БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ – СҮННЕТКЕ БОЙСҰНУ

10 қаңтар 2024 1815 0
Оқу режимі

Имам Раббани (қ.с.) хаттарының бірінде былай дейді:

Алла тағала бізге және біз сияқты тақырға отырған дәрменсіздерге бұрынғылар мен кейінгілердің мырзасы Пайғамбарымызға (с.а.у.) еру және оның жолында болу бақытын бұйыртсын.

Сүннетпен аз ғана амал ету бүкіл дүние ләззаттары мен барлық о дүниелік нығметтерден артық. Нағыз ізгілік Оның (с.а.у.) сүннетін орындау арқылы қолға түседі. Басты мақсат – Оның (с.а.у.) шариғатын ұстану. Мысалы, Алла Елшісінің (с.а.у.) сүннетімен амал ету (және түнде намазға тұруды жеңілдету) ниетімен күндіз қайлула жасау, сүннетке қайшы атқарылған мыңдаған түнгі құлшылықтан жақсырақ. Сонымен қатар, бір адамның Алла тағаланың бұйрығы деп, азғантай нәрсені Алла жолында жұмсауы, таудай алтынды өз қалауымен садақа етуден абзалырақ.

Бір күні таң намазын оқып болған соң Омар (р.а.) жамағатқа бұрылып, отырғандарға назарын салды. Жамағаттың ішінен бір адамды іздеп, таба алмаған соң сол жердегілерден оның қайда екенін сұрады. Іштерінен біреуі: «Ол түні бойы ғибадат жасайды, қазір ұйықтап жатқан болар», - деді. Сонда Омар (р.а.): «Әттең, оның түнімен ұйықтап, таң намазын жамағатпен оқығаны өзіне жақсырақ болар еді» -деп жауап қатты.

Тура жолдан адасқандар көп «риязат» жасап, сансыз «мүжаһада» қылса да, олардың бұл амалдары түкке тұрғысыз. Өйткені, олардың бұл істері хақ дінге сәйкес келмегендіктен, олар Алланың алдында масқара болады.

Егер кісінің амалы дінге сай болса, (оның бұл амалы) Алла тағаланың разылығына жеткізеді. Егер дінге қайшы болса, Алланың разылығынан айырады. Ал Алланың разылығынан айыратын істің нәтижесі сауап емес, азап болады.

Бақыттың бастауы, негізі – сүннетпен жүру. Ал барша бұзақылық пен жамандық атаулының түбі – сүннетке қарсы тұру. Алла тағала сізге де, бізге де сүннетпен амал етуді нәсіп етсін. Әмин.

(Мәктубат шәрифә, 1-том, 114-хат)

Пікірлер Кіру