бір-бірімізге қамқор­лық көр­се­тіп, иманымыз бен бауыр­ма­л­дығымыздың арқа­сын­да аман қалған рухы биік жоралы жұрт­пыз.

Ел басына күн туған қазіргі сәтте де осы қалпымыздан танбай, қабырғамызды қайыстырмай, үмітсіздікке бой алдырмай, алға жылжуымыз керек. Бүгінде үрей құшағына еніп, елең-алаң күй кешкен адам үшін жылы сөздің өзі жанға дауа, көңілге медеу болып тұр.

Дана халқымыз: «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме. Осы сәтте айналамызды үрейге емес, үмітке, қайғыға емес, қуанышқа бөлей­тін сөзімізді арнасақ сауап­қа кенелеріміз хақ. Біз бұдан да қиын-қыстау заманды көрген қарға тамырлы қазақпыз. Жарат­қан­ның жар болуымен бұл сынақты да жеңеміз.

Біз өткенге салауат айтып, Алланың арайлап атқан әрбір таңы­нан жақсылық күткен халық­пыз. Рухымызды түсірмей, сын сағатында сағымызды сындырып алмайық. Біз бір қайыры бар дүниенің ең көркем бейнеде, Абайша айтқанда, махаббатпен жаратылған адамбыз. Алла бәрін көріп тұр. Бұл сынақтың соңғы нәтижесі де Оның құдірет-құзырында. Өйткені, Ол – шексіз білім мен хикмет Иесі.

Біз қазір ымырасыздыққа емес – ынтымаққа ұйысатын сындарлы сәтте тұрмыз. Мұндайда халық даналығы: «Бетеге кетсе – бел қалар, берекең кетсе – нең қалар?» демей ме? Алла Елшісі айтқандай, жақсы сөйлеп, айна­ла­дағы адамдарға шуақ шашып, үрейге емес, үмітке қанат біті­ре­йік.  

Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР
«Egemen Qazaqstan»

Пікірлер Кіру